Досова А.Т.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік
университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты
Концепт
және концептілік
құрылымдар
Қазіргі таңда тілді барша адамзаттың ең басты
құндылығы деп танитын көзқарас өркениетті
қоғамның ең басты қағидасына айналды.
Негізгі тіл адамзаттың ойлау, қабылдау, пайымдау арқылы
ақиқат дүниені танудың құралы ретінде
ой-санасының объективтенуі болып
табылады. Сонымен қатар тіл қоғамдық сананың
түрлерін қалыптастырумен қатар өз кезегінде оған
әсер етеді. Белгілі бір этностың өмір сүру кезеңі
ізін қалдырып отырады. Ол сонымен қатар тілдік ұжымның,
тілді пайдаланушы халықтың әрбір кезеңдегі шежіресінен
де мол ақпарат береді. Осыған орай тілдік жүйені
құраушы бірліктер когнитивтік лингвистиканың нысанына айналып
отыр.
Тілдік ұжым мүшелерінің дүниетанымы
адамзат пен мәдениеттің даму кезеңдерінің сатысынан
өткен сайын ақиқат дүниені тек логикалық-позитивтік
қана
емес, этикалық-моральдық, ментальдық тұрғыдан да
таныта алады. Тілде қалыптасқан
тұрақты тіркестер - мақал-мәтелдер мен фразеологизмдер
әр халықтың ғасырлар бойғы саналы
еңбегінің жемісін, жетістігін анықтайды. Сондықтан да
дүниенің тілдегі бейнесін жан-жақты қарастыруда
концептілік ұғыммен мағыналық
байланыста тұратын тұрақты тіркестердің,
мақал-мәтелдер мен фразеологизмдердің маңызы
ерекше.
ХХІ ғасырдың
басындағы қоғамдағы жаһандану үрдісі
қазақ тіл біліміне де көптеген үлкен өзгерістер
мен жаңалықтарды әкелді. Сондай
жаңалықтардың бірі-ғылымдағы ғылыми
көзқарастар мен үрдістердің өзара
сабақтастықта қарастырылуы болып табылады. Осы күнге
дейін тіл мен таным мәселелері философия мен лингвистика ғылымы
аясында жеке-жеке зерттелсе, бүгінде лингвистика ғылымында тіл мен
танымды бірлікте қарастыру үрдіске айналып келеді. Танымдық
ғылымның басты зерттеу
нысанасының бірі-концепт,
яғни тірек мағына ұғымы.
Концепт-ол тілдік
тұлғаның тілдік-когнитивтік деңгейлерінің негізгі бөлшегі, әлемнің
шындық немесе көркемдік негізін көрсетуші ұжымдық
сананың қозғалысын айқындаушы бірлік. Адам санасындағы
дүние бейнесінің үзіктері концептердің көмегімен
сөз арқылы таңбаланып көрініс табады, вербалданады.
Концептің құрылымы
өте күрделі. З.Д.Попова мен И.А.Стернин сияқты ғалымдар
концептілердің түрлерін анықтау барысында когнитивтік концептілердің
адам санасында қалыптасуын әр түрлі процестер негізінде (сезімталдық, ойлау
операциялары, санадағы тілдік бірліктер арқылы) топтастырады.
Когнитивтік зерттеулер нәтижесінде концептіні ұлттық
концептілік өріс элементі деп қарауға мүмкіндік туады.
Осы негізде зерттеуші В.А.Маслова концептің түрлерін былайша
топтастырады:
- жеке тұлғалық
концептілер;
- адамдардың жас ерекшеліктеріне
байланысты концептілер;
-жалпыұлттық
концептілер[1].
Сонымен концепт дегеніміз-ойлау мен таным және мәдени
процесінің нәтижесі; адам ойындағы ғалам
бейнесінің өзіндік белгілерінің ассоциациялануының
нәтижесі; концептілік мәнге ие болған доминанттың тілдік
қолданыстағы мағынасының қайта ойлаудан
өтуі және бұрынғы бар ақпараттарды лингво-философиялық тұрғыдан толықтырып,
тың мағұлмат беруші бірлік болып табылады.
Ғалымдар (З.Д.Попова,
И.А.Стернин) концепт туралы «Концепт адам санасында, біріншіден, сезімдік
тәжірибесі арқылы қалыптасады, екіншіден, адамның
өзіндік тұрмыс-тіршілігі, қызметі арқылы ұласады,
үшіншіден бұрын санада қалыптасқан ситуациялар мен
басқа да концепт белгілері мен қасиеттерін сәйкестендіре
қолдану арқылы таныла түседі, төртіншіден, тілдік
таңбасы жиі қолданыстан өтіп, стереотиптік деңгейге
жеткен таңбалармен таныту арқылы анықталады, бесіншіден,
тілдік бірліктерін саналы түрде сол дүние табиғатын
танытуға болады деп тұжырым жасау негізінде қалыптасады» -деп
түсіндіреді[2].
Кез келген нәрсе қарапайым
форма (фрейм) арқылы концептілк құрылымдар арқылы
танылады. Соңғы зерттеулерде фрейм екі жақты сипатымен
танылып, былай дәлелденеді:
Бір жағынан фрейм лексикалық жүйе ішінде
танылады, екінші жағынан когнитивтік ақпараттарды
ұйымдастырушы болып танылады. Сонымен фрейм –санада бейнеленген концептілік
құрылымдардың бір тармағы деп түсіндіріледі.
Әрбір адамның ми
қыртысында қабылданған ақпараттар белгілі бір ұғым
төңірегінде шоғырланады. Ол көру, есту, сезу
қабілеттері арқылы қалыптасып тілде көрініс табады.
Ұғым шоғырына кейде ойша салыстырудан туындаған ақпараттар да енеді. Бұл
тұжырым концептілік құрылымдардың мәнін
көрсетеді.
Р.И.Павиленис: «Адам тілдік
көрінісін іздемес бұрын сол дүниені өзінің
сезімді қабілеттері арқылы танып алады. Танымында
қалыптасқан дүние туралы ақпараттардың
ұқсас жақтары мен айырмашылықтарын санада
сұрыптайды. Дүние туралы ақпаратты меңгеру әрбір
тұлғаның өзіндік талдап жүйелеу базасында
қалыптасады. Осындай әрекеттер нәтижесінде пайда болған
ұғым ақпараттарының құрылымын концептілік
тақырып деп атаймыз», - деген тұжырым жасайды[3].
Демек концептілік құрылым –адам танымында
қалыптасқан дүние туралы түсініктің санада бір
ұғым шеңберінде жинақталған таңбалар
шоғыры.
Фреймдер ғылымның әр
саласына тән
болғандықтан, қолданысы жағынан ауқымды, күрделі болады. Ал тіл
біліміндегі фрейм тілдегі әр түрлі стереотипті ситуацияның берілуін түсіндіруде
қолданылады.
Зерттеуші И.П.Павлов стереотипті «адамның ішкі физиологиялық жүйесінің
күрделі құрылымы», -деген болатын.
Стереотиптерге берілген анықтамалардың ішінде
В.В.Красных пікірінше: «Стереотип –нақты бір феноменге қатысты
концептіні түсіндірудегі оның ішкі валенттілік байланыстарын
жинақтап ұйымдастыратын ментальді тілдік құрылым» [4].
Концепт - ол тілдік
тұлғаның тілдік-когнитивті деңгейлерінің негізгі бөлшегі, әлемнің шындық
немесе қияли негізін көрсетуші ұжымдық сананың
қозғалысын айқындаушы бірлік. Адам санасындағы
дүние бейнесі табиғаты жағынан әр алуан болып
келетін концептердің көмегімен көрініс табатыны белгілі. Олар
сөз арқылы таңбаланып, вербалданады. Қазақ тіл
білімінде концепт теориясы Г.Смағұлова, Қ.Жаманбаева, М.Күштаева, Ф.Оразбаева, Ж.Манкеева,
Э.Оразалиева, И.Айбаршаның ғылыми зерттеу еңбектерінде
қарастырылады.
Концепт сөздердің
беретін ұғымын түсіну арқылы жеке бір адамнан бастап,
қоғамдық топтардың, бүкіл бір ұлттың,
халықтың ой-өрісінің, дүниетанымының
ерекшеліктері айқындалады. Бұл сөздер адамның ой
санасына, ішкі дүниесіне байланысты басты-басты ұғымдарын оның элементтері ретінде
таңбалай отырып, сонымен бірге олардың мән-мағынасын да
қамтиды. Аталған сөздердің лексикалық
мағыналарын анықтау арқылы қосымша
мән-мағынаның ашылуына септігін тигізеді. Бұл дегеніміз
бұрынғы түсіндірме ұғымдарды жаңа
қырынан бағалауға мүмкіндік туғызады.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Маслова В.А. Лингвокультурология. М., 2001. 208 с.
2 Попова З.Д., Стернин И.А. Лексическая система
языка (внутренняя организация,
категориальный аппарат и приемы изучения). Воронеж, 1984. 148 с.
3 Павиленис Р.
Проблемы смысла: Современный логико-
философский анализ языка. М, 1983. 286 с.
4 Красных В.А. Этнопсихолингвистика и
лингвокультурология. М., 2002. 284 с.