М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті,
Қазақстан
Елбасы
Жарлығымен 1997 жылдың 11 шілдесінде бекітілген Тіл туралы
Заңның 4-бабында «Қазақстан Республикасының
мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің
бүкіл аумағында қоғамдық қатынастар-дың
барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң
шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын
жүргізу тілі.
Қазақстан
халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын
мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының
әрбір азаматының парызы»,– екені көрсетілген [1,5].
Қазіргі кезде
мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде мемлекеттік тілдің
қолданылу аясының біршама өсіп келе жатқаны
байқалады. Мемлекеттік тілдің Қазақстанды туған
елім, өз жерім дейтін барлық этнос өкілдері мен диаспоралар
үшін қажеттілікке айналуына Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев
та елеулі еңбек сіңіріп келеді. Еліміздегі тілдердің,
әсіресе, мемлекеттік тілдің өсіп-өркендеуін, даму
бағыттары мен қолданылу шеңберін үнемі назарда
ұстап, оған барынша қолдау көрсетіп келген Елбасымыз 2011
жылғы Жолдауында да тілдерді дамытуға ерекше көңіл
бөліп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту
үшін нақты міндеттер жүктеп отыр. Нұрсұлтан
Әбішұлы «бүгінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген
ересек тұрғындардың үлесінің басым
көпшілікті құрауын» «Тәуелсіздігіміздің орасан
зор жетістігі» ретінде бағалай келіп, мемлекеттік тілді білетін
қазақстандықтардың санын 2017 жылы – 80 пайызға
жеткізуді көздесе, 2020 жылы 95 пайызға жетуді міндеттейді, ал он
жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп
шығатыны, тіпті, көңілге қуаныш сеуіп, мемлекеттік
тілдің жарқын болашағына деген үлкен сенім
қалыптастырады. Бұл Жолдауда Елбасымыз мемлекеттік тілді
қолдану мен дамытуға қатысты айқын міндеттер мен
нақты мерзімдерді белгілеп берді. Елімізде қазақтар
санының айтарлықтай басымдыққа ие болуы, басқа
ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген оң
бетбұрысы, Үкіметтің жүйелі тілдік саясаты – Президент
көрсетіп отырған міндеттерді белгіленген мерзімде орындаудың
шешуші факторлары болып табылады [2,17].
Республика
азаматтарының мемлекеттік тілді білу деңгейі белгілі бір
дәрежеде түрлі сатыдағы оқыту мекемелеріне тікелей
байланысты екені анық. Өйткені мемлекеттік тіл орта, арнаулы орта,
жоғары оқу орындарында негізгі пәндердің бірі ретінде
ұзақ жылдардан бері оқытылып келе жатыр. Бұл
бағытта жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктерді саралай
қарасақ, қуаныштан гөрі «әттең-ай» деген
тұстарымыздың басым екені ешкімге де жасырын емес. Соған орай
осы оқу орындарындағы, жалпы мемлекеттік мекемелер мен жеке
кәсіпорындардағы қазақ тілін оқытушыларға көптеген
сын-ескертпелер айтылып та жүр. Олар негізсіз де емес. Салыстырмалы
түрде мына бір фактіні келтіре кетейік. Мәселен, Елімізде
тұратын басқа ұлт өкілдері балабақшадан бастап
мектеп, жоғары оқу орындарын қоса есептегенде 12-14 жыл бойы
қазақ тілін оқиды, ал жеткен нәтижесі де осы шамада
12-14 сөз, ары кетсе 40-50 сөз меңгереді. Бұл,
әрине, өте мардымсыз нәтиже және оның бірнеше
себептері де бар. Сол себептердің негізгілерінің бірі –
оқушылар мен студенттердің мемлекеттік тілді оқуға
деген мотивациясының болмауы. Мұның себебі неде, оқушылар
мен студенттердің мемлекеттік тілді оқуға деген ынтасын
оятып, оқыту мотивациясын қалай қалыптастыруға болады?
Мотивация – кез
келген тілді, соның ішінде қазақ тілін де оқытуда
тұтас оқыту процесінің сәттілігіне ықпал ететін
және соңғы нәтижені анықтайтын негізгі фактор.
Тіл үйренушінің тілді меңгеруге деген мықты мотивациясы
мен шын ынтасы болса, оған ешқандай жас ерекшелігі (тіпті 60-тан
асып кетсе де) кедергі бола алмайды, ал енді керісінше болса, онда тіпті
ең дарынды баланың өзі де еш нәтижеге жете алмайды.
