Құрманалиева Э.Т. , Ошақбаев Ж.  

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА ОТАНСҮЙГІШТІК СЕЗІМІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

 

Қазiргi қазақстан мектебiндегi жаңа өзгерiстер әлемдiк бiлiм беру тәжiрибелерiн пайдалана отырып, баланың жеке дара күшiн дамуын қамтамасыз ететiн жаңа бағыты, жобаны iздестiру және оны қолдануға бағытталған.

Әр елдiң болашағы сол халықтың бiлiм, ғылым деңгейiмен анықталатындықтан, оқу жүйесiн неғұрлым тиiмдi құра бiлу қажеттiлiгi қай кезеңде де өзектi мәселе болып қалмақ.

Талай ғасырды басынан өткеріп, бізге жеткен батырлар жыры бүгінгі ұрпақтың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін қалыптастыруда басты орын алады. Батырлар жырының мазмұны туған елін, жерін жаудан қорғаумен қатар ананың балаға деген махабатты, сүйіспеншілігі, адамгершілік қасиеттеріне негізделген. Ата-бабаларымыз батырлардың қайсар қаһармандығын, ерлігін суреттей отырып, ұрпақ тәрбиесіне өшпес мұра қалдырып отырды.

Алғаш халық мұрасына, салт-дәстүріне, ұлттық ерлік және жауынгерлік тәрбиесіне мән бере отырып, оқулық жазған Ы.Алтынсарин болды. Өзінің «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығында «Қобыланды батыр» жырынан

«Қобыланды және Тайбурыл» деген атпен үзінді енгізген. Қазақ халқы тек батырларын ғана құрметтеп қоймаған, сонымен қатар батырлардың серігі астына мінген аттарының қасиеттерің жақсы суреттеген.

Ал, қазақтың классик ақыны Абай тікелей жауынгерлік және ерлік тәрбиесіне арнап еңбек жазбағанмен де, өзінің поэмаларында, қара сөздерінде Отансүйгіштікті қалыптастыратын ұлттық сана, намыс, парыз секілді қасиеттерді жан-жақты қамтыды.

Абай өзінің отыз тоғызыншы қара сөзінде «Енді жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі мінезін өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай, бізде ел қатарына қарай кірер едік»,-деп жазады. Абай атаған қара сөзінде-арлылық, намыстық, табандылық-тәрбиенң жемісі дейді. Адамның ең ұлы сезімін азаматтық парызын орындау үшін жоғарыда аты аталған мінезді игеру керек екенін Абай атап көрсетеді. Абай шығармаларынан қазақ халқының өзіндік ішкі құрылымын және өзіндік қасиет бітімін көреміз. Абай өмір сүрген заман-Қазақстанда патшылық отарлау саясатының кезеңі еді.

Абай шығармаларын зерделеп қарайтын болсақ жастарды ерлік рухта, отансүюшілікке баулып, ар-намысын, ождан, адамгершілік қасиет үшін күресуге, оны бірте-бірте жастар бойына сіңірудегі халықтық педагогиканың негізгі қағидаларымен кездесеміз.

Халық мұңын жоқтаған, халық үшін жанын берген А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин т.б. асыл азаматтар өз шығармаларына Қорқыт, Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Жәнібек, Еспенбет/Адақ/, Баян, Кенесары, Сыздық сынды әділ хандар мен хас батырларды, күміс көмей ақындар мен төкпе күйшілерді арқау етуі де отансүгіштік сезімнен туындаған.

«Ерлік-тәрбиенің жемісі» деп қараған әрі батыр, әрі ғалым М.Ғабдуллин кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде ерлік тәрбиеден туындайды деп қарап, тар окопта, қар төсеніп, мұз жастанып жатқан қазақ жауынгерлеріне Едіге, Ер Қосай, Ер Сайын, Қобыланды, Ер Тарғын жырларын жатқа айтып беріп, оларды ерлікке рухтандыруы да Отансүйгіштік сезімнің айқын көрінісі еді.

Ұлы Отан соғысында аты аңызға айналған Т.Тохтаров, Б.Бұлқышев, Р.Қошқарбаев, Қ.Қайсенов, Б.Момышұлы т.б. және батыр қыздар Мәншүк пен Әлияның кескілескен жаумен айқастағы ерен ерліктері де ұлттық дәстүрдің, ерлік тәрбиесінің жемісі.

Қан майданда жазушылығы мен ерлігі қатар жүрген Баубек Бұлқышев «Шығыс ұлына» атты еңбегінде: «Ел қорғауға ел намысымен аттанған біздің алдымызда үлкен бел жатыр, Шығыс Ұлы! Туған елдің келешегін сақтауға біз міндеттіміз. Ендеше қазақ қыздарының «Елім-ай» деп сары даланы күңірентіп салған зарлы әнің бүгінгі күні жаңа күймен ұрыс алдында біз шырқасақ, оның айып-шамы жоқ.

