12- жылдық оқу жүйесіндегі  2 – 4 – сыныптарға  арналған«Әдебиеттік оқу» пәні бағдарламасының жаңа  мазмұны

Жексенбекова Жанар Тлеукаримовна, магистрант

Абай атындағы ҚазҰПУ, Алматы

 

        Әдебиеттік оқудың «Тіл мен әдебиет» білім беру саласының маңызды компоненті ретіндегі негізгі нысаны – балалар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармалары. Көркемдік циклға жататын бұл пәннің оқушының жалпы дамуында алатын орны ерекше. Әдебиеттік оқу адамның ішкі рухани жан дүниесі байлығын ашуға, адамгершілікті-сезімді түйсінуіне, тілін, қиялын дамытуға мүмкіндік береді.  Жоғарғы сыныптардағы «Әдебиетті» оқудың жүйелі курсына дайындайтын әдебиеттік оқу сабақтарында бірінші кезекте көркем мәтіннің негізі сөздік образдылығында екендігіне назар аударуға, оқушыны сөз өнері әлеміне жетектеуге көңіл бөлінеді. Әдебиетті сөз өнері ретінде қабылдау- әдебиеттік оқу курсының методологиялық негізі.

      «Әдебиеттік оқу» курсының пәні - бастауыш білім деңгейі оқушысында оқырмандық және сөйлеу білігін қалыптастыру, олардың адамгершілік және эстетикалық құндылықтар жөнінде түсініктерін кеңейту жолдары. Оқырмандық білікті мәтін бойынша жүргізілетін жұмыстар жүйесі(оқу, мәтінді талдау, мәтінге жоспар құру, кейіпкерлерді сипаттау т.б.с.с.) құрайды. Оқырмандық білік негізінде сөйлеу білігі(сөлеуде жазушы тілін қолдануға әрекеттену, шығармадан алған әсерін жекізе алу, мәтіндегі оқиғаға өз көзқарасын білдіру, соған сай мақал-мәтел айта алу немесе мақал-мәтелдің мағынасын ашатындай оқиға ойластыру т.б.) қалыптасады.

       «Әдебиеттік оқу» пәнінің мақсаты    оқушылардың дұрыс, түсініп, мәнерлеп, шапшаң оқуын жетілдіру, оқушыны мәтінді тудырушы автордың көзқарасын түсінуге жетелеу және мәтінді қабылдаушы оқырман ретінде тәрбиелеу.

        Аталған мақсатты жүзеге асыру  төмендегідей міндеттерді шешуді көздейді:

-          оқу сапасын(дұрыс, түсініп, шапшаң, мәнерлеп)  жетілдіру;

-          ауыз әдебиетінің бай жанрымен, отандық және әлемдік балалар  әдебиетінің озық үлгілерімен таныстыру;     

-          ақын – жазушылардың балаларға арналған шығармаларының атын,   жетекші тақырыбын, басты кейіпкерлерін, негізгі мазмұнын білгізу;

-          талданып отырған  мәтіннің тектік, жанрлық сипатын білдіру;

-          әдеби- теориялық білім негіздерін қалыптастыру;

-          адамгершілік және эстетикалық құндылықтар жүйесі негіздерін қалыптастыру;

-          оқылған шығарма сюжеті ізімен немесе еркін тақырыпта әртүрлі әдеби шығармашылық жұмыс түрлерін ( өлең,әңгіме құрастыру, мәтінді сахналау, мәтін бойынша сурет салу,мақала жазу, шағын үзіндіге киносценарий жазу т.б.) жүргізе алуға машықтандыру;

-          кітаппен және кітапханалық анықтама, библиографиялық әдебиеттермен жұмыс істей білуге дағдыландыру.

     «Әдебиеттік оқу» пәні мазмұнын іріктеуді реттейтін дидактикалық негіздерінің басты ұстанымдарына стандартта аталған базалық құзырет, түйінді құзырет, пәндік құзырет алынады. Осы айтылғандардан басқа «Әдебиеттік оқу» пәні матералдарын сұрыптауда монографиялық ұстаным басшылыққа алынады. Бұл ұстанымның талабы  Ы. Алтынсариннің, А. Құнанбаевтың, Ш. Құдайбердіұлының,  С. Көбеевтің, С.Торайғыровтың, С. Дөнентаевтың, А. Байтұрсынұлының, М. Дулатұлының, М.Жұмабайұлының, Ж. Аймауытұлының, С.Сейфуллиннің, І. Жансүгіровтің, Б. Майлиннің, М. Әуезовтің т.б. классик ақын-жазушылардың балаларға арналған шығармалары әр сыныпта қайталанып отырады. Оқушылар  жас ерекшеліктеріне қарай олардың әр түрлі жанрда, әр түрлі тақырыпта жазған шығармаларын оқуға мүмкіндік алады.

