Право / 5.Уголовное право и
криминология.
Оқытушы,
құқық магистрі Омар Б.М
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университет. Қазақстан
Қазақстан
Республикасының құқық қорғау
жүйесiн реформалаудағы Жеке детектив қызметін қалыптастырудың құқықтық
маңызы
Жеке детектив десе, есімізге XIX ғасырдың
аяғы мен XX ғасырдың басында ғұмыр кешкен
атақты із кесуші Шерлок Холмс еске түседі. Жеке ізкесушілік (детективтiк) қызметі шетел тәжiрибесiнде
ширек ғасырдан бері қызмет етіп келеді. Мәселен, француз жеке
iзкесушiлiк қызметiнiң iргетасын полиция шефi Эжен Франсуа Видока,
ал америкалық тыңшылық агенттiгiнiң негiзiн Алан
Нитаниэля Пинкертон қалады. Ресми мәлiметтерге сүйенсек,
бүгiнде Америка елiнде үш жарым мыңға жуық
тыңшылық агенттiгi мен iзкесушiлiкпен айналысатын бюро-компаниялар
жұмыс iстейдi екен. Айталық, АҚШ-та қалалық
өркениет қарқынды дамыған. Халықтың 80-90
пайызға жуығы мегаполистерде өмiр сүредi. Бұқара тығыз орналасқан аймақта қылмыстың белең алатыны тағы рас. Сондықтан, құқық қорғау органдарымен қатар жеке детективтердiң де көмегiне жүгiнуге тура келедi. Сансыз сұраныс бар жерде бәсекелестiк те қарап қалмайды. Дамыған сайын қарқынын жоғарылатады. Нәтижесiнде жеке iзкесушiлiк мекемелер көбейе түседi. Ал,
көрші мемлекеттердің ішінде Ресейде жеке детектив қызметі
жұмыс істеп, өз нәтижелерін көрсетіп те жатыр. Бүгiнде ресейлiк детективтердiң тiрлiгiнен
кәсiбилiктi байқау қиын емес. Сол себептi, орыс iзкесушiлерiнiң табыстары да мол. Бiр қызығы, олар өздерiнiң қызметi үшiн қанша қаржы алатындықтарын көбiнде жарияламайды. Коммерциялық құпия ретiнде сақтайды. Тiптi, өзi аңдыған адамын жасырын бейнекамераға да түсiруге құқылы. Бiрақ, бұл қызмет құны қымбат бағаланатын көрiнедi [1, 1].
Еліміз тәуелсіздік алып, әлемнің
дамыған елдерінің озық үрдістерін үйреніп,
жүзеге асырып жатыр. Құдайға шүкір, қазіргі
таңда көкейдегі ойларды бүкпесіз айтуға мүмкіндік
бар. Соңғы жылдары
Қазақстанда жеке ізкесушілік қызметтi заңдастыру,
яғни жариялылықпен заңдастыру жөнiндегi мәселе
жиi-жиi қозғалып, БАҚ-да айтылып та, жазылып та жүр. Оны
аз десеңіз, заң жобасы да дайындалып Парламентке
қаралуға ұсынылған болатын. Нақтырақ
айтсақ, «Жеке детективтiк қызмет
туралы» заң жобасын жасауға 2003 жылы Қазақстан
Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң екiншi
шақырылымының 6 депутаты бастамашы бола бiлдi. Содан берi бұл
мәселе бiрнеше рет Парламентте қаралып, талқыланып,
қолдау таппай керi қайтарылғаны да баршаға аян. Арада
бірталай уақыт өтсе де, ол әлі күнге дейін
қабылданбай, кері қайтарылу үстінде. Сенаторлар «Жеке детективтiк қызмет туралы» заң
жобасының тұжырымдамасы Ата Заңымыздың негiзгi
әрi маңызды ережелерiне, сондай-ақ елiмiздiң
қолданыстағы заңдарына қайшы келедi деген
қорытындыны да жариялаған кезi болды. Заңның
кері қайтарылуының бір себебі ретінде ғалымдар жеке із
кесушілік қызметі еліміз азаматтарының жеке өмірі мен
отбасына араласып қана қоймай,
қызметтік-қоғамдық қарым-қатынастарына
зияндарын тигізулері мүмкін, деген пікір
айтады. Тіпті, кейбірі жеке із кесушілік заңдастырылса,
құқық қорғау органдарының
жұмысына қол сұғылып, кедергі туады дегенді де тілге
тиек етеді [2, 1].