Сондықтан кез келген тілді үйрену үшін, алдымен ең
қажетті мотивацияны анықтап алу өте маңызды. Мотивация
дегеніміз – адамды түрлі жағдаяттарда, әсіресе, ол
баяулағанда, әрекетсізденгенде,
сөзбұйдалыққа салынғанда немесе ұзақ
уақыт шешімге келе алмағанда белсенді әрекет жасауға
итермелейтін ішкі қозғалтқыш күш. Әдетте,
ғылыми еңбектерде мотивацияның екі түрі
көрсетіледі: ішкі және сыртқы [3, 146].
Сыртқы
мотивация сыртқы факторлардың, басқа адамдардың немесе
белгілі бір оқиғалардың әсерінен болады. Оған
мысал ретінде оқытушының қатаң талабын, студентті
берілген тапсырманы орындауға мәжбүрлеуін немесе керісінше
берілген тапсырманы орындаған студентке жоғары балл алуға
қосымша мүмкіндіктер беруін жатқызуға болады.
Өкінішке орай, мотивацияның бұл түрі тапсырма
орындауға мәжбүрлеген тиісті фактордың босаңсуына
немесе аяқталуына байланысты тез тоқтайды. Сондай-ақ,
мотивацияның бұл түрі жиі қолайсыздық
туғызып, әртүрлі психологиялық жайсыздыққа
соқтыруы мүмкін.
Ішкі мотивация –
бұл адамда өзінің ойы, ақылы, ынтасы,
қажеттілігі, эмоциональдық әсеріленуі арқылы пайда
болатын мотивация. Онда белгілі бір әрекетті аяқтауға (мысалы
сабақ оқу) және нақты нәтижелерге қол
жеткізуге деген ішкі саналы қажеттілік туындайды. Бұл мотивация
көңіл-күйді көтеретін жағымды жаймен
өрнектеледі, алайда оны (мотивацияны) табу өте қиын, ал оны
ұзақ уақыт бойы ұстап тұру одан да қиын.
Қоғамдық
өмірдің барлық салаларының мемлекеттік тілге
көшуі, қазақ тілінің ұлтаралық
қатынас тілі ретінде маңызының күннен-күнге арта
түсуі мемлекеттік тілді оқытудың сыртқы және ішкі
мотивацияларын қалыптастыруда. Мемлекеттік тіл
қоғамымыздағы әлеуметтік-экономикалық фактор
ретінде де, жалпымәдени-құқықтық фактор
ретінде де негізгі факторлардың біріне айналып келеді.
«Қазақстан
Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға
арналған мемлекеттік бағдарламасында» қазақ тілін
оқыту мотивациясы ретінде білім беру мекемелерінде мемлекеттік тілді
меңгеру процесін ынталандыру жүйесін құруды және
оны шешудің төмендегідей жолдарын ұсынады:
2.1. Білім
берудің барлық сатыларында мемлекеттік тілді білу деңгейін
бағалау және бақылау жүйесін енгізу;
2.2. Мемлекеттік
тілді мектептен тыс оқыту жүйесін құру (жазғы тіл
үйрену лагерьлері, балалар бос уақытын өткізетін
мекемелердің жанындағы тіл үйірмелері т.б.).
Сондай-ақ,
бұл бағдарлама
«Барлық ынталы адамдарға қазақ тілін
оқып-үйренуге мемлекеттік көмек көрсету» жолдарын да
қарастырады:
3.1. Мемлекеттік
тілді оқыту орталықтары жанынан жекелеген адамдар үшін
Мемлекеттік стандарт деңгейлері бойынша тегін курстар ұйымдастыру;
3.2. Кезекті
деңгейге мерзімінен бұрын қол жеткізген жағдайда
үздік оқитындарға икемді жеңілдік жүйесін енгізу;
3.3. Қазақ
тілін оқыту процесін ұйымдастыруда мемлекеттік-жеке меншік
әріптестікті ынталандыру;
3.4. Оқытудың
инновациялық нысандарын және әдістемелерін әзірлеу
арқылы қашықтан оқытуды кеңінен енгізу
(оқытудың қашықтан-онлайн жаңа
бағдарламаларын, виртуальды жаттықтырғыштарды,
электрондық интерактивтік оқулықтарды, оқытудың
мультимедиялық және техникалық құралдарын жасау);
3.5. Шет елдердегі
қазақ диаспорасы өкілдерінің ана тілін
оқып-үйренуіне саяси-дипломатиялық, әдістемелік
және ұйымдастырушылық қолдау көрсету.
Бағдарлама
«Мемлекеттік тілді қолдануды көпшілікке тарату» –мақсатын
іске асыру үшін мемлекеттік тілді қолданудың абырой-беделін
көтеру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыруды болжайды.
