Қазіргі айтыстағы Елбасы бейнесінің жырлану дәстүрі

 

Жансая Мусина

2-курс магистранты

М.Өтемісов атындағы БҚМУ

Қазақстан

 

Айтыс өнері атадан балаға мирас болып келген, халқымыздың рухани төл мәдениетінің бір бөлшегі. Халқымыздың төл сөз өнері. Айтыстың өміршеңдігін бүгінгі күнге жетіп, жаңа заманға сай, дамып, жетіліп отыруынан көреміз.

         Айтыста сан алуан тақырып қозғалады. Айтыскер ақындар тарих тағылымынан нәр ала отырып, соңғы уақытта Елбасы бейнесін өткен тарихи тұлғалармен қатар ала отырып, жырға қосып жүр.

Тұтас ұлтты бір шаңырақтың астына біріктіріп, шартарапқа танытқан Елбасының бекзат болмысы мен кесек мінезі, азаматтық пайымы өз халқының ғана емес, әлемдік қауымдастық тарапынан да әлдеқашан әділ бағасын алған. Қазақ елінің тарихындағы Тұңғыш Президенттің өмір жолы үлкенге үлгі, кішіге өнеге боларлықтай. Осы жиырма жылда Елбасының тұлғалық, азаматтық қадір-қасиеттері, қырлары өнер мен әдебиет саласындағы шығармашылық иелеріне алтын арқау болды. «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» мерекесі болып белгіленді, бұл дегенің Елбасыға деген құрмет болса, екіншіден Елбасының қызметін жас ұрпақтың арасында дәстүрлі түрде насихаттаудың бірден-бір жолы деп ұғамыз.

Ғалым Нұрдаулет Ақыш: «Іс жүзінде 1989 жылдан бастап Қазақ­стан Республикасының бірінші басшысы болып сайланған Нұрсұлтан Әбішұлы осы жиырма жылдан астам уақыт ішінде өзінің қандай деңгейдегі басшы екендігін тек өз еліне ғана емес, сыртқы жұрттарға, халықаралық қауым­дастыққа жан-жақты таныта білді. Тәуелсіздігін енді ғана алған жас мемлекеттің басшысы болу үлкен сын болып табылатын­дығын ешкім жоққа шығара алмаса керек. Өз уақытында баспасөз беттерінде Елбасы туралы жарық көрген түрлі поэзиялық, прозалық туынды­лардың, эсселер мен көркем очерктердің маз­мұны, міне, осындай нақты пайымдауларға әкеліп саятын. Оларда Елбасының бейнесі негізінен қоғамдық ірі тұлға ретінде әр қы­рынан, әр түрлі адами индекстер тұрғысынан көрініп жататын. Елбасының азаматтық және саяси тұлғасын әр автор өз таным-түсінігіне лайық әр түрлі деңгейде сомдап келеді. Менің­ше, қаламгерлер ең алдымен Елбасының ауқымды деңгейдегі ұйымдасты­рушылық қабілетін, яғни, саяси тұлғасын, Қазақстанның патриоты, қазақ ұлтының жанашыры ретіндегі қырларын да ашып көрсет­кендері жөн-ақ», - деп атап өтеді өзінің газет тілшілеріне берген бір сұхбатында.

Н.Назарбаевтың  нар тұлғасын айшық­таған көркем проза, поэзия, драматургия, кино туындылардың қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Елбасымыздың адами, азаматтық келбеті бүгінгі қазақ прозасы, поэзиясы, драматургиясында зерттеу нысаны  болуға лайық екендігі ақиқат. Елбасы­мыздың өмірі мен шығармашылық ғұмырынан алып жазылатын көркем шығар­маларға жүк болар тақырыптар әлі де жеткі­лікті. Ал, бүгінгі біздің тақырыбымыздағы айтыстағы Елбасы бейнесі туралы сөздің өзіндік ерекшелігі бар. Айтыс өнерінің өзінде сахналы элементтің болуы, оның халық санасына әсер ететін эмоционалдық, драмалық күйінің молдығын көрсетеді.

  Жалпы тарихи тұлғалардың көркем әдебиетте бейнеленуінің өзіндік дәстүрі бар. Айтыстың тарихына үңілсек, тарихи тұлғаларды жырлаудың дәстүрі қалыптасқанын көреміз.

