Құрманалиева Э.Т. , Ошақбаев Ж.  

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ОТАНСҮЙГІШТІККЕ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

 

 

Қазіргі кезде республикамыздың егемендігі мен тыныштығын сақтауда оқушыларды ұлттық жауынгерлік дәстүр арқылы ерлікке баулуға, отансүйгіштікке тәрбиелеуге үлкен мән беріліп отырғандығы үкіметтің қаулы-қарарларында, ғылыми-зерттеу жұмыстарында және күнделікті басылым беттерінде айқын аңғарылады.

Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы-қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде халықтар арасындағы  бірлікті нығайту, Отансүйгіштікке тәрбиелеу тіл мәдениетін орнықтыру, азаматтық келісім ахуалын жасау мәселелеріне тоқталып: «Республика халықтары бір жағынан қазақ халқының санасында болып жатқан өзгерістерге түсінікпен қарап, оған рухани және интелектуалдық тұрғыда қолдау көрсету керек»-деді.

Белгілі жетістіктермен бірге, қазіргі уақыт талабына сай емес, келеңсіз құбылыстарда бой көрсетіп қалатынын жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, ішкі істер министрлігінің есебі бойынша 1993 жылы алты мың жігіт ардақты борышын атқарудан бас тартса, он үш мыңнан астамы - әскери қызметін тастап кеткен.

Қазақтың жауынгерлік дәстүрін қазақ халқының көшпелі тіршілігіне, қоғамдық құрылым ерекшелігіне байланысты қарастыратын болсақ жауынгерлік дәстүр-тұтас қазақ қолының жауынгерлік сипаттағы әзірлігін үзбей ұстауы. Бұл жерде қазақ халқы ұлт болып қалыптасу дәуірінен бастап күні кешеге дейін жаугершілік жағдайда өмір сүріп өз елін, жерін, тәуелсіздігін үнемі қорғап отыруға тура келді. Сол себепті қоғамның қолына қару ұстауға жарайтын азаматы кез-келген уақытта қазақ әскерінің жауынгері болып табылатын.

Жауынгерлік тәрбие қазір әскери тәрбие мағынасында беріледі. «Әскери тәрбие-әскери тәрбие жұмысында жауынгерлерді, офицерлерді жоғары саяси саналылық,өз Отанына шексіз берілгендік рухында баулу, жүктелген міндетті тыңғылықты орындауға, адалдыққа, қырағылыққа, соғыс қимылдарына әзір тұруға, батыл да табанды, әскери қызметтің ауыртпалығына төзімді болуға даярлау, озара жолдастық көмек көрсетуге тәрбиелеуде жүзеге асырылады».

Қазақстан мемлекетінің тәуелсіз мемлекет болып жариялануы және Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылдануы жас қазақ мемлекетінің алдына үлкен мақсаттар мен міндеттер жүктеді. Қазақ елінің тәуелсіздгі мен егемендігін сақтап қалу әрбір саналы азаматтың ісіне айналды.

Қазақстан Республикасы 1991 жылы 16 желтоқсанда өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасының Президентінің «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығы жарияланды.

Қазақстан Республикасы әскери доктрина және әскери құрылыс тұжырымындамасында «Біз - егеменді мемлекетпіз және оның қауіпсіздігін қаптамасыз ету мәселелері ішкі және сыртқы саясаттың жалпы құрылымының өзегі болуға тиіс. Сондықтан бізге қазіргі заманғы қару- жарақпен жарақтанған жоғары даярлықтан өткен, жақсы үйретілген, біздің егемендік мүддемізді қорғау үшін кез келген жағдайда іс - қимыл жасауға даяр тұратын армия қажет. Ал, мұндай армияны әскери құрылыстың тарихи тәжірбиесіне және қазіргі заманғы көзқарастарға сүйенген ғылыми негізде ғана құруға болады», деп атап көрсетілді.

Т.Балақаевтың «Армия және ұлт саясаты» деген мақаласында кезінде КСРО қарулы күштері қатарында, Жоғары әскери корпусында қазақ ұлтынан өте аз адам болғаны, олардың әскери ғылыммен айналыса алмауы және қазақ тарихындағы әскери жетістіктер мен ұлттық озық тәжірибені зерттеуге мүмкіндік жасалмағаны туралы айрықша айтылды. Ұлттық әскери кадрлардың неліктен ескерілмей келгенін запастағы подполковник Б.Рүстемов «Жасыратыны жоқ, бұрынғы Кеңес Одағының Қарулы күштері сапында қызмет атқарған қазақ офицерлеріне жол тар болды. Оларды қызметте көтермеуге, академияға оқуға жібермеуге тырысты. Әуелгіде «әлі ерте жас қой» десе, кейін жасы асып кетті, армиядағы болашағы шамалы, жастары 40-45-ке келіп қалды деп зейнет демалысына жіберіп отырды»,-деп жазды. Кеңес өкіметікезінде армия қатарына шақырылған қазақ жігіттері құрылыс батальондарына қабылданды, яғни тегін жұмыс күші ретінде пайдаланылды. «1989 жылы Қазақстан және Орта Азия, Закавказье елдерінен әскерге алынғандардың 60 проценті құрылыс батальондарына жіберілген».

Қазақтың ұлан-байтақ даласын біздің ата-бабаларымыз сан ғасыр «Найзаның ұшымен, білектің күшімен» «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» аман сақтап келді. Олардың құрып кету қапі төніп тұрған кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жауға қарсы тұру нағыз шынайы Отансүйгіштік қасиет еді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы - қоғамның идеялық бірлігінде» атты еңбегінде. Біздің тағы бір аса маңызды идеологиялық міндетіміз-Қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу, әрбір азаматтың өзін-өзі айқын билеуін қалыптастыру.

Шынайы отансүйгіштікті, нағыз азаматтықты қалыптастыру жеке бастың өзін саяси тұрғыдан айқын сезінуін, өз Отаннын саналы түрде тандауын көздейді»,-делінген.

Көп ұлтты Қазақстан халқы үшін Отансүйгіштік сезімнің рухани саладағы тәту-тәтті тірлік, азаматтық келісімге ғана емес, мемлекеттік материалдық негізін нығайтуға да тікелей ықпалы бар.

Отансүйгіштік рух-қазақ елінің әлемдік өркениетті елдер көшіне қосылып, дүние жүзілік қауымдастықтан лайықты орын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш.

Қазақ совет энциклопедиясында «Патриотизм-дегеніміз /грек patriotes-отандас, patrio-отан, туған жер/ отанға деген сүйіспеншілік, бойындағы күш қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің әдетғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриотизм элементтері ерте заманнан қалыптаса бастайды»,- деп атап көрсетеді.

Қазақ тарихын тұнғыш зерттеуші ғалым Ш.Уәлиханов отансүйгіштік сезімнің қалыптасуы туралы «Менің патриоттық сезімім ірбіт сандығындай

/«матрешка» сияқты бір сандықтың ішінде бір сандық, оның ішінде тағы бір сандық/ мен ең алдымен өз отбасымды, туған туыстарымды қадірлеймін, одан соң халқымды, одан соң Сібір орыстары, Ресей жұртын қадірлеймін»,-деген екен.

«Патриотизм, - деген болатын Б.Момышұлы, - Отанға /мемлекетке/ деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығының қоғамдық-мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, ал мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм мемлекет деген ұғымды, жеке адаммен, яғни оның өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым - қатынасты білдіреді».

Б.Момышұлы мемлекет байлығын жеке адам байлығының нәтижесінде құралатынына тоқтала келе, өткенгі, бүгінгі және болашақтағы тарихты өз ара байланысы, қарым - қатынасы арқылы патриоттық сезімдіқалыптастыруға болады дейді.

Жоғарында берілген анықтамаларды басты нысанаға ала отырып, қазақ халқының елжандылық сезімінің қайнар көзі неде деген сұраққа жауап іздесек, оны халықтың ежелгі тарихи тәрбие тағылымынан, ұлттық салт-дәстүр үрдісінен іздестіруге тура келеді.

Тарихта қазақ деп аталатын жұрттың ежелгі сақтар, үйсіндер мен гундердің жаужүрек ұрпақтары екенін тарихшы ғалымдар Л.Н.Гумилев, М.И.Артамонов,С.Асфендияров, М.Шоқай, М.Қозыбаев, М.Ақынжанов, М.Мұқанов, К.Байпақов, А.Мыңжанұлы т.б өз еңбектерінде дәлелдеген болатын. М.Қозыбаетың «Жауды шаптым ту байлап» атты еңбегінде қазақ халқының басынан өткен ұлт-азаттық қозғалысын, оның кезендерін, отан қорғау тарихын, халқымыздың ел бастаған көсемдерін, қол бастаған батырларының ерен ерліктерін сөз етеді. Аталған енбектің маңызы Қазақстанда ұлт-азаттық қозғалыс сатыларын шартты түрде 7 кезенге бөлуінде.

1-кезең. Қазақ халқының құрамына кірген тайпалардың ібір-Сібір жұртын жаулап алуға қарсы ұлт-азаттық қозғалысы./1590-1617/

2-кезең. ХVIII ғасыр-жонғарларға, Хиуа хандықтарына қарсы ұлт-азаттық қозғалысы.

3-қезең. Ресейге қосылу кезеңі. Отарлау саясатына қарсы қозғалыс.

4-қезең. Исатай-Махамбет көтерілісі.

5-қезең. Кенесары бастаған көтеріліс.

6-қезең. ХІХ ғ. 1916ж. ұлт-азаттық қозғалыс.

7-қезең. 1917ж. Ақпан және қазан революциясы.

А. Мынжанұлы «Қазақтың көне тарихы» атты еңбегінде «Қазақ халқының түп төркіні заманымыздың бұрынғы ғасырдан бастап жазба тарихта әйгілі болған сақтар еді. ө үйсіндер мен қаңлылар бірлестігі қазақ халқының негізгі ұйытқысы болды»,-деп жазады.

Біздің заманымыздан бұрынғы 1-мың жылдықтың орта шенінде парсының сына жазу тексінде «сақтар» жалпы атпен белгілі болса, грек авторлары оларды азиялық «скифтер» деп атаған. Олар негізінен көшпелі мал шаруашылығымен және суармалы егіншілікпен шұғылданып, темір бұйымдарын жасауды игерд. Көршеліс тайпалармен сауда-саттық және мәдени қарым-қатынас жасады. Сақтардың аса жауынгер тайпа болғаны да ежелгі тарихтан белгілі.

Л.Н.Гумилев өзінің «Көне түріктер» атты еңбегінде VI ғасырдың аяқ кезінде түркі тайпалырының аса жаужүрек болуын, шығысында қалың Қытайдан, батысында Византиядан, түстігінде Персия мен Үндістаннан, солтүстігіне Русь мемлекетінен үнемі қорғанудың қажеттігінен деп түсіндіреді.

Көне түркі мәдениеті, әсіресе сақтар дәуірі мәдениеті жөнінде А.П.Окладниковтың, Ә.Марғұланның, К.Ақышевтің археологиялық еңбектерінде де жан-жақты қамтылған. Дүниені дүр сілкіндірген аң терілерінің, қару-жарақтарының, тастағы жазу-таңбалардың классикалық нұсқалары, әсіресе Есіктен табылған «Алтын адам» канқасы көне тарихтың көзін ашқандай болғаны көпке аян. Міне, мұның бәрі ежелгі түрік тайпаларының жауынгер, малшы ғана емес, он саусағынан өнер тамған іскер ұста, зергер, мүсінші екенін де айғақтады. Осыдан келіп «сегіз қырлы бір сырлы» азамат тәрбиелеу ежелгі ел дәстүрі болып саналғанын көреміз.

«Отанды сүю от басынан басталады» деп ұққан ата-бабаларымыз отансүйгіштік қасиетті ата-ана, ауыл-аймақтың, елінің намысын қорғауды өз ұрпақтарына бірінші парыз ретінде ұқтырып өсірді. «Елінді сүйсең ерлік істейсің», «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі», «Туған жерге ту тігу елім деген азаматтың борышы», дегенді өздерінің ұл-қызының санасына үнемі сіңіріп отырады. «Ер намысы-ел намысы», «Ер намыстың құлы», «Арың үшін алысу азаматтық», «Ел үмітін ер ақтар, ер атаған ел сақтар» деген елжандылық ұрандар халқымыздың мәңгілік тәрбие қағидасына айналды. Ерлік дегеніміз ұлттық тәрбие тағылымының, салт-дәстүрдің, тұрмыс тіршіліктің негізгі тұтқасы болып саналады. Баланы туа саласымен ерлік рухта тәрбиелеу, еңбекке, елін, жерін, ана тілін сүюге баулу бесік жырынан бастап бүкіл ауыз әдебиетінің өнегелі өсиеті болып өзекті орын алады. Еңбек пен ерлікті, ел мен жерді пір тұтқан бабаларымыз ғасырлар бойы ерліктің ерен үлгісін көрсетіп бақты. Оған айқын мысал, Құлтегін, Тоныкөктердің ерлік дәстүрінен бастап, ХVIII ғасырдағы Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай т.б батырлардың тәрбиесіне назар аударсақ айқын байқаймыз. Мысалы, З.Сәнік, Б.Садықынның «Қаракерей Қабанбай»/152/ атты еңбегінде Ерасылдың балалық шағынан бастап батырдың жеке тұлғасын қалыптастыруда ата-ананың, ағайын-тумалардың, әлеутеттік ортаның игі ықпал еткенін көреміз.

Біз бұдан ұрпақ тәрбиесіндегі отбасы, Отанының,өскен ортаның әсерінің орасан зор екенін байқаймыз. Ер елдің ық жағынан панасы, қорғаны деп бағалаған ата-бабамыз «ерлікті тәрбиеден туады» деп ұққан. Батыр, ер деген ұғымдар үнем қатар қолданылып келген.

«Батыр,- дегеніміз /араб және иран тілдерінде баһадүр/ жаугершілік кездер мен әскери жорықтарда жеке ерліктерімен ерекше көзге түскен ер жүрек, қаһарман адамдарға берілетін құрметті атақ. Ал, батырлық жеке адамдарға тән патриоттық қасиет»,-деп берілген аңықтамаларды негізге ала отырып, батырлық, батыр, ер, ерлік және ұлттық жауынгерлік дәстүр оның ерекшеліктеріне, ерлік тәрбиесіне педагогикалық тұрғыда түсініктеме берілді.

Батырлық - соғыс жағдайында соғыс тәсілдерін жетік меңгеріп, ірі жағдайларда жауынгерлердің ерекше көзге түсуі. Батырлықтың ерекше белгісі соғыс жағдайында көрінеді. Батыр-соғыс өнеріне, стратегиясына жетік, ірі шайқастарда жеке ерлігімен де, өзіне қарасты әскери топты басқара білуімен де көзге түсіп халық таныған адам. Батырдың бар ғұмыры ел қорғауға, жорыққа бағышталады.

Академик М.К.Қозыбаев халқымыздың ерлік және жауынгерлік дәстүрлеріне тоқтала келе, «Ер дегенде ең алдымен бізге Отан қорғаған сәтте жау шебін бұзіп, қамал алған қайрат-жігер иесінің бейнесі оралады»,-деп атап көрсетеді.

Яғни, ер-ар-намыс, азаматтық қасиетін үнемі жоғары ұстап қажетті жерде қауіп-қатерде өз басын тігіп батыл іс-әрекетке бара алатын адам. Ердің іс

-әрекеті бейбіт кезде де, соғыс кезінде де таныла береді. Ерлік-жаугершілік уақытта да, күнделікті өмірде де ел, жер мүддесі үшін қауіп қатерлі істерге, қимылдарға бару іс-әрекеті.

Қ.Қабдразақұлы жас ұрпақты дәстүрлер негізінде тәрбиелеу мәселесін педагогикалық тұрғыда зерделей отырып, дәстүрлерді шартты түрде беске бөледі. Соның ішінде негізгі дәстүрлердің бірі деп ұлттық жауынгерлік дәстүрді қарастырады. «Жауынгерлік дәстүр Отан, туған жер және халқы үшін, оның бостандығы мен тәуелсіздігі, салтанатты болашағы үшін шексіз жүректілік, шамадан тыс қуаттылық және өлшеусіз ерлік жасаудың үлгісін көрсеткен жауынгерлік күресті бейнелеген ұғым»-деп атап көрсетеді.

 

Пайдалынған әдебиет

 

1.     Салғарин Қ. Қазақтың қилы тарихы. Алматы. Жалын, 1992, 215 бет.

2.     Сәрсенбаев Т. Ұлттық сана сезіммен-ұлттық қадыр қасиет. Алматы. Қазақстан, 1992, 24 бет.

3.     Сейткемелов Х. Шұбырынды қанды босқын. Алматы. Қазақстан, 1993, 80 бет.

4.      Сыздықова Р.С. Қанжығалы Бөгенбай. Алматы, 1991