Мемлекеттік тілде
сөйлеуші адамның беделді («сәнді») бейнесін
қалыптастыру үшін:
– мемлекеттік тілді
көпшілікке тарату және насихаттау жөнінде креативті шешімдер
орталығын құруды;
– мақсатты
аудиториялардың ерекшеліктерін ескере отырып, әр
тұрғыдан алынған жағымды бейнелерді әзірлеу;
– мемлекеттік
тілдің жағымды бейнесін қалыптастыру жөніндегі
жұмысқа іскер, мәртебелі тұлғаларды (референтті
топтарды), оның ішінде мемлекеттік тілді және басқа да
тілдерді меңгерген басқа ұлт өкілдерін тарту;
–
мемлекеттік тілде
сөйлеуші адамның жағымды бейнесін қалыптастыру
процесіне мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тетігі арқылы
үкіметтік емес сектордың шығармашыл әлеуетін
қатыстыру – жолдарын ұсынады [4].
Бұл
айтылғандардың барлығы қазақ тілінің
мектепке дейінгі, орта, арнаулы орта, жоғары оқу
орындарындағы білім беру пәні ретінде мәртебесін едәуір
арттыратыны анық. Бұл жерде мотивация ұғымы
алдыңғы орынға шығады. Әрине, оқыту
мотивациясының проблемасы кез келген пән бойынша туындайтыны
даусыз, дегенмен ол қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде
(қазіргі кезде қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту
әдістемесі жиі ұсынылып жүр) оқытуда ерекше
байқалады. Қазақ тілі пәні де, барлық тілдік
пәндер сияқты белгілі бір ерекшеліктерге ие және ол
студенттен белгілі деңгейде білім базасы мен коммуникативтілік
қабілетінің болуын талап етеді. Кейде бұл жағдайлар
студентке біршама қиындықтар туғызып, жоғарыда аталған
мотивтер оны қызықтыра қоймайды. Сондықтан, мотивацияны
қазақ тілін оқытудағы ең негізгі
қозғалтқыш күш ретінде қарастыра отырып,
мотивтердің адамның субъективті өміріне жататынын,
соның ішкі талабынан туындайтынын ұмытпаған жөн.
Сыртқы фактор қаншалықты негізді болғанмен, студент
мемлекеттік тілді тек өзінің ішкі сұранысы, қажеттілігі
бойынша өз еркімен ынталанғанда ғана толық
меңгере алады.
Оқытудағы,
соның ішінде, қазақ тілін оқытудағы мотивация
бірнеше факторларға негізделеді. Осы бағыттағы ғылыми
еңбектерді саралай келгенде, бұған төмендегі ерекшеліктерді
жатқызуға болады:
– білім
алушылардың ерекшеліктері (жынысы, өзін-өзі бағалауы,
интеллектуальдық білім деңгейі);
–
оқытушының және оның педагогикалық қызметке
бейімділігінің ерекшеліктері;
–
педагогикалық процесті ұйымдастыру тиімділігі;
– оқу пәнінің, бұл жерде,
қазақ тілінің ерекшелігі.
Сыртқы
мотивация пәннің мазмұнымен тікелей байланысты болмай,
сыртқы жағдайларға негізделеді. Ал ішкі мотивация пәнмен
тығыз байланысты, сондықтан оны көбіне процессуальды
мотивация деп те атайды. Студентке қазақ тілі тікелей ұнайды,
ол өзінің интеллектуальдық белсенділігін көрсеткісі
келеді. Сыртқы мотивтер ішкі мотивті күшейте түседі, алайда
олар әрекеттің мазмұны мен өрісіне тікелей
қатысты болмайды. Сонымен
қатар, оқыту мотивациясын жағымды және жағымсыз
мотив деп жіктеуге де болады. Мәселен, «егер мен қазақ тілін
жақсы оқысам, онда емтиханда жақсы баға аламын
және ол менің болашақ кәсібім мен жеке өміріме
керек» – бұл жағымды
мотив, ал «егер мен қазақ тілін оқысам, емтиханды тапсырамын,
сосын мені оқудан шығара алмайды» – жағымсыз мотив.
Жыл
өткен сайын мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік
қызметі кеңейіп, қоғамдық әлеуеті мен
беделі артып, қолданылу өрісі өсіп,
«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде»
екені дәлелденіп келеді. Мемлекет жоғарыда аталған
бағдарламаның «Мемлекеттік тіл – ұлттық бірліктің
басты факторы» негізгі мақсатын іске асыру барысында –
Қазақстанның барша азаматтарының мемлекеттік тілді
меңгеру жүйесін құру жөніндегі жұмысты
ұйымдастыруды бағамдайды. Аталған жүйе ең
алдымен, мемлекеттік тілді меңгеру мен оқытудың
бірыңғай стандарттарын әзірлеуді және бекітуді, содан
кейін оларды білім беру жүйесінің барлық деңгейіне –
мектепке дейінгі мекемелерге, мектептерге, жоғары және жоғары
оқу орнынан кейінгі оқу жүйесіне енгізуді көздейді.
Бұдан басқа қазақ тілінде оқытатын білім беру
мекемелерінің желісін кеңейту және қазақ тілі
оқытушылары мен мамандарын даярлау және олардың біліктілігін
арттыру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру талап етіледі [4]. Соған орай, оқушылардың,
студенттердің мемлекеттік тілді үйренуге деген ішкі жағымды
мотиві де артуға тиіс еді. Алайда, студенттер арасында жүргізілген
сауалнама нәтижесі жоғары оқу орындары студенттердің
басым бөлігінің қазақ тілін оқу барысында
әлеуметтік-тұрмыстық мотивке («оқу бағдарламасы
бойынша қажет», «оқудан шығып кетпеу үшін», т.б.)
жүгінетінін анықтаса, тек шамалы бөлігі ғана
мемлекеттік тілді өз қалауы бойынша оқып жүргенін
көрсеткен. Сондықтан студенттердің мемлекеттік тілді
оқуға деген ішкі мотивациясын, яғни, білімгерлердің
мемлекеттік тілді оқуға деген жеке қызығушылығы
мен қажеттілігін туғызатын жағдайлар жасау керек.
Мұндай қажеттіліктер ішкі мотивацияның коммуникативтік
(мемлекеттік тілде тікелей қарым-қатынас жасау), лингвотанымдық
(тілге деген жағымды қатынас) және елтанымдық
(білімгердің тақырыптық және эмоциональдық
қызығушылығы) сияқты түрлеріне сәйкес келуі
тиіс [5,11]. Мұнда да жоғарыдағы
бағдарламаға жүгіне аламыз. Ол мемлекеттік қызмет
көрсететін және халыққа қызмет көрсету
(банк, сауда ұйымдары, қызметтер көрсету т.б.)
саласындағы ұйымдар қызметкерлерінің мемлекеттік тілді
меңгеру процесін ынталандыру жүйесін құруды
ұсынады:
1.1.
Мемлекеттік тілді білу деңгейіне қойылатын талаптарды бекітетін
құқықтық базаны әзірлеу және
қабылдау;
1.2.
Мемлекеттік тілді білу деңгейіне қойылатын міндетті ең
төменгі талаптарды айқындау;
1.3.
Мемлекеттік тілді білуді бақылаудың жыл сайынғы жүйесін
енгізу;
1.4.
Мемлекеттік тілді білу деңгейін табысты (мерзімінен бұрын)
үздік игергендерді материалдық ынталандыру жүйесін енгізу;
1.5.
Салалар бойынша көппішімді арнайы әдістемелік
құралдарды (тілдескіштерді, сөздіктерді және т.б.)
әзірлеу және көп таралыммен жүйелі түрде
шығару [4].
Бұл
аталғандар білімгерлердің мемлекеттік тілді үйренуге деген
ішкі мотивін қалыптастыруға жақсы серпін болатыны анық.
Дегенмен, мотивация қалыптан асып кетсе, белсенділік пен салғырттықтың
артатынын, соның нәтижесінде жұмыстың тиімділігінің
төмендейтінін де естен шығармаған дұрыс.
Сондықтан жоғары тиімділік пен мемлекеттік тілді үйрену
қуанышын тең ұстайтын мотивті дәл табу керек. Мемлекеттік
тілді оқыту практикасы білімгерлердің ұлттың тарихына,
мәдениетіне, өнеріне, салт-дәстүріне, танымына,
күнделікті тұрмыстық ұстанымына
қызығушылық танытатынын көрсетуде. Оқыту
мотивациясының тұрақты деңгейін қалыптастыру
оқытушыны тиісті оқу материалдарын іріктеуге міндеттейді. Бұл
материалдар когнитивтік, коммуникативтік, кәсіптік
құндылықтар мен шығармашылық әлеуетті
қамтиды және білімгердің ойлау белсенділігін ынталандырып,
олардың танымдық көзқарасын кеңіту мен
тереңдетуге мүмкіндік береді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан
Республикасындағы Тіл туралы Қазақстан Республикасының Заңы
1997 жылғы 11 шілде №151-І // Қазақстан
Республикасындағы ТІЛДЕР туралы негізгі заң актілері. –Алматы:
Юрист, 2005. -40 б.
2. Болашақтың
іргесін бірге қалаймыз! // Қазақстан Республикасы Президенті
Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. –Тараз:
Сенім, 2011. -52 б.
3. Леонтьев
А. А. Потребности,
мотивы, эмоции. Конспект лекций. - М.: Издательство МГУ, 1971.
4. Қазақстан
Республикасындағы Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020
жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
5. Саланович
Н. А. Лингвострановедческий подход как средство повышения мотивации при
обучении иностранному языку в старших классах средней школы (на материале
французского языка): Автореф. дис. канд. пед. наук. - М., 1995. 23 С.