РЕЗЮМЕ

Сказатели исторических песен сами и являются непосредственными участниками описываемых ими событий. По своей природе исторические песни похожи на лирические песни, где имеют место традиционные особенности такие, как прощание - қоштасу, плач по умершему - жоқтау и т.д. Но по сути исторические песени не являются лирическими песнями, т.к. по своему быстрому порождению, точной передаче исторических событий их относят к эпическим произведениям. Объем исторических песен обусловливается эпической широтой представления окружающей действительности в художественном произведении.

 

SUMMARY

In a basis of historical songs freedom of people and the ground, its dream and a dream lay. From here and distinction of historical songs from historical jirs. If in historical jirsheroism and courage are widely sung, the image of one hero in historical songs the grief and grief of all people are reflected is given

 

ӘОЖ 398(547)+821.512.122.-1

 

тарихи өлеңдердің тарихи жырлардан өзгешелігі мен өзіндік ерекшеліктері

 

Ж.Б. Ахметжанова, ф.ғ.к.

Қазтұтынуорталығы Қарағанды экономикалық университеті

 

Қазақ халық поэзиясында мазмұны жағынан тарихи деректілігімен, жанрлық табиғаты жағынан сан-алуан поэтикалық ерекшеліктерімен көрінетін өлеңдердің бірі – тарихи өлеңдер. Тарихи өлеңдер өзіндік қалыптасу және дамуы жағынан тек бір ғана дәуірдің рухани құндылықтары емес, онда сандаған ғасырлардың шытырман оқиғаларының сәулесі мен ізі бар.

Халық поэзиясындағы жоқтау, қоштасу, лирикалық өлеңдермен тарихи өлеңдердің өзара қарым-қатынасы бар. Бірақ тарихи өлеңдерді отбасы әдет-ғұрып поэзиясына жататын азалау фольклорымен шатастыруға болмайды. Онда жеке адамның өмірден өтуі, тіршіліктегі тағдыр-талайы айтылса, тарихи өлеңде жалпы халықтың елі мен жеріне деген шынайы махаббаты, қимастық сезім сырлары сипатталады. Лирикалық өлеңдермен сабақтастығы да осы тұста көрініп, тарихи өлеңдердің әнге айналуы байланыс-бірлігін дәлелдейді. Солай десек те, тарихи өлең таза лирикалық өлең емес, тарихи өлең көбіне оқиға болып жатқан сәтте туындап, оқиғаның себеп-салдарын түсіндіруге бағытталады.

Академик С.Қасқабасов дұрыс айтады. Дәл осы тақырыпқа қатысты ғалым былай дейді: «Қазақ ауыз әдебиетінің құрамында «тарихи жыр» және «тарихи өлең» деген екі жанр бар екені дау туғызбайды» [1, 27 б.], - дей отырып, ғылымда толық тексеріле қоймауын, жоғарғы оқу орындары мен оқулықтарда да айтылмайтындығын атап, кейбір фольклористердің тарихи жырды кейінгі дәуірде туған эпос деп, енді бірі кенже эпос деуінің дұрыс еместігіне қынжылады. Сөйтіп: «Ал шындығына келсек, қазақ фольклорында «тарихи жыр» да, «тарихи өлең» де өзінше өмір сүре алатын, дербес жанрлар. Бұл – қазақ ауыз әдебиетінің өзіндік дара сипаттарының бірі» [1, 28 б.], - дейді. Анығында тарихи жырлардың Кеңес дәуірінде өз алдына эпостың бір саласы ретінде текстерінің жарық көрмей, толық жанрлық тұрғыдан зерделенуіне түрлі тосқауылдар болғанын профессор Б.С.Рахымов өз еңбегінде толық түсіндірген еді [2]. Қазақ ауыз әдебиетінде бір кезеңде тарихи өлең мен жырдың ара жігін ажырату орыс фольклорына қарайлап, соның негізімен жүргізуден болса керек. Орыс фольклорында «историческая песня» деген ұғыммен есептеуге қазақ тарихи жырларының келмейтіндігін зерттеушілер ескертіп келген. Мәселен, қазақ әдебиеті турасындағы орысша жазылған еңбектегі мына пікір соның дәлелі іспеттес. Онда «В XVIII в. Начинает складываться новый жанр казахского фольклора – историческая песня». «Она качественно отличается от героического эпоса» [3, 300 б.], - делінген. Мұнда «ақтабан шұбырынды» кезеңіндегі тарихи жырларды эпос үлгісі деп, ал кейінгілерін тарихи өлең деп қарау бар. Тарихи жырларға қатысты тексерген ғалымның еңбегінде бұл кезеңге қатысты туған жырларды да эпосқа жатқызып, жанрлық тұрғыдан «реалды тарихи эпос» деп көрсетіп, сюжетіне нақты анықтама беру арқылы дәлелдеген [2, 40 б.].

