ӘОЖ 398(547)+821.512.122.-1

Тарихи өлеңдердің халық поэзиясының өзге жанрларымен арақатынасы

Ж.Б.Ахметжанова

Қазақстан Республикасы, Қарағанды қаласы

Қазтұтынуорталығы Қарағанды экономикалық университетінің аға оқытушысы

 

Қазақ халық поэзиясының бір саласы – тарихи өлеңдер. Өзге жанрлар секілді халықтық поэзияның бұл түрі де томаға тұйық, кездейсоқ жағдайда қалыптасқан жоқ. Тарихи өлеңдердің лирикалық ескі өлеңдерге жақындығы барлығы туралы ғалымдар тарапынан қисынды айтылған. Орыс фольклортану ғылымында А.М.Астахова [1], Б.Н.Путиловтар [2] ХVІІ-XVIII ғасырдағы шағын өлеңдерде өзіндік көркемдік кестесі, бейнелеу әдіс пен тәсілі жағынан лирикалық өлеңдерге жақындығын атайды. Фольклортанушы В.Я.Пропп болса ХVІ-ХVІІ ғасырларда туған тарихи өлеңдердің характері мүлде басқа екендігін айта отырып, поэтикалық болмыс-бітімі, орындалу мәнері, көлемінің шағындығы мен саздылығына қарағанда лирикалық жанрға жақын болып келетінін ескертеді [3, 70-73 бб.].

Қазақтың халық өлеңдерін тексеріп, жан-жақты жанрлық тұрғыдан саралаушы Б.Уахатов былай дейді: «...Тарихи өлеңдердің шағын түрлерінің көлемі қысқа, эскиз секілді болып келеді де ұзынсонар оқиғаның ішінен тек сол өлеңнің идеясын ашарлық сәттерді ғана даралап көрсетеді және соның өзі айшықты тіл, әсерлі сезім өрнегімен өріле келіп, лирикалық планда беріледі» [4, 247-248 бб.].

Бұл пікірді дамытып, қарсы пікір айтқан академик С.Қасқабасов: «Тарихи өлеңнің жанрлық сипатын айта келіп, автор оны лирикалық өлеңдерден шыққан деген пікірге тоқтайды. (Б.Уахатовты айтып отыр – Ж.Ахметжанова). Алайда, тарихи өлеңнің лирикаға жақын екені рас, онда лиризмнің болатыны да хақ, бірақ бұның бәрі тарихи өлеңді лирикадан шыққан деуге дәлел бола алмайды. Себебі, тарихи өлең болған оқиғадан соң араға көп уақыт салмай-ақ дүниеге келіп жатады, демек ол жанр ретінде лирикалық өлеңсіз-ақ туады. Бұл жерде анықтап алатын бір нәрсе: тарихи өлең эпикалық түрге жата ма, әлде лирикалық түрге жата ма? Міне, осы тұста тарихи өлең мен тарихи жырдың айырмашылығы көзге айқын түседі» [5, 27 б.], - дей отырып, «Тарихи жыр өзінің поэтикасы, орындау мәнері, тіпті мазмұны жағынан да эпикалық түрге жатады. Ал, тарихи өлеңде лирикалық сипат болғанымен, бірақ ол лирикалық өлең емес» [5, 27 б.], - дейді.

Алғашқы тараулардан біз қазақ тарихи жырларын зерттеген М.О.Әуезов, С.Сейфуллин, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы, Н.С.Смирнова т.б. ғалымдар еңбектерінде тарихи өлеңдер назардан тыс қалмай, қалай қарастырылғанын айтып келеміз. Бұл жердегі мәселе тарихи өлеңдердің халық поэзиясының өзге жанрларымен арақатынасы болып отыр. Бір даусызы тарихи өлеңнің лирикаға жақын екендігі рас. Алайда, оны таза лирикалық өлең ретінде қабылдауға болмайды. Лирикалық өлеңдердің алуан түрлі тақырыпты қамтитыны белгілі. Олардың тұрмыс-салт жырларына қатысты болып келетіндігі қайтыс болған адамға байланысты айтылатын естірту, көңіл айту, жоқтау өлеңдеріне байланысты. Мұнда таза салтқа қатысты өлеңдер болғандықтан біз оларды тұрмыс-салт жырларына жатқызамыз. Лирикалық өлеңдердің көңіл-күйге қатысты туатыны аян. Көбінесе әнмен айтылып, қысқа, сезімтал, жүрек толқытып, көңіл сергітер рухымен ерекшеленеді. Көбіне дәстүрлі жолығу, айрылысу, қоштасу, сырласулар табиғат пен жаратылыс әлемімен астастырыла айтылады. Ал, тарихи өлеңдердегі мұң-шер жалпы халықтық мәселеге арналып, халықтың арман-тілегі, аянышты тағдыр-талайымен сабақтастырылады. Әсіресе ел мен жер тағдыры басты орынға шығады. Осының барлығы нақты болған немесе болып жатқан шынайы тарихи оқиғаға байланысты болып келеді. Міне, тарихи өлеңдегі басты ерекшелік тікелей деректік мәселеде жатыр.

