Филологические науки/
2.Риторика и стилистика.
п.ғ.д., профессор, А.С. Қыдыршаев
магистр-оқытушы Д.А. Қыдыршаева
М.Өтемісов атындағы БҚМУ, Қазақстан
РИТОРИКАЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ҰЛТ
КЕЛЕШЕГІН БАУЛУҒА ҚАТЫСЫ
Бәсекеге қабілетті интеллектуалды ұлт келешегін
баулудың бір жолы - бүгінгі студент-жастардың бойында
риторикалық мәдениетті қалыптастыру да болмақ [1].
Риторикалық мәдениет бағалау-бағдарлау бағытындағы
ойлана сөйлеу
іс-әрекетін айқындайды. Риторикалық мәдениетті өз
бойына ұялата білген жас
атаулы рухани тұлға және
айқын да жарқын индивидтік қалыпта көрінбек.
Риторикалық мәдениеттің
жүзеге асуы қазіргі таңда бірден-бір ерекше мәнге ие.Бұл
іспеттес рухани өзін-өзі жетілдірудің материалдық жағын
қанағаттандыру мен өндірістік өсу қарқынының
адамзат санасында жаңаша көрініс табуы, қоғам мен жеке
тұлға турасында берілер әлеуметтік бағаның өзгеруі күн тәртібіндегі риторикалық
мәдениеттің қалыптасу ерекшелігінде айқындамақ. Бұл бағыттағы мәселенің
оң шешім табуы адамдардың тұрмыси құндылықтардан
рухани құндылықтарға қайта бағдар ұстануы негізіндегі адамзаттың ішкі жан
дүниесінің қайта жаңғыруы жолымен жүзеге
аспақ. Демек, қазіргі заманның ғаламдық проблемасы - бұл таза
экономикалық, саяси не
ғылыми проблемалар емес,
ең алдыменадамгершілік-рухани
проблемаларда. Ал мұндай жағдайда студент жастар бойында риторикалық мәдениеттің
қалыптасуы, біздің пайымдауымызша, бәсекеге қабілетті интеллектуалды ұлт келешегін тәрбиелеудің,
адамды өзгертудің, оның рухани тұргыда қайта жаңғыруы мен ілгері
дамып жетілуінің тиімді
алғышарттарының бірегейі [2].
Біздіңше,
риторика курсын оқытуды қазақ халқының салт-дәстүрлері
мен мәдениеті және ұлттық менталитетімізбен байланысты шынайылыққа, ізгілік пен әдемілікке
ұмтылуға бағытталған
жастарымыздың ойлана сөйлей білу білік-дағдыларын, қабілет-қарымын
дамытуды көздейтін аталмыш саланың (риториканың)
кешенді қалыптағы интеграцияланған пән екендігі туралы
түсініктен туындата білген дұрыс.
Ал, риториканы педагогикалық
технология ретінде, яғни сабақ жағдаятында нақтылы қолдану
мәселесін тілге тиек етсек, ең алдымен, риторикалық технология негізінде құрылған
сабақтың дәстүрлі сабақтарда арнайы шығармашылығына назар аудару жөн. Жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, егер де оқытушы атаулы риторикалық тұрғыда ойланар болса, онда оның санасында риториканың әрбір заңы педагогикалық іс-әрекеттің нақтылы бір бағыты ретінде түйінделеді. Бұл орайда төмендегідей заңдылықтар ескерілсе орынды:
Біріншіден, тұжырымдамалық
( концептуальдылық ) заңдылық. Нені, Қалай, Неге оқытуды дамытуға негізделген үдерістің
бір тұтастық деңгейін қамтамасыз етеді. Басқаша
айтсақ, шәкіртті дамыту құралы ретінде оқу пәнін, оқыту тұжырымдамасын әзірлей отырып, оқытушы өзінің оқу пәнінің құралдары арқылы шәкірт атаулының бірте-бірте, кезең-кезеңімен дамитын тұлғалық сапалық қасиеттерін қалыптастырудың біртұтас көрінісін талқылап әзірлейді. Түйіндей айтсақ,
жалпы (тұжырымдамалы) дамудың бағыты тіпті де әрбір сабақ сәтін де сүзгіден өткізе бағдарлауды аңғартады, ал бұл әрқилы нақтылы өзіндік көріністермен айқындала жүзеге аспақ.
Өз тарапымыздан жүргізілген зерттеулер Сабақ атаулы адамның біртұтастықта дамуын көздеуі мақсат етуші оқытудың бірегей тұжырымдамалық жүйесінің құрамды бөлігі болған жағдайда ғана дамытушы бағытқа ие екендігі жөнінде түйін жасауға мүмкіндік береді. Бұл орайда А.Маслоу:
«Демократиялық қоғамдағы білім әрбір тұлғаның адамдық сапалық қасиеттерін толық жүзеге асыруға көмекші рөл атқармақ, басқаша болуы мүмкін емес»,- деп түйіндейді.