Сөзіміз дәлелді болу үшін тарихи жырларға байланысты монографиялық еңбегінде Б.С.Рахымов тарихи жырларды тақырыптық тұрғыдан және дәуірлеріне қатысты төртке бөледі:

1. ХVІ-ХVІІ ғасырдағы қазақ хандығын қалыптастыруға қатысты туған тарихи жырлар

2. XVIII ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысына байланысты туған тарихи жырлар

3. XIX ғасырдағы отарлау саясатына қарсылықты білдіретін тарихи жырлар

4. 1916 жылғы көтеріліс туралы тарихи өлең, жырлар

Жанрлық жағынан тарихи жырларды былайша жіктейді:

1. Тарихы жыр (ХVІ-XVIII ғасырдағы жырлар)

2. Реалды тарихи эпос (XIX-XX ғасыр басындағы жыр үлгілері).

Бұның дәстүрге қатыстылығын, жаңаша жанр ретіндегі қалыптасу заңдылықарын дәлелдеп берген [2, 46-47 бб.].

Осының бәрінде зерттеуші тарихи өлеңдердің тарихи жырға қарым-қатынасы бар екенін анықтап отырған. Сюжеттік талдау, тұтастану мәселелеріне байланысты тұжырымдары да ерекше. Ол былай дейді: «Өзінен бұрынғы жасалған батырлық эпостың шындықты бейнелеу әдіс-тәсілдерін бойына сіңіріп, тарихи жырлар тұтастай белгілі дәуірлердің тыныс тіршілігін білдірудің жаңаша бір жолын салды. Көне эпостағы ертегілік элементтерді болмысына жат санап, тарихи эпос нақты болған оқиғаны поэтикалық тұрғыдан өрнектеуде өзіне керекті деп ақиқат аңызды, психологиялық тарихи өлеңдерді табиғатына сіңірді. Қазақ ауыз әдебиетінің, оның ішінде эпос саласында – тарихи жырлар ерекше дамып,өзіндік шарықтау шегіне жеткендігін барынша айғақтады» [2, 47 б.], - деп түйіндейді. Көлемді еңбекте тарихи өлеңдердің тарихи жырларда ұшырасуларынан сюжет пен мотивтерге байланысты талдауларында дәйектеп отырған.

Тарихи жырдың өзінің болмыс-бітімі, айтылу ерекшелігі, мазмұны мен формасы жағынан эпикалық мұралар қатарына енетіндігі талас тудырмайды. Эпосқа тән белгілердің бәрін табуға болатындығы да толық иландырады. Тарихи өлеңде жоғарыдағы айтылғандай ел мен жер тағдыры, қоғам психологиясы жатқаны рас. Тарихи өлең өте жедел, оқиға болған сәттен туындап әлеуметтік өмірдің тыныс-тіршілігін көз алдыңа жайып тастайды. Сол себептен онда көңіл-күй ахуалы лирикалық тұрғыдан беріліп, әділетсіздіктің шынайы сипаттамасы беріледі.