Шын мәнiнде детективтер
құқық қорғау органдарының тiкелей
көмегiмен қарапайым азаматтардың мүддесiн,
өмiрiн, жеке меншiгiн қорғау жолында қызмет етуi
қажет. Бұл әлемдiк тәжiрибеде көрiнiс тапқан дүние. Ал, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау Ата Заңымыздың негiзгi баптарының бiрi. Сонымен қатар, елiмiзде бүгiнгi күнге дейiн жеке детективтiк қызмет туралы арнайы заң қабылданбаған. Осыны ескерген
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда өткен құқық
қорғау жүйесiн реформалауға арналған жиында жеке
детективтiк институт құруды тапсырған болатын. Президент
өз сөзiнде: «Мүдделi мемлекеттiк органдар республикамызда
жеке детектив қызметi институтын енгiзу туралы ұсыныс енгiзiп,
бұл мәселенi пысықтауы керек. Бiрақ жеке детективтiк
қызметтi енгiзу құқықтық тәртiп пен
заңдылық, адам құқы мен бостандықтарын
сақтау, мемлекеттiк мүдделердi қорғау
тұрғысынан туындайтын бiрқатар шарттармен ұштасуы
тиiс»,-деп мәлiмдедi [1, 1].
Қазіргі таңда, Президент
пәрменiне орай сала мамандары қабылданғалы жатқан
заң жобасына ұсыныстарды әзiрлеуге кiрiсіп те кетті. Президенттiң
жеке детективтiк институт құру жөнiндегi шешiмi
құптауға тұрарлық. Неге десеңiз, бұл - заман талабы. Iзкесушiлiк Батыс елдерiнде бағзы заманнан қолданыста бар. Бiздiң тәуелсiз мемлекетiмiз де
құқықтық мемлекет құру
мақсатында өркениеттiң көшiнен қалмай, iлесе бiлуi заңдылық.
Бүгiнде арнайы заң жобасы
әзiрленiп жатыр. Құжатты әзiрлеу барысында әлемдiк тәжiрибеге сүйенiп, жеке детективтiк қызметтiң қыр-сырын жан-жақты зерттеп алған жөн. Сонда барып шешiм қабылданса, ұтылмаймыз. Көшедегi көлденең көк атты лицензия алып, адамның жеке өмiрiне, отбасына, туған-туыстарына заңсыз қиянат көрсетпеуi тиiс. Болашақ детективтер бұрын сотталмаған, құқық қорғау органдарында жұмыс iстеген, тәжiрибелi, жоғары бiлiмдi азаматтар болса, тiптi жақсы. Менің айтайын дегенім, ең алдымен жеке iзкесушiлерге қойылар талапты күшейткен абзал.