Қазақ ғалымдары Құнантаева К., Жұмақанов Ә., Әмірәлиев Ш., Ешімханов С., Айтақов Ә., т.б. еңбектерінде жас жеткіншектерімізді аға ұрпақтың ерлік және еңбек дәстүрі рухында тәрбиелеу мәселесі қарастырылады. Авторлар ерлікке бағытталған жұмыс түрлеріне: сыныптан тыс тәрбие жұмыстарына, тәрбие сағаттарына, көркем әдебиеттегі батырлар бейнесі арқылы тәрбиелеуге және әскери-данқ музейлерінің тәрбиелік мәніне тоқталады. Бұл ғалымдар сол кездегі саясаттың әсеріне байланысты 1917 жылғы Қазан төңкерісі және Отан соғысы жылдарындағы жауынгерлік дәстүрлерді негізге ала отырып, оны бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне пайдалану жолдарын көрсетеді.

Мәселен, Ә.Айтақов қазақ халқының Ұлы Отан соғысындағы ерлік негізге ала отырып оқушыларды елжандылыққа тәрбиелеудің әдіс-тәсілдерін қарастырады. Халық ауыз әдебиетіндегі ерлік тағылымдарын /батырлар жыры, аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер, бата-тілектер және т.б./ Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлік дәстүрлерімен сабақтастырды. Сыныптан тыс тәрбие жұмысын қазақ тілі мен әдебиеті сабағымен кіріктере отырып жүргізеді.

Ал, С.Ешімханов Ұлы Отан соғысы жылдарындағы сыныптаң тыс уақыттағы тәрбие жұмыстарға оқушыларға патриоттық тәрбие берудегі халқымыздың ерлігін олардың шындауына, есеюіне әсер еткендігін ашып көрсетеді. Соғыс жылдарындағы майдандағы және елдегі халқымыздың қаһармандық қасиетері арқылы бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуді алдына мақсат етіп қояды. Аталған еңбекте де пән сабақтары мен сыныптан тыс жүргізілетін шараларды өз-ара сабақтастыра жүргізгенде жақсы нәтижеге жетуге болатынын байқау жұмыстарының негізнде береді.

Ғылыми-зерттеу жұмысы патриоттық-интернационалдық тәрбие мәселесіне арналған Ә.Жұмақановтың еңбектерінде тәрбие мәселесін кешенді, тәрбие бағыттарын бір-бірімен ұштастыра отырып жүргізу көзделеді. Патриоттық-интернационалдық тәрбиені адамгершілік, саяси-идеялық тәрбиелермен және пән сабақтарының мазмұнымен байланыстыра жүргізу қарастырылады. Ғалымның соңғы шыққан еңбегінде аға ұрпақтың ерлік және еңбек дәстүрі арқылы жоғарғы сынып оқушыларының патриоттық сезімдерін жетілдіру, дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлінген.

Жоғарыда аты аталған ғалымдарымыздың ғылыми-зерттеу жұмысының маңызы ерекше. Себебі, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы азаматтарымыздың ерен ерліктерінің тәлімдік мәнімен қоса көп ұлтты Қазақстан халқы үшін ұлттық бірлікті, ынтымақты нығайтуға игі әсер етеді.

Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің «Қазақстан мектептеріндегі әскери-патриоттық тәрбие» атты жинағында оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие берудің әртүрлі түрлері мен әдістеріне тоқтала отырып, мектеп жасындағы балалардың Отан қорғауға дайындық жұмыстарының іске асуын жан жақты қарастырады. Әскери-патриоттық тәрбие берудің түрлерінің бірі халқымыздың революциялық, әскери және еңбек дәстүрлеріне бай жерлерлерге шеру, «Зарница» және «Орленок» әскери

-спорттық ойындарын ұйымдастырудың тәсілдеріне тоқталады.

Аталған еңбекте жеткіншектермен, әсіресе ұл балалармен жұмыс стеуге мектептің бағыты елеулі түрде өзгеруге тиіс екендігіне, мектепте тәрбие жұмысын жоспарлап ұйымдастыруда оқушылардың бұл тобын жеке бөліп, оларға тәрбиелік ықпал неғұрлым пәрменді болу қажет деп атап көрсетеді.

Атап айтқанда, жастардың әскери міндетін атқаруға дайындық, әскери мамндықтың алғашқы элементтерін меңгеру, кездескен қиыншылықтарды жеңіп шығудағы ерік-жігері-мектеп қабырғасында қаланып қалыптасуы қажет.

Соңғы кездері мектептерде ер бала тәрбиесіне халықтык дәстүрлерді пайдалану біршама қолға алынды. Ұстаз Күләш Тынысбекова «Ұлттық тәрбиені негізге ала отырып, ер бала тәрбиесін дұрыс бағытқа қою қажет. Себебі, ер балалар тәрбиесін отбасында, балабақшада, мектепте әйлдер атқарады. Ер баланың психологиясы әдекен гөрі анасына жақын келеді. Мектептегі ер мұғалімнің санының аздығы да бұған ықпалын тигізіп отыр»,-дей келе, оқу-тәрбие үрдісінде ер бала тәрбиесіне байланысты жүргізілетін тәжірибесін ұсынады.

1. Әкелер өсиеті. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей ер азаматқа тән қасиетті бала бойына сіңіру.

2. Ерлерге тән салт-дәстүрлер. Ер баланың отбасындағы, қоғамдағы ролін ашып көрсету керек. Ер баланың сол әулеттің мұрагері, қара шаңырақ иесі болып саналатының, қартайған әке-шешені бағып-қағу ер балаға аманат екенің түсіндіру қажет. Бұл-қазақ халқының атадан-балаға жалғасқан озық дәстүрлері.

3. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар»-ата-бабаларымыздың ерлік пен батырлығын бағыттайтын бағыт.

4. Сөз өнері. Шешендік өнердің тәлімдерімен тәрбиелей отырып, әр оқушының өзіндік ерекшеліктерін ашу.

5. Ұлттық ойындар.

Ер баланы ұлттық негізде жауынгерлік дәстүр арқылы ерлікке баулуға байланысты Халық батыры Б.Момышұлының еңбегін ерекше атап өтуге болады.

«Жігітті жауынгерлік қасиеттерге тәрбиелейтін қазақтың игі дәстүрлері» атты мақаласында солдатардың бойында жауынгерлік қасиеттерді тәрбиелеуде халықтардың басынан өткен жауынгерлік жолдары мен ұлттық дәстүрлерінің маңызы зор екеніне тоқтала келе, халық даналығының алтын қазынасын білім мен тәжірибемізге пайдалану жолдарын көрсетеді.

Көптеген ғылыми еңбектерге шолу жасай отырып, ерлік және жауынгерлікті қалыптастыруға себін тигізетін қасиетті белгілер : ұлттық сана сезім, ұлттық мақтаныш, ұлттық салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, парыз, намыс, бірлік және міндет.

«Ұлттық сезім, ұлттық ой санадан ерекшелеу бұл адамның түрлі өмірлік құбылыстар мен жағдайларды, ұлттық мүдделерді өзіндік тұрғыдан түсіну. Ұлт бар жерде ұлттық сезім де бар және оны құрметтеу заңды», - дейді профессор Т.Сарсенбаев.

Әр адам ата-бабаларымыз негізін салып кеткен игі дәстүрлерді мақтан ете отырып, өз ұлтын терең сүю арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеуге тиіс.

Қазақтың зиялы қауымының өткен тарихты зерттеп оның негізінде жас ұрпақты ұлттық жауынгерлік және ерлік дәстүр бойынша тәрбиелеуге еркін бойлай алмауы 1937-1938 жылдардағы І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, Ш.Құдайбердиевтердің бастарынан өткен зауалдың зиялы қауымды «ескішілік», «байшыл», «халық жауы» деп жалаға ұшырап, жапа шепкендері біраз сескендірді.

 

Пайдаланған әдебиеттер

 

1.     Абдикаримова Т. Мәтінмен жұмыс 111-117 бет.

2.     Абай Қара сөздері. - Алматы Ел 1993, 272 бет.

3.     Абылай хан (Құрастырған С.Дәуітов) Алматы. Жазушы 1993, 416 бет.

4.     Балақпаев Т. Армия және Ұлт саясаты. Қазақ тарихы №2, 1994, 41 бет.

5.     Гумилев Л.Н. Көне түріктер. Алматы, 1994, 478 бет.

6.     Дорженов С.Б. Инабаттылық иірімдері. Алматы. Қайнар, 1994

7.     Ел аузынан. Б.Адамбаев. Алматы. Жазушы, 1989, 367 бет.

8.     Ешімханов С. Оқушыларға патриоттық әскери беру. Алматы, 1993, 27 бет.

9.     Жарықбаев Қ., Калиев С. Қазақ-тәлім тәрбиесі. Алматы. Санат.1995, 496 бет.

10. Жукеш К. Ұлттық психология сипаты. Алматы. 1996, 196 бет.

11.  Жумақанов Ә. Жас жеткіншерді комплексті тәрбиелеу. Алматы. 1981