з.ғ.к., доцент А.І.Дәркенбаев
«Заңтану» мамандығы,
1-курс магистранты
Н.С.Асамбаев
Т.Рысқұлов
РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты
қызметінде
Т.Рысқұлов
бастаған саяси топ отставкаға кеткеннен соң Түріккомиссия
шұғыл түрде олардың «саяси жеңілісін»
заңдастыру үшін 1920 жылы 2-5 тамыз аралығында
Түрікатком пленумын ұйымдастырды. Пленумда Кеңестердің
IX және ТКП-нің Ү съездерін шақыру мәселесі
талықланды. Кезінде Т.Рысқұлов бұл съездерді
көктем айында шақыртып өз саясатын мақұлдап
алуға тырысқан еді, бірақ ол Түріккомиссияның
қарсылығы кесірінен іске аспай қалған болатын. Пленумда
Съездерді шақыру туралы комиссияның атынан баяндама жасаған
Коган алда өткелі тұрған саяси маңызына тоқтала
келе: «бұл съездер... Түркістанда зор беделі болған
топтардың (яғни, Т.Рысқұлов тобының) жетегінде
кетпесін»– деген мақсатпен кешіктірілгенін ашық мәлімдейді. Пленумның
жұмысына Т.Рысқұлов та қызу араласып,
Түріккомиссияның ұлттық саясатын сынға алады. Біз
съездердің кейінге қалдырылуында үлкен саясат
жатқындығын жақсы түсіндік, дейді
Т.Рысқұлов, яғни «біздің алдымызға нағыз
кеңес өкіметін ұйымдастыру мүддесі
тұрғандықтан де кейінге қалдырылды.»
Съездерді
шақыру туралы комиссия – Т.Рысқұловтың саяси
қарсыластарының ресми орталығы болды. Ерекше
бөлімнің тыңшылары әр облыстан, әр уезден съезге
кімді сайлау керектігі туралы кеңес беріп отырды. Ұлт
коммунистерінің позициясы мықты уездерде барынша дөрекі
іс-әрекет жасалынды. Съездерге «сайлау» барысында қарсылық
көрсетуі мүмкін деген сылтаумен олардың белсенді
мүшелері жаппай қуғынға ұшыратылды.
Т.Рысқұлов
пленумда комиссияның шовинистік саясатын нақты деректерге
сүйене отырып дәлелдеп берді. Мысалы, Әулиеата уездік
ревкомның төрағасы Қ.Сарымолдаев, Сырдария
облыстық комитетінің мүшесі Жылысбаев заңсыз
қуғындалып, қызметтерінен кетуге мәжбүр
болған. «Жергілікті жағдайды білетін, тәжірибелі,
еібекшілерді басқаруға қабілетті мұсылмандарға
қарсы күрес оларды съезден аластау мақсатында
жүргізіліп жатыр», - дейді Т.Рысқұлов. Отаршылдықпен күресудің
орнына Түріккомиссияның басшылығымен бұл саясат
бұрынғыдан да асқына түсуде, республикада. «жергілікті
халықтың ортасынан шыққан коммунистерге қарсы нағыз
жорық ұйымдастырылып отыр», ал «егер біз (үкімет
мекемелеріне) ештеңе түсінбейтін және тек өз
қарынының мәселесін ғана ойлайтын және
(жиналыстарда) тек қол көтеруді ғана білетін адамдарды
отырғызар болсақ, онда ... олардың
(мұсылмандардың) мүддесін кім қорғайтын
болады?»,– дейді Т.Рысқұлов [1, 48 б.].
Съездерді
шақыру туралы комиссия Ерекше бөлім мен Төтенше
Комиссияның (ЧК) жалған мәліметтерін басшылыққа
алып съездерге «авантюристік эелементтерді» шақыруды
ұйымдастырған. Черняев уезінен съезге делегат болып
бұрынғы патша полициясының қаныпезер өкілі
ұсынылған. Республиканың барлық уездерінде ауыл-қыстақтарды
«контрреволюциялық элементтерден» тазалау үшін Ерекше
бөлімнің арнайы құрылған Ерекше Бюролары өз
міндеттеріне белсене кірісіп кеткен.
