Экономические науки/10.Экономика предприятия.

Утегенова К.А.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің аға оқытушысы, э.ғ.к.

Шайнуров А.С.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің аға оқытушысы, э.ғ.к.

Жупарбеков Н.Б.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің магистранты

 

аймақтағы кәсіпкерлік қызметтің экономикалық маңызы және оны қолдау

 

Экономикалық, әлеуметтік-саяси бағыттағы қарқынды дамуы нәтижесінде өткен жылы Қазақстан дамыған елу елдің қатарынан орын алды. Мемлекет басшысы мемлекеттің бұдан әрі ұзақ мерзімді дамуы жөнінде міндеттер қойып отыр. 2050 жылға Қазақстан әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуы тиіс.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған дәстүрлі Жолдауында басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы екенін атап көрсетті. Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Экономикамызда шағын және орта бизнестің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі. Бізде шағын және орта бизнестің 800 мыңнан астам субъектісі бар, онда 2,4 миллионнан астам қазақстандық еңбек етеді. Бұл сектордағы өнім көлемі төрт жылда 1,6 есе өсті және 8,3 млрд. теңгені құрап отыр[1].

2013 жылы Қызылорда облысының экономикасындағы бірқатар маңызды салалардың көрсеткіштері алдын ала болжанған нәтижеден де жоғары болды. Облыс экономикасына 300 млрд. теңге инвестиция салынды. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда шамамен 60 %-ға артық. Соның ішінде, жыл бойына республика аймақтарының арасында инвестициялардың ең жоғары өсу қарқыны сақталып отыр. Сәйкесінше, құрылыс жұмыстарының көлемі де едәуір ұлғайып (45 %-ға), 200 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді [2].

Кіші және орта бизнесті дамытуда да оң қарқын бар. Айталық, тіркелген кәсіпорындардың саны 9%-ға артса, онда жұмыспен қамтылғандардың саны 5 мыңнан астам адамға ұлғайды (2012 жылмен салыстырғанда 5% шамасында). Қызылорда қаласы бойынша салық басқармасының мәліметіне сәйкес, 2013 жылдың 1 қазанына қала бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 25 942  бірлік құрайды. Оның ішінде:  жеке кәсіпкерлер саны – 19958 бірлікті құрайды, жұмыс істейтіндер саны – 14926. Заңды тұлғалар бойынша - 5984 бірлікті құрайды, жұмыс істейтіндер саны – 4820. Сәйкесінше, кәсіпкерлік саласында 788  жаңадан жұмыс орны ашылды,  тұрақты -653, оның ішінде 309 сауда саласында, білім және денсаулық саласында- 53, өнеркәсіп саласы-10, уақытша және маусымдық-135, басқа да қызмет түрлері бойынша - 416 жұмыс орындары ашылды. Кәсіпкерлікті  қолдау мақсатында 2013 жылға қалалық бюджеттен    847 мың теңге қаражат бөлінді. Жұмыссыздық деңгейі республикалық орташа деңгейден аспайды (5,2%).

Кәсіпкерлікті дамыту – экономиканың ұтқыр әрі нәтижелі секторының бірі. Ішкі жалпы өнімнің елеулі бөлігін өндіру осы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесінде.

Ел әлеуетінің жақсаруын экономиканың тұрақты дамуымен байланыстырар болсақ, оның ішінде кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуді алдыңғы орынға қойып отырған мемлекеттік саясат тұрақталып келеді. Шағын және орта бизнестің дамуына мемлекет тарапынан ықпал ету де қолға алынды. Нақты айтқанда, жұмыссыздықты жоюда, жалақы мен зейнетақыны уақытылы төлеуде, нарықты халыққа қажетті тауарлармен толтыруда, жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде, депрессияны бастан кешіріп отырған жекелеген аудандарды қалпына келтіруде осы шағын және орта бизнес шешуші фактор ретінде маңызды роль атқарып келеді. Нарықтық экономика элементтерін енгізудің әрекеттері монополияландырылған ортаның қарсылығына тап болуда. Ал монополизмге қарсы күресудің тиімді жолдарының бірі – шағын және орта бизнесті дамыту.

Мемлекет қолдау білдіріп отырған стратегиялық бағытта қоғамды жаңартуға қабілетті, экономиканың жағдайын ойлайтын кәсіпкерлерге ерекше көңіл бөлінуде. Шағын және орта кәсіпорындардың тиімділігі және артықшылығы сол, олар аса үлкен қаржыны керек етпейді. Шағын және орта бизнес халықтың әл-ауқатын арттырып, қосымша жұмыс орындарының ашылуына, жалақының уақытында төленіп отыруына себін тигізетіні сөзсіз. Ең бастысы, жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыспен қамтып, аймақ халқының әлеуетін арттыруға зор ықпал етуде. Осы ретте 300-ге жуық адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отырған қаладағы «Браунис Қазақстан» ЖШС кондитерлік фабрикасын айтуға болады. Қызылорда қаласы бойынша 4 филиалы жұмыс жасайтын бұл кәсіпорынның құрылғанына екі жыл енді болады. Елге еңбек етіп келе жатқан аталмыш фабрика жуырда өткен облыстық шағын және орта бизнес байқауында «Өнім өндіру және өңдеу саласындағы үздік кәсіпкер» номинациясы бойынша ІІ орын алды.

 Бүгінгі Қазақстан жағдайында кәсіпкерліктің шағын және орта түрін дамытуға кеңінен жол ашылды. Бұл ел нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдермен толықтыруға жол ашты. Ол үшін ең алдымен кәсіпкерлікті бастамас бұрын қаржылық қолдау қажет екені тағы белгілі. Бұл ретте шағын несиелендіру бағдарламасы шеңберінде де жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ал бұл қаржыландыру үрдісі еліміздегі барлық екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізіледі. Мәселен, АТФ банкінде шағын және орта бизнес субъектілері үшін бизнес-несиелер беріледі. Мұнда несие беру бағдарламалары құбылмалы сыйақы мөлшерлемесі бар несиелер, «Даму» КДҚ бағдарламасы бойынша, ЕЖДБ қаражаттарынан несиелер беріліп, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қаржыландыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ аталмыш банктегі несие артықшылықтары да жоқ емес. Мәселен, басқа банктердегі қолданыстағы қарыздарды қайта қаржыландыру, кепіл затын сақтандырудың бейілдік шарттары мен негізгі қарызды төлеудің мерзімін ұзарту секілді артықшылықтар бар.

Индустриялды-иновациялық бағдарламалар аясында 2013-2015 жылдары Қызылорда қаласы бойынша жобалық құны 17 млрд 497 млн. теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылып, жаңадан  441  жұмыс орындары ашылу жоспарлануда.  Сонымен қатар, 2012 жылы Аймақтық үйлестіру кеңесінен өткен Картадан тыс 9 инвестициялық жобаны 2013-2015 жылдары аралығында  іске қосу жоспарлануда.

 

Кесте – 1 Қызылорда облысы бойынша 2013-2015 жылдары аралығында жоспарланған инвестициялық жобалар 

 

Жоба атауы

Заңды тұлға

Жоба құны  

жаңа жұмыс орындары

1

«Полиэтилен құбырларын шығару өнідірісін ұйымдастыру цехының құрылысы»

«Сарыбұлақ» ЖШС

26,5 млн. теңге

9

2

«Пішінделген темір табақшаларын дайындау өндірісі цехының құрылысы»

«Сарыбұлақ» ЖШС

11,3 млн. теңге

9

3

«Қызылорда қаласында инноваци-ялық медициналық технологиялар институтының құрылысы»

«Энергия» ЖШС

6,6 млрд. теңге

200

4

«Халықаралық стандарттарға сәйкес «Жібек жолы» қонақ үйінің құрылысы»

«Сәулет-Қызылорда kz» ЖШС

1,5 млрд. теңге

60

5

«Көмірсутекті шикізатты өңдеу шағын өндірістік құрылғысын орнату»

ЖК "Дабысов"

375,0 млн теңге

70

6

«Мал бордақылау цехы және ет өндіру цехының құрылысы»

 "Ақбарыс" ЖШС

200,0 млн. теңге

50

7

«50 дана жылыжай құрылысы»

«Ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қоры»

283,0 млн. теңге

55

8

«70 дана жылыжай құрылысы»

«Ауылшаруашылықты қаржылай қолдау қоры»

385,0 млн. теңге

70

9

«Қыш шығаратын зауытының құрылысы»

"Геофарм" ЖШС

450,0 млн. теңге

30

Ескертпе - http://www.kyzylorda-city.kz мәліметтері негізінде

Қызылордада кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Мұнда  өз алдына кәсібі бар немесе жаңадан бизнесін бастауға ынталы азаматтарды тегін оқытып, қажетті кеңес береді. Кәсіпкерлер кез келген бизнеске қатысты ақпаратты алып, қажетті құжаттарды рәсімдеуге қол жеткізеді. Сонымен қатар бизнес иелері  соңғы үлгідегі менеджмент технологиясы, бухгалтерлік есепті жүргізу, қаржы мен салық есептілігі, кеден процедуралары туралы да мәліметті қолма қол алады. Мұның бәрі облыстағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Орталықта коворкинг-офис те бар. Яғни бұнда кәсіпкерлер белгілі бір жобаларды бірлесе талқылап, олардың жүзеге асуын бірлесе қолға алады.

Елбасының тікелей қолдауымен, мәжіліс депуттарының мақұлдауымен тұңғыш рет елімізде Қазақстан ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылған болатын. Осыған орай, Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасының алғашқы өңірлік кеңесінің бірінші отырысы өтті. Ұлттық кәсіпкерлер Палатасы Басқармасының Төрағасы кәсіпкерлік палатаның еліміздегі әрбір кәсіпкердің жұмысының жемісті болуына, олардың Заң аясында қорғалатындығына арнайы тоқталды. Өңірлік палата кәсіпкерлердің құқықтарын қорғай отырып, мүдделеріне өкілдік етуге, сонымен қатар кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру барысындағы жұмыстарға баса назар аударатын болады. Бүгінде Отандық өндірісті қолдай отырып, техникалық және кәсіби білім берудегі жүйені дамытуды қолға алынды[4].

Экономикалық дағдарыста ірі кәсіпорындар едәуір шығынға ұшырап, иілмелі нарық жүйесі алдында қауқарсыздық танытса, шағын және орта бизнес саласы қарқынды дамып, озық технологияларды меңгере отырып, өзінің ұтымды жобаларының өміршеңдігін байқатып келеді. Кәсіпкерлікті кеңейтуде аймақтағы кәсіпорындардың қосқан үлес салмағы айтарлықтай. Тұрақты даму үдерісінен өтіп, әр саланың және ауданның жеткен жетістіктері де саралануда. Осы ретте жуырда «Қызылорда облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту саласындағы жетістігі үшін» облыстық көрме-конкурсы өтті. Оған Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен қызылорда қаласынан кәсіпкерліктің шағын және орта түрімен айналысатын 55 кәсіпорын қатысты. Алдағы уақыттары шағын және орта кәсіпкерлік саласына қазіргі заманғы басқару әдістерін кеңінен енгізу жалғасын табады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. Н.Ә.Назарбаев. «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы. http://www.egemen.kz

2. Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясы. Сыр бойы. - 9 қаңтар, 2014 жыл. №2.-1 бет.

3. http://www.kyzylorda-city.kz

4. Ә.Мәмбетов. Кәсіпкерлік саласы өркен жая бермек. Сыр бойы. -14 қаңтар, 2014 жыл. №5.-1 бет.