Жуырда ғана Ақордада
құқық қорғау органы жүйесіне
демилитаризация жасауды бастау қажеттігі жөнінде жиын
өткені белгілі. Сол жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: Құқық қорғау органдарын реформалау қажеттіліктен туып отырғаны да рас. Сонымен қатар, аталмыш жиында Елбасы жеке детектив қызметін енгізу керектігі жайында әңгіме қозғап,
«мүдделі мемлекеттік органдар Республикада жеке детектив қызметін енгізу туралы мәселені талдап, ұсыныс енгізу қажет. Мұның өзінде жеке детектив қызметін енгізу заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін,
мемлекет мүддесін сақтау мүдделеріне байланысты бірқатар шарттармен және шектеулермен сабақтасуы тиіс», – деген болатын. Расында
елімізде бұл қызмет түрін құру,
құқықтық реттеу қажеттігі мемлекет
тарапынан бақылануы тиіс көптеген коммерциялық
құрылымдарда қауіпсіздік қызметінің іс
жүзінде жұмыс істеуінен туындап отырғаны айтпаса да
түсінікті жайт. Сондай-ақ, жеке детективті енгізу адамдарға
құқықтарын іске асыруда балама мүмкіндік
беретіндігі де ақиқат.
Кезінде депутат Рауан Шаекин жеке детектив
қызметін енгiзудің Ата Заңымызға қайшы
келмейтіндігі жайында ойын білдірген. Ол: «Қаралып отырған
қызмет саласын құқықтық тәртiпке
келтіру қажеттiгi, мемлекет тарапынан бақылануы тиiстi көптеген
коммерциялық құрылымдарда қауiпсiздiк
қызметiнiң iс жүзiнде жұмыс iстеуiнен туындап отыр», –десе,
бұрынғы Мәжіліс депутаты Серiк Әбдiрахманов осы пiкiрдi
қолдай отырып: «Жеке детективтерге ақпарат беру де заңмен
қамтамасыз етiлуі тиіс және олар Iшкi iстер министрлiгiнiң
құзырында болмақ. Жеке із кесуші бұрын сотталмаған,
жоғары заңгерлiк бiлiмi бар, кем дегенде 3 жыл құқық қорғау органында еңбек еткен адам болуы керек. Жаңа заманда құқық қорғау органдарының қызметi
заңдармен реттелген, қалыптасқан.
Ал,
нарық заманының өз талабы бар. Мысалы, адам жоғалса ресми түрде құқық қорғау органдары тек үш тәулiк өткен соң ғана iске кiрiседi. Адам жоғалып жатқанда,
үш тәулiк деген көп уақыт қой. Ал, мемлекеттiк емес, детективтiк ұйымдар
iздестiру жұмысына бiрден кiрiсе алады. Тез арада дерек жинап үлгеру
– тексеру мен iстiң шешiмiн тездетуге ерекше үлес қосады»
– деп,
бұл бастамаға қолдау білдірген болатын [2, 1].
Қазақстан
Республикасының Президентінің әрбір Жолдауы ел
өмірінде бүкіл қоғам күткен маңызды
оқиға болып табылады. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы
Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына ең
алғашқы Жолдауы есебіндегі «Қазақстан-2030» Стратегиялық
даму бағдарламасының алатын орны ерекше. Өйткені,
бұл бағдарламалық құжат мемлекетіміздің
әлеуметтік-экономикалық дамуының басты құжаты
екенін атап көрсеткен жөн. Одан кейінгі Жолдаулар мен басқа
да басымдықтар сол «Қазақстан-2030» Стратегиясымен тікелей
байланысты түзілетіні де дамуымыздың ұзақ мерзімді
кезеңге бағытталғандығымен түсіндіріледі [3, 1].
Қазақстан Республикасының Президенті
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2012 жылғы
«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту –
Қазақстан дамуының басты бағыты» атты
халыққа арнаған Жолдауында сот қызметіне қатысты бірқатар міндеттерді
айқындап берген болатын. Онда, «Сот және
құқық қорғау жүйесін
жаңғырту, сот корпусын қалыптастыру тәртібін
түбегейлі қарастыру қажет. Биыл жаңа
Қылмыстық-процессуалдық кодексті, жекеменшік детектив
қызметі туралы заң жобасын әзірлеуді аяқтау
қажет», – деді Елбасы [4, 1].
