ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ СИПАТТАҒЫ МӘЖБҮРЛЕУ ШАРАЛАРЫНЫҢ ТҮРЛЕРІ БОЙЫНША ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

 

Абуова Нуржахан Ермагамбетовна, М.Әуезов атындағы ОҚМУ магистранты, заң ғылымдарының кандидаты Улданай Карахановна Сартбаева

 

Қылмыстық құқықтағы медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрлері бойынша мәселені сөз етуде, алдымен оның тарихи ерекшелігі мен белгілеріне тоқталуды жөн көру қажет. 

Құқықтық-тарихи кұбылысын анықтауда 1959 жылғы Қазақ ССР Қылмыстық  кодексінің Жалпы бөліміне 1988 жылы мынадай мазмұндағы V бөлім енгізілді.

Медициналық және тәрбиелік сипаттағы еріксіз шаралар туралы.

49-1-статья. Есі ауысқан адамдарға медициналық сипаттағы еріксіз шараларды қолдану.

Есі дұрыс емес күйде қоғамға қауіпті іс-әрекеттер жасаған немесе мұндай іс-әрекеттерді есі дұрыс күйде жасаған, бірақ үкім шыққанға дейін немесе жазасын өтеген кезде өз әрекеті жөнінде өзіне есеп беру немесе өз әрекетін басқару мүмкіндігінен айыратын есі ауысқан аурумен ауырған адамдарға сот денсаулық сақтау органдарының емдеу мекемелері жүзеге асыратын мынадай медициналық сипаттағы еріксіз шараларды қолдануы мүмкін:

1) әдеттегі бақылаудағы психиатриялық ауруханаға орналастыру;

2) күшейтілген бақылаудағы психиатриялық ауруханаға орналастыру;     

3) қатаң бақылаудағы психиатриялық ауруханаға орналастыру – делінген [1].        

Ал, Қазақстан Республикасы 1997 жылғы Қылмыстық кодексінің 90-бабында медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрлері анықталған. Онда ҚК 88-бабында аталған адамдарға сот қолдануы мүмкін шаралар тізбесі келтірілген.

1. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының:

а) емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емделу;

б) жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу;

в) мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу;

г) интенсивті қадағаланатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түрлерін тағайындауы мүмкін.

2. Есі дұрыс күйінде жасалған қылмысы үшін сотталған, бірақ алкоголизмнен, нашақорлықтан (уытқұмарлықтан) емдеуді не психикасының есі дұрыстығын жоққа шығармайтындай бұзылуынан емдеуді қажет ететін адамдарға сот жазамен бірге емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емдеу түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкін [2] .

Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын таңдауда, аталған шара Қылмыстық кодекстің 89-бабында көрсетілген медициналық сипатқа жететін мақсатты қамти алады ма, адамның психикалық жағдайын емдеу мен жақсартуды және Қылмыстық кодекстің Ерекше бөліміндегі көрсетілген жаңа іс-әрекеттерді жасаудан сақтандыруды қамтамасыз ету керек. Соттың медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын таңдаудағы шешемі сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысымен негізделеді  [3].

Сонымен, бір жағынан, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 88-бабында көрсетілген "адамдарды емдеу" немесе "олардың психикалық күйін жақсарту, сондай-ақ қылмыстық заңның ерекше бөлімінде көзделген жаңа іс-әрекет жасауының алдын алу" мақсатына басқаша жолмен жету мүмкін болмаған жағдайларда медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалады. Ал, екінші жағынан, мәжбүрлеп емдеудің түрі қатаңдығы жағынан аталған мақсаттарға жету үшін қажетті және жеткілікті дәрежеден аспауы тиіс. Егер тиісті тәртіптегі түзеу мекемесінің қай түрінің таңдалатыны қылмыстық іс-әрекетке және қылмыскер тұлғасына берілетін қылмыстық-құқықтық бағаға тәуелді болса, онда медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын таңдау есі дүрыс емес адамның жасаған қоғамға қауіпті іс-әрекетінің ауырлығына байланысты.

Соттың мәжбүрлеп емдеудің түрін таңдауының заңдылығы мен негізділігі іс жүргізу заңында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, іс бойынша алдын ала тергеу амалдарын жүргізудің және сотта қараудың міндетті болуы арқылы қамтамасыз етіледі. Адамның психикалық күйі және оның мінез-қүлық болжамы туралы сот-психиатрия сараптамасы қорытындысының да маңызы зор. Сарапшының қорытындысына сот басқа дәлелдемелермен жиынтықта баға береді.

Мынадай белгілер бар болғанда адам мәжбүрлі түрде психиатриялық стационарға орналастырылады: а) Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінде көзделген іс-әрекет жасаған кезде оның есі дұрыс емес күйде болғанын анықтайтын немесе қылмыс жасалғаннан кейін оған жаза тағайындауды не жаза орындауды мүмкін етпейтін психикасының бұзылуы; ә) психикасының бұзылуына байланысты осы адамның өз-өзіне немесе басқа адамдарға елеулі зиян келтіру мүмкіндігі, бұл емхана жағдайында жүзеге асырыла алмайтын емдеу, күту, ұстау және бақылаудың ерекше жағдайын қажет етеді.

