Педагогические  науки/5.Современные методы преподавания

п.ғ.к.  Мынжасарова М.Ж.

Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақстан

АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР КУРСЫ МАЗМҰНЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Біздің елімізде білім жүйесін ақпараттандыруға көп көңіл бөлінеді. Қазақстан Республикасы білім жүйесін 2015 жылға дейін дамыту тұжырымдамасының  негізгі міндеттерінің бірі – оқушылардың ақпараттық дайындығын жетілдіру[1].

Компьютерлік технологиялармен танысу бастауыш мектептен басталуы керек. Кіші жастағы мектеп оқушылары компьютермен, программалармен жұмыс жасаудың практикалық дағдыларын меңгеру, техникалық құралдарға қызмет көрсету арқылы өздерін болашақ өмірге дайындайды және қазіргі қоғамның сұранысына сай адамның әлеуметтік статусын қабылдайды. Сондай-ақ мұндай оқушылар  өзін қызықтыратын аймақ бойынша өз бетімен білім алу дағдысын қалыптастырады. Ақпараттық ресурстарды меңгеру – бүгінгі  білімнің  міндеті.

Информатиканы жүйелі оқыту негізін бастауыш сыныптарға көшірудің мақсатқа сәйкестігі, мектептегі білімді ақпараттандыру  жағдайында информатика бойынша білім және біліктерін басқа оқу пәндерінің алғашқы сатыларында  кеңінен қолдану қажеттілігі сияқты факторлардан басқа екі  факторға  да байланысты. Біріншіден,  біздің елімізде, сондай-ақ шетелде кіші жастағы мектеп оқушыларына информатиканы оқыту  тәжірибесінің нәтижелілігі. Екіншіден, дәл осы жастағы топ оқушыларының ғылыми дүниетануын қалыптастыру, ойлауын дамыту үшін информатиканы оқытудың маңыздылығы.

Бастауыш сыныптардағы информатика пәнінің мазмұны негізгі екі желіден тұрады:

1.   Ақпараттық технологиялар курсы.

2.   Алгоритмдік курс.

Ақпараттық технологиялар курсы нақты ақпараттық технологияларды кеңінен қолдану жағдайында оқушыларды практикалық іс-әрекетке даярлау, компьютерлік сауаттылықты қалыптастырумен байланысты. Ал алгоритмдік курс оқушылардың алгоритмдік ойлауын дамыту мен   қалыптастыру,  компьютерді  практикалық  іс-әрекетке   қолданудағы алғашқы біліктерін жалпылаумен байланысты[2].

Оқушыларға ақпараттық технологиялар курсындағы «Рaint» графикалық редакторында жұмыс жасауды оқытып-үйретуге тоқталайық.

Paint (Paintbrush) – Windows жүйесінің стандартты бағдарламалар тобына кіретін қарапайым нүктелік графикалық редактор. Paint өзінің мүмкіндіктері жағынан кәсіби графикалық редактордан біршама төмендеу болғанымен  ол едәуір күрделі әрі тартымды, түрлі-түсті және ақ-қара суреттерді, схемаларды, сызбаларды даярлауға мүмкіндік береді.

Графикалық  редактор терезесінің сол жақ шеткі қабырғасында құралдар тақтасы орналасқан. Одан сіздер Paint-та кездесетін барлық сурет салу құралдарын көре аласыздар. Кез келген құралды таңдау үшін соның белгісіне тышқан курсорын жеткізіп, оны шерту жеткілікті. Осыдан кейін таңдап алынған құралдың бейнесі(белгісі) айқын түспен ерекшеленеді.

Paint графикалық редакторының құралдарымен жұмыс жасау технологиясын қарастырайық. Құралдар тақтасы қарапайым суретшінің құралдарының жиынына ұқсас болып келеді. Мұндағы әрбір құралдың өз қызметі бар. Мысалы, i2 Қылқалам құралы қарындаштың жүргізген сызығынан да  қалың сызық жүргізуге мүмкін жасайды. Бұл сызықтың түрі құралдар тақтасының астында орналасқан терезеден таңдалатын  қылқаламның формасымен анықталады.

Мысал ретінде ақпараттық технологиялар курсындағы «Рaint» графикалық редакторының «Қылқалам құралын» оқытып-үйретуді қарастырайық [3].

Сабақтың тақырыбы:  Қылқалам құралы

Сабақтың мақсаты: Қылқалам құралымен жұмыс жасауға қажетті білім, білік, дағдыларын қалыптастыру

Сабақтың міндеттері:

1.Білімділік: Оқушыларды қылқалам құралымен жұмыс жасауға үйрету,  қарындаш құралымен жұмыс жасау біліктерін бекіту.

2. Дамытушылық: Сурет салу қабілетін дамыту.

