Право /1.История государства и права.
Оқытушы,
құқық магистрі Омар Б.М., Журабеков Ж.Б
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университет. Қазақстан
Қоғамдық қатынастарды
реттейтін заң терминдеріндегі аударма мәселесі еліміз егемендік
алғаннан бері біршама орнығып қалғанын атап өту
керек. Бірақ, бұл мәселе толық шешімін тапты деп
айтуға әлі ерте. Жалпы заң терминдерін қазақ
тіліне аударуға қазақ лексикасының сөздік
қоры мен сөз байлығы толығымен жетеді және
оған тәуелсіздік алған 21 жылдан астам кезеңде
қабылданған заңдар мен заңдық актілердің
мемлекеттік тілге аударылып, қолданысқа енгізіліп келе жатқандығы
дәлел. Заң терминдерін қазақша қолдану
белсенділігінің артуы еліміздің тәуелсіздік алуымен
ғана емес, мемлекеттік құрылымның,
қоғамдық-әлеуметтік, тіпті саяси-мәдени
қарым-қатынастардың өзгеруіне байланысты,
заңнамалық жүйенің түбегейлі өзгеріске
түсуіне де тікелей байланысты.
«Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан
Республикасының Заңына сәйкес, «нормативтiк
құқықтық актінің мәтiнi әдеби
тіл нормалары, заң терминологиясы және заң техникасы
сақтала отырып жазылады, оның ережелері барынша қысқа
болуға, нақты және әртүрлі түсіндіруге
жатпайтын мағынаны қамтуға тиіс. Көнерген және
көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi,
метафораларды қолдануға, сөздердi
қысқартуға жол берiлмейдi». Яғни
заңның бір нормалық ұғымды білдіретін
өзіндік мағыналық ауқымы, өлшемі бар тілі болады.
Одан ауытқуға болмайды, бірақ ауытқымауды ойлап,
түсініксіздік пен қарабайырлыққа ұрынуға да
болмайды. Ал қысқа да нұсқа қайырып,
ұлттық реңкті жоғалтпай, кез келген ұғымды
жеткізе білуге қазақ тілінің мүмкіндігі жеткілікті. Жалпы алғанда,
Қазақстан Республикасы Конституциясының 61 бабында, «Заң шығару бастамасы
құқығы Республика Президентіне, Парламент
депутаттарына, Үкіметке тиесілі және тек қана Мәжілісте
жүзеге асырылады», - делінген [1, 1].
Көп жағдайда заң шығару бастамасы Үкімет
тарапынан болады, бұл заңды да. Сондықтан заң жобаларының
бастапқы мәтіндері Үкіметке қарасты министрліктер мен
агенттіктерде, ведомстволарда әзірленеді. Осы орайда
Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламенті бойынша,
заң жобасы тиісті ілеспе құжаттарымен бірге Үкімет
арқылы әуелі Парламент Мәжілісіне келіп түседі.
Мұнда заң жобасының қазақ және орыс
тіліндегі мәтіндері белгілі бір мерзім ішінде талқыланып,
өңделеді, жетілдіріледі. Одан соң ол тиісті ілеспе
құжаттарымен бірге Парламент Сенатына жіберіледі. Сенаттың
тиісті тұрақты комитеттері мен бөлімдерінде де заң
жобасына экономикалық, заңнамалық және
лингвистикалық сараптама жүргізіледі, депутаттардың
талқылауынан өтеді. Заң жобасының қазақ
және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің тең
түпнұсқалығына сараптама барысында салалық
мамандармен, заң жобасын әзірлеушілермен кеңестер
өткізіледі, өйткені әр сала бойынша тек белгілі бір
кәсіптерге, бағыттарға тән ұғымдардың
мағыналарын білдіретін, жалпы көпшілікке түсінікті бола
бермейтін терминдер жетерлік. Мәселен, тек ауылшаруашылығының
құрамына кіретін мал шаруашылығы, орман шаруашылығы,
егіншілік, балық шаруашылығы, т.б. сияқты салалар бар.
Бұл салаларда қолданылатын сөздер мен сөз
тіркестерінің табиғаты сол салада жұмыс жасайтын мамандарға
ғана белгілі. Мәселен, осы жылы «Қазақстан
Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман
шаруашылығы, жануарлар дүниесі және ерекше
қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан
Республикасының Заңы қабылданды. Тек осы заңның
өзінде: алаңқай жерлер (прогалина), кеспеағаш
аймағы (лесосека), орман орамы (лесной квартал), орман өсіру
(лесоразведение), орман соқпағы (просека), орманның
қайта түлеуі (возобновление леса), өртең (гарь),
өскін (подрост), селдіреу (редина), сөл алу (подсочка) сияқты
тілімізде орнығып келе жатқан көптеген терминдер
қолданылды. Орайы келгенде
айта кетейік, Сенаттың жалпы отырыстары, оның комитеттерінің
кеңейтілген және қатардағы отырыстары негізінен
мемлекеттік тілде өткізіледі. Сенат төрағасы
Қ.Мәми жалпы отырыстар мен өзге де жиналыстарды мемлекеттік
тілде жүргізеді. Осы үрдіске сәйкес бірқатар
министрліктердің, агенттіктер мен ведомстволардың басшылары,
олардың орынбасарлары өз баяндамаларын мемлекеттік тілде жасап
жүргендерін халық теледидардан көріп жүр [2, 1].