Елбасы туралы айтыста біршама айтылып келеді. Зер салып қарасақ, айтыс ақындарының Елбасы туралы толғаныстары көбіне тәуелсіздік ұғымымен егіз аталып отыратынына көз жеткіземіз. Мысалы:

Армандап тәуелсіздік арда күнді,

Сары алтыннан сайладың балдағыңды.

Хан Кене, жүрегіңмен сүйіп өттің,

Қалың елің, қазағың ардағыңды.

Ұлтымды бодандыққа бермеймін деп,

Абылайлап қоздырдың аруағыңды.

Оң жағыңа ертіп ап қол бастадың,

Ағыбай, Наурызбайдай тарланыңды.

Шен таққан ақ патшаның өкілдерін,

Көрмеуші ең қарқылдаған қарғы құрлы.

Өз бауырың қырғызың тор құрғанда,

Өкініп шайнап едің бармағыңды.

Азаттықты аңсаған, кемеңгерім,

Алыстан болжапсың-ау алдағыңды.

Бүгін, міне, тәуелсіз қазақ болдық,

Нұрағаң орындады арманыңды! [2,34] – деп жырлаған Аманжол Әлтаев өз сөзінде біздің бүгінгі жетіп отырған тәуелсіздігіміздің жолында құрбан болған, қазағымыздың ханы Кенесары және оның қол бастаған батырларын, қырғыздың сатқындығын суреттей отырып, сол бабалар аңсаған азат күнді Кенесарыдай ханның ісін жалғасытырып, тәуелсіздікке қол жеткізудің көш басында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев тұр деген ойды ұғамыз. Айтыста Нұрсұлтан Назарбаев Елбасымызды ақын құр мақтамай, өткен тарихты айта келіп, сол бабалар аманатын орындаушы және сол аманат жүгінің өте ауыр да жауапты іс екенін аңғартып, біз секілді келешек ұрпақтың жарқын өмір сүруін меңзейді.

  Ал мына бір Мұхаметжан Тазабеков пен Қуаныш Мақсұтовтың айтысында Елбасы туралы шумаққа назар салсақ, тәулесіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыр кезеңдерді артқа тастап, жаңа-жаңа елдің жағдайы жақсарып келе жатырғанын және Н.Назарбаевтың президенттік мерзімінің екінші кезеңіне сайлауға түскенін көреміз. Мысалы, Мұхамеджанның Қуаныш ақынға айтқан сөзін келтірсек:

            Жеті жыл артта қалды ырым қылар,

            Тәуелсіздік жаныңды жылындырар.

            Назарбайдың Президент немересі,

            Ол да үміткер, әр сөзі – жұғымды бал.

            Данышпан ел мұңайтпас Нұрсұлтанын,

            Көп тірлік тындырды ғой тығын қылар.

Жаңадан кеп қосылған жолдастан да,

Ескі дос ертерек сырыңды ұғар.

«Үйренген хан иленген терідей» деп

Бекер айтты дейсің бе бұрынғылар[2, 137].

Мұқият зер салып оқыған адамға бұл жерде айтыстың үгіт-насихаттық жағын аңғару қиын емес. Жеті жылдық мерзімі өтіп, екінші рет сайлауға түскелі отырған Елбасымыздың тындырған, ел үшін жасаған әрекеттерін саралай келіп, тәжірибесі барын айтып, тек Қуаныш ақынды ғана емес, сөз астарымен барша халықты қолдауға шақырып отырғанын көреміз

  Қазіргі айтыстарда өткен тарихтағы көрнекті тұлғаларымызбен қоса, бүгінгі көзі тірі ортамызда жүрген, ел үшін жаны тыныш таппай жүрген елбасыдан бастап, көптеген қоғам қайраткерлерінің нысанға алынуы заңды құбылыс. Тақырыбымызға сәйкес, Елбасының образын сомдауда айтыскер ақындар оның ел үшін атқарған іс-әрекеттерінің төңірегінде жырлай отырып, тарихи тұлғаның ертеңгі ұрпаққа үлгі болар әрекеттерін жырға қосады. Мысалы, Бекжан Әшірбаев пен Қуаныш Мақсұтовтың айтысында Қуаныш ақын Елбасының ел жалғыздығын, оның қызметіне барша ел болып, тілектес болуымызға шақырады.

                     Халықтың қуанышын ұқпайды ма,

                     Бағасын болашақтың нықтайды ма?

                     Нұрсұлтан жалғыз жүр ғой ел ішінде,

                     Бір өзі күллі елді мықтайды ма?

                     Ағайын, бірлік болмай - тірлік болмас,

                     Осыны мына Бекжан ұқпайды ма?[6]

Бұл үзіндіде елбасы туралы мақтау, көркем образды айшықты сөздер айтылмаса да, "жаяудың шаңы шықпас" дегендей, Елбасының жалғыздығы, оның саясатын жүргізуге барша халықтың көмегі қажет екені айтылады.

Ал, Бекжан Әшірбаев болса, өз сөзінде тәуелсіз азат елдің төрі - қазақтікі екендігін ашық айтып, көк бөрінің ұрпағы, ата-бабаның салт-дәстүрін аялаған ұрпақ ретінде шабыттана айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жүргізуге ат салысатын, кейбір әкім-қаралардың алаяқтығын ашына айтады:

                     Орнатпай есігіне ілгек іштен,

                     Диқаншы оралады түнгі егістен.

                     Бар малын сатуменен күнелтеді,

                     Су ішпес шөлдегенде кім кебістен?

                     Әкімдер ештеңеден қорықпайды,

                     Суретке Нұрекеңмен бірге түскен.

                     Тәуелсіз тәуліктері, тоны келте,

                     Аздырмас азат ұлды жолы демде.

                     Төрі ортақ, дәстүрі озық ел едің ғой,

                     Бабасы бұқа мүйіз, бөрі кеуде.

                     Аталар зираты бар заңды жерді,

                     Хақың жоқ қара шекпен төрі деуге[6].

Қазақ халқының қалыптасу, даму жолындағы тарихи оқиғалар, көрнекті адамдар, атамекен қоныстар туралы да қамтыла жырланады. Ақындардың жырларынан өзінің туып-өскен, өркендеген ата-бабаларын, үрім-бұтақ әулеттерін, атамекен қоныстарын ардақтаған перзенттік махаббатқа толы көңіл-күй әуендерінің бұлайша төгілуі – табиғи құбылыс. Өзінің әуелгі шыққан тегін, үрім-бұтақ әулеттерін, ағайынын, туысын, ата-баба қоныстарын ардақтай жырлау байырғы сақ, ғұн, одан кейінгі түркі өркениеті заманындағы әдеби мұраларындағы желісі үзілмеген тақырып екендігі мәлім. Ал, әкімдерді сынауы жалпы айтыстың сыншылдығын көрсетеді. Жалпы, сыншылдық, шынайы реализм айтыс өнерінің бірден-бір сипаты.

  Сөзімізді түйіндей келсек, Елбасының өмірі мен шығармашылық ғұмырынан жазылған және жазылатын көркем шығар­ма­ларға жүк болар тақырыптар әлі де жеткілікті. Ал, айтыста өз кезегінде сахнада Елбасының шынайы бейнесін жаңаша қырынан танытуға әлі де күш салады деп ойлаймын.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жолдасбеков М. Асыл арналар. – Алматы: Жазушы, 1990. – 338 б.

2. Қазіргі айтыс. 1-кітап. Құраст.: И.. Нұрахметұлы, С. Дүйсенғазин. – Астана: «Күлтегін» баспасы, 2006. – 312 бет.

3. Құлманова З. Айтыс – өнер майданы // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 2000. қыркүйек. – 42-43‑б.

4. Ахметов З. Идея // Әдебиеттану терминдерінің сөздігі. – Алматы: Жазушы, 1998.

5. Әкербекқызы Ж. Көркемдік өріс. – Алматы: Таймас, 2008. – 296 б.

6. Қазіргі айтыс. 2-кітап. Құраст.: Н. Айтұлы, С. Дүйсенғазин. – Астана: «Күлтегін» баспасы, 2006. – 336 бет.

7. Жармұхамедов М. Қазақ поэзиясындағы айтыстың тегі мен дамуы. Алматы: Мұраттас, 2001. – 231 б.

8. Жолдасбеков М. Қазаққа Алланың берген сыйы еді // Егемен Қазақстан. – 2008. 12-желтоқсан.

9. Назарбаев Н. Ғасырлар тоғысында. - Алматы: Жазушы, 2001.

10. Ақыш Н. «Елбасы бейнесінің өнер мен әдебиетте кейіпкер ретінде сомдалуы» // Егемен Қазақстан - 2012. 30-қараша.