Филологические науки / 8. Родной язык и литература
Rysbaeva
G.K., Rysbai B.
Candidate of
Philological Sciences,
Associate professor of Linguistics
Kazakhstan, Almaty
Авеста – өлең-гимнмен
жазылған дүние жүзіндегі ең көне
кітаптардың бірі
Авеста – дүние жүзіндегі ең көне
кітаптардың бірі, жыр үлгісінде жасалған діни, мифологиялық
шығарма.Авестаны жасаған аңыздық тұлға пайғамбар
Зороатуштра. «Авеста» өте көлемді дүние. Авеста әуелде
ауызша таралып, біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырында
«авеста тілінен» көне парсы тіліне аударылып, әуелі қыш кітапқа,
кейіннен қағазға түсірілген екен. «Авеста» үлкен-үлкен
21 кітаптан тұрады.
Авеста
– Зороастризм дінінің бас кітабы. Авеста мен зороастризмнің пайда
болуы жөнінде ғылымда негізінен екі түрлі көзқарас
қалыптасқан [1;14-15]. Біріншісі, Зороастризм Батыс Иранда,
негізінен Мидияда пайда болған. Мидиялықтардан зороастризмді
парсылар қабылдаған, ал парсылар арқылы зороастризм шығысқа
тараған. Бұл Авеста мен зороастризмнің пайда болуының
Мидиялық немесе батыстық теориясы деп аталады. Оның көрнекті
өкілдері А.Дюпперон, Дж.Дармстетер т.б. және қазіргі шығыстанушылар
А.Мейе мен Э.Герцфельдты жатқызуға болады. Екіншісі, қарама-қарсы
бағыт – зороастризм мен Авестаның пайда болуының шығыстық
немесе Бактриялық теориясы. Бұл теорияны қолдаушылар
этимологиялық мектептің өкілдері Х.Бартоломэ, кейінгі уақыттарда
Х.С.Нюберг. Бұл теорияны соңғы кездерде бірқатар бұрынғы
кеңес ғалымдары да қабылдаған. Олар: В.В.Струве,
Е.Э.Бертельс, М.М.Дьяконов және т.б.
«Авеста» кітабы шамамен б.з. бұрынғы
ҮІІ ғасырда жазылған. «Авеста» алғашқыда мидия
тілінде жазылған. Мидия тілі түсініксіздеу болғандықтан
ирандықтар «Авестаға» «зенд» атын беріп, пехлеви тілінде жазған
және парсы тілінде «Авеста» шығармасын жинақтап, құрастырған
Джалил Дустоһ [2;8]. Авестаға басқа киелі жазбалар сияқты
әртүрлі мазмұнды текстер енген. Әр қилы уақытта
және иранның, тұранның түрлі аймақтарын
аралап өзеріске ұшыраған бұл кітаптың тілі де
біркелкі емес, тек барлық жерде Авеста деген аты ғана ауыспаған.
Авестаның тіліне ең жақындау болып келетін тілдер – ескі
персидтік және көне үнді (санскрит) [3;52].
Парсы
ғалымдарының көмегімен Авестаны алғашқы рет 1771
ж француз тіліне аударған, Анкетиль дю Перрон және Авестаның
ең көне қолжазбасы 1288 жылы жазылған [3;52-53]. Кейіннен
И.Стеблин-Каменский аударған «Авеста» кітабы 1992 жылы Москвадағы
«Дружба народов» баспасынан шыққан. «Авеста» кітабының басқа
да аударылған нұсқалары бар.
«Авеста» жайлы И.Стеблин-Каменский аударған
«Авеста» кітабы (М., 1992), белгілі ақын Ә.Дастанұлының
«Авеста» кітабынан жасаған қазақша аудармасы (Парасат. №8,
1993), Т.Еңсегенұлының «Қазақ әдебиеті
тарихының арғы арналары» (А., 2001), Х.Көктәндінің
«Аспан мен Даланың төрт ұмтылған тарихы» (М., 2001) деген еңбектері осы мақаланы
жазуға көмек болды.
«Авеста»
шығармасын зерттеген ғалымдардың ұйғарымша, шығарманың
мынадай ерекшеліктері бар:
Біріншіден,
«Авеста» шығармасы шығыс халықтарының мың жылдық
даналығынан жинақтап жасалынған рухани дүние. Демек, шығыстың
жартысына жуық жерін мекендеген, әрі сондағы елдермен аралас,
қарым-қатынаста тіршілік еткен көне түркі ру-тайпалары қасиетті
шығарманы өмір сүру барысында тұрмыс-жағдайына
бейімдеп, игілігіне айналдырған;
Екіншіден,
«Авестаның» қазіргі жалпы көлемі екі миллион жол өлеңнен
тұрады деп есептелінеді;
Үшіншіден,
мифологиялық шығарма;
Төртіншіден,
жыр үлгісінде жасалған шығарма;
Бесіншіден,
діни шығарма.
Шығыстың
ең көне даналық мұрасы – «Авеста» шығармасы дәуір
туғызған дәстүр мен жаңашылдықтан тұрады.
Зороастризм дінінің барлық қағидалары осы шығармаға
енгізілген. Бұл мұраның негізгі түйіні – жалғыз
жаратушы көктегі Тәңірге табыну. Оған дейін халық
жеке құдайларға тағзым еткен.
Есік
қорғанынан табылған Сақ патшасы – құдай
есебінде танылған әмірші. Бұл тұлғадан
зороастризм діні – «Авеста» кітабы жасалар алдындағы сақтардың
наным-сенімін айқын тануға болады. Оның мәнісі, әр
құдайға табыну кезінде әр ел, ру-тайпалар өз
билеушісі, патшаларын жаратушы күш есебінде табынған. Мысалға,
Сияуыш, Гильгамеш, Жамшид туралы аңыз-жырлар – көп құдайға
табынудың болмысын, өзінің әміршісін құдай
деп құдірет тұтуды айқын танытатын халықтық
көне мифтік шығармалар.
«Авеста»
кітабы – мифологиялық шығарма. Онда космогониялық әлем
жаратылысы, бөлшектері туралы мифтер, жануарлар жайлы, жақсылық
әкелуші құдіретті тұлғалар мен жаманшылық
жасаушы мейрімсіз бейнелер жөніндегі мифтер және алғашқы
адам мен әуелгі кемеңгер батырлар жайлы мифтер, сондай-ақ дәстүр-салт,
наным-сенім, өмір сүру ережелеріне қатысты мифтер молынан
кездеседі.
«Авеста»
шығармасының басты саласы – дуализм, әділет пен зұлымдықтың
арпалысы. «Авеста» шығармасындағы қарама-қарсы бейнелер
Ахура мазда мен Ахриманның және жеке құдайлардың,
олардың жақтастарының өліспей беріспес жауласуын
нанымдылықпен, жекпе-жек кездесуде кең түрде көрсетуге
негіз болған. Сондықтан, қарама-қарсы екі күш
бар. Бірі жақсылық орнатушы – Ахура Мазда, оның жақтастары:
Ардви-Сура, Митра, Тиштрия, Вэртрагна, Аши ана, Хварно, Ақыл, Қара
балық, Өгіз тағы басқалар. Екіншісі, жаманшылық әкелуші
– Ангро-Манью, мұның серіктестері: Ажи жылан, Жезтырнақ,
Албасты, Жалмауыз, Пері, Дию, Ашулы ой, Қайғы, Сұрқия,
Жалқау және басқа қара ниеттер [4;14-154].
Т.Еңсегенұлы:
««Авеста» тілі – Ираннның солтүстік-батыс бөлігі – Мидияда
жасалғанын айтқан ғалымдардың өзі соңынан
осы шығарма тілі көне түркі тайпалары мекендеген Парфияда – қазіргі
Түрікмен жерінде жасалғанын толық мойындады» [2;105] дей
келе, «Авеста» шығармасы әуелде түркілер мекендеген жерде, түркі
тайпалары арасында жасалғанын мәлімдейді. Осы саланы жан-жақты
зерттеген профессор И.С.Брагинскийдің Солтүстік Иран тобының өзі
Евразияның кең даласынан барған «скиф тайпалары» атанған
үйсін, сақ, массагет, сарматтардан тұратындығын, Иран
тайпалары олардың арасында шағын ғана тармақ болғандығын
айтқан ойын білдіреді. Оның үстіне, Иран әдебиеті
негізінен шығыс халықтарының бірталайының әдебиеті
негізінде жасалған. «Иран әдебиеті көне және орта ғасырда
Иран тілі тобына жататын халықтар (парсы, тәжік, ауған, күрд,
т.б.) мен түркі тілінде сөйлейтін (өзбек, түрікмен, әзербайжан,
түрік) халықтарының және Үндістанның кейбір
халықтарының әдебиеті арқылы қалыптасты», – деген
тұжырымын айтады.