Съездерді
шақыру туралы комиссияның бүкіл қызметін өткір
сынап алғанна соң Т.Рысқұлов өз ұсыныстарын
біліреді: біріншіден, республикалық съезге сайланатын делегаттар комиссия
ұсынғандай облыстық съездерден емес, Конституцияның
ережесіне сай уездік съездерден тікелей ұсынылсын; екіншіден, жергілікті
жерлерде қызмет істеп жүрген мұсылман коммунистерін
қуғындау, тұтқындау, басқа уездерге жер аудару
әрекеттері тоқтатылсын. Одан әрі Т.Рысқұлов
Съездерді шақыру туралы комиссияның орталық аппаратында,
облыстық және уездік бөлімшелердің
құрамында тазалау жүргізуді және сыйлауды
ыждағаттылықпен ұйымдастыру үшін Түрікаткомның
осы пленумының құрамынан Ерекше комиссия тағайындауды
ұсынады. Пленумда ол қабылдайтын қарардың екі
үлгісі (Т.Рысқұловтың және
П.Г.Константинопольскийдің) ұысынлған, бірақ
стенографиялық есепте ол қараралар жоқ. Дауысқа
салған кезде Т.Рысқұловтың қарары 23 дауыспен
қабылданғаны тіркелген, яғни пленум делегаттары
Т.Рысқұловтың қарарының әділеттілігін
түсініп, басым дауыспен өткізіп жіберген болса керек. [2, 210 б.].
1920
жылы 6 тамызда Т.Рысқұлов аяқталған пленумның
қорытындыларын баяндап В.И.Ленин мен Н.Н.Крестинскийге арнайы хат
жолдайды. Хатта өз ұсынысымен пленумда қабылданған 7
тармақтан тұратын қарар текстін келтірген. «Бірақ
Түріккомиссияға бұл қарармен санаспау тиімді болды,
әрі осы Түріккомиссияның өзі тағайындаған
жаңа Өлкелік партия комитеті арқылы Түрікаткомның
фракциялық мәжілісін ұйымдастырды да, партиялық
тәртіпті бетке ұстай отырып бұл қарардың
күшін жоюға және қазіргі таңда жұмыс істеп
жатқан сайлау компаниясының саясатын қолдауға
мәжбүр етті,»– дейді Т.Рысқұлов. Конституцияға
сәйкес Түрікатком пленумының шешімін Кеңестер съезі не
пленумның өзі ғана жоя алатын, сондықтан да
Түріккомиссиясының бар саясатын әшкерелей отырып,
В.И.Лениннен сайлау жұмыстарын демократиялық жолмен
ұйымдастыруға ықпал етуін өтінеді.
1920
жылы қыркүйек-қазан айларында болып өткен
Кеңестердің IX съезі – Түркістан Республикасында
ұлттық егемендік, әлеуметтік әділеттік туралы
идеяларының қатты жеңіліс тапқанын көрсетіп
берді. Съезд негізінен «рысқұловшылдықты» сынаумен айналысып,
Түріккомиссия ұсынған ұлттық бағдарламаны
қабылдаумен тынды. Т.Рысқұловтың хатын ала тұра
В.И.Лениннің әділетсіздікті жоюға ешқандай әрекет
жасамағандығы айқын болды.
Ұлт
мүддесі жолында күрескен Т.Рысқұлов бастаған
саяси топ сенімсіз адамдар ретінде қуғын-сүргінге
ұшыратылады. Олардың орнына Түріккомиссяның
айтқанымен жүрген мұсылман коммунистері жоғарылатыды.
1920 жылы 3 қазанда В.И.Ленинге жазған хатында Түріккомиссия
мүшесі Г.Сафаров: «Барлық жерде біз басшы етіп мұсылмандарды,
ал орынбасар етіп орыстарды қойып жатырмыз», ал
Т.Рысқұловтың тобында болғандардың кейбіреуін
«ТКП Орталық комитеті іске асырып жатқан шараларға
қарсы шықпайтын жағдайда ғана жұмысқа
тартуды ойлап отырмыз. Владимир Ильич, мен Сізден біздің практикалық
жұмыстарымызды қаншалықты дәрежеде дұрыс деп
есептейтініңіз жөнінде бір-екі ауыз сөзбен жауап
беруіңізді сұраймын,» дейді [3, 19 б.].
1920
жылы жазда Мәскеуде аяқталған Коминтерннің ІІ
конгресінің шешімін сол жылы І қыркүйекте Баку қаласына
Шығыс халықтарының І съезін шақыру
ұйғарылды. Түркістан делегациясының
құрамына Т.Рысқұловта енеді. 1920 жылы 11 тамызда
Т.Рысқұлов Түркістан Республикасының Мәскеудегі
тұрақты өкілеттігінің мүшесі болып
тағайындалады. Т.Рысқұловқа Түркістан
Республикасымен тікелей сым арқылы жалғасып, ақпарат алмасып
тұруға рұқсат етіледі.