«Ақтабан шұбырынды» заманына қатысты «Қаратаудың басынан көш келеді», «Аманат», «Өсиет» т.б. тарихи өлеңдер, XIX ғасырдағы отарлау істері мен ашаршылыққа байланысты «Ақмешітті алу» өлеңі, «Қоқандықтар бүлігі», «Қазақтың қайғысы», «Аштықтан қазақ қамалды» және 1916 жылғы июнь жарлығы, «Губернатор келгенде», «Татырда», «Мен де кеттім көппенен», «Туған ел», «Еріксіз кеттім елімнен», «Ызалы кек», «Аманкелді өліміне» т.б. атты тарихи өлеңдер сол кезең шындығына, қоғамдық өзгерістердің тыныс-тіршілігіне құрылғаны анық. Тарихи өлеңдегі осы психология сөзсіз эпикалық жырға әсер етіп, дәуір қаһарманының бейнесін жасауға қызмет етеді. Бұл тұрғыдан тарихи өлеңдегі алғашқы таным-түсінік, ақиқат болған шындық көлемді эпикалық шығарманың туып, дамуына әсер етеді екен.

Тарихи жырлардағы «Ақтабан шұбырынды – алқакөл сұлама», «Қазақ-қалмақ шапқыншылық басталысы», «Ел босып, жан-жаққа ығысыпты», «Орысқа бодан болып тұрамыз ба?», «Ашаршылық күндері бастан өтті», «Жарлығы ақ патшаның елге батты» т.б. сандаған тұрақты тіркес, қайғылы хабар, ашу ызаға қатысты сөздердің көпшілігі әуел баста тарихи өлеңдерден желі тартып, эпикалық жырға енген. Мысалы:

Қалмақтан қазақ көрді қиын істі,

Қырылып ашаршылық күйге түсті.

Жау талап жап-жадағай жұрты қалып,

Жан-жаққа жаяу қаңғып тентіресті [4, 93 б.].

(Абылай хан жырынан)

немесе:

Қонтайша ол қалмақтың болған ханы,

Қазаққа сол уақытта тиді зары

«Ақтабан шүбырынды» заманында,

Қазақтың жауда кетті көп мал-жаны.

Қонтайша бұл қазаққа зәрін шашып,

Қазақ елі туған жерден босып, қашып,

Сырдың бойын қуалап қалың қалмақ,

Түркстан, Ақмешітті қалған басып [5, 39 б.],

(Олжабай батыр жырынан)

Осы аталған екі жырдың үзіндісінен-ақ, тарихи жырда кездесетін тарихи өлеңдердің кей үлгілерін, ондағы айтылатын ел-жұрт жайындағы жайлардан хабардар боламыз. Белгілі «Қаратаудың басынан көш келеді» өлеңіндегі болып жатқан шапқыншылық, ел-жұрттың «ақтабан шұбырындыға» ұшырауы тарихи жырларда да кездеседі екен. Біздіңше, жырды айтушылар өткен уақыттың тағдыр-талайын ең әуелі тарихи өлеңдерден көре білгендігін осыдан байқасақ керек. Жырды айтушы сол кезең шындығын жеріне жеткізе түсу үшін тарихи жырға арнайы тарихи өлеңнің идеясын кірістіріп, қаһарманның образын сомдау мақсатында өлеңнің өзекті жолдарын жырға енгізіп отырған. Онсыз тарихи жыр болуы мүмкін емес. Тарихи өлеңнің қызметін осы тұрғыдан түсініп, оның эстетикалық күш-қуатын салыстырмалы түрде осылай ашуға болады.

Кезінде қазақ еліндегі ішкі қайшылықтан туындаған өлеңдер қатарына «Абылайдың Ботақанды өлтіруі» туралы өлең жатқызылып, тарихи өлеңдер қатарына қосылған еді [6, 258 б.]. Өлеңнің шығу себебін, тарихи негіздерін көптеген зерттеушілер түсіндіріп берген. Дәл осы өлең «Олжабай батыр» жырында сөзбе-сөз, қаз-қалпында қайталанады. Мысалы:

Абылай Ботақанды сен өлтірдің,

Жазықсыз жас баланы неге өлтірдің?