Мемлекетіміз тәуелсіздік алған уақыттан бері қабылданған
заңдардың, ресми құжаттардың мемлекеттік тілдегі
мәтіндерін сараптау барысында әртүрлі және әрқалай
пайдаланылған терминдер көптеп кезедеседі. Ол заңды да, деп,
- айтуға болады. Себебі, уақыттың өзі заман талабына
сай тиісті түзетуді талап етеді. Мәселен, «Достоверный»,
«недостоверный» деген сөздер бұрынғы заңдарда
«дәйекті», «дәйексіз» деп алынған, алайда бұл
сөздер түп мағынасы бойынша орыс тіліндегі тиісінше
«последовательный», «непоследовательный» деген ұғымдарды білдіреді.
Сондықтан бұл сөздер кейінгі кездері мағынасы бойынша
дәлірек беретін «анық», «анық емес» деген сөздермен
беріле бастады (достоверная информация – анық ақпарат,
недостоверная информация – анық емес ақпарат. «Жалған
ақпарат» десек, басқа мағынаны («ложная информация») береді.
Егемен еліміз өзінің дербес дамуында сатылап өрлеп келе
жатқан сияқты, терминологиялық жұмыс та осы жылдар
ішінде бірте-бірте ілгерілеп келеді. Сондықтан да заңдарда,
ресми құжаттарда уақытына қарай кейбір
терминдердің әркелкі алынып келуі табиғи нәрсе.
Біздің мақсатымыз оларды тізбелеу емес, бүгінге дейін
қалыптасқан мол тәжірибені басшылыққа ала отырып,
қолданыстағы терминдерді біріздендіруге ұмтылу.
Сөздікте негізінен кең қолданыс тапқан, екіұдай
ұғым тудырмайтын терминдер мен сөз тіркестері іріктеліп
алынды.
Бүгінде заңдардың қазақ тіліндегі мәтіні
жеңіл оқылады, әркімге ұғынықты. Мұны
ел егемендігі тұсындағы қол жеткізген үлкен жетістік
деп айтуға әбден болады. Дегенмен, жалпы қауымға
«Нормативтік құқықтық актілер туралы»
Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес нормативтiк
құқықтық актінің мәтiнi заң
терминологиясы және заң техникасы сақтала отырып
жазылатынын қайталап айтқым келеді. Сондықтан заң
баптары мен тармақтарында, тармақшаларындағы кейбір
сөздердің қайталануы орынды, өйткені заң тілінде
ұғымдық дәлдік, дәл мағынаны беру негізгі
мәселе болып табылады.
Бұл тұрғыдан келгенде, заңнамада және ресми
құжаттарда қолданылатын сөздер мен сөз
тіркестерін біріздендіру – күн тәртібінен түспейтін,
үнемі жетілдіріп отыруды қажет ететін өзекті мәселе.
Сондықтан «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші,
барша заңгер, тілші, зерттеуші, аудармашы қауым, салалық
мамандар бұл іске бір кісідей атсалысқан жөн деп, - ойлаймын.
Кез келген заң заңи терминдермен жазылады. Заңи термин
заңнамаға кіргізілгеннен бастап, заңдық күшке
ие болады. Сондықтан заңнамалық
құжаттардағы тұрақты тіркестер, заңи терминдер
бірізді болуы керек. Заңға енгізілген тұрақты
тіркестердің басқа баламасы болмайды. Бір заңнамада бір
тіркес екі түрлі баламамен беріледі. Мәселен, азаматтық
кодексте теріс пиғыл деген тіркес кездессе, келесі заңдарда жат
пиғыл деген тіркес беріледі. Қазақ тілі өте бай тіл.
Теріс пиғыл, жат пиғыл, арам пиғыл деп қолдануға
болады. Аталған кодекстің өзінде «оперативное управление»
деген тіркес «жедел басқару» және «оралымды басқару» деп екі
түрлі берілген. Сондықтан заңнамаларда тіркестер біріздендірілуі
керек. Заң саласының маманын дайындайтын жоғары оқу
орындарында лингвист мамандарды дайындайтын бөлім ашу керек. Сонымен
қатар магистратурада заң және латын тілі атты бөлім
ашылғаны жөн. Өйткені біз Рим заңын
қолданысқа енгіздік. Яғни латын тіліндегі терминдерді
пайдаланамыз. Осы терминдердің қазақ тілді баламасын
жасайтын мамандарды дайындау керек. Сонымен қатар елімізде қолданатын
заңнамалар мен нормативтік-құқықтық
құжаттарға мониторинг жасап, терминдерді сараптан өткізген
жөн.