Лирикалық өлеңде жеке адамның басындағы оқиға өлеңге өзек болса, тарихи өлеңде жалпы халықтың тағдыр-талайы ауыр сынға түскені баяндалады. Демек, тарихи өлеңнің негізі үлкен оқиғадан келіп туындайды. Ол ауыл арасы, сүт пісірім, көш-қон оқиғасы емес. Мұндағы оқиға ел мен жер туралы кездейсоқ апат, қиын-қыстау, жан-шошырлық, озбырлық әрекеттердің кесапатынан туындайды. Тарихи өлеңнің өміршеңдігі болған оқиғаны дәлме-дәл, нақты қаз-қалпында жеткізуден көрінеді. Ондай өлеңдер халық есінде ұмытылмай, ғасырдан ғасырға өтеді.

Тарихи өлеңдердің бізге там-тұмдай жетіп, ұрпақ зердесіне өшпестей із қалдырып келе жатқаны сондықтан да болар. Тарихи өлеңді айтушы, ең алдымен, болып жатқан қайғылы оқиғаны дәл жеткізіп, келесі кезекте ел мен жер тағдыры не боларына күйінеді. Тарихи өлеңдегі лириканың ұшырасатын тұсы осы екендігі даусыз. Лирикалық өлеңдермен байланысы осы жерден байқалады.

Алайда, тарихи өлең өзегі шын мәнінде болған, халықтың бастан өткерген қайғысы мен мұңы туралы оқиғаның поэтикалық тұрғыдан жедел баяндалуы болмақ. Лирикалық өлең мен тарихи өлеңнің айырмашылығы мен ұқсастықтарын кестелі түсіндірме арқылы былайша көрсетуге болады деген түйінге тоқтадық.

 

Кесте 1 – Лирикалық өлеңдер мен тарихи өлеңдердің өзгешеліктері мен ұқсастықтары

 

Лирикалық өлеңдер

Реті

Тарихи өлеңдер

а)

Айырмашылықтары

а)

Айырмашылықтары

1

Орындалысы: той үстінде, алтыбақан басында, сауық кештерінде орындалады, кейде айтыс үлгісімен айтылады.

1

Орындалысы: кездейсоқ оқиғадан, халық күйзелісі, реніш, қайғы, мұң-шерден туындайды

2

Табиғат көркі, мезгіл сипаты, әдет-ғұрпы, ғашықтардың кездесетін жерінің сұлулығы, жолығуы, айрылысуы

2

Жау шапқыншылығы, жерінен айрылған ел тағдыры, көшкен жұрт, амалсыз кетіп бара жатқан адамның елі мен жерімен қоштасуы

3

Лирикалық өлең ретінде танылатын қара өлең мен қайым өлеңде алғашқы екі тармақ басқа бір ойды айтып, ұйқас үшін пайдалану арқылы келесі екі тармақта негізгі ой айтылатын-дығы қалыптасқан дәстүр

3

Тарихи өлеңдегі бүкіл тармақ біртұтас болып жатқан оқиғаны жеткізуге құрылады. Әрбір шумақ тарихи оқиғаны барынша жеткізуге бағындырылады

4

Лирикалық өлеңдерде әзіл-қалжың, жанға жағымды юморлар ұшырасады. Өлең күлкі тудырады

4

Тарихи өлеңде бұндай ерекшелік мүлде кездеспейді

5

Дәстүрлі қайталаулар, бір айтыл-ған ой лирикалық өлеңдердің шумақтарында қайталана береді

