ШЕРТЕР АСПАБЫН ИГЕРУ
ЖОЛДАРЫ
Б. Бейсенбай,
Қазақ
мемлекеттік қыздар
педагогикалық
университетінің 2 курс магистранты
Сазды аспаптар, оның ішінде
әсіресе көне аспаптар халықтың рухани қорын
байытуда, музыка деген мәдениет әлемінде ерекше орын алады. Сан
ғасырлар бойы өң тұлғасында бірталай сырларды
шертіп, тарихнамаларды тарту етіп, шежірелерді жырлап келген ұлттық
аспаптардың әлі де айтар сырлары көп сияқты. Бұл
көне аспаптардың қайта қалыпқа келуі, оралуы
өте қиын болды. Қалпына келуі оңайға
түспеген аспаптардың бірі - шертер аспабы.
Шертердің көрінісі қарапайым, мойны имектеу, басында
шайтан тиегі жоқ, құлақтарының жасалуы
қобызға жақынырақ. Оның ертеректе ел ішінде
сақталған көне нұсқасына перне тағылмайтын
болған. Ішегі жылқы қылынан тағылғандықтан
ертеде ол «шертпе қыл» деп аталған. Қазіргі шертер аспабы
бұрынғы түріне қарағанда біраз жетілдірілген.
Көнесінің көлемі қазіргіге қарағанда
кішілеу. Аспап көлемінің үлкейтілуі дыбысының
ұлғаюына да мүмкіндік береді.
Аспаптың ең бірінші болып жетілдірілген түрін жасаған аспап шебері- Нұрлан
Абдрахманов. Ол алғашқы шертерін өзі қызмет еткен
«Отырар сазы» оркестріне арнайы жасаған. Оның жасаған
аспаптары әдемі, қоңыр тембрімен, ауқымды дыбыс
күшімен, сәнді дизайнімен еркшеленеді. Ал алғаш күй
орындаған – Жарқын Шәкәрім. Қазіргі түрлі ансамбль, оркестрлер
құрамында кеңінен пайдаланылып жүрген жетіген, шертер
қылқобыз, шаңқобыз, сыбызғы секілді аспаптарды
жарыққа шығарып,
қайтадан жаңғыртқан ғалым-этнограф Болат
Сарыбаев.
Б.Сарыбаев құрған фольклорлық ансамбль сахналарда,
радио мен теледидарда көптеген концерттер беріп, осы көне
аспаптарды халық арасына таратуды үлкен роль атқарды.
Ғалымның зор еңбекқорлығының
арқасында 1980-жылдары республикамызда көптеген фольклорлық
ансамбльдер бой көтере бастады [1, 80-81].
Осы көне аспаптың халық арасында дәріптелуі
қалай, кейінгі ұрпаққа ұлттық
құндылық ретінде танылуы қалай, оны жетік меңгеру
үшін беріліп жатқан оқу-әдістемелері қандай? Арнайы музыка мамандары болмаса қарапайым халық шертерді біле
бермейді. Кейінгі ұрпақтың білмеуі де заңды.
Өйткені бұл аспап оқыту бағдарламасында болмаған.
1988 жылдан бастап шертер аспабы Құрманғазы атындағы
Қазақ ұлттық консерваториясында арнайы кәсіби
дәріс беру сыныбы ретінде ашылды [2, 70].
Бұл алғашқы қадам болатын.
Құрманғазы атындағы оркестрге шертер 1990 жылы
қосылды. Осы жылдан бастап консерваторияда ең алғаш шертер
сыныбы қалыптасты. Қазіргі таңда қала, облыс, аудан
оркестрлерінде түгелдей дерлік шертер қосылған. Шертер ұлттық аспаптар
оркестрінің музыкалық мазмұнын байытады, жаңа тембр
қосу арқылы оның көркемдігін арттырады. Тембрлік
бояулары бойынша шертер басқа аспаптар арасында өзіндік дыбыс ерекшелігімен
орын алады. Ансамбль оркестрлердің құрамында дыбыс бояуы
жөнінен шертер аспабы домбыраның дыбысымен үндеседі.
Шертердің партитурада алатын орны-ортаңғы регистрде, ол
қоңыр дыбысымен оркестрдің үнін нақыштайды.
Осындай оқу жүйелеріне кіргеннің арқасында шертер
номинация ретінде республикалық сайыстарға қосыла бастады.
Мысалы, 1998 жылы ІҮ Құрманғазы атындағы
халықаралық конкурста шертер аспабы бойынша А. Садуақасова,
С. Сабырғалиева сынды алғашқы лауреаттар пайда бола бастады.
Кейін музыка колледждері арасындағы өтетін сайыстарға,
«Шабыт» фестиваліне және «Асыл мұра» конкурстарына шертер аспабы
қосылып тұратын болды [2, 70-71].
Кейінгі шертер аспабының майталмандарының орындауларында
Арқаның ақпа күйі, Жетісу, Алтай, Тарбағатай
өңірінің және Батыстың төкпе күйлері
сынды үзді шығармалар орындалуда. Атап айтқанда Кәлек
Құмақайұлының «Арман», «Кербез қыз»,
халық күйлері «Қара жорға», «Сал күрең»,
«Сары өзен», «Ой толғау», Байжігіттің күйі
«Көксерек», Тәттімбеттің «Бес төре» күйлері.
Бұл біз үшін үлкен бір жетістік деуге болады [4,15].
Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында мамандарды
тәжірибелік даярлаудың жолдары жеткілікті. Еліміздің
қоғамдық өміріндегі барлық саланы қамтитын
жаңартылған әлеуметтік-экономикалық серпілістермен
қатар музыкалық-педагогикалық дайындық
жүйесіндегі оқыту мәселелерін жақсартуды
ұйымдастырудың да маңызы ерекше. Жоғарыда
айтылғандай шертер аспабы 1990 жылы мамандық ретінде оқытыла
бастады. Шертер аспабын оқытуға бағытталған
консерваторияға (1995 жыл), музыкалық колледждерге арналған
бағдарламалар (1998 жыл) әзірленді. Шертерге лайықты деген
ноталар түсірілді [3, 25].
Қазір шертермен орындалатын шығармалар жинағы,
компакт-дисклер жарыққа шығарылуда. Сөйте тұра шертерді жас тәлімгерлер арасында
аз дәріптейміз. Өкінішке орай жоғары оқу
орындарындағы студентер фольклорлық аспаптардың атауын да
тарихын да білмейді. Себебі олар тек мектепте кітаптан аспаптардың
суретін ғана көрген. Осы тұрғыда фольклорлық
ансамбльдердің жоғарғы оқу орындарында және орта
мектептерде жиі лекция концерт ұйымдастырылса оқушылар мен
студентер әр аспаптың үнін тыңдап, қолдарымен
ұстап көріп тарихын білер еді, рухани байлықа кенелер еді.
Бұл біздің музыкалық мәдениетіміздің дамуына
үлкен үлес қосқан болар еді.
Жалпы адамзатты музыкалық өнерге баулуды бала кезінен, мектеп
жасына дейінгі кезеңдерден, қолға алуды көптеген
ағартушы-ғалым, педагогтар зерттеген. Осы шертерді үйрету дәрістерін тек,
жоғарғы білім орындарына келгенде ғана емес, мектеп
қабырғасынан баланың ой-сезіміне қалай берген жөн
сияқты. Өйткені, біздің елімізде балалардың
көбісі дерлік, орта мектепті бітіргенде тек домбыра мен қобызды
ғана үйреніп шығумен ғана шектеледі. Баланың
музыкаға деген ынтасына қарай, мектеп
қабырғасындағы білім беретін музыка мұғалімдері
оларды ән айту, аспапта ойнау қабілеттеріне қарай жіктесе
бала бір бағытқа қарай іркілетін еді.
Міне, осы орайда музыка саласының аға-оқытушыларына,
елінің, ұлтының көрікті болашағына толғанып
жүретін білім саласындағы ғалым, ойшылдарының
құлақтарына алтын сырға дегім келеді. Яғни
мынадай бір дәлелдеме-мысалдарды айта кетcем. Мектеп жасына дейінгі
балалардың кезеңі –
әлі ашыла қоймаған таланттары мен белсенді
түрдегі жеке басының дамуын қамтитын кезең. Бұл
жастағы балалар кез-келген ақпаратты тез қабылдап,
өздерін әр қилы салалардан көрсете біледі деуге де
болады. Музыка балаға
шығармашылыққа деген ынтасын арттыра отырып соған жол
ашады, өзін жан-жақты ашылуына кедергі болған жайттарды
тойтарады. Музыка балаларды тек музыкалық талпыныстарға ғана
итермелеп қоймай, сонымен қатар оларды ересектер өміріне
дайындай отырып, рухани байлықтарының салалы түрде
қалыптасуына ықпал етеді.
Балаларға, жас
өнерпаздарға оқу-әдістемелік үлгі ретінде
Құрманғазы атындағы Қазақ
ұлттық консерваториясының доценті, ҚР мәдениет
қайраткері Ерсайын Басықараның «Шертерді үйрену
мектебі» атты оқу құралы жарыққа шықты.
Сонымен қатар осы автордың басшылығымен 1997 жылы «Шертерге
арналған шығармалар жинағы» шығарылды. Доцент
Зәмзагүл Ізмұратованың «Шертер аспабындағы
орындаушылық өнер» кітаптарын шығарды. Үлкен оқу
орындарының медиатека немесе музыка тыңдау бөлмелерінде осы
жолдардың авторының орындауында көптеген шығармалар мен
күйлер жазылған үн таспалар сақтаулы. Шертер аспабында орындаушылардың саны
өсті. Консерваторияда бұрын домбыра-примаға шертер аспабын
қосып, біріктіріп оқытатын. Соңғы жылдары екі аспапты
бөлек оқытуда. Бірақ мұндай бөлек оқытулар
шертер аспабында оқитын студенттер санын азайтып жіберді. Домбыра-примада
бұрын колледжде оқып келгендер сол мамандықты
жалғастыра береді де, ал шертерде тек қана осы мамандыққа
түскен студенттер ғана оқиды. Бағдарламаны екі
аспапқа жалпы берген жөн сияқты. Оқушы екі аспапта да
оқып шығады, кейін жұмысқа орналасуына да жеңіл
болады [2,70-72].
Міне, осындай ақпараттар арқылы жас ұрпақты
көне дәстүрлі өнерді нақыштайтын, тек айтып
қана қоймай, болашаққа насихаттайтын
құндылықтар көптеп шығарыла берсе,
ұлттық болмысымыздың мәдениеті мен өнерінің
биіктерден көрінетіні айдан анық емес пе?
Музыкалық тәрбиелеу мәселелерінде орыс ғалымы
П.Блонский баланың ішкі жан дүниесіне музыкадан жол ашуды
ұсынбай, керісінше «оқушы арқылы оның
көңіл-күйін, уайымдарын және табиғи
шығармашылығын ескере отырып, оны алдымен ән айтуға,
одан кейін ән айту арқылы музыкаға баулуды» жөн санады.
Балалардың музыка әлеміне неше түрлі әдістермен де
баруға болады. Соның бірі қуыршақты безендірілген
қойылымдар ретінде. Мысалы, италияндықтардың Буратиносы,
орыстарда Матрешкасы бар. Ал қазақта Ортеке дәстүрі.
Ортеке басқа халықтардың қуыршақ жанрынан
ерекшеленеді, мұнда қуыршақ домбырашының
саусағына жіппен байланып, оның биі күй ырғағымен
үйлесіп отырады. Ортеке дәстүрі-көне жанр, ол
жоғалып қазір қайтадан қолға алынуда.
Айқындалған шығармашылықтарын әрі қарай
дамыту үшін оларға музыкалық классиканың ең
үздік үлгілерін тыңдау, аспаптық музыканы
қиыстыру, кезектен тыс дүниеге келген жеке әндерін орындау,
қағаз бетіндегі музыкалық шығарманы оқу, ол
шығарманы оркестрде немесе камернода орындау тәсілдері
ұсынылды [3, 25].
Балалардың музыкалық білім алудағы ең
маңыздысы - музыкалық
сезімдердің айқындалуы және олардың
құрастырылуы, жаңа тұғырлардан көріне білу
және табан астында өз мүмкіндіктерін көрстеу.
Ағартушылардың мектеп жасына дейінгі кезеңді,
эстетикалық білім берудегі ең маңызды рольге жатқызып
кеткенін айта кету өте маңызды. Олардың ойынша балалар бақшасындағы
музыкалық тәрбие беру негізі халық
шығармашылығынан тұру керек, өйткені ел мәдениеті
балалардың әлеуметтік дамуының негізі болып табылады.
Олардың ең маңызды мәтіні, балалық
шақтан алған эстетикалық,
әдет-ғұрыптық, зерделік тәрбиелердің
тығыз байланысқан негіздерінің құрастырылуы болып
табылады. Эстетикалық сезімдердің алғашқы
айқындықтарына
баланың ішкі сезім мүшелері жатады, сондақтан да
ата-ана балалардың есту және көру мүшелерінің
тазалықтарын әрдайым қадағалап, олардың
дұрыс деңгейде дамуына қажеттіліктер жасап отыруы қажет. Музыканы,
табиғатты, ойындар және ойын-сауықтарды эстетикалық
тәрбие берудегі ең маңызды керек
құндылықтар деп есептеледі. Музыкалық дыбыстар
нәрестені өзіне тартып, жауап қайтару әрекетіне
шақырады. Жануарларды қадағалай отырып, оларға
қамқорлық жасай отырып, бала қоршаған ортаны
көре алады.
Ұлттық өнерді дамытудың алғашқысы
өзің жетік меңгеріп, білгеніңді кейінгіге үйрету.
Яғни әр өнерпаз өзіне шәкірт дайындай білуі
керек. Ұмытылып бара жатқан көне дәстүр
халық арасында кеңінен насихатталуы керек. Соның
нәтижесінде ол әрі қарай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Қазақтың
көне музыка мұраларын байыптап зерттеген сайын, біздің
ұлттық мәдениет тарихымызға жаңа дерек,
жаңа мәліметтер қосыла түспек. Ондай деректерді
әлі де болса іздей түсу, қауым болып қолға алатын
келелі мәселе. Көне аспаптарда ойнауды үйренуге
ықыласты жастарға білгенімізді айтудан жалықпауымыз абзал.
Білген дүниемізді келешекке беріп отырсақ өзіміз де
шынығамыз, керісінше кейінгілермен тәжірибе алмасамыз,
өзімізге деген талабымыз күшейеді, шеберлігіміз артады.
Бұның негізі - өнерді ұмыттырмау, жоғалтпау.
Кім біледі, ел іші-өнер қазынасы, әлі де болса
жан-жақты іздестірсе көненің асыл мұрасы табылып
қалуы да ықтимал. Көнемізді жаңғыртып, жоғалтқанымызды
қайтарып тауып, барымызды ары қарай дамытпасақ біздің
елдігіміз қайда, ұлттық болмысымыз қайда
болғаны!
Қолданылған әдебиеттер:
1.Басықара
Е. Алғашқы
фольклорлық ансамбльдер және шертер аспабының ролі мен орны
// Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Хабаршысы», 2009.-
№4-Б.80-83.
2.Басықара
Е. Шертер аспабы және оның оқу жүйесіне қосылуы
//Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Хабаршысы», 2009. - №4. -
Б70-72.
3.Басықара
Е. Шертер домбырадан да көне аспап
// Ақтөбе. – 2011, 27 қаңтар.
4.Қазиев
А. Шертердің шертер сыры көп
// Атырау. - 2013. - 12 қаңтар (№3).