Сексеналина А.М.
КМҚК мамандандырылған «Ертөстік» балабақшасы,
Қарағанды қ., Қазақстан
ОЙЫН –
БАЛАНЫҢ БІЛІМДІЛІК ДАҒДЫСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН ТӘРБИЕ
ҚҰРАЛЫ
Ойын – мектеп жасына
дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Ойын мазмұны мен
түріне қарай: мазмұнды-бейнелі,
қимыл-қозғалыс, дидактикалық, құрылыс,
кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында
балалар ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған
қажетті құрал-жабдықтарды табуға талпынады,
оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық
іс-әрекетке біріктіреді және шығармашылық
іс-әрекетке бағдарлайды, балалардың өзара
қарым-қатынасын реттеп, олардың бойында адамгершілік
сапаларды қалыптастырады. Бала алған рөлдеріне сай
кейіпкердің киімін киіп, қимылын, дауыс ырғағын
мәнерлі жеткізуге тырысады, көркемдік сабақтардан
(ән-саз, бейнелеу өнері сабақтары) алған білімдерін
пайдаланады, қуыршақты ұйықтату үшін бесік жырын
айтып әлдилейді, бейнелеу өнері сабақтарында жасаған
ыдыс, үй жиһаздарын, қағаздан
құрастырған заттарды ойын құралы ретінде
пайдаланады. Мазмұнды-бейнелі ойынның ерекшелігі: оны
балалардың өздері жасауында, ал ойын қызметі айқын
өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады.
Бұл ойындар қысқа да, ұзақ та болуы мүмкін.
Құрылыс
ойынында бала сызық бойына әдемі үй құрылысын жасап,
оның бояуларының бір-бірімен келісімді болуын
қадағалайды. Құрылыс материалдарын пішіні, түсі
бойынша симметриялы орналастырып, оларды көлемі (кең, тар),
биіктігі (биік, аласа) бойынша салыстырады.
Баланың
өмірге қадам басардағы алғашқы
қимыл-әрекеті – ойын, сондықтан да оның мәні
ерекше. Қазақ
халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев: «Ойын ойнап,
ән салмай, өсер бала бола ма?» деп айтқандай баланың
өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке
қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде
қалыптасады. Ойынды зерттеу мәселесімен тек психологтар мен
педагогтар ғана емес, философтар, тарихшылар, этнографтар және
өнер қайраткерлері мен бала тәрбиесін зерттейтін
ғалымдар да шұғылданды.
Көптеген балалар жазушылары бала
ойынының психологиялық мәнін және ойынға
тән ерекшеліктерді көркем бейнелер арқылы суреттегені де
мәлім. Ойын барысында балалар өзін еркін сезінеді,
ізденімпаздық, тапқырлық әрекет байқатады.
Сезіну, қабылдау, ойлау, қиялдау, зейін қою, ерік
арқылы түрлі психикалық түйсік пен сезім әлеміне
сүңгиді. Ойын мектеп жасына дейінгі баланың жеке
басының дамуына игі ықпал ететін жетекші, басты
қүбылыстың бірі деуге болады. Бала ойын арқылы
өзінің күш-жігерін жаттықтырады, қоршаған
орта мен құбылыстарды ақиқат сырын ұғынып,
еңбек дағдысына үйрене бастайды. Белсенді іс-әрекет пен
күш-жігер жұмсалмаған ойын, жақсы ойын болып
табылмайды. Жақсы ойын да жақсы жұмыс та көңілді
қуанышқа толтырып, рахатқа бөлейді. Демек, осы
жағынан ойын мен жұмыстың ұқсастығы
байқалады. Баланың ойыныңда да белгілі дәрежеде тиісті
жұмыстағыдай жауапкершілік болуға тиіс. Олардың негізгі
айырмашылығы тек мынада: баланың ойыны нақты
материалдық рухани байлықты көздемейді, ал жұмыс ондай
игілікті өндірудің негізгі жолы екені айқын. Баланың
қуанышы мен реніші ойыңда айқын көрінеді. Ойын
кезіндегі баланың психологиялық ерекшелігі мынада: олар ойланады,
эмоциялық әсері ұшқындайды, белсенділігі артады, ерлік
қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі
баланың шығарымпаздық қабілеті мен дарынын
ұштайды. Ұлттық мұраның бай
қазынасының бірі – халықтың ұлттық ойындары
көп салалы, көп қырлы құбылыс, ол тек
ойындық сала емес, мәні жағынан да балабақша
тәрбиеленушілерінің рухани өресі кең өсіп –
жетілуіне, эстетикалық мәдениетін қалыптастыруға
тәрбиелейтін негізгі құралдардың бірі.
Қазақтың көне жыр
дастандарында ұлттық ойындар балаларды тәрбиелеуде ерекше
орын алғандығы айқын көрінеді. Мәселен
«Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын» сияқты эпостық
жырларда елін сүйген батырлардың, жұртшылық
сүйіспеншілігіне бөленген ер жігіттердің ең алдымен
ұлттық ойындарда сайысқа түсіп, одан кейін көп
кісі қатысқан ойын-сауықтарда өздерінің
мергендік, палуандық, шабандоздық шеберліктерін көрсеткендері
айтылады. «Домбырамен күй шерту», «Аттың
құлағында ойнау», «Аударыспақ», «Күлкі ойыны»,
«Балалар ойыны», «Ақсүйек», «Тоғызқұмалық»,
«Жұмбақ айтыс», «Асық ойнау» өте ерте заманда пайда
болған. Мұның өзі біздің ата-бабаларымыздың
ұлттық ойындарының ғасырлар бойы өмір
сүргендігін айқын көрсетеді. Балалардың жиі ойнайтын «Ақсүйек»
ойыны байқағыштыққа,
қырағылыққа, бытылдыққа, ерлікке,
шапшаңдыққа баулиды. Баланың ақыл-ойын дамытатын
тәжірибелік маңызы зор тағы бір ойынның түрі –
«Он бір қара жұмбақ». Оның басты ерекшелігі есеп
сұрақтарын қою арқылы балаңың ойлау
қабілетін дамытады. Бөбектерді тәрбиелеуде де
ұлттық ойындардың берері мол. «Санамақ», «Жылдам айт»,
т.б. тартымды ойындарды үйрету, тіл өнеріне негіз салады деп
есептелген. Балалар негізінен ойын үстінде бір-бірімен тез тіл табысады.
Ойынына қарап баланың психологиясын аңғаруға
болады. Бес саусақ бірдей емес дегендей, әр отбасынан
шыққан балалардың мінез-құлқы бірдей емес. Жалпы
ойынның қандай түрі болмасын, атадан балаға,
ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырады. Халық
ойындары өмірлік қажеттіліктен туады да, психологиялық жағынан
денсаулық сақтауға негізделеді. Тапқыр да алғыр,
шымыр да епті, қайратты да қажырлы бала өсіруді армандамайтын
отбасы жоқ. Демек ойынның өзі бала үшін біліктің,
тәлімнің қайнар көзі болып табылады. Балаларға
ұлттық ойындарды үйретіп, оған өзгеше әр беріп,
жаңартып өткізіп отыруды ата-аналар, тәрбиешілер бір
сәт те естен шығармағандары абзал. Өйткені жас
өндір бүлдіршіндер ойнай да, күле де, ойлай да білсін!
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Әлімбаев М.,
Баянбаев Қ. Шынашақ. – Алматы: Қайнар, 2001.
2. Төтенаев Б.
Қазақтың ұлттық ойындары. – Алматы: Қайнар,
1994.