Мәжбүрлі психиатриялық шараларды қолданудың негіздері мен тәртібі Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі  "Психиатриялық жәрдем және оны көрсеткен кезде азаматтардың құқықтарына берілетін кепілдіктері туралы" заңында көзделген. Осы заңның 29-бабы бойынша, психикасының бұзылуынан зардап шегетін адамды тексеру және емдеу стационар жағдайында ғана мүмкін болса, ал оның психикасының бұзылуы ауыр болса және мынадай жағдайлар: 1) оның өз-өзіне (аутоагрессивті мінез-құлық) немесе айналадағы адамдарға (гетероагрессивті мінез-құлық) тікелей қауіп келтіруіне; 2) оның дәрменсіздігіне, яғни тіршілік үшін қажетті негізгі сұраныстарын өз бетінше қанағаттандыра алмайтын күйге; 3) егер адам психиатриялық көмексіз қалса, психикалық күйінің нашарлауына байланысты оның денсаулығына елеулі зиян келуіне әкелсе, онда психикасының бұзылуынан зардап шегетін адамды оның келісімінсіз немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз соттың қаулысы шыққанға дейін оның еркінен тыс психиатриялық стационарға орналастыруға болады [4].

Әрбір нақты жағдайда қажетті стационардың қай үлгісін таңдау керектігін емдеуге орналастырылатын адамның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып, оның және басқа адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету өлшемін ескеріп сот шешеді. Мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационар және күшейтілген бақылау жасалатын мамандандырылған психиатриялық стационар тек медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын ғана жүзеге асыруға арналған. Ал, жалпы үлгідегі психиатриялық стационар мәжбүрлі, адамның еркінен тыс және оның еркі бойынша кәсіби және мамандандырылған көмек көрсетеді. Күшейтілген бақылау жасалатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационар - дербес емдеу мекемесі.

Қылмыстық, кодексте “мәжбүрлеп емханалық бақылау және психиатрда емдеу” жаңалығының пайда болуы медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын саралап жіктеу үрдісінің басталғанын көрсетеді. Осындай шара енгізу туралы ұсыныс заң әдебиетінде бірнеше рет айтылған.

Біздің білуімізше, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психиатриялық стационар жағдайында бақылау мен емдеу, сондай-ақ емханалық жағдайда бақылау мен емдеу болып екіге жіктеледі. Өкінішке орай, қылмыстық заң мәтінінен басқаша  түрде жіктеу келіп шығады: емханалық бақылау мен емдеу шарасы емханада мәжбүрлеп бақылау мен емдеу және емханада өз еркімен бақылау мен емдеу болып тағы екіге бөлінеді. Заңда дәлдік болуы үшін ҚР ҚК-нің 90-бабын жаңаша тұжырымдауды ұсынамыз.

90-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрлері.

1. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының:

а) мәжбүрлеп емханада қадағалау және психиатрда емделу;

б) жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу;

в) жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп бақылау және емдеу;

г) мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп бақылау және емдеу түрлерін тағайындауы мүмкін.

2. Есі дұрыс күйінде жасаған қылмысы үшін сотталған, психикасының есі дұрыстығын жоққа шығармайтындай бұзылуынан емдеуді қажет ететін адамдарға сот жазамен бірге емханалық мәжбүрлеп бақылау және психиатрда емдеу түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкін деп көрсетілген.

Қазақстан Республикасы 1977 жылғы ҚК-нің 91-бабында "Егер адам өзінің психикалық жай-күйі бойынша психиатриялық стационарға орналастырып емдеуді қажет етпесе, осы Кодекстің 88-бабында көзделген негіздер болған жағдайда емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емдеу тағайындалуы мүмкін – делінген.

Біздің ойымызша қылмыс жасағаннан кейін психикасының бұзылуына ұшыраған адамға соттың үкімі шыққанға дейін мәжбүрлеп емханалық бақылау және психиатрда емдеуді тағайындау заңның рухына қайшы келгенімен, оның талабына сай. Жекелеген авторлар "қарастырылып отырған шара психикасы қатты бұзылған, сол себептен қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босатылатын адамдарға қолданылған кезде, оның мәнісі мынада: осы шара қолданылатын адам науқастың тұрғылықты жері бойынша емханалық психиатриялық көмек көрсететін мекеменің бақылауына жіберіледі" деген пікір білдіреді [5].

Қылмыстық құқық курсының авторлары мәжбүрлеп емханалық бақылау және психиатрда емдеу тағайындалған адамдарға, өздерінің психикалық күйінде стационарға жатып емделуді қажет етпейді. Олардың осындай ауру белгілерінің тез кетуі мен емделуінің нәтижесіне, психиатрда емделудің өзі жеткілікті болып табылады  [3].