Ботақанша Жанайды байлаймын деп,

Үстіне ақ орданың ту келтірдің.

Хан тайса әділеттен қара болар,

Хан басыңа қарадан сөз келтірдің,

Абылай  күйіп кетсін ағаш қалаң,

Бошанға қалай енді жапқан жалаң [6, 258 б.].

Әйгілі Көтеш ақын айтты деген осы өлеңнің себеп-салдары «Олжабай батыр» жырында да тұр. Тек кезінде жарияланған, тарихи өлең ретінде қаралған нұсқаларда тармақтарынан төмендегідей айырмашылықтар көрінеді. Мысалы:

Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,

Есіл ер жазығы жоқ неге өлтірдің?

Хан басың қарашыңмен даулы болып,

Үстіне ақ орданың қол келтірдің [5, 65-66 бб.], -

дегендегі шумақта, «Есіл ер жазығы жоқ неге өлтірдің?» деген тармақ жырда «Жазықсыз жас баланы неге өлтірдің?» болса, соңғы тармақтағы «Үстіне ақ орданың қол келтірдің» деген тармақ жырда «Үстіне ақ орданың ту келтірдің» боп өзгеріске түскен. Тарихи өлеңнің жырға қатыстығы мәселесін бұл дерек те аша түскендей. Тарихи жырларда сонымен қоса, сол дәуірде өмір сүрген ақын-жыраулардың тарихи мән-мағынасы бар толғаулары да сол қалпында жүре беретіндігін Абылай ханға қатысты жырда «Бұқар жырау» жоқтауынан да, «Қабанбай батыр» жырынан да ұшыратамыз. Демек, тарихи жыр – сол дәуірдің сыр-сипатын, заман күйін шертетін барлық асыл қазыналарды өз табиғатына жинақтаған деуге болады. Міне, сол қазынаның ішінде тарихи өлеңнің атқарған қызметінің айтарлықтай екендігі ондағы өлең идеясы, жырдағы сәтті қолданыс тәсілдерінен байқала түседі екен.

XIX ғасырдағы отарлау саясаты тарихи жырларда қалыс қалмай айтылып отырады. Отарлауға дем беріп, қарапайым халықты алдап отырған кімдер деген сауалға да жауап табылады. Мәселен, Кенесары жайындағы реалды-тарихи эпостан бұл мәселеге төмендегідей дәлел келтіруге болады:

Көз жіберіп қарайды

Арқаның қыр мен ойына.

Бекітпекке қонысты,

Баса көктеп орнаған

Отаршылмен соғысты

Отаршылға басшы боп,

Көтеріп қоржын, қосшы боп,

Жағынып күткен ұлықты,

Шекпен үшін, шен үшін

Халқына салған құрықты –

Қиратпаққа қостарды –

Би мен бек, болысты.

Семейге қарай құлады,

Семейді жаудан босатып,

Алудың қамын қылады.

Жинап алып сарбазын,

Кең мәжіліс қылады [7, 205 б.], -

дегендегі Кенесарының ашу-ызасы, болып жатқан жағдайлар мен салынып жатқан бекіністер тарихи өлеңдерде де қалыс қалмаған. Ал осы қарсылық күрестің 1916 жылы тіптен өршіп, ел ішіндегі дүрбелең, айғай-шудың асқынған сол дәуір поэзиясында кеңінен сипатталатындығын біз жоғарыдағы тарауларда атап кеттік.