2007 жылы шыққан
«Заң терминдерінің сөздігінде» судебный пристав – сот
приставы деп берілген. Бұл терминді 1997 жылы Мемтерминком жасауыл деп
бекіткен. Ожеговтың түсіндірме сөздігіне жүгінсек,
судебный приставтың міндеті судебный исполнитель деген атауға
мазмұндас. Ал жоғарыдағы «Заң терминдерінің
сөздігінде» судебный исполнитель – сот орындаушысы деп берілгені орынды. Бүкіл терминдерімізді
біріздендіреміз деп жазып жүрміз. Кейбіреулер бірізділендіру дейді. Сонда
біз бірігіп алып ізденіп жүрміз бе, әлде бірізді етеміз деп
жүрміз бе? Айтып, жазып жүргендеріміздің қайсысы
дұрыс? Ойланайықшы.
Жалпы терминдерімізді бірізділендіру үшін төмендегідей
ұсыныстарды айтуға болады. Әрбір ғылым саласының
қазақ тіліндегі терминдерін бірізділендіру үшін
қазақша сәтті эквиваленттерін тауып, жүйелеу үшін
сол ғылым саласының кәсіби біліктілігі жоғары
мамандардан іріктеліп, құрылған топ болуы қажет. Терминжасаммен
айналысатын ғалымдарға қойылатын талап болу керек.
Критерийлер жасау қажет. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген
ғалымдар тартылуы керек. Олардың қазақ тілінде
жазған көркем аудармашылық еңбектері де болғаны
жөн. Ағылшын тілін, тағы да басқа шетел тілін
жақсы меңгерген және ғылыми атағы болуы тиіс.
Көптеген терминдер латын тілінен алынғандықтан, сол
атаулардың этимологиясын талдап, түсінетін қабілеті
болған жөн. Терминологиямен айналысатын топта міндетті түрде
сөзжасам заңдылықтарын білетін тіл маманы терминолог
ғалым болуы керек. Терминдерді тек сол саланың ғалымдары
ғана емес, филолог-терминологтың талқылауынан өткізіп
барып бекіту керек. Көп жағдайда терминдерді тек филолог
ғалымдар ғана талқылап, бекітіп жібереді, ал олар әр
саланың терминдері қандай затты, құбылысты, процесті
бейнелейтінін терең біле бермейді. Неғұрлым ғылыми
атағы жоғары болса, сол ғалым сәтті термин табады деген
пікір қате. Терминологтар полиглот болу керек.
Қазіргі таңда заң терминдеріндегі аударманы
жақсарту мақсатында Қазақстан Республикасы
Үкіметінің жанындағы мемлекеттік терминология
комиссиясының мүшелері, құқықтанушы,
заңгер ғалымдар, құқық қорғау
органдарының мамандары, мемлекеттік органдардың
қызметкерлері, жоғары оқу орындарының
профессор-оқытушылар құрамы, облыстық тілдерді дамыту
мен ішкі істер басқармаларының қызметкерлерін қатыстыра
отырып арнай іс-ашаралр өткізіліп тұрса [3, 1].
Заң терминдерін
қолданысқа ұсынылғанға дейін және
заңға енгізілгенге дейін жан-жақты пысықтап, саралап
алған дұрыс. Бір ұғымның бірнеше мағынасы,
бірнеше сипаты мен белгісі болуы мүмкін. Бір ұғымның
белгілерін анықтап, ішіндегі негізгісін тек сол саланың маманы
ғана анықтай алады. Бұл ретте жарыспалылық
болғаны дұрыс. Жарыспалылықтың орын алуына бірнеше
себеп әсер етеді. Біріншіден, беделге басу. Әр ғалым
өзі зерттеп, ұсынған терминді сөздікке енгізіп,
қолданысқа жібереді. Әркім өзінің пікірін
дұрыс көреді. Бірақ мұндай ұсыныстарды қолданысқа
енгізбес бұрын, зерделеп алған дұрыс. Екіншіден,
үйлестіру жұмыстарының кемшін болуы себеп болып отыр.
Яғни терминді сараптау, тілдік талаптарға сай келуін зерттеу
жұмыстары дұрыс жүргізілмейді. Әсіресе, республикалық
деңгейде үйлестіру жұмыстарын дұрыс жүргізу
керек. Заңда, нормативті-құқықтық
құжаттарда бір термин бірнеше мағанада қолданылады.
Заң тілі нақтылықты қажет етеді. Не туралы,
қандай сөз айтып отырғанымызды нақтылап, дәл
өз атымен атауымыз керек. Құқылы деген
сөздің өзін құжаттарда қақылы,
құқықты деп, пайдаланамыз. Ауызекі тілде бірнеше мағынасы
қолданылсын, бірақ кәсіби тілде бір мағынасы болуы
қажет деп, ойлаймын.
Терминдерді
ала-құла қолданып жүретін болсақ,
тіліміздің нормативті-құқықтық
құжаттарда заң тілі ретінде орнығуына кесірі тиеді. Заң
саласы – халықпен тығыз қарым-қатынас орнататын сала.
Қазіргі таңда
азаматтық, әкімшілік, қылмыстық жән, т.б.
заң салаларына қоса нарықтық экономикаға
қатысты заңдық нормативтер қалыптасты. Заң терминдерінің
қазақша аудармаларының тұрақсыздығы, бір
ізді болмауының қоғамдық және адамдық
қатынастардағы салдарлары да күрделі. Себебі заңдар мен
кодекстердегі әрбір тәртіп және құқық
бұзушылықтың, қылмыстық баптары мен
тармақтары адам денсаулығына, өміріне және
тағдырына әсер етеді, айып немесе жаза тағайындауда шешуші
рөл атқарады. Мәселен, иелену мен иемдену (владение –
присвоение) дегендегі «иелену» – заңды, заңмен қорғалатын
әрекет, ал «иемдену» заңсыз, заңмен қудаланатын
әрекет; немесе «асыра пайдалану» (превышение) мен «теріс пайдалану»
(злоупотребление) заңмен қудаланатын, екеуі де екі түрлі
баппен жазаланатын құқық бұзушылық
және қылмыс. Бопсалаушылық (вымогательство) пен
алаяқтық (мошенничество) ұғымдары да осындай.
2000 жылы заңтануға арналған қазақша-орысша,
орысша-қазақша сөздікте (31 томдық
терминологиялық сөздіктердің 30-томы) «авторлық
келісімшарт» «авторлық шарт» (183-б.), «административная ответсвенность»
«әкімшілік жауаптылық» дегенді «әкімшілік жауапкершілік»
(184-б.), «актуальность» – «өзектілік» (186-б.), «актуальный» –
«көкейкесті» (186-б.), «истец» – «талап арызшы» дегенді «отказ истца от
иска» – «қуынушының талаптан бастартуы» (275-б.) деп
аударылған. «Аморальный поступок», «антиобщественный поступок» дегендегі
«поступок» – «бейморальдық іс-әрекет» (187-б.),
«қоғамға жат қылық» (187-б.), яғни
«іс-әрекет, қылық» болып аударылған.
Заң терминдері мен ұғымдарының жоғарыдағыдай
ала-құла болуы терминжасамға қойылатын 1) бір
мағыналық 2) қысқалық 3) шарттылық,
жасандылық 4) тұрақтылық 5) бейтарап мәнділік
деген талаптардың орындала бермеуіне байланысты. Сонымен қатар
терминдер мен ұғымдарды аудару кезінде сөздердің бір мағыналы,
көп мағыналы ғана емес, тар мағыналы, кең
мағыналы болатынын ескерген жөн. Терминдер мен
ұғымдарды аударуда тілдердің грамматикалық
құрылысының ерекшеліктеріне қарай бір сөзді
бірнеше сөзбен, сөз тіркесімен, немесе керісінше аударуға
тура келеді. Мәселен, отводить (свидетеля) – (куәға)
қарсылық ету, приостановить – тоқтата тұру, отложение,
отклонять – кейінге қалдыру, отменить – тоқтату, күшін жою,
откладывать – шегіндіру, кейінге қалдыру, отсрочка – кейінге
қалдыру, отказывать – бастарту, қайтару, устранение – шеттету,
отклонять – шеттету, отвергать – қабылдамау.
Қорыта келгенде,
халықаралық немесе терминдердің қазақша
аудармаларын тұрақтандыру үшін, біріншіден, заңдар мен
заңдық актілерде қолданылатын терминдер мен
ұғымдардың түгелдей инвентаризациясын жасап,
баспасөз бетінде жалпы халықтық талқыға салып,
мамандар саралап төрелігін айтып, терминология комиссиясы біржола бекіту
керек; екіншіден, бекітілген заң
терминнін мойындап, басшылыққа алу керек; үшіншіден,
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік
басқару академиясында терминология тақырыбына қатысты
семинар-сабақтар жиі ұйымдастырылса; төртіншіден, Қазақстан
Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік
терминологиялық комиссиясы бекіткен терминдер Тіл комитетінің
веб-порталында әр сала бойынша орналастырылса, нұр үстіне
нұр болар еді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: