Филологические науки\ 3.Теоретические и методологические проблемы  исследования языка.

доцент, к.ф.н.Раева Г.М.

Казахский государственный педагогический университет им. Абая, Казахстан

 

Тарихи дыбыстық өзгерістер (түркі тілдері деректері бойынша)

Түркі тілдеріндегі бір буынды түбірлер біріншіден,  этимологиялық тұрғыдан бірқатар сыры ашылмаған, күрделі тілдік белгілерді сақтаған, екіншіден, әрбір тілдегі маңызды, өмірге қажетті ұғымдар, заттар мен құбылыстар осы бір буынды түбірлер арқылы беріледі, үшіншіден, олар өздерінің тұрақтылығы, типологиялық жағынан әмбебаптығымен, шығу төркіні жағынан көнелігі және құрылымының көпварианттылығымен ерекшеленеді [1, 268] Бір буынды түбірлердегі дауыстылар  сәйкестігінің бірқатары жуан ы және жіңішке і дауыстыларының алмасуларынан тұрады. Түркі тілдеріндегі аталған сәйкестікті салыстыра зерттеу олардың этимологиялық тұрғыдан ортақ, жалпылығын анықтап, фонологиялық даму жолдарын нақтылайды. Салыстырмалы-тарихи зерттеудің негізгі мақсаты-ең көне форманы анықтау болып табылады. Қазіргі қолданылып жүрген түбір сөздердегі ы және і дыбыстарының ішіндегі көне дыбыс қайсысы екендігін анықтау үшін бірқатар салыстырмалы әдістерді қолдану қажет. Ең бастысы тілді халықтың қалыптасу тарихымен тығыз байланыста қарастыра отырып, белгілі бір тарихи кезеңдердегі тілдік деректерге жүгіну керек. Қазіргі тілдердегі сөздерді, дыбыстарды көне түркі, орта түркі дәуіріне тән жазба ескерткіштер тілімен өзара салыстырып, іздестіруге болады. Мысалы, ы˜і сәйкестіктерінің ішінде ы-мен дыбысталатын жуан нұсқасы көне түркі ескерткіштер тілінде бар . Қазақ тіліндегі «адамдардың пікір алысатын қоғамдық құралы» мәніндегі «тіл» сөзінің өзге түркі тілдерінде ы-мен дыбысталатын тоф т. дыл, яку.т. тыл, тув.т. дыл варианттары кездессе, көне түркі жазба ескерткіштерінде де жуан «тыл» (тыллығ сабығ аллы олу тіді- тілді, сөзді ала отыр- деді ) нұсқасы сақталған.   1891 ж. Н. М. Ядринцев тапқан Онгин ескерткішінде  (шамамен VII ғ. аяғы немесе VIII ғ. басы) Ышбара деген жалқы есім қолданылған. Бұдан кейінгі жазылған әртүрлі жазба ескерткіштерде де ыр «песня», ір «сконфуженный, пристыжный», ычғын «выпускать, терять, лишаться», Ыла «Іле өзенінің георафиялық атауы», ыш «копоть, сажа», іш «дело», ынақ «надежда», інәк «корова» т.б. сөздер инициалды позицияда ы және і дыбыстарын қолданған. Көне ұйғыр тілінде қысаң, тіл арты ы дыбысы і дыбысынан  фонетикалық  тұрғыдан тәуелсіз, жеке фонема ретінде қолданылған [2, 169]. Сонымен қатар түбір сөздердегі ы˜і дыбыс сәйкестіктерінің алмасу себептерін анықтау үшін алдымен қазақ тілі мен диалектілері аралығында аталған сәйкестіктің көрнісін анықтап алу қажет. Мысалы, қазақ говорларында сөз отасында ы˜і дыбыстарының алмасып қолданылуы да заңдылық. Мысалы, мынау-мінеу, шыбыш-чібіш, шылапшын-чілеужін, тырнақта-тірнекте, тым-тім, тиым-тиім, сиыршы-сиірші, піс-пыс, пішін-пышын, жынық-жінік, бір-быр, ұбырлы-шұбырлы-үбірлі-шүбірлі, ажым-әжім т.б. [3, 36-40].  Түбір сөздердегі ы˜і дыбыс сәйкестіктерінің себептерін қазақ тілі деректерін өзге түркі тілдерінің деректерімен салыстыра отырып та анықтауға болады. Мысалы,  қазақ тілінде іс (ет.) тоф т. ыз, тув.т. ыш, чув.т. чыс нұсқаларында кездессе, қ.балқ. т. ыз- қазақ тіліндегі із (зат ес.) сөзіне сәйкес келеді. Сондай-ақ ұйғ.т. сын-қазақ т. сің етістігімен мәндес, ал татар тіліндегі қылан-қазақ тілінде кілең сөзімен түбірлес.  Сары ұйғыр тіліндегі мын «садиться», ыны «младший брат», пыз «мы», ыс «дело» жуан түбірлері қазақ тілінде мін, іні, біз, іс түбірлеріндегі жіңішке і-ге сәйкес келеді. Керісінше, қазақ тіліндегі піс «пісу, жетілу» етістігінің жуан ы-мен дыбысталатын жуан варианттары алт.т., тув.т., қырғ.т., тоф т. быш, хак.т., яку.т быс түрінде кезедеседі. Демек өзге түркі тілдерінде де ы-мен айтылатын жуан нұсқа сақталған. Осындай тілдік деректер  қазақ тілі мен диалектілері және түркі тілдері, олардың  жергілікті тіл ерекшеліктерінде   түбір сөздердегі ы және і дыбыстарының сәйкестігі сөз басында, сөз ортасында, сондай-ақ сөз соңында алмасатындығын дәйектейді.

Мысалы, қазақ және түркі тілдерінде сөз басында ы˜і сәйкестіктері кездеседі, дегенмен бұл алмасу басқа буындағы сәйкестіктерге қарағанда сирек: ыза-ізә, ымырт-імірт нұсқаларындағы жуан дыбысталатындары Шығыс говорына тән [3, 36-37]. Қазақ тіліндегі ыдыс,  ілгек, ісік, ірең, іңір, іңкәр, іс  (ет.) сөздері- як.т. ідіс, тат.т. ыргак, тув.т. ыжык, қырғ.т. ыраң, сар.ұйғ.т. йыныр, қырғ.т. ынкар, тоф.т. ыз түрінде дыбысталады. Өзге түркі тілдеріндегі қысаң, жуан ы дыбысы сөз басында жиі қолданылатындығын аңғарамыз. Қазақстандағы ең үлкен көл «Ертіс» атауын М. Қойшыбаев көне түркі тіліндегі «артыш» «арту, асу» етістігінің негізінде қалыптасқандығын айтады. Ал Еділ өзенінің аты М. Қашқари сөздігінде Атыл «қыпшақ еліндегі өзен» деп көрсетілген. Демек жер-су атауларында да ы-мен дыбысталатын жуан варианттар көп ұшырасады. Сондықтан, сөз басындағы ы˜і дыбысының алмасуын көне дәуірлерден бастау алатын  тарихи дыбыстық өзгеріс деп қарастырамыз. 