3.Тәрбиелік:  Өз елінің  салт-дәстүрін құрметтеуге тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: Дәстүрлі сабақ

Сабақтың типі:  Аралас сабақ

Сабақтың әдісі: Түсіндіру, сұрақ-жауап, компьютерде практикалық жұмыс орындау

Сабақтың жабдықталуы, көрнекілігі: Компьютер, киіз үйдің  макеті, суреті, дәптер, түрлі түсті қарындаштар

Сабақтың барысы

І. Ұйымдастыру кезеңі.

Оқушылармен амандасу, олардың назарын сабаққа аудару. Сабаққа қажетті құрал-жабдықтарын даярлату.Сыныпты екі топқа бөлу.

ІІ. Өткен сабақты қайталау.

-  Біз компьютерде қандай бағдарламамен жұмыс істеудеміз?

-       Бұл бағдарламада не жасауға болады?

-       Қандай құралдармен жұмыс жасауды білеміз?

-       Қажетті құралды қалай таңдауға болады?

-       Қарындашпен қалай жұмыс жасайды?

-       Тік, көлденең және қисық сызықтарды жүргізу үшін қарындашпен қалай жұмыс жасау керек?

-       Қарындаштың түсін қалай өзгертуге болады?

ІІІ. Жаңа сабақ.

Бүгін біз сендермен сурет салуға қажетті  тағы да бір құралмен танысамыз. Бұл қандай құрал? /Қылқалам/

 Қылқаламмен жұмыс жасау қарындаш құралымен жұмыс жасауға өте ұқсас. Бүгін біз осы құралдың көмегімен  өте ерте уақытта біздің ата-бабаларымыз тұрған үйдің суретін саламыз. Бұл  үй қалай аталады? /Киіз үй/

- Неге біздің ата-бабаларымызда мұндай  үй болған? /Өйткені олар көшіп-қонып өмір сүрген. Киіз үй жылы, жиналмалы, тасымалдауға жеңіл болған/.

Киіз үйдің макеті мен суретіне қараңдар. Сендердің міндеттерін киіз үйдің суретін дәптерде және компьютерде салу. Қазір бірінші топ компьютерде жұмыс жасайды, ал екінші топ жұмыс дәптерінде жұмыс жасайды.

Компьютермен жұмыс жасайтын топпен жұмыс.

І. Қауіпсіздік  ережесі. Оқушылар біз алдымен компьютер бөлмесінде өзімізді қалай ұстауымыз керек екенін еске түсірейік. Мұғалімнің рұқсатынсыз ештенені ұстамау керек. Жұмысты аяқтағанға дейін орнымыздан тұрмауымыз қажет. Егер мониторда белгісіз бейнелер пайда болса, онда мұғалімді шақыру керек..

ІІ. Өткен сабақты қайталауға арналған тапсырмалар.

1.  Бағдарлама терезесін аш.

2.  Қарындаш құралын таңда.

3.  Тік сызық жүргіз, түсін өзгерт.

4.  Көлденең сызық жүргіз, түсін өзгерт.

5.  Қисық сызық жүргіз, түсін өзгерт.

6.  Өшіргіш құралын таңда, сызықтарды өшір.

ІІІ. Құралдар тақтасынан Қылқаламның суретін тап. «Қылқалам» құралын  таңда. Сызық жүргіз. Қарындаш құралынан  айырмашылығы неде? /Жүргізілген сызық қалың/. Құралдардың астыңғы жағында таңдау терезесі ашылды. Біз бұл жерден қажетті өлшемдегі қылқаламды тышқанның сол жақ  батырмасын шерту арқылы  таңдап  ала аламыз. Әр түрлі өлшемдегі сызықтар жүргіз.

Сергіту сәті.  «Шертуге» арналған  жаттығуды орындау.

ІҮ. Жаңа сабақты бекіту.

Практикалық жұмыс. /15 минут/

Әрбір оқушы өзіне берілген суретке қарап компьютерде  киіз үйдің суретін салады. Ол үшін өздеріңе таныс құралдарды / қарындаш, өшіргіш, қылқалам/ қолданады. Сурет салуды аятағаннан кейін жұмыстарын мұғалімге көрсетеді./15 минуттан кейін екі топ орындарын ауыстырады/

Ү. Білімді бағалау.

Мұғалім екі  топтың жұмысын да бағалайды. Дәптерлерінде орындаған жұмыстарына дәптерлеріне баға қояды. Компьютерде орындалған жұмысқа барлық оқушыға журналға баға қойылады.

ҮІ. Сабақты қорыту.

-       Оқушылар бүгін біз қандай құралмен  таныстық?

-       Бұрыннан таныс құралдарға ұқсастығы  бар ма?

-       Бұрыннан таныс құралдардан қандай айырмашылығы бар?

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы // Информатика негіздері. -2004. -№1.

2.12 жылдық орта білім берудің мемлекеттік стандарты (бірінші саты). - Астана, 2004.

3.Мынжасарова М.Ж., Акпаева А.Б. Бастауыш мектепте информатиканы оқытудың теориясы мен технологиясы. Oқу құралы. –Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2009.