    Оқу материалдары 2 – сыныпта маусымдық ұстаным бойынша жүйеленеді. 1 – сыныпты бітірген оқушыда оқу дағдысын қалыптастырып, жетілдіре түсу үшін халық ауыз әдебиеті үлгілерінің осы жастағы балаларға арналған нұсқалары жеткілікті түрде қамтылуы тиіс. Оқулыққа материалдар таңдауда қазақ балалар фольклорының оқушыларды адамгершілік, ізгілік касиеттерге тәрбиелейтін ең сенімді құрал екендігіне ерекше көңіл бөлінеді.                                                                                                                                                                                                    

    Маусымдық принципке сәйкес топтастырылған материалдар  2-сынып оқушыларының туған ел табиғаты туралы (аспан – жер, аң – құс, өзен – көл, тау – тас, өсімдіктер дүниесі мен оларға адамдардың қарым – қатынасын байқататын) танымын арттыру, көркем және ғылыми – танымдық шығармаларды оқыту арқылы қоршаған ортаға, табиғатқа сүйіспеншілік сезімінің ояту экологиялық мәдениетін тәрбиелеу көзделеді.

 «Әдебиеттік оқу» пәні 2-деңгейінде оқушыны жоғарғы сыныптардағы «Әдебиеттің» жүйелі курсын меңгеруге дайындауға, әдеби сауаттандыруға, сөз өнері құралдары арқылы мәдени дамытуға баса көңіл бөлінеді. Бұл деңгейдің материалдарын оқытуда 3-сыныпта маусымдық- тақырыптық,  4-сыныпта  жанрлық – хронологиялық ұстаным басшылыққа алынып,  қазақ балалар әдебиеті тұтас бітімінің қысқа нұсқасы ұсынылады.

Сондай-ақ бастауыш деңгейде оқытудың қолжетерлігі ұстанымы, оқушыладың қызығушылығын ескеру ұстанымы,көрнекілік ұстанымы т.б. дидактиканың жалпы ұстанымдарының талаптары сақталады.

     Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарты негізгі қағидаларының 3 тармағына, Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 7 тармағына сәйкес «Әдебиеттік оқу» пәні оқу материалдары  өзара логикалық байланысты негізгі білімдік желілерден тұрады:

1.Оқу тақырыптары:

-         батырлар жыры, мысал, ертегілер, аңыздар, әңгіме;

-         өлеңдер(халық ауыз әдебиетінің  балаларға арналған шағын түрлері (ойын өлеңдер,  айтыс өлеңдер, өтірік өлеңдер, жұмбақтар, мақал- мәтелдер, жаңылтпаштар,тұрмыс-салт жырлары, бата), ән өлеңі, шешендік сөздер,табиғат лирикасы, азаматтық лирика);

-         балаларға арналған юморлық және сатиралық шығармалар;

     -   ғылыми-танымдық шығармалар.

     2. Оқу сапасы:

      - дұрыс оқу(сөз ішінде әріпті, буынды, сөзді қалдырмай дауыстап және іштей оқу);

      - түсініп оқу(сөздердің мағынасын  саналы түрде ұғына отырып, дауыстап және іштей оқу);

      - шапшаң оқу(мәтінді түсінетіндей темпте жылдам дауыстап және іштей оқу);

      - мәнерлеп оқу(дауыс интонациясы арқылы кейіпкердің көңіл-күйін сезіне дауыстап оқу).

     3.Мәтінді қабылдауға байланысты жүргізілетін жұмыстар:

    - мәтіндегі негізгі ойды анықтау;

    - мәтінді әңгімелеу;

    - мәтінге жоспар құру

    - мәтіндегі оқиғаға, мәтін авторының  көзқарасына өз пікірін білдіру;

    - мәтінді эстетикалық-сезімдік тұрғыда қабылдау.

     4.Әдебиеттану ұғымдарымен практикалық түрде танысу:

    - өлең туралы қарапайым түсінік: ұйқасқа құрылатыны, ақынның ойы мен қөңіл-күйі, өлең жолдары мен шумағы, өлеңнің ырғағы;

     - әңгіме  туралы қарапайым түсінік: әңгіме авторы, кейіпкерлері, әңгіменің тақырыбы мен негізгі ойы;

      - мәтін түрлері: сипаттау, әңгімелеу, пайымдау;

      - халық ауыз әдебиеті үлгілерінің өзіне тән белгілері;

      - теңеу, кейіптеу, эпитет, пейзаж туралы қарпайым түсінік;

      - шығарма кейіпкерлерін сипаттау: портрет, монолог, диалог.

       5. Ауызша және жазбаша тілді дамыту:

      - сөздік жұмысын жүргізуге қатысу;

      - мәтін бойынша сұрақтарға жауап беру және сұрақ қоя білу;

      - мәтінді әңгімелеу;

      - жазбаша шығармашылық жұмыстар жүргізу: шығарма, хат, құттықтаулар жазу т.б

     Сондай-ақ  бадарламада «Әдебиеттік оқу» пәні бойынша оқытудың екі циклының әрқайсысына арналған білім беруден күтілетін нәтижелер белгіленген. Атап айтсақ,

1-    деңгей бойынша күтілетін нәтиже:

Ақпараттық құзырет:

- табиғат құбылыстарын суреттеуге қажетті сөздік қорды игереді;

- кітаптың мұқабасын көрсете алады, мәтінді мәтін бойынша берілген суреттер мен сызбалардан және қосымша материалдардан айыра алады. 

     Коммуникативтік құзырет:

-         оқылған шығарманы (мәтінді) немесе көрген оқиғаны, балаларға арналған отандық фильмді ауызша әңгімелей алады;

-         өзі байқаған, көрген іс - әрекет, оқиғалар бойынша шығарма – суреттемелер жаза алады.

    Проблемалардың шешімін табу құзыреті:

-         берілген мәтіндерге сүйеніп, әр жыл мезгілінің өзіне тән ерекшеліктерін, адамдар, жан – жануарлар тіршілігі жайлы әңгімелей алады;

-         мәтін кейіпкерлеріне, туысқандарына, достарына хат, құттықтау жаза алады.

     2-деңгей бойынша күтілетін нәтиже:

     Ақпараттық құзырет:

-         қосымша ақпарат көздерін(түсіндірме сөздіктерді, балаларға арналған энциклопедияларды, кітаптар мен сайттарды т.б.) өз беттерінше  пайдалана алады;

-         таныс емес мәтінді(көлемі 200-250 сөзден тұратын) іштей түсініп оқып(жылдам оқу талабынсыз), қажетті мәліметті берілген сызба бойынша(3-4 белгі) жүйелей алады;

-         таныс емес мәтінді мәнерлеп оқи алады.

    Коммуникативтік құзырет:

-         оқыған шығармалар негізінде хабарландыру мәтінін, нұсқаулар мен жадынама (8-10 сөйлемнен тұратын) құрастыра алады;

-         3-сыныпта көлемі 200 – 250 сөзден тұратын, 4-сыныпта 250-300 сөзден тұратын мәтін мазмұнын толық, қысқаша және жоспар бойынша таңдап, әңгімелей алады.

   Проблемалардың шешімін табу құзыреті:

-         таныс мәтіндегі оқиғаға, оқиға кейіпкерлерінің іс-әрекетіне өз көзқарасын білдіре алады;

-         таныс мәтіндегі(монологты) кейіпкерлер арасында 5-6 сөйлемнен тұратын диалог құра алады;

-          ата-анасына, жақындарына, ұстазына, достарына алғыс хат жаза алады.

Қорыта айтсақ, 12-жылдық білім жүйесіндегі «Әдебиеттік оқу» пәні бағдарламасының жаңа мазмұны  бастауыш сынып оқушысы үшін ұсынылған кез келген көркем мәтін  бірнеше рухани шындықтың қиылысы ретінде қарастырылады: мәтінді тудырушы автордың көзқарасы мен сол мәтінді қабылдаушы оқырманның, бақылаушының, тыңдаушының ішкі жан дүниесі. Әдебиеттік оқуда қабылдаушы кішкентай оқырманды тәрбиелеу, мәтін    арқылы оның сезіміне әсер ету, рухани дамыту басты назарда болады.