Ы˜і сәйкестігінің жиі қолданылатын орны сөз ортасы. Тіл деректерін салыстыру оған дәлелел бола алады: мысалы,  әдеби тіліміздің өзінде шұңғыл көз-шүңгіл көз,шағыр көз, шегір көз,  шырғалдаң-сергелдең, ұйлығу-үйлігу, тықақта-дікекте, дығыр салды-дігір салды, ағыл-тегіл-егіл-тегіл, дайым-дәйім сөздері инлаут позицияда жарысып қолданылып жүр . Түбір сөздердегі ы˜і сәйкестіктерін салыстыру ы- мен айтылатын жуан варианттардың кең тарағандығын аңғартады. Қазақ говорларының шығыс аймағында да жуан «пыс» нұсқасы сақталған. Шығыс говоларда әдеби тілімен салыстырғанда бірқатар сөздер жуан дыбысталады. Мысалы, әдеби тілдегі піс, бір, шіл – шығыс говорларында пыс, быр, шыл [3, 55-56 ]. Әдеби тілдегі шіл «құр тұқымдасына жататын, кекілікке ұқсас, сұрғылт түсті кішкентай құс» сөзінің шыл жуан варианты қазақ тілінің шығыс говорларымен қатар құмық тілінде де бар. Қазақ тілінің оңтүстік говорларындағы жіңішке айтылатын тім, ізә әдеби тілде тым, ыза жуан нұсқасында, ал  говорлардағы пышын, тырнақта жуан нұсқасы, керсінше, әдеби тілде пішін, тірнекте жіңішке нұсқа сақталады. Сөз ортасындағы ы˜і сәйкестігі қазақ тіліндегі і-мен дыбысталатын сөздердің бірқатар түркі тілдерінде ы-мен айтылуымен ерекшеленеді: сің (ет.) - ұйғ.т. сын, сілбі- як.т. сыыл, тізе-түркм.т. дыз, тігін - сар.ұйғ.т. тыкын, тіл- тоф т. дыл, як.т. тыл т.б.

Сөз соңында аталған сәйкестіктерді төмендегідей нұсқалардан нақтылаймыз. Қазақ тілінде ары-әрі, мысалы-місәлі, мұжы-мүжі, шаршы-шәрші [3,37-42] сөздерінің соңында ы˜і дауыстылары жарысып қолданылса, қазақ тіліндегі  і тіл алды, дауыстысымен дыбысталатын сөздер өзге түркі тілдерінде ы-ға сәйкес келеді:  екі- сар.ұйғ.т. ышкы, кәрі – түрк.т. гары, іні- сар.ұйғ.т. ыны т.б.

Демек ы˜і сәйкестіктерінің түбір сөздерде алмасып қолданылуы қазақ, түркі тілдеріне тән белгі. Тіл деректерінен аңғарылатындай ы˜і сәйкестігі сөз басы, сөз ортасы және сөз соңында кездеседі. Осындай ы˜і дыбыстарының түбір сөздерде себепсіз алмасуы «қазіргі түркі тілдеріндегі і дауыстысымен айтылатын сөздер бұрын ы-мен айтылған»  деген пікірдің орынды екендігін аңғартады [4, 23 ].

Түбір сөздердегі ы˜і сәйкестігін талдау барысында ең алдымен қазақ тілін қыпшақ тобындағы ноғай, қарақалпақ тілдермен салыстырамыз. Бұдан кейін қыпшақ тобына енетін қарайым, қарашай – балқар, татар, башқұрт  т.б. тілдермен, одан кейін өзге оғыз тілдеріне қарағанда қазақ тіліне біршама жақын өзбек, ұйғыр тілдерімен салыстыру оң нәтиже берері анық. Мысалы, қазақ тіліндегі і дыбысы ноғай тілінде бар. Ал қарақалпақ тілінде и дыбысы қазақ тіліндегі і дыбысына сәйкес келеді. Бір тілдің өзінде барлық деңгейлері бірдей дамымайтыны сияқты кейде туыстас тілдің біреуінде өзгеріске түскен элемент екінші біреуінде бұрынғы қалпын сақтауы, енді біреуінде конвергенцияға ұшырауы мүмкін. Мысалы, ы жуан дауыстысының жіңішке жұбы болып табылатын і түркі тілдеріндегі тіл алды, қысаң дауысты дыбыс. Бұл фонема башқұрт, татар, хакас, ноғай, чуваш, қазақ тілдерінде бар[5, 60]. Ал өзге түркі тілдерінде бұл дыбыс и жіңішке дыбысымен беріледі. В. А. Богородицкий көрсеткендей [ы] және [і] дыбыстары «қытай-татар және таранчы диалектілерінде  ( яғни Шығыс Түркістанның ұйғыр диалектілерінде) жуандырақ дыбысталатын [і] дыбысына сәйкес келеді». Қазіргі ұйғыр тілімен қатар өзбек тілінде де әрі ы, әрі и дыбысның қасиеттерін жинақтаған жаңа и фонемсы бар. Бұл жөнінде тілші В. Решетов: «узбекский язык утратил типияно тюркскую фонетическую черту-сингармонизма, предполагающий наличие взаимно противопоставленных в основах и в системе словообразовательных и словоизменительных формантов. Произошел таким образом сдвиг артикуляций в сторону переднего уклада, а в связи с этим разрушена палатальная атракция-различие принципиально передних и задних гласных звуков. Каждая пара гласных типично тюркского вокализма дала один индифферентный звук соответствующего подьема. Индифферентный звук- вообравший в себя качество обоих конвергирующих гласных» [6,22-23]  -дейді. Ы және і дыбыстарының индифферентті и-ге сәйкес келуі ұйғыр тіліне де тән.

