Право /1.История государства и права.

Оқытушы, құқық магистрі Омар Б.М., Оқытушы Жорабеков Ж.Б

Қ.А.Ясауи  атындағы Халықаралық қазақ-түрік университет. Қазақстан    

Заң терминдерінің бірізділігі – Қазақстандық заңдылық пен құқық тәртібін нығайтудың негізі

 

            Тіл тазалығы өзінің егемендігін құрметтей­тін әрбір мемлекеттің күн тәртібінен түспейтін мәселе. Сол себепті ресми құжаттарда жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестерін бірізге салу жұмыстары қашанда мұқият зер салуды қажет ететін мәселеле болып табылады. Біле білсек, терминология саласы бұл кенже қалған сала емес, ол өткен ғасырдың алғашқы онжылдықтарынан бастау алады.

Қазіргі таңда мемлекетіміздің заң терминологиясы қайта түлеу үстінде деуге болады. Бірақ бұл мәселе жиырма бір жылдан бері бір жолға қойылмай келеді. Себебі біз заң терминдерін аударуға келгенде олқылықтар танытып келеміз. Сол себептен, затына аты сай келмейтін терминдер қалыптастырған біздер келер ұрпақ алдында айыптымыз деп, айтсақ қателеспейміз.  

Бүгінгі күні еліміздегі біршама заңдарымыз бен басқа да көптеген құқықтық нормалар аударма түрінде қолданылып келеді. Егерде заңдар тек мемлекеттік тілде жазылып, қолданылса, сондай-ақ кең өріс алса, оның қайшылықтары бірден байқалар еді. Сол себептен біз бірінші аударма мәселесіне көп көңіл бөле отырып, мемлекетіміздегі заң тілін жөнге қойуымыз қажет. Заңды түзеу үшін, алдымен, заңды сол мемлекеттің тілінде жазуымыз керек. Біздің мемлекетіміздің тілі – қазақ тілі. Орыс тілі – ресми тіл. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ, дау туғызып жатқан жоқ. Бірақ, біздің заңдарымыз Парламентте ресми тілде жазылады да, мемлекеттік тілге аударылады. Аударылғаннан кейін заңның мәні кетеді [1, 1].

Жалпы заң ғылымында аударылатын терминдер бар, сондай-ақ, аударылмайтын халықаралық терминдер бар. Соны анықтап алуымыз қажет. Әйтпесе, аудармашылар әрқайсысы өзінше жеке аударып, пайдаланып, сөздің мәнін кетіруде. Алдымен, мемлекеттік ономастикалық комиссияда бұл мәселе қаралуы керек. Өкінішке қарай, бұлай жұмыс істеп жатқан ешкім жоқ. Өздеріңіз білесіздер, бізде «Тіл туралы» заң бар. Осыны бетке ұстаймыз. Заң болуы үшін, біріншіден, оның диспозициясы болуы керек. Екіншіден, ол заң орындалмаса, оған қолданылатын санкция болуы тиіс. Біздің «Тіл туралы» заңымыз тек диспозициядан тұрады. Санкция жоқ. Яғни, «Тіл туралы» заңды орындамағанға жауапкершілік қарастырылмаған. Содан кейін де ешкім заңды орындамайды, ол күнделікті заң жүзінде қалады. Бізде мемлекеттік тілді орнықтыруда қиыншылықтың болғаны рас. Халқымыздың 40 пайызы өз тілін білмейді, басқа ұлттардың өкілдері ресми тілде сөйледі. Ал, қазіргі жағдайымызда Қазақстанның 60 пайызға жуығы қазақ ұлтынан тұратыны жөнінде статистикалық көрсеткіштер бар. Соған қарағанда, тіл де дамуы керек.