Түйіндей тоқталар болсақ, тарихи өлеңдердегі елдің сезім-сырлары, түрлі әлеуметтік қайшылықты оқиғалар сыры тарихи жырдан қалыс қалмаған. Себебі екі жанрдың белгілі дәуірлерге қатысты айтары ел тағдыры, халықтың ашу-ыза кегі болып отыратындығымен бір-бірімен байланысты болып шыққан. Айырмашылық екі жанрдың бірінің оқиғаның сол сәтінде жедел туғандығы болса, екіншісі араға көптеген уақыт салып, өткенді ой-елегінен өткізіп, кезеңге қатысты асыл сөздерді жинақтау арқылы көлемді эпикалық шығармаға айналуында жатқандығы анық.

Олай болса, тарихи өлең мен тарихи жыр бір-бірімен байланысты болып келетін, бірақ өзінше дербес түр болып қалыстасқан рухани құндылықтарымыз болып табылады.

Тарихи өлеңдерді тексеру барысында біз халықтың ауызша жеткізген, авторлары жоқ үлгілерін талдап келдік. Ендігі кезекте тарихи өлеңдердің ақын-жыраулар шығармашылығымен байланыс-бірлігі барлығын айтуға тиіспіз. Бұл істе тарихи өлең көбіне өзінің идеялық жағынан зар-заман ақындары поэзиясымен үндеседі. «Зар заман» поэзиясын түп-тегімен зерделеу біздің мақсат емес. Ондай мақсатта кең көлемде докторлық диссертациялық еңбек жазылып, монографиялық еңбек жарық көрген. Рас, «Зар заман» атауын әдеби термин ретінде алғаш рет Мұхтар Әуезов қолданғаны белгілі [8, 192 б.]. «Зар заман деген – XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгері, соңғы ақындардың барлығына «зар заман» ақындары деген ат қойдық» [8, 192 б.], - дейді М.О.Әуезов. Осыдан бастап, зар заман поэзиясы туралы көптеген зерттеуші ғалымдар түрлі пікірлер айтып келді. Мәселен, бұл пікірді одан әрідамытқан жазушы-ғалым Сәбит Мұқанов былай дейді: «Бас бостандығынан, жерден айырылған, кедейленген халық, бұл зорлыққа қарсы басын көтере алмады, көтерем дегенге үкімет көтертпей, қозғала бергенде тарпа салып, орнында езіп тастап отырды. Осындай қолдан күш, бастан ерік кеткен кезде, қайғыдан тұншыққан халықтың зарынан туған көркем әдебиетін біз «Зар заман» әдебиеті дейміз» [9, 120-121 бб.], - деп жазады.

Бұл патшалық Ресейдің XIX ғасырда елді бодандап, «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстай бастаған кезеңі екені аян. Анығына жүгінсек, ел басына қауіп-қатер, қиын-қыстау күн туған шақ бір ғана XIX ғасыр емес, одан әрі «ақтабан шұбырынды» кезеңдерінен басталғаны тарихтан белгілі. Бұл мәселеде Бұқар жырау, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей, Көтеш т.б. ақын-жыраулар шығармашылығына қатысты тарихи өлеңде халықтың хал-ахуалы айтылған. XIX ғасырдағы отарлау әрекеті бүкіл қазақ даласындағы ақындарды күңірентіп, болып жатқан жайды бір-бірінен асыра жырлағаны мәлім. Атап айтсақ, Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әубәкір, Базар, Шәңгерей т.б. сияқты бір-бірімен жарысқан жүйріктер ел басына түскен ауыртпалықты жан-жақты аша түсті. Махамбет Өтемісұлы поэзиясы да бұл тұста барынша жарқырап көрініп, ар мен намыстың биік өлшеміне көтерілді. Осының бәрі де суырыпсалмалық негізде айтылып, фольклорлық дәстүр негізінде ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткендігі мәлім. Тарихи өлеңдердегі айтылған түрлі оқиғалар ақын-жыраулар мұраларында да ұшырасады. Себебі, олардың көбі сол заманда жасаған таланттар. Кейбіреулерінің тікелей көзбен көріп, көңілмен сезінгені анық. Айталық, ел басына күн туғанда жұрттың үдіре көшуі жыраудың жанына батып, жанын күйзеліске түсіретіні Қазтуған Сүйінішұлы толғауларында айрықша орын алады:

Ноғайлы-қазақ жұртының,

Кейінгі туған балалары-ай...

Жолдасын жолай іздеген,

Өзіне тиген дұшпанын,

Қарт бурадай тіздеген,

Мен қарға бойлы Қазтуған,

Қайғыланып асып барамын,

Ноғайлы-қазақ елінен.

Атамекенді тастау оңай емес. Ел күйзелісін ең алдымен сөз сүлейі танитынын бұдан бірден тануға болады. Мысалы:

Көк орай шалғын, көк майса,

Сырдың бойын жайладың...

Жетісу, Балқаш, Ұлытау,

Сауық құрып тойладың...

Үдіре көшіп, қонған жер,

Тоқырауды тапшы деп,

Сарысу мен Атасу,

Бермекпіз кімге алшы деп?! -,

деп жырлаған Ақтамберді жырау Сарыұлы толғауында да атамакен толғанысы бүкіл кеңістікке деген шынайы махаббатпен астасып жатыр. Жырау жаудың оңай емес екендігін, өзінің сол сұрапылдың қақ ортасында жүргендігін де аңғартады.

Жауға шаптым ту байлап,

Шепті бұздым айқайлап.

Дұшпаннан көрген қорлықтан,

Жалынды жүрек, қан қайнап,

Ел-жұртымды қорғайлап,

Өлімге жүрміз бас байлап.

Азамат пен асқақ ақындық жырдан анық аңғарылып, жыраудың өршіл рухы асқақтай түседі.

XVIII ғасырдағы «ақтабан шұбырынды» кезеңіндегі жонғарлардың әділетсіз соғысы, тұтқиылдан басып алмақ болған әрекеті тарихи өлеңдермен қатар, сол тұстағы жыраулар поэзиясында да тақырыптық жағынан толықтыра түсетіндігін көреміз. Бұл мәселеде тарихи өлең мен жыраулар поэзиясының өзегі бір, арқауы ел күйзелісі болып отырғандығын ерекшелей айтуға әбден болатындығы зерттеушілер тарапынан орынды айтылған. Мысалы:

Шығыстан моңғол жабысты,

Аяққа басты намысты.

Қызыл қарын жас бала,

Еңкейген кәрі ата-ана,

Қысымы күшті қорлықтан,

Озбыр-үкім  зорлықтан,

Қан жылады, зар ішті, -

дегендегі Бұқар жырау туындысы кәдімгі «Қаратаудың басынан көш келеді» өлеңімен тамырласады. Керек десеңіз, жырау Сырдан ауып, Сарыарқаға келгенде де тыныштық жоқ екендігін былайша баяндаған:

Сырдан ауып келгенде,

Ел тыныштық көргенде,

Іргені белден көмгенде,

Шүршіт қалмақ жау болды.

Таласы аула, тау болды,

Елді өлтіріп, малды алып.

Елді жаулап, жерді алып,

Арада бітпес дау болды, -

дейді. Жаудың мақсаты елді құл қылып, жерді алу екендігі мәлім. Осы үшін Бөгенбай, Жасыбай, Олжабайлардың айқасы, қапылыста қаза болған Жасыбай батырдың өлімі жырауға және халыққа қатты батады. Жырау кектің жолы, ердің құны «қанға – қан» деп, батырларды жаумен айқасуға үндейді. Жаудың әділетсіздігі мен қарсы айқасқа шықпақ болған қазақ қолының күресі дұрыстығын өз толғауларында былайша жеріне жеткізе сипаттайды:

Қойдан қоңыр ел едік,

Сыйласқанға кең едік,

Ел мен жерім аманда,

Таусылмас қазына кең едік.

Қазақ, қалмақ туысқан,

Кірме емес, тең едік.

Көрші ел болып туыстас,

Жауласпаспыз деп едік,

Ол сөзінде қалмақ тұрмады,

Үнемі қорлық қылғаны,

Үнемі зорлық қылғаны...