Жалпы түбір сөздердегі қысаң ы және і дыбыстарының сәйкестігін талдай отырып,  мынадай қорытынды жасауға болады: ы және і дыбыстарының жарыспалы түбірлерде себепсіз алмасулары аталған дыбыстардың ертеде бір дыбыстан, атап айтқанда тіл арты, жуан ы дыбысынан бөлініп шыққандығын дәйектейді. Қазіргі тілдердегі ы-и-і дыбыстарының себепсіз алмасуларының өзіндік ерекшеліктері бар. Аталған дыбыстардың ішіндегі көнелері ы және и болса, қазіргі өзбек және ұйғыр тілдерінде ы мен і дыбыстарының бірігуінен екі дыбыстың қасиеттерін жинақтаған и дыбысы туындаған. Қазіргі қазақ тіліндегі і дыбысына бірқатар түркі тілдерінде и дыбысының сәйкес келуі (қазақ т. бір, тіл, тіс, кір т.б. – өзге түркі тілдерінде бир/пир, тил/дил, тис/тиш, кир/гир) і дыбысның и-ден бөлініп шығуымен байланысты. Қазіргі түркі тілдеріндегі ы, і, и дыбыстарының мысалы, тыл/дыл-тіл-тил нұсқаларын салыстыра отырып, даму, өзгеру үрдістері бір бағытта, атап айтқанда тіл арты дыбыстарының тіл алды дыбыстарымен ауысуы бағытында жүзеге асқандығын аңғарамыз.Демек, түбір сөздердегі ы және і дыбыстарының сәйкестіктерінің негізі жуан, тіл арты ы дыбысмен тікелей байланысты.

Түркі тілдерінде дыбыстар бейберекет алмаса бермейді, тілдегі табиғаты бөлек фонемалардың бір-біріне сәйкес келуі кездейсоқ құбылыс. Түркі тілдері дыбыстық жүйесінде дауысты дыбыстардың алмасуының өз жүйесі бар. Бұл жүйе белгілі заңдылықтарға бағынады.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.     Қайдар Ә. Из опыта этимологического исследования односложных основ в тюркских языках// Қазақ тілінің өзекті мәселелері, Алматы, 1998.

2.     Талипов Т. Фонетика уйгурского языка. Алма-Ата, 1987.

3.     Кәрімов Х. Қазақ тілі говорларындағы жуан-жіңішкелі дауыстылар сәйкестігі//Қазақ тілі теориясы мен тарихының мәселелері. Алматы, 1986.

4.     Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков. Баку 1979.

5.     Исхаков Ф. Г. Характеристика отдельных гласных в тюркских языках// ИСГТЯ. Часть 1, М. 1955.

 

6.      Решетов В. К вопросу об оканье в тюркских языках// Изв.АН КазССР, сер.филолог. и искуст., 1959, вып.1-25

 

Резюме

     В статье рассматривается соответствие узких гласных в казахском и тюркских языках.