5

Тарихи өлеңдерде қайталау аз, тек қатал жауға кез болғаны туралы айтылатын бірен-саран шумақтар бар

б)

Ұқсастықтары

б)

Ұқсастықтары

1

Лирикалық өлеңдерде сүйгенінен қапылыста айрылып, шерменде болған ғашықтардың жоқтауы кездеседі

1

Тарихи өлеңде атамекен, туып өскен жеріне жоқтау сағыныш түрінде айтылады

2

Лирикалық өлеңдерде ғашықтардың бір-бірімен қоштасуы айтылады

2

Тарихи өлеңде елі мен жерімен қоштасу басым айтылады

3

Лирикалық өлеңдерде көңіл-күйге қатысты мұң-шер түрінде айтылатыны бар

3

Тарихи өлеңдердегі мұң-шер тікелей халық күйзелісінен туындайды

4

Пішіні жағынан лирикалық өлеңдер көбінесе он бір буынды болып келеді

4

Тарихи өлеңдерде бұл көбірек кездеседі

5

Лирикалық өлеңдердің дені әнге айналады

5

Тарихи өлеңдердің табиғатында бұндай ерекшелік бар

 

Ұқсастықтарына қатысты қорытынды тұжырым осыған жетелейтіндігі жоғарыдағы кестеден танылады.

Тарихи өлеңдерді тексеру барысында біз халықтың ауызша жеткізген, авторлары жоқ үлгілерін талдап келдік. Ендігі кезекте тарихи өлеңдердің ақын-жыраулар шығармашылығымен байланыс-бірлігі барлығын айтуға тиіспіз. Бұл істе тарихи өлең көбіне өзінің идеялық жағынан зар-заман ақындары поэзиясымен үндеседі. «Зар заман» поэзиясын түп-тегімен зерделеу біздің мақсат емес. Ондай мақсатта кең көлемде докторлық диссертациялық еңбек жазылып, монографиялық еңбек жарық көрген. Рас, «Зар заман» атауын әдеби термин ретінде алғаш рет Мұхтар Әуезов қолданғаны белгілі [6, 192 б.]. «Зар заман деген – XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгері, соңғы ақындардың барлығына «зар заман» ақындары деген ат қойдық» [6, 192 б.], - дейді М.О.Әуезов. Осыдан бастап, зар заман поэзиясы туралы көптеген зерттеуші ғалымдар түрлі пікірлер айтып келді. Мәселен, бұл пікірді одан әрідамытқан жазушы-ғалым Сәбит Мұқанов былай дейді: «Бас бостандығынан, жерден айырылған, кедейленген халық, бұл зорлыққа қарсы басын көтере алмады, көтерем дегенге үкімет көтертпей, қозғала бергенде тарпа салып, орнында езіп тастап отырды. Осындай қолдан күш, бастан ерік кеткен кезде, қайғыдан тұншыққан халықтың зарынан туған көркем әдебиетін біз «Зар заман» әдебиеті дейміз» [7, 120-121 бб.], - деп жазады.

Бұл патшалық Ресейдің XIX ғасырда елді бодандап, «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстай бастаған кезеңі екені аян. Анығына жүгінсек, ел басына қауіп-қатер, қиын-қыстау күн туған шақ бір ғана XIX ғасыр емес, одан әрі «ақтабан шұбырынды» кезеңдерінен басталғаны тарихтан белгілі. Бұл мәселеде Бұқар жырау, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, Көтеш т.б. ақын-жыраулар шығармашылығына қатысты тарихи өлеңде халықтың хал-ахуалы айтылған. XIX ғасырдағы отарлау әрекеті бүкіл қазақ даласындағы ақындарды күңірентіп, болып жатқан жайды бір-бірінен асыра жырлағаны мәлім. Атап айтсақ, Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әубәкір, Базар, Шәңгерей т.б. сияқты бір-бірімен жарысқан жүйріктер ел басына түскен ауыртпалықты жан-жақты аша түсті. Махамбет Өтемісұлы поэзиясы да бұл тұста барынша жарқырап көрініп, ар мен намыстың биік өлшеміне көтерілді. Осының бәрі де суырыпсалмалық негізде айтылып, фольклорлық дәстүр негізінде ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткендігі мәлім. Тарихи өлеңдердегі айтылған түрлі оқиғалар ақын-жыраулар мұраларында да ұшырасады. Себебі, олардың көбі сол заманда жасаған таланттар. Кейбіреулерінің тікелей көзбен көріп, көңілмен сезінгені анық. Айталық, ел басына күн туғанда жұрттың үдіре көшуі жыраудың жанына батып, жанын күйзеліске түсіретіні Қазтуған Сүйінішұлы толғауларында айрықша орын алады:

Ноғайлы-қазақ жұртының,

Кейінгі туған балалары-ай...

Жолдасын жолай іздеген,

Өзіне тиген дұшпанын,

Қарт бурадай тіздеген,

Мен қарға бойлы Қазтуған,

Қайғыланып асып барамын,

Ноғайлы-қазақ елінен.

Атамекенді тастау оңай емес. Ел күйзелісін ең алдымен сөз сүлейі танитынын бұдан бірден тануға болады. Мысалы:

Көк орай шалғын, көк майса,

Сырдың бойын жайладың...

Жетісу, Балқаш, Ұлытау,

Сауық құрып тойладың...

Үдіре көшіп, қонған жер,

Тоқырауды тапшы деп,

Сарысу мен Атасу,

Бермекпіз кімге алшы деп?! -,

деп жырлаған Ақтамберді жырау Сарыұлы толғауында да атамакен толғанысы бүкіл кеңістікке деген шынайы махаббатпен астасып жатыр. Жырау жаудың оңай емес екендігін, өзінің сол сұрапылдың қақ ортасында жүргендігін де аңғартады.

Жауға шаптым ту байлап,

Шепті бұздым айқайлап.

Дұшпаннан көрген қорлықтан,

Жалынды жүрек, қан қайнап,

Ел-жұртымды қорғайлап,

Өлімге жүрміз бас байлап.

Азамат пен асқақ ақындық жырдан анық аңғарылып, жыраудың өршіл рухы асқақтай түседі.

XVIII ғасырдағы «ақтабан шұбырынды» кезеңіндегі жонғарлардың әділетсіз соғысы, тұтқиылдан басып алмақ болған әрекеті тарихи өлеңдермен қатар, сол тұстағы жыраулар поэзиясында да тақырыптық жағынан толықтыра түсетіндігін көреміз. Бұл мәселеде тарихи өлең мен жыраулар поэзиясының өзегі бір, арқауы ел күйзелісі болып отырғандығын ерекшелей айтуға әбден болатындығы зерттеушілер тарапынан орынды айтылған. Мысалы:

Шығыстан моңғол жабысты,

Аяққа басты намысты.

Қызыл қарын жас бала,

Еңкейген кәрі ата-ана,

Қысымы күшті қорлықтан,

Озбыр-үкім  зорлықтан,

Қан жылады, зар ішті, -

дегендегі Бұқар жырау туындысы кәдімгі «Қаратаудың басынан көш келеді» өлеңімен тамырласады. Керек десеңіз, жырау Сырдан ауып, Сарыарқаға келгенде де тыныштық жоқ екендігін былайша баяндаған:

Сырдан ауып келгенде,

Ел тыныштық көргенде,

Іргені белден көмгенде,

Шүршіт қалмақ жау болды.

Таласы аула, тау болды,

Елді өлтіріп, малды алып.

Елді жаулап, жерді алып,

Арада бітпес дау болды, -

дейді. Жаудың мақсаты елді құл қылып, жерді алу екендігі мәлім. Осы үшін Бөгенбай, Жасыбай, Олжабайлардың айқасы, қапылыста қаза болған Жасыбай батырдың өлімі жырауға және халыққа қатты батады. Жырау кектің жолы, ердің құны «қанға – қан» деп, батырларды жаумен айқасуға үндейді. Жаудың әділетсіздігі мен қарсы айқасқа шықпақ болған қазақ қолының күресі дұрыстығын өз толғауларында былайша жеріне жеткізе сипаттайды:

Қойдан қоңыр ел едік,

Сыйласқанға кең едік,

Ел мен жерім аманда,

Таусылмас қазына кең едік.

Қазақ, қалмақ туысқан,

Кірме емес, тең едік.

