Педагогические  науки/5.Современные методы преподавания

Какибаева Х.С.

Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақстан

БІЛІМ БЕРУДЕГІ ҚАЗІРГІ ТЕХНОЛОГИЯЛАР                                                                                                                                                                            

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің басты міндеті:»ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу» – делінген [1].

“Оқыту технологиясы – белгіленген мақсатқа нәтижелі қол жеткізуді қамтамасыз етуде оқытудың формасы, әдістері мен құралдарын ашып көрсетіп, оқу бағдарламасында белгіленген оқытудың мазмұны жүзеге асырылады”, – деп С.Әбенбаев айта келіп, оның құрылымын төмендегідей етіп көрсетеді [2]:

-         оқытудың мақсаты;

-         білім берудің мазмұны;

-         педагогикалық өзара әрекеттестіктің құралы (оқыту және мотивация), оқыту процесін ұйымдастыру;

-         оқушы, оқытушы;

-         әрекеттің нәтижесі (сонымен бірге кәсіптік даярлықтың деңгейі).

Педагогикалық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес білім берудің қазіргі заманғы технологиясының нұсқауы, төмендегі принциптердің қатысуымен жасалуы тиістігі анықталуда:

-дидактикалық жүйені көрсететін технологияның бүтіндік принципі;

-қойылған мақсатқа жету үшін нақты педагогикалық ортада технологияларды қайта өндіру принципі;

-сәйкес келетін педагогикалық жүйелердің өзін-өзі дайындау механизміне әсер ететін факторлардың приоритеті және педагогикалық құрылымдарының сызықтық емес принципі;

-оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуына және оның танымдық қабілеттілігіне оқыту процесінің бейімделу принципі;

-біріктірілген білімдерді құру үшін оптимальді жағдай жасайтын оқу ақпараттарының потенциалды көп болу (артық болу) принципі.

Педагогикалық технология әр түрлі жағдайлардағы нақты өзара іс-қимылдарды,  жүйеленген, бағдарланған, оқыту және тәрбиелеу стандарттарына сай тәсілдер негізінде компьютер мен техникалық құралдар қолдану арқылы да ұйымдастырылады. Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің құрылымдарында оқытудың айқындалған көптеген технологияларын пайдаланып жатқандығы белгілі. Болашақ маманға тәжірибе беруде ақпаратпен жұмыс істеу әдістеріне, жаңа білімдерді құру әдістеріне, ең маңыздысы - әлемнің дамуы туралы білімдердің қажетті деңгейін қалыптастыратын әдістерге үйрету. Сондықтан әрбір оқытушыға және оқушыға "оқыту" мен "үйрену" процестерін игеру үшін 3 тілді меңгеруі қажет: ана тілін, ғылым тілін және технология тілін. Сонымен технология көмегімен білімдерді, іскерлікті, дағдыларды игеру процесінде тұлғалық қасиеттің дамуында нәтижелі шешімге жету мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. "Педагогикалық технология" оның ішінде "оқыту технологиясы" ұғымын анықтауда, басым көпшілік мамандар оларды үш маңызды жағдайлармен біріктіреді:

- іс-әрекетінің жиынтығы түріндегі қажет ететін үлгіні дәл анықтау негізінде оқытуды жоспарлау;

- оқытуды талап ететін әрекетті  қалыптастыруды іріктеген  қатаң тізбекті әрекеті түріндегі оқытудың барлық процесін "бағдарламалау".

- алғашқы белгіленген эталонмен оқытудың нәтижесін салыстыру.  М.Чошанов оқыту технологиясы негізінен педагогикалық процестегі «Қалай нәтижелі етіп оқыту керек?» мәселесін шешуге бағытталатынын айтады. Оқыту технологиясы жөніндегі ой-пікірлерді саралай келе, біздер оны: біріншіден, оқытудың мақсатқа сәйкес нәтижесіне қол жеткізудегі нақты қадамдарды және олардың үйлесімділігін зерделейтін ғылым саласы; екіншіден, оқытудың нақты жағдайда нәтижелі жүзеге асырылуын белгілейтін жобалау немесе модельдеу; нақты оқыту процесін нәтижелі етіп оқытудағы процес деп білеміз.