Қазіргі
таңда, мүдделі мемлекеттік органдар республикамызда жеке детектив
қызметі институтын енгізу туралы ұсыныс енгізіп, бұл
мәселені пысықтауы керек. Бірақ жеке детективтік
қызметті енгізу құқықтық тәртіп пен
заңдылық, адам құқы мен бостандықтарын
сақтау, мемлекеттік мүдделерді қорғау тұрғысынан
туындайтын бірқатар шарттармен ұштасуы тиіс» деп мәлімдеді
Президент Нұрсұлтан Назарбаев құқық
қорғау жүйесін реформалауға арналған жиында. Отандық
заңгерлер мен депутаттар елімізде детективтік қызмет институты
қалыптасса, бұл жасалған қылмыстардың
көптеп ашылуына ғана емес, сондай-ақ
құқық қорғау саласының оңтайлы
дамуына өзіндік сеп боларына сенімді [5,
1].
Осы
тұста біршама заңгер ғалымдар мен депутаттардың
пікірлеріне назар аударсақ. Камал
БҰРХАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
- Жеке детективтік
жүйе - шет мемлекеттерінде, әсіресе, Америка мен Еуропада
кеңінен тарап, дамыған дүние. Оның үстіне
қай салада болмаса да, бәсеке болғаны дұрыс. Шынайы
бәсекелестік кез келген саланың оңтайлы дамуына зор
үлес қосады. Сондықтан Елбасының бастамасын барынша
қолдау керек. Бұл бағытта шетелдік жүйені
егжей-тегжейіне дейін зерттеп, оның жетістіктері мен жақсы
тұстарын айқындап, олқы тұстарын ескере отырып,
нақты іс-қимылдарға барған жөн. Әрине, елімізде жеке детективтік
қызмет институтын енгізу үшін тиісті заң қабылдануы
керек. Тиісті министрлік заң жобасын дайындап, оның нобайын Сенат
пен Мәжіліске көрсетіп, ол жан-жақты талқыланып,
сараптама жасалуы керек. Халық алдында құқық
қорғау органдарының іс-қимылдары айқын әрі
әділетті болуы тиіс. Әйтпесе кейбір кездері ел ішінде
«қылмыстық іс қозғалмай жатыр» деген
әңгімелер жиі айтылады. Өкінішке қарай,
мұндай фактілер бар. Мәселен, «полиция қызметінің
көрсеткіші төмендеп кетеді» деп мұндай теріс
әрекеттерге барып жатқандар да жоқ емес. Кейбір
жағдайларда тергеу жұмыстары созылып кетеді. Сондықтан
мұндай жайттардың бәріне де халық наразы емес пе?! Ал
детективтік қызмет қалыптасқан жүйеге әсер етіп,
бәсекелестікті туындатқан соң, көп мәселелер
өз уақытында шешіледі деп ойлаймын.
Әбдіқаһар
СЕЙІТЖАНОВ, заңгер, әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың әкімшілік департаментінің директоры:
- Елбасының
құқық қорғау органдары басшыларымен
кездесуінің қорытындысы бойынша арнайы
құқық қорғау органдандарына қатысты
заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу
мәселесі қаралды. Бұл мәселені Елбасы өз
Жолдауында да айтқан болатын. Сол Жолдауға сәйкес,
арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, құқық
қорғау органдарындағы қызметті жаңаша
бағытта дамытуға байланысты, оның қоғамдағы
орны мен маңызын арттырып, азаматтардың құқы мен
бостандықтарын қамтамасыз ету турасында тиісті заңға
қажетті өзгерістер енгізу жөнінде Жарлыққа
қол қойды. Осылайша Қазақстанда тұңғыш
рет жеке детективтік қызмет институты, яғни адамдардың
құқықтары мен бостандықтарына байланысты
қызмет атқаратын жекеменшік сала құрылатын болды.