Көрші ел болып туыстас,

Жауласпаспыз деп едік,

Ол сөзінде қалмақ тұрмады,

Үнемі қорлық қылғаны,

Үнемі зорлық қылғаны...

Күнә жоқ, бізде жазық жоқ,

Зорлықта тұрақ, қазық жоқ,

Өкпелемес Ежен хан,

Өзі көрер өзінен,

Айныған байлау сөзінен

Уағданың ұрғанын...

Бұрынғы тыныш жатқан, алыс-беріс тоқтамаған екі елдің жауласуының себеп-салдарын Бұқар жырау осылай түсіндіреді. Айтулы айқасқа аттанатын батырларға батасын беріп, істерінің әділ екендігін түсіндіреді. Жыраулар поэзиясындағы айтылған осы идея тарихи өлеңде қалыс қалмай, бір тақырыпта айтылатындығын өткен тараулардағы ой-пікірлерден толық түсінуге болады.

Тарихи өлеңдерді шығарушылардың өзі сол заманда өмір сүріп, қайғылы оқиғаларды көзбен көрген дейтін ғылыми пікірдің дұрыс айтылғанына осыдан толық көз жеткіземіз. XIX-XX ғасырдың басында болған ірілі-ұсақты оқиғалардың тарихи өлеңдегі сипаттамасына сол тұстағы халық ақындарының шығармашылығынан бөлек болып, жеке саралауға болмайтындығы да осындан айқын аңғарылатындай.

Сонымен түйіндей келсек, тарихи өлең өз табиғаты жағынан көңіл-күйге қатысты жоқтау, қоштасу секілді өлеңдермен дәстүрлік байланысы бар болса,  лирикалық өлеңдермен қарым-қатынасы да тікелей сол тұрғыдан деп түйіндейміз. Ал ақын-жыраулар поэзиясымен үндес болу себебі, дәуірдің мұңы мен сыры, халықтың тағдыр-талайы сөз өнерінің қайраткерлерінде алдымен орын алатындығында екенідігі талассыз. Тарихи өлеңдерді шығарушылардың өзі сол тұстағы ақын-жыраулар болғаны анық. Бірақ дер кезінде қағаз бетіне түспегендіктен, рухани мұрамыз қатарынан орын алып, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жетіп келе жатқаны рас. Жырлану дәстүрі, көркемдік болмыс-бітімдерінің ортақтасуы бұны нақты көрсете алатындығына шүбә келтіруге болмас. Бір ғана мәселе ақын-жыраулар толғауларында сол тұстағы ел қорғаған батырларды атап, олардың ерлік істерін асқақтата жырлау бар. Тарихи өлеңде бұндай ерекшеліктен гөрі, елімен, жерімен қоштасуы кеңірек орын алған. Басты мәселе осында екендігін ескергеніміз абзал.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1 Астахов А.М. Исторические песни русского народа. /Северные исторические песни. –Петрозаводск, 1947. -10-12 с.

2 Путилов Б.Н. Русский историко-песенный фольклор ХІІІ-ХІХ вв. –М-Л:, 1960. -269 с.

3 Пропп В.Я. Жанры русского фольклора. – Русская литература, 1964. -№ 4. -65 с.

4 Уахатов Б. Қазақтың халық өлеңдері. –Алматы: Ғылым, 1974. -288 б.

5 Қазақ тарихи жырларының мәселелері. –Алматы: Ғылым, 1979. 312 б.

6 Әуезов М. Әдебиет тарихы. –Алматы:Ана тілі, 1991. -240 б.

7 Мұқанов С. Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очергтер. 1 бөлім. –Алматы: ҚМББ, 1942. -161 б.

 

 

Автор туралы мәлімет.

 

Аты-жөні – Ахметжанова Жанар Балтабековна

Ұлты – қазақ

Жұмыс орны – Қарағанды қаласы, Қазтұтынуорталығы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақ тілі және Қазақстан мәдениеті кафедрасы

Ғылыми дәрежесі – филология ғылымдарының кандидаты

Мекен-жайы - Қазақстан Республикасы, Қарағанды облысы, Қарағанды қаласы, Стеной-2, 13 үй, 20 пәтер

Индекс – 100000

Байланыс телефоны – 8 (7212) 774463; 87017380570