з.ғ.к., доцент А.І.Дәркенбаев

 «Заңтану» мамандығы, 

1-курс магистранты

                                                                                          С.Т.Бүркітбай

 

Өнеркәсіптік меншік объектілерінің азаматтық құқық жүйесіндегі орнын анықтау

Қазақстан экономикасы үшін интеллектуалдық шығармашылық қызмет нәтижелері, соның ішінде әсіресе жаңа техникалық шешімдердің маңыздылығы барған сайын кеңейе түсуде. Өнеркәсіптің жүйелі тоқырауы мен отандық өнімдердің бәсекеге қабілетсіздігі патенттік қорғалуды қажет ететін жаңа технологияларды, жаңа техникалық және көркемдік-құрылымдық шешімдерді іздеуді талап етеді.

Нарық экономикасының негізгі бағыттары мен еліміздің бет алған тұрақты даму стратегиясында қамтылған міндеттерге жету техника мен технологияның жаңа нысандарының пайда болуын талап етеді. Осы талапты орындау үшін ең алдыменен табиғи жаңа, өнеркәсіпте қолдануға болатын, өнертабыстық деңгейі мен бірегей қасиеті бар материалдық бұйымдар арқылы қолданысқа енетін объектілердің құқықтық қорғау механизмі абсолютті болуы қажет.

Мемлекет басшысымен Казақстанның болашақ 10 жыл ішінде әлемнің елеулі бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылу міндеті қойылған. Шикізат экономикасынан бас тарту, ғылымның өндіріске барынша жақындауы,  отандық индустрияның жоғарғы технологиялы-инновациялық жолға ауысуы қайта-қайта айтылуда. Осы мақсатта елдің ғылыми-техникалық потенциалын ғылым дамуының қажетті бағыттарына шоғырландырып, олардың жетістіктерін өндіріске белсенді енгізу үшін жағдай жасап, ынталандыру талаптарын қою қажет.

Техникалық шешім саласында қазіргі таңда орын алған жағдай мемлекеттік органдардың тапсырысы бойынша жасалатын ғылыми зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыс өнімдерін игеру және оларды өндіріске енгізу механизмдері қалыптастырылмағандықтан, көпшілік жетістіктердің қолданыссыз қалуы айтылуда [1, 26 б.].

Қазақстан үшін өнеркәсіптік меншікке құқықтарды қорғау қажеттілігінің негізгі себептері ретінде:

- өнертапқыш қызметкерлері мен өнертапқыштарды ынталандыру арқылы өнертапқыштылықты дамыту және жаңа технологияларды әзірлеу деңгейін көтеруді;

- қоғамды, мемлекетті жаңа ашулармен қамтамасыз етуді;

- жаңа технологияларды әзірлеуге кең көлемді қаржы жұмсалуына қазақстандық және шетелдік инвесторларды тартуды;

- ел экспортына жәрдемдесуді (өнеркәсіптік меншік объектілеріне сырт ел тұлғаларының құқықтары қорғалмаса, елге сырттан тауарлар әкелінбейді);

- техникалық шешімдер авторларының құқықтарын қорғау арқылы әділеттілікті орнатуды;

- ұлттық өнер мен мәдениетті қорғауды;

- тұтынушыларды жалған тауарлар мен қызметтерді пайдалануына жол бермеуді қарастыруға болады [2, 35-37 бб.].

Өнеркәсіптік меншік объектілері санының ұлғаюы, олардың өндірісте кең қолданылуы еліміздің экономикалық дамуын басқарудың жаңа жүйесін қамтамасыз етеді. Және бұл жүйе дүниежүзін күшпен емес, зияткерлікпен жаулауды білдіреді.

Дүниежүзінде өнеркәсіптік меншік объектілерінің сандық деңгейі бойынша бірінші орындарды АҚШ (жылына 1 млн. халыққа 500 өнертабыс әзірленеді) пен Жапония (кемінде 1000 өнертабыс әзірленеді) иеленеді.

Қазақстан өнертабысқа патент тіркеу саны бойынша ТМД елдері ішінде Ресей мен Украина сияқты елдермен бірінші үштікке кіреді. Бұл елдерде орташа есеппен жылына 1 млн. халыққа 100 өнертабыс әзірленеді [3, 37 б.].