                Б.Қуанбаева өзінің зерттеуінде әдістемелік жүйені технологиялық негізде жетілдіруді төмендегідей дидактикалық талаптарының орындалу негізін белгілейді:

а) білім мазмұны мақсаттар таксономиясына сәйкес анықталып, оны анықтау принциптері ізгілендіру тұрғысында қайта қаралуы қажет;

б) оқытудың белсенді әдістерін басым түрде түрде пайдаланып, оқыту әдістерінің басты аспектілерін ескерілген үш деңгейлі моделі құрылып, кеңінен пайдалануы қажет;

в) оқытудың формасы оқушының жеке даму траекториясын, сондай-ақ педагогикалық жағдаяттарға сәйкес жеке, жұптық және топтық формалардың тиімді үйлесуін қамтамасыз ететіндей түрде жетілдіруі тиіс;

г) оқыту құралдарын жетілдіру компьютерлік техника мен ақпараттық технологияларды олардың дидактикалық мүмкіндіктері нақты анықталып, дәстүрлі құралдармен үйлесімді бірге пайдалануға бағытталуы қажет [3].

Ш.Т.Таубаева оқытудың қазіргі технологияларының аттарын атап көрсетіп, олардың мақсаттарын, тұжырымының және мазмұны мен әдістерінің ерекшеліктерін сипаттап көрсетеді. Жұмыста педагог-ғалымның зерттеулері басшылыққа алынған [4].

Сонымен педагогикалық технологиялардан төмендегілерін бөле жарып көрсетуге болады:

-             ойын арқылы оқыту технологиясы;

-             проблемалық оқыту технологиясы;

-             тірек сигналдары арқылы оқыту;

-             деңгейлеп саралап оқыту;

-             міндетті нәтижелерге негізделген деңгейлік оқыту технологиясы;

-             бағдарламалап оқыту технологиясы;

-             оқытудың компьютерлік технологиясы;

-             дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы;

-             дамыта оқыту технологиясы;

-             модульдік оқыту.

Сондай-ақ Қазақстандық ғалымдардың  оқыту технологиялары белсенді түрде білім беру жүйесінде қолданылуда. Бұл технологиялардың өздеріне тән ерекшеліктері бар. Мәселен, В.Ф.Шаталовтың тірек сигналдары арқылы оқыту технологиясының ерекшелігі:

-         үнемі қайталау;

-         ірі блокпен оқыту, тіректі қолдану;

-         жеке бағдарлы қарым-қатынас, ықпал;

-         ізгілік;

-         зорлықсыз, еркімен оқыту;

-         әр оқушының табысының жариялылығын түзетуге, өсуге, табысқа жетуге жағдай жасау;

-         оқыту мен тәрбиелеуді біріктіру.

Сондай-ақ әрбір педагогикалық технологияның өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың негізгі қарастыратыны оқытуды нәтижелі ету.

Оқыту технологияларын қолдану негізінде келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді, шығармашыл болуына жағдай жасалады.

Әдебиеттер:

 

1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. \\ Егемен Қазақстан, 1999. 11маусым.

2. Әбенбаев С., Ахметова Г., Әбенбаева И. Дәстүрлі емес сабақ турасында //Мектептегі шетел тілі. 2003, №2, бб.11-16

3. Қуанбаева Б. Оқытудың педагогикалық жүйесін технологиялық негізде жетілдірудің дидактикалық шарттары: дисс. Пед. ғыл.канд. – Алматы, 2005. –137 бет.

4. Таубаева Ш.Т. Оқытуың қазіргі технологиялары //Бастауыш мектеп. -1999. №4. бб-5-12.