Хаван А.
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының ғылыми
қызметкері
Абай
қарасөздеріндегі ұлттық болмыстың екіжақтылық
көрінісі
Ұлы
Абайдың өз шығармашылығында қамтымай
қалған тақырыбы жоқ десек, артық
айтқандық емес. Солардың бірі – «мінез» ұғымының
Абай көзімен екіжақтылық сипатта өрілуі еріксіз
санамызға ой ұялатады. Ақын ұлттық болмыс пен мінездегі бұл
жақтылықтарды қарасөздері арқылы жеткізе отырып, жақсы
адам мен жаман адам арақатынасында
ашады.
Данышпан Абай мінез сипатын ашуда алдымен
жүрек ісіне тоқталады: «Тірі адамның жүректен аяулы
жері бар ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені
– батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін
анықтап бере алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық,
әр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай
оларға да игі іс тілемек бұлар – жүрек ісі. Осы
жұрттың көбінің айтып жүргені мықты жігіт,
ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің
бәрі – бәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін.
Әйтпесе, Құдайға терістіктен, не ар мен
ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі,
үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз
бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгілі,
әуелі адам ба өзі?» деп сауал тастай отырып, келесі кезекте ең
жақсы адамның болмысын алға тартады: «жақсы адам
атанбақ үшін оған алты шарт қажет: жақсы
тән саулығы, жақсы туыс, жақсы ата, жақсы ана,
жақсы құрбы, жақсы ұстаз» дейді. Міне,
жақсы адам болуы үшін қажетті шарттар. Бұл –
жақсылықтың өлшемдері.
Ойшыл: «...дәл осы күнде
қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді
қадірлейді деп ойладым. Байды қадірлейін десең, өз
малыңның еркі өзіңде болмас па еді? Ешбір байдың
өз малының еркі өзінде жоқ.... Мырзаларды
қадірлейін десе, осы күнде анық мырза елде жоқ... Болыс
пен билікті құрметтейін десең, құдай берген
болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып бас
ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті
жоқ.. Жә, кімді сүйдің, кімнің тілеуін
тіледің?» дейді де: «ұры, залым, қуларға жетім болып
жүрген шын момындарды аямасаң, соның тілеуін тілемесең
болмайды. Сонан басқаны таба алмадым» деп жауабын да бере кетеді.
Бұдан кейін Абай ақылды мен
ақылсыз кісінің арақатынасын анықтайды; есті адам мен
есер адамның парқын бағамдайды: «...есті адам орынды іске
қызығып, құмарланып іздейді екен-дағы
күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей
болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші
де жоқ болады екен. Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баясыз,
бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып,
өмірінің қызықты, қымбатты шағын
итқорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде
өкінгені пайда бломайды екен. Жастықта бұл
қызықтан соң тағы бір қызық тауып алатын
кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп,
бірер қызықты қуғанда-ақ мойыны қатып,
буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға
жарамай қалады екен» дейді.
Екінші бір
қарасөзінде ақын: «Қазақтың бірінің
біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі
тілеспейтұғынының, қызметке таласқыш
болатығұнының, өздерінің жалқау
болатұғынының себебі неде?» деген сұраққа ой
жүгірте отырып, оған: «һәмма ғаламға
белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір
жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады;
әрбір қайратсыз қорқақ мақтаншақ
келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ
ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан арсыз келеді;
әрбір арсыз, жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз,
өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» деп жауап қата
отырып: «Наданның көңілін басып тұр,
қараңғылық пердесі» дейді. Ал адамның
көңілін неге қараңғылық басады? Одан
құтылудың жолы қандай? Бұл
сұрақтарға жауапты да Абайдың өзінен табамыз: «Адамға
жақсылық жасау – адамшылықтың негізі. Тек сонда
ғана адамның көңіліне сәуле түседі,
қараңғылық сейіледі. Ол алғырлықты,
зеректікті, парасаттылықты, білімділікті, қысқасы
ойшылдықты қажет етеді. Алғыр, зерек, парасатты, білімді,
ойшыл адамның көңілін ешқашан
қараңғылық пердесі баса алмайды дейді. Ұлы Абай
осы идеядан ешқашан тыс кетпеген.
Он алтыншы
қара сөзінде: «Осы елдің үнемі қылып
жүргені немене?» дейді. Бұған Абайдың жауабы да дайын:
«Екі нәрсе. Әуелі ұрлық, ұры ұрлықпен
мал табамын деп жүр. Мал иесі артылып алып, тағы да байимын деп
жүр. Ұрлықтан алып берем деп, даугерді жеп,
құтқарам деп ұрыны жеп жүр. Қарапайым
жұрт айтып мал аламын деп, ұрға атымды сатып пайдаланам деп,
не өткізбесін арзанға түсіріп алам деп жүр. Екінші –
бұзақылар біреудің ойында жоқ пәлені ойына салып,
бүйтсең бек боласың, бүйтсең кек аласың,
мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы
әлек болып жүр. Кім азса, мен соған керек боламын деп,
өзін бір ғана азық қылайын деп жүр» деп жауап қата
келе, енді жұрттың бәрі осы екі бүлік іске ортақ,
мұны кім түзейді? Анттың, серттің,
адалдықтың, ұяттың бір тоқтаусыз кеткені ме?
Ұрыны тию да оңай болар еді, бірақ осы
бұзақының тіліне еретұғын, азатұғын
байларды кім тыяды? деп сары уайымға салынады. Бұл
сұрақтарға Абай сөзінің қисынымен келсек,
оның «Адамның тауып айласын, кісілікті ойламайы» шығады.
Ақын
өмір кешкен дәуір қазақ халқының Ресейге
бодан болу уақытымен тұспа-тұс келеді. Бұл саяси
өзгеріс елдің әдебиеті мен мәдениетіне де әсер
етіп, ұлт әдебиетінің басқаша сипатта дамуына жол
ашқан еді. Отаршыл биліктің бұрыннан келе жатқан
ұлтқа тән мінез, болмыстағы кемшіліктерін
ушықтырып жібергендігін тереңнен түсінген Абай ел
үмітін арқалаған би-болыстардың қара
басының қамын күйттеп, өз елінің мүддесін
аяқасты етіп отырғандарына ызыланып, тағы да қара
сөз бен қаламға жүгінеді. Абайтанушы ғалым
Ж.Ысмағұлов: «...алғашында ел ішін бөріктіріп, ала
тайдай лаң сала келген патшалықтың отарлау саясаты бұл
жылдардың ішінде бәсеңдеу былай тұрсын, одан сайын
қатайып, ел билеудің қыр еліне жат түрі жыл өткен
сайын тереңдеп, орныға түскен. Халықтың
ниет-пиғылының бұзылуына көп себептердің ішіндегі
басты біреуі осы болатын» деп, кесімді пікір білдірген еді. Абай да бұл
жолда қазақтың бойындағы
олқылықтардың бір ұшын
отарлау саясатының салдарына да тірейді.
Данышпан ақын ұлттық
мінез-құлықтарды аямай сынға алады. Сынға ала
отырып, өзі салған сара жол арқылы адамзат баласының
санасына сәуле түсіреді. Қараңғы түнгі
Темірқазық іспетті болған осы сәуле адами
қасиеттермен астасқан рухани құндылықтардың
шыңына шамшырақ болып жағылып, адамзат баласын Адамдықтың
ең биік сатысы – Ақиқатқа қауыштырады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.
Абай Құнанбаев. Екі томдық шығармалар
жинағы.1-том, А., 1986.
2. Ж.Ысмағұлов. Абай: Даналық дәрістері. Алматы,
Өнер баспасы, 2007, 267-бет.