Біздің тіліміздің негізі Ата Заңда болуы керек. Конституция заңдардың негізі болғандықтан, қайбір термин де соған сәйкес болғаны жөн. Сол заңды аударғанда да «мынау термин қалай екен?» деп Конституцияға қарауымыз қажет. Жоқ, Конституцияда бір бөлек, кодекстерде бір бөлек болып жүреді. Осындай алшақтықтарды байқаймыз. Қылмыстық кодексте аударуға жатпайтын халықаралық терминдер бар. Осы секілді аударуға келмейтін терминдерді сол күйінде қалдыра отырып, пайдалануымыз керек. Ол біздің тілімізді байытпаса кемітпейді. Мысалы, «амнистия» деген халықаралық термин ғой? Оны «рақымшылық» дедік. Ал, рақымшылық деген – «помилование» дегенге жақын. Рақым деген сөз – жақсылық жасау дегенге келеді. Ал, амнистия дегеннің мағынасы кең ғой. Сол сияқты «коррупция» деп айтып жүрміз. Оны «жемқорлық» дедік. Түпкі сөзі «жемді» мал жейді ғой, сонда адамды малға айналдырғанымыз ба? Коррупция – халықаралық термин, ол сол қалпында қалуы керек. Өйткені, барлық елдерде бұл атау коррупция күйінде қолданылады. Ал, біз келіп оны аударамыз. «Сыбайлас» дегеннің өзінің екінші мағынасы бар, ол «соучастие» деген сөз. Сыбайлас дегенмен жалғыз адам қылмыс жасамайды, ол бірнеше адамның тобы деген сөз. Ал, коррупцияны бір адам да жасай береді. Оның мағынасы да, қолданылуы да алшақтап кетіп отыр. Сосын Қылмыстық кодексте «рецидив» деген термин бар. Біздің бұрынғы Қылмыстық кодексімізде «аса қауіпті рецидивист» деген термин болды. Бұл да халықаралық термин. Бұрын сотталып, ол соттылығы жойылмай жатып тағы қылмыс жасаса, оны рецидивист деп атайды. Ал, біз мұны «қылмысты қайталау» деп аударамыз. «Қайталаудың» орысшасы – «повторность» қой. Кез келген қайта жасалған қылмыс рецидивист болмайды. Міне, мағынасы қалай бұзылып тұр. Осы күнге дейін «деяние» – «іс-әрекет» деген ұғымды білдіреді деп оқып келдік. Бұл іс-әрекет дегеніңіз – «действие», «бездействие». Ал, бізде «деяниены» «әрекет» деп аударған. Жарты сөзін кесіп тастаған. Сөйтіп, сөздің өрісі тарылып қалған. «Виновность» – «кінәлі» екенін білесіздер. Оны біреу «айыпты» деп аударады. Ал, айыпты, кінәлі деген бір-бірінен мүлдем бөлек сөздер. Мені осы күнге дейін абыржытатын бір термин бар, ол – «хищение». Біздер оны «жасырын түрде ұрлау» деп аудардық. «Хищениены» Кеңес өкіметі кезіндегі кодекстерде «талан-тараж» деп аударған. Осындай жақсы сөзіміз бар еді ғой? Оны біреулер «заңсыз иемдену» десе, енді біреулер «ұрлық», «пайдаға асыру» дейді. Бір терминді заңға әртүрлі етіп жазады. Оны оқыған адам да, сот та түсінбей, бір сөзді осылай қорлап жүрміз [1, 1].

«Сот» деген сөз – орыстардың «судь» деген сөзі. Яғни, бізде соттау, сотталушы дейді. Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты. Сол сияқты, Алматы қаласының соты. Егер орыстармен сөйлессеңіз, олар: «Сонда сіздерде осы күнге дейін мүлдем сот болмағаны ма, біздіңше «суд» дегенді өз тілдеріңізге аударып алатындай?» – деп сұрайды. Мен ештеңе айта алмай қиналамын. Егер Махмұд Қашқаридың кітабын оқып отырсаңыз, Шыңғыс ханның заманында түркітілдес халықтардың, біздің қазақтың, өзбектің тілі болған. Сол кезде тарихта қаншама белгілі мемлекеттер болды. Мемлекет құрылған жерде өздерінің сот билігі болады. Өйткені, сот билігінсіз мемлекет жоқ. Мен филолог емеспін, заңгермін. Дегенмен, «сот» деген атауға намыстанып, зерттеп қарадым. Қазақтарда «қазы» деген сөз бар. Мысалы, «әділқазы», «қазылық жасау» деп айтып жатамыз. Сосын, қазақтарда «билік» деген де сөз бар. «Биліктің» мағынасы кеңдеу. Өйткені, билік құрған адамның қолында соттау, әкімшілік билігі болған. Сонымен қатар, қазақ халқында «Билер», «қазылар», - деген сөз бар. Олар халық төрелігін айтқан. Мәселен, біздің белгілі үш бидің қолында осындай билік болды. «Присяжный заседатель» деген сөз бар. Оны «алқабилер» деп айтып жүрміз. «Присяга» деген «ант» деген сөз. Сонда «ант қабылдаған заседательдер» болып шықпай ма? Егер «алқабилер» дейтін болсақ, судьяларды «билер» деп өзгертейік. Сонда «алқабилердің қатысуымен қаралатын іс» болады. Мұның бәрі – заңдардағы терминдерді талқылағанда заңгерлердің, тәжірибелі мамандардың пікірлерін тыңдамағандық. Әрине, аудармашыларды да кінәлауға болмайды. Олар филологтар, кейде журналистер, оның мағынасын білмеуі мүмкін. Сондықтан, мұндай заңды аударар алдында мамандармен терминдерді талқылап алу керек. Жалпы, заң терминдері туралы алдын ала республикалық конференция ұйымдастыру керек. Заң терминдерінің, оның нұсқасының сот, тергеу процесі барысында қолданылуы жөнінде жиын өткізіп, бұл атауларды түзеуіміз керек [1, 1].

Қазір еліміздің тәуелсіздігіне 21 жыл толып отыр. Соның қарсаңында «сот» деген сөзді өзгерту керек деп есептеймін. Ресейліктер «милиция» деген сөзді өзгертіп еді, біз де бұл сөзді өзгерттік. «Сот» біздің сөз емес. Сондай-ақ, «соты» деп жазғанымыз тағы дұрыс емес. Сондықтан, менің айтарым, «сот» деген сөзді «қазы» деп ауыстырсақ, одан ұтатынымыз көп. Осы арқылы «сот» деген келеңсіз қалыптасып қалған сөзді ұмыттырып, «қазы» деген атауды жаңадан сөздік қорымызға қосамыз. Екінші бір айта кететін нәрсе, «юстиция» – латын сөзі және ол халықаралық термин. Дүниежүзі «юстиция» деп айтады. Оны біздер «әділет» деп өзгерттік. «Әділет» дегеніміз – «справедливость» қой. Оның әділеттен де басқа халыққа қызмет ететін салалары көп.  Түріктер сотты «әділет үйі» деп атайды. Расында, адам әділеттік іздеп сотқа келеді ғой? Ал, біз тек заңды тіркеуге алып отыратын орынды «әділет үйі» деп өзгертеміз де, ал, шынындағы әділет үйі – сотты орысша жазамыз. Сондықтан, сотты, керісінше, «әділет үйі» деп өзгерту керек сияқты. Ал, ондағы судьялар – қазылар. Егер төраға болса, ол «Әділет үйінің төрағасы» дейміз. Біздікі тек ұсыныс. Тіл мамандары баршылық. Оны өздері шеше жатар. Бірақ, сот деген сөзге қазақтың балама сөздері көп.

Сонымен, заңды сөзбе-сөз емес, мағыналық тұрғыдан аудару керек дедік. Бұл бергі жағы. Екінші жағы, мағыналық аударудың жөні осы деп заңға артық ауыз сөз қоса беруге, не қазан-ошақ тілімен баяндауға тағы да болмайды. Юриспруденцияда «грамматикалық талқылау» деген ұғым бар. Алда-жалда заң тілінен дау туса, әр сөзді, үтірді әр қырынан талдауға тура келеді. Сайып елгенде, осындай олқылықтар орын алмас үшін заң шығару процесінде бірден казақша жоба ұсыну үрдісін қалыптастыру абзал. Тағы бір айта кететін жәйт, бір терминді бір түрлі ғана баламалап, оны тура сол мағынасында өзгеше түрлеңдіруге жол бермеу қажет. Дей тұрғанмен бұдан калыс қалатын жәйттер де бар. Ол — түрлендіруге жол бермейміз деп, бір терминнің баламасын кез-келген жерде, кез келген мағынасында бір-ақ сөзбен беру [2, 1].

Заң терминдерінің дұрыс аударылуы, мінсіз қолданылуы  – мемлекетіміздегі заңдылық пен құқық тәртібін нығайтудың кепілі [3, 1].

Қандайда бір мемлекеттің ең негізгі белгісі – тілі. Мәселен, көршіміз Өзбекстан Кеңес өкіметі кезінде тілін жоғалтпаған ел еді. Қазір «өзбектер тек өз тілдерінде сөйлейді» деп мақтаймыз. Сол сияқты тілін сыйлаған халықты басқа ұлт та сыйлайды. Кейбір шетелдерден келген заңдық, құқықтық саладағы терминдердің қазақша баламалары бар. Оны іздесек табамыз. Бірақ, олар архаизмге айналып кеткен. Яғни, пайдаланудан түсіп қалған. Содан намыстанбай, қысылмай, архаизмге айналып кеткен сөздерді, атауларды тірілтсек қалай болар еді?

Сондықтан заң терминографиясындағы осы істі, қанша қиын болса да, тез арада  қолға алу керек. Заман ағымына ілесіп отыру үшін және көштен қалып қоймау үшін бұл – аса қажет іс деп,- ойлаймын. Ұлттық заңнама тілінің өзекті пробле­малары деуге болатын жоғарыдағы мә­селелер жөнінде әлі де талай әңгіме айтуға болады. Алайда оның бәрі бір іс тындырғанға жетпес еді. Сол себепті алдағы уақытта, яғни Қазақстан Республикасы латын әліпбиіне толық көшпей тұрып, бұл мәселені шешіп алған жөн деп, -ойлаймын.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.      Терминді дұрыстау үшін қазақи сана қалыптастыру керек Арықбай АҒЫБАЕВ:www.interfax.kz/?lang=kaz&int_id=quotings_of_the...id...

2.      ҚЫЛМЫСТЫҚ ЗАҢДАРДАҒЫ ҚАТЕЛЕР (1 – 6)... www.namys.kz/?p=9095

3.       ҚЫЛМЫСТЫҚ ЗАҢ ТЕРМИНДЕРІНІҢ БІРІЗДІЛІГІ – ЗАҢДЫЛЫҚ ПЕН ҚҰҚЫҚ ТӘРТІБІН НЫҒАЙТУДЫҢ НЕГІЗІ... View/Open...repository.enu.kz/xmlui/bitstream/handle/.../kylmystyk-zan.pdf?...1