Бұл - мемлекеттік органдармен қатар, жеке азаматтардың
құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз
етуге өте қажетті қызмет. Өйткені бүкіл әлемнің алып елдерінде осы
бағыт дамыған. Бұл қызмет міндетті түрде
мемлекеттік тіркеуден өтеді және мемлекеттік
қадағалауда болуы тиіс. Себебі бұл жерде азаматтардың
құқықтарына ешқандай шектеулер қойылмауы
керек. Егер де азаматтардың жеке басының, отбасының
құпиялары жарияланатын болса, онда мұндай детективтік
қызмет біздің қоғамға жақсылық
әкелмейді. Бұл арада «Жеке детективтік қызмет туралы»
заң қабылдап, оның қызметін нақты белгілеуіміз
керек. Бұл
қызметтің қоғамға қажеттілігі ерекше
сезіліп тұр. Азаматтардың барлығы
құқық қорғау органдарына шағымдану
арқылы өзінің бұзылған
құқықтары мен бостандықтарын көп
жағдайда қалпына келтіре алмайды. Сондықтан мұндай
жекеменшік детективтік мекемелер мен ұйымдар құрылса,
бұл жалпы азаматтармен қатар, құқық
қорғау органдарының жұмысына белгілі бір
жеңілдіктер әкелуі мүмкін. Бүгінде көптеген
азаматтар құқық қорғау органдарына
көп мәселелер бойынша шағымданбайтыны тағы рас. Ал
азаматтар детективтік мекемелер өкілдерімен белгілі бір шартқа
тұру арқылы өздерінің бұзылған
құқықтарын қалпына келтіріп алуына
мүмкіндік туады. Сондықтан детективтік мекемелер тәуелсіз,
өз бетінше қызмет атқара алатындай деңгейде
құрылуы тиіс. Оның үстіне олардың қажетті
мағлұматтарды алуға мүмкіншіліктері болуы керек [5, 1].
17.08.2012
ж. күні Астанада Әділет министрлігі жекеменшік детектив
қызметі туралы заң жобасын әзірлеу барысындағы өткен
жиында Әділет министрлігінің заң қабылдау институты
директорының міндетін атқарушы Жанат Құлжабаева «Заң
жобасы жекеменшік детектив қызметтеріне тапсырыс берушілердің
құқықтары мен заңды мүдделерін
қорғау мақсатында жекеменшік детективке жекеменшік детективті
қызмет жүргізуге мүмкіндік береді, заң жобасында
бұл қызметтің тәртібі реттелген, шектеулері
белгіленген», - деді. Ол атап өткендей, іс жүзінде жекеменшік
детективті қызмет азаматтарға заңды мүдделерін
қорғау жолдарын таңдауға мүмкіндік береді
және демократиялық қоғамның қажетті
элементі болып табылады [6, 1].
Қазіргі
таңдағы Жекеменшік детектив қызметі туралы заңды
қабылдау мақсатында Қазақастан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне
өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе. Мысалы, онда жекеменшік детектив
қызметіне қатысты арнайы нормалар енгізіліп, әрі
қарай осы норманы орындау, іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында
оған сәйкес нормативтік құқықтық
актілерді қабылдау қажеттігі туады. Жекеменшік детектив
қызметі туралы заң қабылданар болса, оның
құқық қорғау қызметіне оңды
ықпалын тигізері сөзсіз. Бұл жерде қарапайым
халықтың да жекеменшік детективтің қызметіне қол
жеткізе алу мүмкіндігін заңда қарастыру қажет деп
есептеймін.
Жекеменшік детектив
қызметі туралы заң жобасын құру біз үшін
әрине оңайға түспейтіні анық. Себебі, жекеменшік
детектив құрылымдары жедел іздестіру шараларын жүргізуге
көп мүмкіндік алады. Ал, бұл күрделі мәселе болып
табылады. Сондықтан, Жекеменшік детектив қызметі туралы заңды
азаматтардың конституциялық құқықтарына
нұқсан келтірмейтіндей етіп әзірлеп, қабылдау керек
деп, - ойлаймын.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: