Қағазбекова Салтанат

Нұр-Мүбарак Египет ислам

 мәдениеті университеті        

Шетел филологиясы мамандығының

ІІ-курс магистранты

 

Мұхаммад Хұсейн Хайкалдің өмірі мен шығармашылығы

 

Мысырлық журналист, жазушы әрі саясатшы Мұхаммад Хұсейн Хайкал Мысыр елінің Дақхалия аймағындағы Әл-Мансура қаласының Кафр-ганнам ауылында 1888 жылы 20 тамыз күні (12 зилхиджа, 1305 ж)  дүниеге келді. Мұхаммад Хайкал кедей жанұяда өсіп, сол ауылдың сауат ашу мектебіне барады. Сонда Құран Кәрімді жатқа үйреніп, оны мәнерлеп оқу (қырағаты) мен жазу өнерін меңгергеннен кейін жеті жасқа толған кезінде Каирдің бастауыш мектебінің есігін ашып, оны 1901жылы (1319 һ)аяқтайды. 1905 жылы (1323 һ) Хадауия орта мектебіне, кейін Хадауия құқық мектебіне түседі. Сонда Ахмад Лутфи Әс-Сәйидпен тығыз қарым-қатынаста болып, оның пікірлеріне еліктейді. Сол кісінің жөн сілтеуімен Әбул-Фәрәж Әл-Исфаһанидің «Әл-ағани» (саздар) кітабы, Жахыздың «Әл-Бәян уәт-тәбийн»(Баяндау және талдау) атты еңбегі секілді көне араб әдебиетін және ағылшын тіліндегі еңбектерді қызыға оқиды. 1909 жылы (1327 һ) құқық мектебін аяқтағаннан кейін өз қаражатымен Парижге барып, онда құқық саласындағы білімін толықтырып, Париж университетінде 1912(1331 һ)жылы құқық саласында «Мысырдың жалпы қарыздары» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап, ғылым докторы дәрежесін алады.

Франциядағы мүмкіншіліктерін қалт жібермеуге тырысқан Мұхаммед Хұсейн ол жерде Әлеуметтік ғылымдар институтына түсіп, түрлі саладағы білімін тереңдетуімен қатар француз әдебиеті тақырыбындағы көптеген баяндамаларды тыңдау мүмкіншілігіне ие болды. Түрлі музей, көрме және тарихи ескерткіш жәдігерлерді аралай жүріп  француз тілінде еркін сөйлеп, толық меңгергеннен кейін француз әдебиетін оқуға бел буа кірісті.

Францияның Сарбон университетінде құқық факультетін тәмамдап, еліне оралған кезінде Мысырда он жыл қорғаушы және сонымен қатар журналисттік қызмет атқарды. Сол жылдары ол Ахмад Лутфи Әс-Сәйидпен танысып, онымен пікірлес болды. Сондай-ақ Шейх Мухаммед Абдуһ және Қасым Әмин сынды тұлғалардың әсері болды.

1926 жылы Умма партиясы құрылып, сол кездері «Апта саясаты» деген атпен шығарыла бастаған саяси журналдің бас редакторы болып тағайындалды. 1938 жылы Мұхаммед Махмуд құрған үкіметте Білім және ғылым министрі болып тағайындалғанымен, үкімет тарап кетуіне байланысты орнынан түсіп қалады. Алайда 1940 жылы министр ХүсейнСирридің кезінде ол екінші рет Білім және ғылым министрі қызметіне тағайындалды. 1942 жылға дейін осы қызметте болған ол біраз уақыт үзілістен кейін 1944 жылы осы қызметіне қайта оралды. Сондай-ақ  қосымша халықты әлеуметтік қорғау саласының министрі қызметін атқарды.

 1941 жылы Атазаңшылар Либералды Партиясының төраға орынбасары болып тағайындалған ол 1943 жылы оның төрағасы болып сайланды. Осы қызметін 1952 жылдың 23-ші шілдесінде партия тарағанға дейін атқарды. 1945 жылы Сенат төрағасы болып тағайындалды және 1950 жылдың маусымында Үкімет делегациясы Мұхаммед Хейкал және өзге де оппозицияның көптеген өкілдерін мәжілістен шығару жөніндегі өзінің әйгілі жарлығын қабылдағанға дейін осы қызметті атқарды.
Сондай-ақ Араб Елдері Бірлігінің ынтымақтастығы жөніндегі келіссөзіне Мысыр атынан қатысып, Біріккен Ұлттар Ұйымына Мысыр делегациясын бірнеше рет бастап барды.

Доктор Мұхаммед Хүсейнөз замандастары арасында әдебиет пен ағартушылық саласында аты шыққан маңызды тұлғалардан дараланып, өзінің «Зейнеп» атты атақты кітабымен алғаш араб романын жазып шықты. Сонымен қатар ол Ислам тарихы саласында керемет талдау жасай отырып, өте мәнерлі түрде тарихи уақиғалар желісін керемет байланыстыра жазған еңбектерімен жазушылар қауымына осы салада жаңа бір серпіліс берді.

 Сондай-ақ ол өзінің «Мәнзилул-уахи»(уахи төрінде) атты еңбегінде саяхаттау әдебі мен өзінің естеліктері мен ішкі дүниесіндегі ой-толғауларын жазып шықты.  Ал «Мысыр саясаты жөнінде бірер сөз» атты кітабында өзінің тікелей қатысып, куә болған және бастан кешкен саяси естеліктері жөнінде қалам тартты. Осылай жарыса қызмет етумен ол өзінің өмірін бас редактор, министр, партия төрағасы, Сенат төрағасы, тіпті сот залында қорғаушы да бола жүріп, әдеби шығармашылыққа көп уақытын бөле алмады.

Мұхаммад Хүсейн Хайкалдың өмірін саясат саласында өткізгеніне, бір кездері журналистика саласына да берілгеніне немесе ол салалардың жарық жұлдыздарының бірі болғанына және партияның ауыр жүгін арқалап өткеніне қарамастан, оның әдебиет саласындағы жұмыстары да өте жемісті болды. Оның еңбектері мен кітаптары роман жанры, тарих, биография, әдеби сын жанрларын қамтитын. Ол жазғанда нағыз әдебиетшідей жазатын және біреуге еліктемейтін, керісінше оған еліктеуге басқалар талпынатын. Әдебиет саласында өзгелерге бейтаныс жаңа көкжиектер ашып беретін көшбасшы еді. Ақиқаттың сәулелерін табу үшін барлық жолдарға жүгінетін. Өз пікірлерін ұлықтамайтын, бірақ жазғандарын мақтан тұтатын, сонымен қатар, өз жұмысына берілген, одан өзгеден хақиқатты көрмейтін тұлға еді. Сондықтан да ол бірде сот басқармасына, енді бірде батыс мәдениеті бөліміне ойысса, енді бірде перғауындық мәдениетке көшіп, ақыр аяғы Ислами пікірлер төңірегінде тоқталып, оған шақыра бастады. Тек содан ғана өзіне өсіріп-өндіретін күш-қуат алды, жан дүниені тулататын, рухани ләззат беріп, асқақтататын өмірді содан тапты.  

Хайкалдың ең алғаш өзінің әйгілі еңбектерінің бірі «Зейнеп» романын жазды. Ол романның ғылыми құндылығы және басқа да кейбір тұстары төңірегінде түрлі алып-қашпа сөздер айтылады. Әйтсе де оның роман жанрының  әдістемелік ережелері мен талаптарына сай жазылған ең алғашқы араб романы екендігінде ешқандай дау жоқ. Расында бұл еңбек әл-Ғаққад, Таһа Хүсейн, әл-Мәзини, Тауфиқ әл-Хаким сынды роман жанрының үлкен жазушылары үшін бір бастама, әрі түрткі болды.

Өзінің өнердегі жолын жазушы болып бастаған Хайкал оны тағы да «Осылай жаратылдым» атты кітабымен аяқтады. Осы екі еңбегінің арасында ол көптеген әңгімелер жазып, олар кейбір басылымдарда жарық көрді.Олардыңізінше «Әдебиет төңкерісі», «Бос уақыттар жайында» атты тағы бірнеше кітабы басылып шықты.

Ислам тарихы саласындағы алатын орны

      Мұхамед Хайкал  батыс мәдениетінен және оның жеткен жетістіктерінен көп әсерленді. Сөйтіп Францияда жүрген кезінде-ақ заманауи мәдениет жайында мақалалар жаза бастады. Француз әдебиетшілері мен ойшылдарынан өзінің әдеби зерттеулеріне тақырыптар таңдап алды. Әсіресе, Жан Жак Руссо жайында зерттеу мақалаларын көп жазды. Кейінірек Мысырға оралған кезінде оларды бір кітап қылып жинақтап шығарды. Алайда, бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін батыс мәдениетіне деген сенімі  шайқалды. Сөйтіп, ол гуманист деп білген мәдениеттің өкілдерінің езіп-жаншитын жабайылыққа салынғанына, заңға құрметі жоқ екендігіне және халыққа жаны ашымайтынына куә болды. Олардың адам құқықтарына теңдік бере алмайтынын көзімен көрді. Содан кейін көне Перғауын мәдениетіне қарай мойын бұрған Хайкал бұл мәдениеттің де үгітшілерінен көңілі қалды. Олардың да Перғауынды ұлықтау үшін зиянды идеяларды уағыздап, Мысырдың Исламмен байланысының сөніп бара жатқандығын алға тартқандарына және ұлтшылдықтарының нәтижелеріне куә болды.

Содан соң оның бұл ұстанымының бәрін Мысырға 1933жылы басып кірген Мәсіхшіл Христиан килігуі түбегейлі өзгертті. Ол осы қатерлі мәселеге бірталай қаламгерлердің жайбарақат қарағандығын көріп қынжылды. Ашкөздікпен христиандандыру ісіне қарсы шығудың жолдарын іздеп, олармен күресе бастады. Осылайша, мысыр жерінде болып жатқан осы оқиғаларға елеусіз, үнсіз отырған үкіметке де сын айтудан тартынбады. Мысырдың жер-жерінде кең етек жайған осы діни шабуылдың алдын алудың орнына үкімет Хайкалдың өзін істі қылды және бұл уақиғалардың барлығын Мысырдың Ішкі Істер Министрлігіндегі ағылшын қауіпсіздік комитеті өз жауапкершілігіне алатынын жария еткеннен кейін, діндердің арасында кикілжің тудыруға тырысты деген айып тағып, Хайкал мырзаға қаржылай айыппұл төлеуіне үкім шығарды.  

Бұл уақиғалар Доктор Хайкалдың өміріне елеулі өзгерістер алып келді. Бұдан кейін Батыстың шығыс елдерімен ойнаған ойындары, олардың шығыстың мәдениеті мен өркениетін жаман кейіпте көрсетуге тырысулары оған әшкерелене бастады. Бұдан кейін ол Ислам өлкелеріне назарын аударып, зерттеп, зерделей бастады. Оның зерттеулерінің басты бағыты енді Ислам тарихы болды. Ислам діні туралы жалықпай оқып, зерттеуге білек сыбана кірісті. Бұл істе оған ұзақ-ұзақ сөйлеу мен күнұзақ дәрістер мен семинарларда болу ауырлық қылмады. Осының жемісі ретінде теңдессіз әдіспен терең қамтып жазылған, жақсы талданып, көркем ұсынылған  бірнеше Ислам тарихы еңбегі шықты. Бұл жайында оның өзі былай деп еске алады: «Осы христиандандыру әрекетінің нәтижесінде менің орныққан ұстанымым мені жақсы бір жолмен оған қарсы күресуім қажет деген ойға жетеледі. Мен бұл жолдың Ислам пайғамбары, елші Мұхаммедтің өмірін ғылыми түрде зерттеу арқылы табылатынын көрдім және оны мұсылманға да, мұсылман емеске де бірдей пайдалы болатын түрде ұсынғым келді».

Хайкалдың «Мұхаммедтің өмірбаяны» атты көлемді кітабы Ислам тарихы саласында тырнақ алды туындысы болды. Онда Нәби (с.а.с.) өмірі көркем түрде баян етіледі. Сондай-ақ, батыстық кейбір теріс пиғылды жазушылардың көзқарастарына ғылыми және логикалық түрде жауап келтіреді. Ал кітабының соңында екі бөлім ашып, оның алғашқысында Құранда суреттелген негіздерімен Ислам мәдениеті жайында жазып, оны батыс мәдениетімен салыстырады және кітабының соңғы бөлімін кейбір шығыстанушылардың Исламға қарсы алға тартқан ойларына арнайы жауап жазуға арнайды.

