Алиева Б.М. 1-курс
магистранты
П.ғ.д., профессор
Абильдина С.Қ.
Е.А.Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,
Қазақстан
Ахмет Байтұрсыновтың
халық ағарту саласындағы еңбегі
Қазақ халқының ХХ ғасыр
басындағы тәуелсіздік үшін күрес жолындағы Алаш
қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақ тіл білімі
мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым,
түркітанушы Ахмет Байтұрсыновтың халыққа білім
беру ісінде қалдырған мұрасы аса ауқымды, әрі
құнды болып табылады.
А.Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси қызметінің
бастауы 1905 жылға тұспа-тұс келеді. 1905 жылы Қоянды
жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған,
патша өкіметі органдарына жіберілген Қарқаралы петициясы
авторларының бірі А.Байтұрсынұлы болды. Қарқаралы
петициясында жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру
істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес
өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі,
цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат
беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің
мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді.
Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды
үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын. Сол кезеңнен
бастап жандармдық бақылауға алынған
А.Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің
бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды.
Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда
Байтұрсыновты қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару
жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес
Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917
жылдың соңына дейін сонда тұрды. Байтұрсынұлы
өмірінің Орынбор кезеңі оның
қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы
шағы болды. Ол осы қалада 1913–1918 жылы өзінің
ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен
бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының
қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық
«Қазақ» газетін шығарып тұрды [1, 27-28 бб.]. Газет
қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. Ол
кезеңде жай адамның газет шығаруы оңай болмаған,
себебі заман талабына сай келер баспахана жоқ, қазақша
әріп, қаржы да жоқ. Сонымен қатар газетке мақала
жазатын авторлардың оны жаздырып алушылардың да болуы қиын
болған. Бұндай газетті шығару үшін оны басқаратын
адамға үлкен қажыр-қайрат қажет болды.
А.Байтұрсынұлыдан бұрында қазақтың
оқыған азаматтары газет шығаруға талпынған,
бірақ ұзаққа бармаған.
Орынборда «Уақыт» деген татарша газет шығып
тұрған, оның редакторы Фатих Кәрімов
алғашқы кезде «Қазақ» газетінің шыға
бастауына көп жәрдем еткен, редакциясының бір бөлмесін
босатып берген, «Қазақ» соның баспаханасында басыла
бастаған [2, 27 б.]. Газеттің алғашқы көздеген
мақсаты қараңғыда жол таба алмай адасып жүрген
халқына жол сілтеу, елді оқу-білімге шақыру сияқты
ағартушылық бағытта болған. Қазақтың
сол кездегі азды-көпті зиялылары осы газеттің маңына
үйіріліп, шаруашылық, мәдениет, денсаулық
мәселелері жайында өз ойларын айтып мақалалар жаза
бастаған, сөйтіп көзі ашық адамдар енді бастарын
біріктіріп осы газеттің маңына топтала бастаған. Редакцияда
алғашқы күндерден бастап Ахмет Байтұрсыновпен бірге
қызмет еткен адамның бірі Міржақып Дулатов. Олар елге газет
тарату жұмыстарын да өздері атқарған.
1911 жылы жазылған «Қазақтың
өкпесі» атты Ахмет Байтұрсыновтың мақаласында мынадай
сөздер бар: «... Ата жолдасы надандық, өнерсіздік қазір
қазақтан айрылатын емес. Надандықтың кесапаты әр
жерден –ақ маңдайымызға тисе де, ата жолдасымыз болған
соң, біз де қиып айырылмай ақ келеміз. Жоқты
барға теңгеретін ғылым мен өнерді керек қылатын
қазақ аз..». Осыны ұққысы келмегендерге,
халықты өркениетті елдер қатарына қоссам деп
өзін-өзі азапқа салғанда сөз ұғып,
жөнді жолға түсу былай тұрсын, оның өзіне
қастандық жасап, абақтыға жаптырғандарды
А.Байтұрсынов көп есектерге теңеді, ашу-ызаға
булықты [2, 53]. Ахмет Байтұрсынов
басқа да ұлттық либералдық интеллигенцияның
өкілдері сияқты бір жағынан отарлық билік
жүйесінің озбырлығын көріп, екінші жағынан,
«өз ауылы иттерінің» балтырын тістеп, қанатқанынан
қинала жүріп, өз халқын оятып, өз өлкесін
жаңартуға бар күш-жігерін салды.
Тұтас буынның төл басы болған
А.Байтұрсыновтың алғашқы кітабы – «Қырық
мысал» 1909 жылы жарық көрді. Ол бұл еңбегінде Ресей
отаршыларының зорлық-зомбылығын, елдің
тұралаған халін жұмбақтап, тұспалдап жеткізді.
Байтұрсынұлы мысал жанрының қызықты формасы,
ұғымды идеясы, уытты тілі арқылы әлеуметтік
сананың оянуына ықпал етті. Ақынның азаматтық
арман-мақсаты, ой-толғамдары кестеленген өлеңдері
«Маса» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді (1911).
«Масаның» негізгі идеялық қазығы –
жұртшылықты оқуға, өнер-білімге шақыру,
мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу. Ақын
халықты қараңғылық, енжарлық, кәсіпке
марғаулық сияқты кемшіліктерден арылуға шақырды.
Абайдың ағартушылық, сыншылдық дәстүрін
жаңарта отырып, А.Байтұрсынұлы ХХ ғасыр басындағы
қазақ әдебиетін төңкерісшіл-демократтық
дәрежеге көтерді. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы
қазақ тіліне А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон
өлеңдерін аударды. Бұл аудармалар
А.Байтұрсыновтың тақырыпты, идеялық-көркемдік
деңгейі жоғары туындылар. Ел тағдырының келешегіне
алаңдаулы ақын көп қырлы ісімен, даналық
саясатымен қазақ жастарының рухани көсемі болды. Ол –
қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап,
жаңа үлгі ұсынған реформатор.
А.Байтұрсынұлы әліпбиі
қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы
негізінде жасалды. Ол Қазақ білімпаздарының
тұңғыш съезінде (Орынбор, 1924), құрылтайында (Баку,
1926) араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін,
құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдеген
ғылыми баяндама жасады. Бұл әліпби ұлттық
жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып
табылады. Ол халыққа ғылым-білімнің қажеттілігін
түсіндірумен ғана шектелмей, білім беру ісін жолға
қоюға күш салды. Орыс, татар мектептерінен оқып
шыққан ұлт мамандарының өз тілін
қолданудағы кемшіліктерін көріп: «Әр
жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай
басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады.
Біздің жасынан не орысша, не ноғайша оқыған
бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз
қазақша келтіріп жаза алмайды не жазса да қиындықпен
жазады, себебі, жасынан қазақша жазып
дағдыланбағандық» деп жазды. А.Байтұрсыновтың
«Оқу құралы» (1912) – қазақша жазылған
тұңғыш әліппелердің бірі. Бұл әліппе
оқытудың жаңа әдістері тұрғысынан
өңделіп, 1925 жылға дейін бірнеше рет қайта басылды.
«Оқу құралы» қазіргі әдістеме
тұрғысынан әлі күнге дейін маңызды
оқулық ретінде бағаланады. А.Байтұрсынұлы
қазақ тілінің тазалығын сақтау үшін
қам қылды. Өзі жазған «Өмірбаянында» (1929):
«...Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ
тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық
құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ
әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс
істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен
тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік
құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен
тазартуға әрекеттендім; төртіншіден, қазақ
прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу
тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді
қалыптастырумен айналыстым» деген [3, 117 б.].
Алаш
қозғалысының тарихын зерттеуші ғалымдардың бірі
Кеңес Нүрпейісов Ахмет Байтұрсыновқа ең
әуелі ағартушылық-ғылымдық пен саяси
қимылда байсалдылық және ұстамдылық тән
болды деп әділ бағасын береді [2, 215 б.]. Қорыта айтқанда,
А.Байтұрсынов аумалы-төкпелі қиын заманда халқына адал
қызмет еткен, ағарту ісінде көп еңбек сіңірген,
таусылмас мұра қалдырған тұлға.
Әдебиеттер:
1. Ахмедов Ғ. Алаш «Алаш» болғанда: Естеліктер мен тарихи
деректер.-Алматы: Жалын, 1996.-224 б.
2. Нүрпейісов К. Алаш һәм Алашорда.-Алматы: «Ататек»,
1995.-256 б.
3. Алаш-Орда: Сборник документов /Сост. Н.Мартыненко.-Алма-Ата: Малое
издательство «Айкап», 1992 г.-192 с.