Психикасының созылмалы бұзылуынан және кемақылдылықтан зардап шегетін, әрі қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған адамдарды өмір бойы мәжбүрлеп емханалық бақылауға алған дұрыс деп есептейміз. Мүндай адамдарды өмір бойы мәжбүрлеп емханалық бақылау және емдеу туралы ереже Қылмыстық кодекске де, сол сияқты Психиатриялық көмек туралы заңға да енгізілуі тиіс.

Жаза орындаумен ұштасқан медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қарастырғанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 90-бабы 2-бөлігі бойынша "есі дұрыс күйінде жасалған қылмысы үшін сотталған, бірақ алкоголизмнен, нашақорлықтан (уытқұмарлықтан) емдеуді, не психикасының есі дұрыстығын жоққа шығармайтындай бұзылуынан емдеуді қажет ететін адамдарға сот жазамен бірге емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емдеу түрінде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкін" екендігін нақтылау керек. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 90-бабы 2-бөлігінде көзделген жағдайларда медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары бас бостандығынан айыру жазасын өтеу орнында, ал жазаның басқа түрлеріне сотталған адамдарға қатысты - денсаулық сақтау органдарының емханалық психиатриялық көмек көрсететін мекемелерінде орындалады. Егер тағайындалған жазаны шартты деп есептеу жөнінде соттың қаулысы шықса және адамға мәжбүрлеп емханалық бақылау және психиатрда емдеу тағайындалса, онда бұл адам сотталғанның мекен-жайы бойынша психиатриялық көмек көрсететін психиатрдың бақылауына жіберіледі.

Мәжбүрлеп емханалық бақылау және психиатрда емдеуді тағайындау туралы соттың шешімі адамның өзіне жарияланып қана қоймайды, сонымен қатар соттың шешімін орындауға міндетті әділет органдарына, сондай-ақ психоневрологиялық диспансерге жолданады. Сотталған адам психиатр белгілеген мерзімділікпен дәрігерге көрінеді. Адам психиатр ұсынған емдеу-диагностикалық шараларды орындайды. Егер берілген жаза бас бостандығынан айырумен байланысты болмаса, онда кешенді медициналық-әлеуметтік оңалту процесі барысында адамға әлеуметтік көмек беріледі. Психиканың бұзылуы асқынып, адамның қоғамға қауіптілігі артқан жағдайда психиатр дәрігерлер комиссиясының ұсынысымен сот мәжбүрлеп емханалық емдеуді психиатриялық диспансерде (әдетте, жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда) мәжбүрлеп емдеуге өзгертуі мүмкін.

Осы аталғандарды қорытындылай келе психикасының бұзылуынан зардап шегетін сотталғандарды емханалық бақылау және психиатрда емдеу дәрігерлерді психиатриялық көмек көрсетудің сапасын жоғарылатуға ынталандырмайды деген болжам жасағымыз келіп отыр, өйткені емделуден бас тартатындарды мәжбүрлеуге болады. Медициналық сипаттағы, нақтылағанда, медициналық-әлеуметтік сипаттағы шара адамның еркімен жасалса, бұл психиатрды жұмыс сапасын үздіксіз жақсартуға, сотталғандарды осы процесті өзімен бірге орындауға қызықтыруға міндеттер еді.  Мысалы, сотталғандардың біреуі психотерапия сеансында басқа адамдарға кедергі жасаса, ал психотерапевт оны ынтымақтастыққа шақыра алмаса, онда әлгі шара ерікті болған жағдайда адамды психотерапевтік топтан уақытша аластатып, өзіне арнап топқа оралу жөнінде жеке-дара оңалту бағдарламасын әзірлеуге болады. Мәжбүрлі шара жағдайында "жұмсақ фиксация" әдісін, психофармакологиялық дәрі-дәрмек және т.б. пайдаланып сотталушыны психотерапевтік топта қалуға мәжбүрлеуге болады, бірақ мұндай оңалту бағдарламасынан пайда болмайтынын көре білгенмен, оны пайдалануға мәжбүрлікті қажет екеніне теориялық көзқараспен практика жүзінде қолдануды қажет деп табамыз.

 

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1.        Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Жаршысы. 1988 жылғы 31 наурыздағы жарлығы. Алма-Ата, 19988. №15.

2.        Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне түсінік. Алматы, 2030  Құқықтық бастама. 2001.

3.        Уголовный Кодекс Республики Казахстан. Общая часть Комментарий. Алматы, Жеті жарғы. 1999.

4.        Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі заңы /Психатриялық жәрдем және оны көрсеткен кезде азаматтардың құқықтарына берілетін кепілдіктер туралы. Алматы, Егемен Қазақстан. 1997 жыл. 22 сәуір.

5.        Комментарий к Уголовному кодексу Республики Казахстан /Под общ.ред. И.Ш. Борчашвили, Г.К.Рахимжанова. Караганда, 1999.