Кітаптың дүниеге келуі адамдар арасында бұрын-соңды болмаған қызығушылық оятып, оны жарыса оқи бастады. Кейбір ойшылдар мен ғалымдар жақсы қабылдаса, кейбіреуі жерден алып-жерге салды. Қалай болғанда да өзінің қызықты мазмұнымен бұл кітап пайғамбар өмірбаяны саласында үлкен жаңалық болғаны анық. Үлкен имам Мұхаммед Мұстафа әл-Марағи сынды тұлға бұл кітапқа кіріспе әрі пікір жазып, онда былай дейді: «доктор Хайкал уақиғаларды көркем жеткізіп, әрлей білген және оларды өзара өте жақсы байланыстыра білген. Кітапта тақырыптар бір-бірінің артынан моншақтай тізбектеліп, өте парасатты түрде байланыстырылады. Оқыған адамға рахат сыйлайды, әрі мазмұнына көңілі толарлықтай».

«Мұхаммедтің өмірбаяны» атты кітабының артынша  оның Хижаз еліне болған сапары жайында «Уахи төрінде» атты өте тартымды кітабы жарық көрді. Аса жоғары талғаммен жазылған бұл кітап пайғамбардың аяғы басқан жерлерді баса отырып, оның өмірбаянынан үзінділер келтіреді.Ғибратты мысалдарға толы, тарихи зерттеулер мен көзімен көрген және жан-дүниесімен сезінгендерін біріктіре отырып сиқырлайтын, баурайтын дәрежеде жазылған, өте дәлдікпен мұқият талданған аса құнды еңбек.

Бұдан кейін көп ұзамай  Пайғамбар өмірбаянына толықтыру ретінде оның ізбасарлары жайында қалам тартып, өзінің «Сиддиқ Әбу Бәкір» және «Ғумар әл-Фаруқ» атты еңбектерін де жариялады. Осылайша, Ислам тарихының жазылуына өзіндік жаңа соқпақ салып, өзінен кейін келетіндерге өзінің қаламымен және ерек ақылымен жол салып кетті. Бұлқос еңбек жай ғана екі құрметті сахабаның өмірбаяны ғана емес, даму мен өрлеудің куәсі болған ғасырдың тарихы деу болады.

Бұл қос еңбек жарыққа шыққаны сол-ақ екен, олар жайында көптеген пікірлер бірінің артынан бірі жариялана бастады. Алайда, олардың көпшілігі оны сынап-мінеу үшін емес, қолдау үшін жазылды. Оның абыройын түсіру үшін емес, керісінше көркем тұстарын айтып, асқақтату үшін жазылды. Бұл қос еңбек бүгінге дейін зерттеушілерге дереккөзі болуын, оқығандарға шабыт беруін жалғастыруда. Себебі Хайкал өз еңбектері арқылы бұл қос сахабаны сүйдіртіп, Ислам көшбасшылары мен имамдарының керемет үлгі боларлық мақтаулы істері жайында көркем жеткізіп берген болатын.

Замандастарының басым көпшілігі МұхаммадХүсейнХайкалдың жайсаң жанды адам болғандығына бірауыздан куәлік етеді. Ол өте әдепті, сұхбаттасқанда өте жайсаң мінезді, көңіл күйі көтеріңкі, сөздері өте салмақты әрі әдеби көркем, мансабы мен қызметі мінез-құлқын өзгертпеген, кішіпейілдіктің нағыз үлгісі еді.

Ізгі еңбектерге толы ұзақ ғұмыр кешкен Мұхамед Хүсейн Хайкал 1956 жылы 8 желтоқсанда (5 жұмада әл-аууал) дүние салды.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.     Мұхаммад Сайд Мұхаммад.Хайкал уа ас-сиясатульаль-усбугия- аль-һи′туль мысрия аль-а′мма лилкитаб-аль-Каһира-1966 ж.

2.     Мұхаммад Ражаб Байюми. Ан-наһдату аль-исламия фи сир ағламуһа аль-магасирин- дар аль-қалам- Димашқ-1995 ж.

3.     Фатхи Ридуан. А′ср уа рижал –мактабату аль-Анжилу аль-мысрия- аль-Қаһира-1968 ж.

4.     Мұхаммад Маһди Гиллам. Аль-маджмугайн фи хамсайн гаман-аль-һи′ату аль-а′мма ли шу′ун аль-мутобиг аль-амирия-аль-Қаһира -1986 ж.

5.     Халид Нагим. Аль-Жузур ат-тарихияту лиирсалият ат-тансир аль-аджнабия фи мыср –аль-Мухтар аль-Ислами- аль-Қаһира.