Еліміздегі өнеркәсіп саласындағы техникалық жетістіктер деңгейінің төмендігі, Қазақстанның ұлттық патенттер алу үшін өтінім санының төмендігі, тиісінше өтінім берушілермен қымбат еуразиялық патент жүйесін таңдауы ең алдыменен қорғау құжаттарының берілу мерзімінің ұзақтылығы болып табылатындығы айтылуда [4, 36-39 бб.].

Өнеркәсіптік меншік объектілері өндіріс құралдары мен тұтыну заттары, технологиялық өндірістер, ғылыми-техникалық және басқа да өнімдер ретінде айқындалады [5].

Құқық әдебиеттерінде өнеркәсіптік меншік құқық ұғымына қатысты бірқатар пікірлер қалыптасқан, олардың ішінде оны екі санатқа бөліп қарастыратындары да бар. Атап айтқанда өнеркәсіптік меншікке құқық инновацияларды, үлгілер мен технологияларды құруды ынталандыратын құқықтан (өнертабыс, интегралдық микрокестелер, өндірістік үлгілер мен құпия ақпарат/коммерциялық құпиялар) және ерекше белгілерді (тауар белгілері, географиялық көреткіштерді) қорғау үшін арналған құқықтардан құралады.

Өнеркәсіптік меншік объектілерін азаматтық құқық жүйесі құрамында қарастырмайтын авторларда бар [6, 7 б.]

Өнеркәсіптік меншік құқығы нақты тұлғалардың объективтік нысандағы интеллектуалдық меншіктің материалдық емес объектілерін мерзімді және мерзімсіз иелену, пайдалану және билік ету құқықтарын белгілейтін құқық қатынастарын реттейтін әлеуметтік-құқықтық интитут жиынтығы ретінде қарастырылатын пікірлер де орын алған [7, 22 б.]

Өнеркәсіптік меншік қазақстандық заңнамаға халықаралық тәжірибеден жақын арада енгізілген. Құқықтық әдебиеттерде өнеркәсіптік меншік ретінде өндірісте пайдаланылатын заңмен қорғалатын интеллектуалдық шығармашылық қызмет нәтижелеріне және азаматтық айналымда пайдаланылатын тауар белгілеріне, қызмет белгілеріне, фирмалық атауларға, тауар шығарылған жер атауына ерекше құқықтар ұғынылған пікірлерде бар   [8, 2 б.]. Өнеркәсіптік меншікті меншік құқығынан ажырату қажет. Себебі, біріншісі интеллектуалдық (рухани) қызмет нәтижелеріне, яғни материалдық емес объектілерге қатысты құқықтарды қамтыса, екіншісі заттық құқықтарды қамтиды.

Біздің пікірімізде, өнеркәсіптік меншік құқығы ретінде өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік меншік объектілері қатысты туындайтын құқық қатынастарын реттейтін интеллектуалдық меншік құқығының тармағын қамту жөн. Себебі, аталған объектілер басқа интеллектуалдық меншік объектілеріне қарағанда тек өндіріске қатысты пайда болады және жаңа техникалық шешімнің белгілі бір нысанынан құралады.

Өнертабысты, пайдалы модельді, өнеркәсіптік үлгіні шет елдерде патенттеу жоғарғы технологиялық өнім экспортының құқықтық инфрақұрылымын қалыптастырудың негізгі факторы.

Дүниежүзінің дамыған елдерінде интеллектуалдық меншік объектілерінің құқықтық қорғалуына ерекше көңіл бөлінеді, себебі патенттік қорғалу деңгейі өнім экспортын анықтайды. Ол нарықта экспортталатын өнімнің енуі мен бекітілуіне қажетті құқықтық алғышарттарды қалыптастырады, бәсекелестік тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді, бәсекелестік құрылым қызметтерін қорғайды. Сондай-ақ, шет елде патенттеу ұзақ мерзімдік инвестициялық салым болып табылады және құқықтық қорғауды қамтамасыз етуде жүйелік, кезектілік көзқарасты талап етеді.

Мәселен, шет елдерде патенттеу тәжірибесі бойынша бір технологияны сенімді құқықтық қорғалуы үшін орташа есеппен 6-8 патент алу керек және оған бес-жеті мың доллар көлемінде қаражат керек, әрі кемінде бір жыл уақытты қажет етеді.

Жалпы ғылымның өндіріске қарай ұмтылуы біздің ел үшін маңызды, себебі олсыз біз азаматтық қоғам потенциялының қажетсіздігіне, ал ел экономикасының шикізатқа ғана негізделуіне және оның салдарынан қазба байлықтарды жоғалту қаупіне тап келуіміз мүмкін.

Өнеркәсіптік меншік объектілері жүйесі құрамында өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгі қарастырылады.

Оларды бұл жүйеде қарастырылуына ең алдыменен өнеркәсіптік меншікті қорғау туралы Париж конвенциясы негіз болады.

Өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгі өзіне тән сипаттары бойынша басқа интеллектуалдық меншік объектілері жүйесінің құрамында қарастырылмайды.

Өнеркәсіптік меншік объектілері авторлық және сабақтастық құқық объектілері келесі белгілер бойынша айрықшаланады:

- авторлық құқық және сабақтастық құқық объектілерінің негізгі құндылығы болып олардың бірегей болуын білдіретін көркемдік нысаны мен тілі табылса, ал өнеркәсіптік меншік объектілерінің құндылығы болып техникалық шешім мазмұны табылады;

- авторлық құқық объектілері болып мақсатына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ берiлу әдiсi мен нысанына қарамастан, шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын ғылым, әдебиет және өнер туындылары, қойылымдар, орындаушылықтар, фонограммалар, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарлары табылса, өнеркәсіптік меншік объектілері ретінде техникалық шешімдерге қатысты объектілер жатады;

- авторлық құқық объектілері бұрын болғанына қарамастан, материалдық дүниеге белгісіз құбылысты, заңдылықты, туындыны ойлап табу нәтижесінде туындаса, өнеркәсіптік меншік объектілері шығармашылық актісіне дейін болмаған объектілерді жасанды жолмен жасау нәтижесінде туындайды;

- авторлық құқық пен сабақтас құқық бойынша авторға жария көрсету, жария орындау, аударуға, эфирде тарату секілді құқықтар берілсе, өнеркәсіптік меншік құқығы бойынша патент иеленушіге сатуға ұсыну, азаматтық айналымға енгізу, дайында, сату секілді құқықтар беріледі;

Бұл екі институт бойынша берілетін мүліктік емес жеке құқықтардың арасында ерекшеліктер бар. Мәселен, өнеркәсіптік меншік құқығы үшін шығармашылық нәтижеге қол сұқпаушылық құқығы тән емес. Себебі, өнеркәсіптік меншік объектілері негізінен тұп нұсқанын жетілдірген нысаны болып табылады және соңғысы қол сұқпаушылық объектісі бола алмайды.

- авторлық құқық пен сабақтас құқық бойынша құқық тек авторға және құқық иеленушісіне (азаматтық құқықтық шарт немесе құқықтық мирасқорлық бойынша) тиеслі болса, өнеркәсіптік меншік құқығы бойынша құқық патент иеленушіге тиесілі болады.

Азаматтық айналымға қатысушыларды және олармен дайындалатын өнімді (жұмысты, қызметті) дараландыру құралдары негізінен субъектілер мен олармен өндірілетін өнімді, атқарылатын жұмысты, көрсетілетін қызметті ерекшелеуге, ұқсас субъектілер мен өнімдерден, жұмыстардан, қызметтерден ажыратуға бағытталған. Бұл негізінен түрлі символдардан құралады және өздері белгілейтін объектілер орнына қолданылады.

Өнеркәсіптік меншік объектілері болса, азаматтық айналымда бұрын болмаған жаңа объектіні әзірлеуге немесе айналымда бар өнімге жаңа, тәжірибелік қажеттілікті қанағаттандыруға мүмкіндік беретін пайдалы қасиетті беруге бағытталған.

Дәстүрлі емес интеллектуалдық меншік объектілеріне селекциялық жетістіктер, топологиялық интегралдық микросызбалар, қызметтік және коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер, басқа интеллектуалдық меншік нәтижелері жатады. Олардың ортақ белгілері ретінде құрамындағы ақпараттың шектеулі тұлғалар санына ғана белгілі болуын атауға болады.

Коммерциялық құпиялар (қызметтік құпиялар, өндiрiстiк құпияларды (ноу-хау) иесі оның мополисті болып табылады, ол ретінде кез келген өндіріске, техникаға, басқаруға, қаржы мен басқа кәсіпкерлік қызметке байланысты мәліметтер табылады, оны қорғау мерзімі шектелмеген, сондай-ақ қорғау үшін құқыққа қабілеті белгілері мен мемлекеттік тіркеу талап етілмейді.

Селекциялық жетістік - адамның шығармашылық қызметінің нәтижесі болып табылатын өсімдіктің патент берілген жаңа сорты, жануарлардың жаңа тұқымы.

Интегралдық микросхема - электрондық схема қызметiн атқаруға арналған, түпкiлiктi немесе аралық нысандағы микроэлектронды бұйым, оның элементтерi мен байланыстары бұйым дайындалғанда негiзге алынған материалдың көлемiнде және (немесе) бетiнде бөлiнбейтiн етiп қалыптастырылады.

Интеллектуалдық меншік объектілері құқық пайда болудың екі әдісі орын алған. Олар обектіні жасау сәтінен және оларды тану сәтінен бастап тану әдістері. Өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқық оларды тану сәтінен бастап, яғни оларға сараптама нәтижесі бойынша ресми тану иеленген сәтінен бастап туындайды. Сондай-ақ, басқа институттарға белгісіз басымдылық ұғымымен ерекшеленеді.

Жоғарыда аталған объектілер көрсетілген өнеркәсіптік меншік объектілеріне тән қасиеттердің барлығын дерлік иеленеді.

Атап айтқанда, бұл объектілері жаңа немесе бұрын бар өнімнің, бұйымның жетілдірген нысанынан құралған техникалық шешім болып табылады, оған құқық жағымды сараптама нәтижесі бойынша патентпен куәландырылып, патент иеленушіге тиесілі болады және сатуға, азаматтық айналымға заңда шектелмеген әдістермен енгізуге құқық береледі.

Әдебиеттерде интеллектуалдық меншік нәтижелері шығармашылық және шығармашылық емес қызмет нәтижелеріне бөлінеді. Өнеркәсіптік меншік объектілерінің басым бөлігі интеллектуалдық қызмет шығармашылық нәтижесіне қатысты қарастырылатын интеллектуалдық меншік объектілері болып табылады.

Шығармашылық нәтиже жаңа, берігей болу және қайталанбастығымен сипатталады. Оларға интеллектуалдық меншік объектілерінің басым бөлігі шығармашылық қызмет нәтижелері болып табылады. Шығармашылық емес қызмет нәтижелері ретінде дараландыру құралдары (фирмалық атаулар, тауар белгілері, тауар шығарылған жер атауы), өндіріс құпиясы (ноу-хау) қарастырылады.

Бірегейлік, өнеркәсіпте қолдануға жарамды болу сипатымен жеке тұлға еңбегі нәтижесінде алынған жаңа техникалық шешім болып табылатын пайдалы модель шығармашылық қызмет нәтижесі болып табылады.

Жалпы өнеркәсіптік меншік объектілері – қоғам өмірінің кез келген саласындағы жаңа, тәжірибеге енгізгеннен кейін заттық сипатты иеленетін техникалық немесе көркемдік-құрылымдық міндеттер шешімі.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1        Доминик Де Ступ, Линда Скейлс және Эдоардо Фано. Интеллектуалдық меншікті қорғау саласындағы халықаралық стандарттары және Еуропалық одақтың стандарттары. - Астана, 2004. - 356 с.

2        Абдраимов Б. Защита интеллектуальной  собственности в Казахстане: проблемы и перспективы // Юрист. – 2005. - № 9. - С.37-39.

3        Каудыров Т.Е. Казахстанский предварительный патент: еще послужить или….// Интеллектуальная собственность Казахстана. - 2006. - № 2. - С. 36- 39.

4        Постановление Совета Министров Республики Беларусь № 368 от 06.03.1998. «Положение о порядке и условиях государственного стимулирования создания и использования объектов промышленной собственности» // Главный бухгалтер. – 1998. - № 12. - С. 20-22.

5        Лаптев Г.А. Промышленная собственность в Российской Федерации: понятие, правовая характеристика и судебная защита: дис. … канд. юрид. наук: 12.00.03. – М., 2006. - 229 с.

6        Рекомендации по вопросам экспертизы заявок на изобртенения и полезные модели - М.: ФИПС Роспатента, 1999. - 220 c.

7        Каудыров Т. Е. Право интеллектуальной собственности в Республике Казахстан // Гражданское законодательство Республики Казахстан – толкование и комментирование. Вып.6. – Алматы: Баспа, 1998.- С. 101 – 112.

8        Мельников А. А. Понятие «ноу-хау» и правовая регламентация отношений по его передаче // Советское государство и право. - 1981, № 11.- С. 85-89.