Авестаның
бізге жеткен бөлімдері: «Видевдат», «Висперед», «Ясна» және «Кіші
Авеста», сонымен қатар бірнеше Яштар. «Авеста» шығармасы бірден
жасалынбаған, алғашқыда «Гат», «Яшт» бөлімдері жасалған.
Гаттарды Авеста зерттеушілері әндер, ән айту деп жазған.
Гаттар бір жарым мың жылға жуық ауыздан ауызға ауысып
келген, құран аяттары сияқты әуенді үнде, әдемі
мақаммен оқылған [3;55]. Шындығында бұл бір
жаратушыға ғана емес, әрбір жанды-жансыздың киелі
рухына әртүрлі әдемі мақаммен әндете сыйыну,
жалбарыну аяттары болатын. Он жеті Гаттың қайталануы берілген.
Ясна. Гаттан басқа 72 бөлімнен тұратын
Яснаның ішінде құлшылық рәсімі кезінде айтылатын құдайға
табынушылық сөздер бар. Мәселен, «Маздаға құлшылық
ретінде сыйынамын...» деген сияқты.
Висперед 24 бөлімнен тұрады және Яснаға қосымшалар
ұсынады. Әлгі бөлімдерде кейбір құдайларға
арнаулар мен жекеленген мерекелерде оқылатын аят-сөздер жазылған.
Авестаның ішіндегі бұл бөлім ең күңгірт әрі
қызықсыз... [3;56].
«Видевдат». Бұл да Авестаға
енген бізге көнеден жеткен кітаптардың ең бүтіні, толығы.
Дию күштеріне қарсы қағидалардан тұрады.
Видевдаттың алғашқы екі тарауында Ахура-Мазданың Иран өлкесін
қалай жаратқаны, Йима кезеңіндегі «алтын дәуірдегі» бірінші Иран патшасы жайлы жазылған
мифтер те кездеседі. Видевдат 22 тараудан тұрады. Мифтік қаһармандар:
Митра, Йима, Хаома (үнділердің Сомасы) және басқалар.
Яшт. Авестада барлығы 21 яшт бар, олар көлемі, құрастыру
мерзімі, мән-мазмұны жағынан түрліше болып келеді. Яшт
жолдары көбінесе сегіз буындық көлемде болғанымен төрт
пен он үш буын арасындағы, кейде жеті мен тоғыз буыннан да құралып
кететіні байқалады [3;57].
Авестада
бірнеше яштар берілген. Мәселен, Ахура Мазда – «Ормазд-яшт»; Ай құдайы
– «Моһ яшт»; Жұлдыз құдайы – «Тиштрия яшт»; Жер құдайы
– «Хварно яшт»; Күн құдайы –
«Хуршед яшт»; Аспан құдайы
– «Вэртрагна»; Су құдайы – «Ардви-Сура яшт»; Бақыт құдайы
– «Аши-яшт»; Соғыс пен жеңіс құдайы – «Бахрам яшт»;
Келісім құдайы – «Михр яшт», «Митра яшт», т.б.
Қорыта келе, Авеста – өлең-гимнмен жазылған дүние жүзіндегі ең
көне кітаптардың бірі. Ол өлең-гимндер айға, күнге,
жұлдызға, отқа, суға, тауға табынушылардың
діни талабымен жазылған. Авестаны жасаған – Зороатуштра. Ол өлген
соң абыздары қасиетті текстерді ұрпақтан-ұрпақтарға
ауызша жеткізіп отырды. «Авеста» үлкен-үлкен 21 кітаптан тұрады.
«Авестаның» қазіргі жалпы көлемі екі миллион жол өлеңнен
тұрады.
Литература:
1. Затов Қ. Зороастризм
және мәдениеттер сұхбаты. Кан.дисс. А., 1998. –150 б.
2. Еңсегенұлы
Т. Қазақ әдебиеті тарихының арғы арналары.
А., 2001. -290 б.
3. Көктәнді
Х. Аспан мен Даланың төрт ұмтылған тарихы. – М.,
2001. -464 б.
4. Авеста. Избранные
гимны. Перевод с авестинской И.Стеблин-Каменского. –М.: Дружба
народов, 1992. -207 с.