Күнә жоқ, бізде жазық жоқ,

Зорлықта тұрақ, қазық жоқ,

Өкпелемес Ежен хан,

Өзі көрер өзінен,

Айныған байлау сөзінен

Уағданың ұрғанын...

Бұрынғы тыныш жатқан, алыс-беріс тоқтамаған екі елдің жауласуының себеп-салдарын Бұқар жырау осылай түсіндіреді. Айтулы айқасқа аттанатын батырларға батасын беріп, істерінің әділ екендігін түсіндіреді. Жыраулар поэзиясындағы айтылған осы идея тарихи өлеңде қалыс қалмай, бір тақырыпта айтылатындығын өткен тараулардағы ой-пікірлерден толық түсінуге болады.

Тарихи өлеңдерді шығарушылардың өзі сол заманда өмір сүріп, қайғылы оқиғаларды көзбен көрген дейтін ғылыми пікірдің дұрыс айтылғанына осыдан толық көз жеткіземіз. XIX-XX ғасырдың басында болған ірілі-ұсақты оқиғалардың тарихи өлеңдегі сипаттамасына сол тұстағы халық ақындарының шығармашылығынан бөлек болып, жеке саралауға болмайтындығы да осындан айқын аңғарылатындай.

Сонымен түйіндей келсек, тарихи өлең өз табиғаты жағынан көңіл-күйге қатысты жоқтау, қоштасу секілді өлеңдермен дәстүрлік байланысы бар болса,  лирикалық өлеңдермен қарым-қатынасы да тікелей сол тұрғыдан деп түйіндейміз. Ал ақын-жыраулар поэзиясымен үндес болу себебі, дәуірдің мұңы мен сыры, халықтың тағдыр-талайы сөз өнерінің қайраткерлерінде алдымен орын алатындығында екенідігі талассыз. Тарихи өлеңдерді шығарушылардың өзі сол тұстағы ақын-жыраулар болғаны анық. Бірақ дер кезінде қағаз бетіне түспегендіктен, рухани мұрамыз қатарынан орын алып, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жетіп келе жатқаны рас. Жырлану дәстүрі, көркемдік болмыс-бітімдерінің ортақтасуы бұны нақты көрсете алатындығына шүбә келтіруге болмас. Бір ғана мәселе ақын-жыраулар толғауларында сол тұстағы ел қорғаған батырларды атап, олардың ерлік істерін асқақтата жырлау бар. Тарихи өлеңде бұндай ерекшеліктен гөрі, елімен, жерімен қоштасуы кеңірек орын алған. Басты мәселе осында екендігін ескергеніміз абзал.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1Қазақ тарихи жырларының мәселелері. –Алматы: Ғылым, 1979. 312 б.

2Рахымов Б.С. Тарихи эпос табиғаты. –Қарағанды: ҚарМУ басп., 1999. -235 б.

3История казахской литературы. –Т.1. –Алма-Ата: Наука, 1968. -452 б.

4 Қазақ халық әдебиеті: Көп томдық. /Тарихи жырлар. Абылай хан. Құрастырушылар: Ақселеу Сейдімбек, Бақытжан Әзібаева, Мақсұт Шафиғи. –Алматы: Білім, 1995. -288 б.

5 Олжабай батыр. Көмекші оқу құралы. –Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2003. -106 б.

6 Уахатов Б. Қазақтың халық өлеңдері. –Алматы: Ғылым, 1974. -288 б.

7 Бекмаханов Е. Қазақ халқының Кенесары бастаған азаттық қозғалысы. /Хан Кене: Тарихи толғамдар мен пиеса, дастандар. –Алматы:Жалын, 1993.  -448 б.

8Әуезов М. Әдебиет тарихы. –Алматы:Ана тілі, 1991. -240 б.

9Мұқанов С. Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очергтер. 1 бөлім. –Алматы: ҚМББ, 1942. -161 б.