Мандаттарды
алған соң Т.Рысқұлов 1920 жылы 13 тамызда Мәскеу
арқылы Бакуге аттанады. Т.Рысқұловтың делегат болып
бара жатқандығына байланысты 1920 жылы 9 тамызда
Е.Д.Стасоваға жолдаған хатында В.В.Куйбышев: Т.Рысқұлов
бастаған «мұсылман интеллегенциясының «мұсылман
интеллегенциясының қамалын қирату» Түріккомиссияға
өте қиынға түскенін және
Т.Рысқұловтың «қазір өзінің
ақыл-ойымен Түріккомиссияның Нығыстағы саясаты
үшін өте қауіпті» екендігін түсіндіреді, әрі
оның Баку съезінде «өзінің
құлатылғандығы үшін» Түріккомиссияны
кінәлауынан сақ болуды тапсырады. [4, 145 б.].
1920
жылы 5 қыркүйекте Т.Рысқұлов Шығыс
халықтарының І съезінде М.Павловичтің баяндамасын
талқылауға байланысты сөз сөйлейді. Өз
сөзінде Т.Рысқұлов Шығыста таза коммунистік
қозғалысқа иек артуға болмайтындығын, онда
ұлттың өз тағдырын өзі шешу жолындағы
қозғалыстың қажет екендігін атап көрсетеді.
Съезде
Т.Рысқұловтың саяси беделі өте жоғары болды, ол
делегаттардың басым көпшілігі болған коммунистер мен
коммунистік бағыттағы жақтаушылардың фракциясына
жетекшілік жасйды, артынан төрағалықты Г.Е.Зиновьевке
тапсырады.
Т.Рысқұлов
осы фракциялық мәжілістердің бірінде РКП (б)-нің ұлт
саясаты туралы қызу пікірталас тудырып, 23 делегат қол
қойған арнайы хатты В.И.Ленинге жібертеді. Хатқа
Түркістан Республикасы атынан өзі қол қояды. Хатта
шығыс халықтарына кең көлемде автономия берілуі талап
етілген. Баку съезінде «Шығыстағы насихат және іс-қимыл
Кеңесі» құрылады. Т.Рысқұлов кеңес
мүшелігіне сайланады. Кеңеске шығыс халықтары
тілдерінде баспа ұйымдастыру, мерзімді басылымдар мен кітап басу ісін
жолға қою, түрлі салалар бойынша мамандар даярлау, ол
үшін қоғамдық ғылымдар университетін ұйымдастыру,
халықтың қалың бұқарасын сауаттандыру сынды
маңызды істер тапсырылды.
Т.Рысқұловтың
Бакудегі әрекеттерінен хабардар болған Түріккомиссия оны
қолындағы мандатынан айырып, саясаттан шеттетуге тырысады.
Түрікатком төрағасы А.Рақымбаев Түріккомиссияның
тапсыруымен съезге хат жолдайды. Онда Т.Рысқұловтың съезде
сөз сөйлеуіне жол бермеу өтінілген. ТКП Ү съезі
Т.Рысқұловтың әрекетін «ұлтшылдыққа»
балаған қаулы қабылдайды. Онымен қоймай, съезд атынан
Н.Н.Крестинскийге хат жолданып, онда Т.Рысқұлов «Түркістанның
буржуазияшыл ұлтшылдарының мүддесін»
қорғағаны үшін айыпталынды [5, 52 б.].
Түрік
халықтары коммунистерінің ІІ Жалпыресейлік кеңесінде
ұлт мәселесі бойынша негізгі баяндаманы
Түріккомиссияның екінші құрамының мүшесі
және жаңадан ұйымдастырылған Түрікбюроның
негізгі басшыларының бірі – Г.Сафаров жасады. Г.Сафаров баяндамасында
Түріккомиссияның саясатын ақтап алуға тырысып,
барлық «кінәні» жергілікті «ұлтшылдардың»,
«пантүрікшілердің» және «панисламшылардың» басына
үйіп-төгеді. Сол үшін де Т.Рысқұловтың тарапынан
қатаң сынға ілігеді. [6, 210 б.].
1921
жылы Сарыарқада сұралы ашаршылық басталып, республика
жетекшілерінің аштыққа қарсы күрес
тәжірибесі болмағандықтан да аса ауыр жағдай
қалыптасады. Қазатком төрағасы С.Меңдешев ІІ
Жалпықазақ съезінің Атқару Комитетіндегі бір орынды
Орталық өкіліне беру туралы шешіміне сүйене отырып, 1921
жылдың соңында И.В.Сталинге арнайы хат жазып
Т.Рысқұловты Қазақстанға аттандыру туралы
өтінеді. «Біз... Сізден Түркістандағы қазақ
тұрғындары арасында өте танымал саяси қайраткер ретінде
бізге жақсы белгілі жолдас Рысқұловты Қазтаком
мүшесі етіп енгізуді өтінеміз. Түркістанның өкілі
Қазақ Республикасын тұтастай аштық жайлап...
отырған қазіргі жағдайымызда біз үшін аса қажет,»
[7, 55 б.] – дейді С.Меңдешев.
Т.Рысқұлов
Түркістан-Сібір темір жолын салуға белсене араласып қана
қоймай, сонымен бірге Қарағанды көмір бассейнін,
Балқаш мыс қорыту, Семей ет-консерві комбнаттарын, Шымкент
қорғасын заводын салу ісіне қыруар көмек
көрсетіп, қамқорлық жасады. Сол арқылы
кеңестік Қазақстанды индустрияландыру ісіне өзіндік
үлес қосты [8, 206 б].
Сонымен қатар
Т.Рысқұловтың «Таңдамалы шығармалар
жинағында» Түркістан
өлкесіндегі саяси оқиғалар, сондай - ақ зерттеу
тақырыбымызға қатысты көптеген мағлұматтар
кездеседі. Мәселен, Түркістан өлкесінде өткен
Түркістан коммунистік партиясының сьездерінің қаулы -
қарарлары, Т.Рысқұловтың сөйлеген сөздері
мен жасаған баяндамалары құжат ретінде қамтылған.
Оның өлкедегі
аштыққа қарсы комитеттің башысы қызметінде партия сьездерінде жасаған
баяндамаларының мазмұны зор. Т.Рысқұловтың
баяндамасында келтірілген мәліметтерге қарағанда
өлкедегі аштықтың белең алуы жергілікті халықты
әбден қалжыратып, елдің әлеуметтік – экономикалық
жағдайын әлсіретіп жіберілгені айқын көрсетілген.
Т.Рысқұловтың баяндамаларында орталық комиссияның
жоспарлары мен атқарған жұмыстары туралы айтылған.
Оның негізгі бағыттары : біріншіден, Түркістан
өлкесіндегі ашыққандарға көмек көрсету,
арнайы тегін тамақ беретін орындар ашу, ашыққандарды тіркеу,
оларға медициналық көмек көрсету және
балаларға бас сауғалайтын орындар ашу жоспарланды; екіншіден, азық-түлік
директориясымен бірігіп арнайы астық, нан, мал және басқа да
қажетті заттар дайындайтын орындар ашу; үшіншіден, жергілікті мұсылман
халыққа қолөнер және шағын цехтар
ашуға көмек көрсетіп, сол арқылы жұмыссыздар
саның азайту; төртіншіден, жер жоқ шаруаларға бос
жерлерді бөліп беру; бесіншіден,
мал шаруашылығымен айналасатын шаруаларға арнайы мал өсіретін
шаруашылықтар ашу, мемлекет тарапынан қаржылай көмек
көрсету; алтыншыдан, ашық қандар үшін жұмыс
орындарын ашу. Ол жұмыс түрлері жер жөндеу,
ирригациялық құбырларды жөндеу, жанармай дайындау,
қоғамдық ғимараттар салу сияқты жұмыстарға
жергілікті қамту Т.Рысқұлов басқарған комитет
өлкедегі аштыққа қарсы күресте барлық мүмкіндіктерді пайдалана
білді.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі.
1. Россия, 1917 год: Выбор
истоического пути. М., 1989. – 220 с.
2.
Садықов Т.С. Тарих тағылымы. Алматы: «Ана тілі», 1992. – 160
б.
3. Сапаргалиев Г.
Карательная политика царизма в Казахстане. Алматы.
- 1966, 376
с.
4. Сафаров Г. Колониальная
революция (опыт
Туркестана). М., 1921. – 238 с.
5. Турсунов Х. Национальная
политика Коммунистической партии в Туркестане (1919-1924гг.). Ташкент:
«Узбекистан», 1971. – 366 с.
6. Тынышбаев М. История
казахского народа. Сост. И авторы предисловия проф.
Такенов А.С. и Байгалиев Б. Алматы: «Қазақ университеті», 1993. –
224 с.
7. Устинов В.М. Служение народу (Партийная и
государственная деятельность Т.Рыскулова). Алматы: «Казахстан», 1984. – 231 с.
8. Аширбекова Ж.
Тұрар өткен жыл.»Қазақстан жалпы адамзаттық
тарихи ойлау аясында» атты халықаралық Бекмаханов
оқуларының материалдары(25-26 мамыр 2005ж.). Алматы. – 2005. –203-206 бб.