Нурсеитова А.А.

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

      

Жеті санынан келетін фразеологизмдердің этномәдени  мазмұны

(Ш.Құдайбердиев,  А.Байтұрсынов, М.Дулатов шығармалары бойынша).

        Әлемдегі  басқа да тілдер тәрізді қазақ тілінің, оның аймақтық  тіл байлығының қойнауында жеке атауыш сөздермен қатар,тұрақты тіркестердің  қоры мол екені белгілі.

     Қазақ халқының дүние танымында жеті санының да айрықша қасиеті бар. «Жеті» санын қадірлеу көне заманнан басталып, қасиетті сан болып есептеледі. Ал енді осы «жеті» неліктен қасиетті болды деген сұраққа ғылымда дәл жауабы болмаса да, ғалымдарымыз әртүрлі жорамал жасап жүр. Жеті санынын қасиеті адам бойында жеті санының кездесуі, (жеті жан, жеті айлық бала, жеті мүше) десе, екінші бір ғалымдарымыз, қазақ халқының дүниетанымында «жеті» санының киелі сипат алуы ертеде жетіқарақшы жұлдызына, оны киелі санауына тікелей қатысты деуге болады деп жорамал жасайды.                                                        

     Жеті атаға дейін қыз беріп, қыз алыспау - бабалар дәстүрінің ең әділ де қатаң қағидасы. Әз Тәуке   ханның «Жеті жарғысы» мен жеті қазына, жеті қат көк, жеті қабат жер асты, аптаның жеті күні, жеті  ата, жеті  ұрпақ, жеті жұт, жеті жоқ, жеті жетім атауларындағы жетілік санның тектен- тек тумағандығы айқын. Әз-Наурыз, Құрбан айт мерекелері мен бейсенбі, жұмада ата-баба әруағына бағышталып, арнайы дастарханға қойылатын шелпектің саны да жетеу.

         «Жеті ama». Арғы ата, ата-баба. Бір кісіден тараған аталас қауым жеті атаға жеткенде ақ түйе, боз қасқа сойып, үлкен жиын жасап, бұдан былайғы жерде қыз алысып, қыз берісуге болған. Міне, осыдан «жеті атадан әрі ғана қыз алысу» заңы Тәукенің тұсында шыққан. Бертін келе алыс-жақындық өлшемі де осы жетімен өлшеніп, ислам дініндегі елдер ең болмағанда әр рудың жеті атасынан бергі шежіресін білуге міндетті болған. Арғы аталарынан бері қарай аты шулы болса, жеті атасынан қара көк, ал егер ата тегінен бері қарай өмір бойы жарымаған кедей болса, жеті атасына бітпеген немесе жетпіс жеті атасынан түк көрмеген дейді. Дүниеқор, дүниеқоңыз болса, жеті атасын мал өлтірген дейді.

                                          Рас, қазақ қыз алмайды жеті атадан,

                                          Мұны айтқан дінсіз кезде өткен адам [1, 329].

                                          Жеті рудан қол жиған.

                                          Әуелі Құдай қалаған,

                                          Асылы нұрдан жаралған [2, 91].

      Жеті қазына. Бұл – халықтың байырғы  кездегі тұрмыс-салтынан дерек беретін сөз тіркесі. Жеті қазына ел арасында бұл тіркесті ер адамның жеке басына, өмір-тіршілігіне аса қажетті жеті түрлі асыл зат деп түсіндіреді.  Олар: жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен (кейде: қара, тура) мылтық, қандауыз қақпан, майланғыш ау-жылым, өткір кездік... Бұл этнофразеологизмнің басқа да түсініктемелрі бар. Бұған байланысты ер жігіт үшін асылдығы мен абзалдығы әспеттеліп: «ер жігіттің атта – қаны, қырда – қуаты, тазыда – берік сенімі, мылтықта – оты, қақпанда – серті, аужылымда - әдіс-айласы, кездікте – сұсы болады» деген уәж айтады.[3,29].                                                   Ит жүгіртіп, құс салып,

                                   Қиаға бедеу қинаған.

                                   Құмай тазы қыран құс

                                   Көзіне таса қылмаған. [2, 68].

Ит жүгіртіп, құс салды – сауық -сайран құрды /ҚТФС 237/ дегенді білдіреді. Алайда «ит –жеті қазынаның бірі» [ҚТФС, 57 ]тәрізді жеке – дара айтылған сөз мүлік-бұйымдардың жататынын тұтастай санамалап айтуды қазіргі сөздіктерден кездестіре алмадық. Дегенмен, ел ішінде айтылатын қария сөзге құлақ салсақ, «жеті қазынаның бірі – төрт түлік, қазан мен қара мылтық» деп отырады.

    Қазан мен қара мылтықтың «қасиетті жетінің» қатарында айтылуы тегін емес. Қазанның құлағын қағу; қара қазан, сары бала; қазан төңкертпеу тәрізді сөз орамдары жайдан-жай айтылмаған.

     Қазан – шаңырақ сияқты, бүтіндіктің белгісі. Ол құрыса, ел де құриды. Оның үстіне қазанды қастерлеу ерте кездегі темірге табынудың бір түрі. Тәуке ханның аңызында жолығатын «қара қазан» «қара мылтық» алу – жаудан кек қайтару белгісінің ескі түрі. Тәукенің жарғысы бойынша бұрын жауласқанда «шаңырақ», «қазан» сындырып кек алудың орнына енді оны сындырмай, жәбір көрген жаққа сол нәрселердің өзін беріп тыныштық жасайды». [4, 19] Қазақ ұғымында әр отбасының тоқшылығы мен берекесінің белгісі болып қазан алынады. Қазан - әр  отбасының күніне үш уақыт тамақ пісіріп ішетін ыдысы. Қазанға пісірілген ас дәмді әрі жұғымды, сондықтын да болар, қазан – ұрпақ жалғасу мен отбасы берекесінің символы болып табылады.

 А.Байтұрсынов қолданысында «қазан астырған» - деп қолданылған. Бұл сөздің мағынасы ас,тамақ дайындауға кірісті дегенді білдіреді.[ҚТФС 303].     

                 Қонақ келсе қон деген,

                 Қой семізін сой деген.

                 Тойға қазан астырған   [2, 91]

                 Қара қазан, сары бала қамын ойлап,

                 Келді ғой жайлы қоныс табам десіп. [1, 300]

Осы мысалдардағы қара қазан заттық мәдениетті білдіретін лингвомәдени бірлікке тоқталсақ. Заттық мәдени лексика негізінде қалыптасқан  тұрақты тіркестерге Ж.Манкеева тарихи-лингвистикалық тұрғыдан талдау жасайды: «Уақыт ұзаған сайын  еркін тіркестердің құрамындағы сөздер мағына жағынан берік, табиғи бірлігі нығая келіп, тұтас бір мағына қалыптастырған. Оларды құрайтын компоненттердің тілімізде жеке қолдану жиілігі азайып, ылғи бейнелеу мағынасында айтылуы оны белгілі бір тіркес шеңберімен шектеп, ауыспалы мағынасын дамытады да, тура мағынасы көмескілендіреді.

    Сондықтан тарихи-салыстырмалы зерттеу барысында фразеологизмдерді бұрыннан бар сөздерді семантикалық өзгерту (трансформация) жолымен жасалған екінші дәрежелі номинация  нәтижесі деп анықтауға болады», - дейді [5, 176]

    Қара қазан – қазақ ұғымында отбасындағы тоқшылық пен берекенің белгісі

Ш.Құдайбердіұлы «Еңлік-Кебек» поэмасындағы  жайлы қоныс қамын іздеп келген Кебекті халық санасында орын алған қара қазан, сары бала қамы тұрақты тіркесі арқылы береді. 

    Қазан мен ошақ – қатар айтылатын егіз сыңар сөздер. Ошағының оты өшпесін деген сөз орамы – осы күнге дейін жиі айтылатын жылы тілек сөздің бірі. Ертеде ұзатылған қыздың жасауына қоса «ошақтың үш бұтына» деп бүркіт қаршыға, үкі сыйлайтын ғұрып ошақты қадір тұту салтын аңғартады.

 [4, 19].

                 Ошақтың үш бұтынан тілеуменен

                 Не уафа дүниеде еткен хәят  [6, 39].

                 Тағы да көз алдымда бір жиын той,

                 Үй тіккен, ошақ қазған, сойылған қой. [6, 75].

                 Жер ошақтай тесік жер.

                 Жұтып салды дариямды.  [2, 130].

 Осындағы  ошақтың үш бұты, ошақ қазған, жер ошақтай тіркестері қазақ халқының рухани мәдениетіндегі лингвомәдени бірліктер.                                  Сонымен қартар  жеті қазынаға «иесі бар» төрт түлік, ит, қара мылтық, қазан, ұста дүкені, диірмен мен сыпыраны жатқызады. «Иесі бар жетінің» құрамында ит сөзі де тегін айтылмаса керек. Осы орайда «иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» деген мақалды да еске алуға болатын тәрізді. Мұндағы «ие» мифтік мазмұндағы сөз болуы ықтимал.

     Жеті қазынаның ел аузында айтылып жүрген тағы бір нұсқасы мынадай: жүйрік ат, қаққыш тазы, алғыр қыран, түзу мылтық, қара қақпан, алмас кездік, қыл тұзақ (немесе жылым, ау).

     Жоғарыда жеті сөзімен қолданылатын тұрақты сөз тіркестері әңгіме болды.

      Әр мәдениет әлемінің өзіндік үлесі,  моделі бар. Адам оның бейнесін  өз қажетіне қарай қабылдыайды да сол ортаның үлгі-қалыбы мен   заңдылықтарына сәйкес өмір сүреді, өз заманының мәдениетіне тән болады. Ол халық өмірінің тыныс-тіршілігінің барлық саласында: мекен-жай, ішер ас, киер киім, тұрмыс-салт, үлгі-өнеге, өсиет т.б.көрініс табады. Тіл  деректері осының бәрін сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа  жеткізіп отырыды.

 

                               Пайдаланылған әдебиеттер:

1  Шәкәрім Құдайбердиев шығармалары (өлендер, дастандар, қара сөздер). Алматы: Жазушы. 1988, 360-бет.

2 Байтұрсынұлы А. Б.  Көп томдық шығармалар жинағы. 5-том. –Алматы , «Алаш баспасы», 2006 – 288 б.           

3 Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. Алматы: Ана тілі, 1998.-303 б.

4 Уәлиұлы Н.У. Фразиология және тілдік норма. – А.: Республикалық баспа ка бинеті.

5 Манкеева Ж.А. Қазақ тілінің заттық мәдениет лексикасы. Док.дисс. автореф. 1997. – 53 б.

6 Дулатұлы М. Шығармалары. Алматы 1996.- 250 б.