Екіншіден, аудиторияны модельдеу заңдылығы оқыту
мен тәрбиеге тұлғалық және жеке бағдарлы бағытты қамтамасыз етеді. Мұның мәні студенттердің ілгері де саналы да сауатты өзіндік кәсіптік кәсіби өрлеуін жасауы, өз жаратылысын тануы, социумнан өз орнын табуына жәрдемдесер жалпы мәдени және танымдық қызығушылықтары
мен қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін психологиялық және әдістемелік тұрғыда көмек көрсетуіне негізделеді.
Үшіншіден, стратегиялық заңдылық педагогикалық үдерістің проблемалық сипатын айқындайды. Ол проблемалық сабақтың 3 түрі арқылы жүзеге асырылуы мүмкін:
- проблемалық -
зерттеушілік, бұның ерекше
басты белгісі –студенттердің
қажетті іс-әрекеттердің бәрін де өз беттерімен
орындауы (проблеманың ашылуы, оның қалыптасуы, шешім нұсқаларын
іздеуі, тиімді шешім нұсқаларын жүйелеуі);
- проблемалы-ізденістік, басты
ерекшелігі сол – оқытушы студенттерге проблеманы ұсынады, өзі
қалыптастырады, ал студенттер шешу жолдарын және тиімді жүйелеу
нұсқаларын іздейді;
- проблемалы-жинақтаушылық, мұның
мәні мынада: оқытушы
проблеманы табады,оны қалыптастырады, шешудің бірнеше нұсқалы
жолдарын ұсынады, ал студенттер қорытындылайды, тиімді нұсқаны
туындатады.
Төртіншіден,
тактикалық заңдылық аудиторияға әсер етудің тиімді құралдарын
(өзара түсіну, ынтымақтаса қимылдауға бейімдейтін
аргументация мен педагогика) қолдануды қамтамасыз етеді, яғни,
риторикалық мәдениет аспектісінде құрылған сабақ
барысында оқытушы сендіруге, иландыруға, дәлелдеуге, әсерлендіруге
тиіс, бірақ оған студентін зорлауға, мәжбүрлеуге
болмайды.
Бесіншіден,
сөздік шығармашылық заңдылығы оқытушының қандай пәнді (гуманитарлық
немесе гуманитарлық емес) оқытарлығына байланыссыз сөйлеу
сапасына қатысты жүйелі жұмыстарды қамтиды. Сабақ
барысында тактикалық және сөздік шығармашылық заңдылықтарды
қолдану кейін жалғандыққа, екіжүзділікке ұласар
бағынушылықты, тыңдаушылықты және жалған қорқыныш
тудырарлықтай агрессиялы сөйлеу тонын жоюға белсенді тұрғыда
септеседі.
Алтыншыдан,
қарым-қатынас заңдылығы сабақ құрылымының диалогтық негізін қамтамасыз
етеді. Яғни, бірден-бір субъект-субъектілік байланысы туындайтын және
жүзеге асырылатын, әркім өз пікірін айтуға құқылы
және әрқайсысы тыңдалатындай, бірде-бір көзқарас
жоққа шығарылмайтындай, кез келген пікірдегі бағалы тұс
ескерілетіндей бірлескен ойласу, шығармашылық ауаны (атмосфера) күйіндегі
шынайы өзара түсіністік жағдайын туындататын қарым-қатынас
сабағы.
Жетіншіден,
жүйелік-аналитикалық заңдылық міндетті түрде рефлексияны
қолдануды қамтамасыз етеді. Осының негізінде оқытушы
студенттерімен бірлескен қалыпта дәл осы мезетте, кейінге қалдырмастан
сабақ сапасын бағдарлайды / Осы сабақ неге керек, ол
несімен тиімді, сабақ барысында неге қол жеткізілді, неге қол
жеткізілмеді, қандай жолмен сабақты жетілдіруге болады?т.б./.Риториканың
аталмыш заңдылығы сабақты оқытушы мен студенттердің
бірлескен өзара ойласу, ұйымдасу үрдісіне айналдырады, яғни,
сабақ оған қатысушылардың ортақ мағыналы
іс-әрекеті тұрғысында танылады. Сондай-ақ, рефлексия өткізілген
сабақты алдыңғы кезекте өтілген сабақтардан бөлектей
отырып, бұрынғы меңгерілген, анықталған мағыналы
түйіндерді толықтыра түсу көзқарасы тұрғысында
оқу үрдісін жүйелеуге жәрдемдеседі.
Демек, сабақтарды
риторикалық негізде құру дегеніміз – білім берудің іс-әрекет
үстіндегі негізділігі әрі күрделілігі /фундаментализациясы/,
адамға тән ізгілігі /гуманизациясы және гуманитаризациясы/
деп мейлінше сенімді түрде түйіндеуге болады.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Қыдыршаев
А.С. Шешендіктану: теориясы және практикасы. – Орал: М.Өтемісов ат. БҚМУ, Редакциялық баспа
орталығы, 2012.
2. Қыдыршаев
А.С. Риторикалық мәдениет және шешендіктануды оқытудың
кейбір теориялық аспектілері // «Мемлекеттік тіл саясаты және тіл мәдениетінің
өзекті мәселелері» Хал\қ ғыл-практ. конф.мат., Орал,
2007.