Педагогика және психология магистрі,

 аға оқытушы Дюсембинова Г.Қ.,

 бастауыш оқытудың педагогикасы

және әдістемесі магистранты Ж. Нурғазина

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті

Қазақстан, Өскемен қ.

Педагогические  науки\ 2. проблемы подготовки специалистов

Болашақ педагогтердің медиақұзіреттілігінің   ғылыми-теориялық негіздері

                                                         

Қазақстан Республикасы Білім беру туралы Заңындағы мемлекеттік саясаттың принциптеріне сәйкес Қазақстан білім беру жүйесінің басты міндеттері атап көрсетілген болатын. Соның бірі – білім беру жүйесін ақпараттандыру, оқытудың жаңа технологиясын енгізу, бүкіләлемдік коммуникация желісіне шығу.

Қоғамның бүгінгі басты бағыттарының бірі – білім беру үрдісін ақпараттандыру болып табылады. Бұл бағыт ақпараттық коммуникативтік технологияларды, информатиканың әдістері мен құралдарын пайдалану арқылы дамыта оқыту, дара тұлғаға бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу-тәрбие процесінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарылатуды көздейді.

Қазіргі таңда ақпараттандыру процесі адамзат өркениетінің дамуының жаппай және қайталанбайтын кезеңі ретінде қарастырылып отыр. Білімді ақпараттандыру әсіресе, оның жоғары оқу орындарында енгізу – қоғамда ақпараттандырудың  негізгі шарты. Себебі, жоғары оқу орындарында ақпараттандырылған қоғам жағдайында жұмыс істеп, өмір сүре алатын болашақ  маманның дайындығы жүзеге асады. Осы процестің дамуын болжауға бағытталған белгілі беталыс педагогика ғылымында өз орнын алуда. Білімді ақпараттандыру жағдайында білім парадигмасының өзгеруі  (А.П.Ершов, С.А.Жданов, И.А.Заинчковский, Г.К.Тұрғанова, Д.М.Жүсібалиева т.б. ) қазіргі жалпы білім беретін жоғары оқу орындарының дамуының  негізі ретінде ақпараттық технологиялары (Г.А.Абумова, Н.Ермеков, С.Құнанбаева т.б) мәселелері  ретінде зерттелуде.

Соңғы он жылдықтағы дәстүрлі оқу (және мәтінді түсіну) аумағында қалыптасқан келеңсіз жағдай жеткіншектердің медиялық басымдылыққа радикалды ауысуына байланысты пайда болатын проблемалар мен процестер кешенімен сипатталады. Жақында ғана оқушылар негізінен қағаз мәтіндерін (кітаптар, баспасөз) еркін, қызығушылықпен оқитын. Бірақ бүгін олар электронды форматтағы (теледидарлық, компьютерлік, интернеттік және т.б.) медиамәтіндерге көбіне ұмтылады. Дәстүрлі оқу үлгісі ауысты.

Көптеген  әлеуметтік зерттеулердің мәліметтеріне сүйене отырып, В.П.Чудинова қазіргі заманның мектеп оқушылары мен жастарының оқуына тән келесі тенденцияларды дәлелдеді [1]:

- баспа сөзіне біртіндеп қызығушылықтың төмендеуі, соның салдарынан оқу мәртебесінің түсуі – бос уақытта оқу үлесінің қысқаруы;

- «еркін» оқудан прагматикалық, ақпараттық, «іскер» оқудың (яғни оқу бағдарламасы бойынша оқушылардың 48% оқу мақсаттарында әдебиетті оқиды) басым болуы;

- оқушы бағытының «еркін» (бос уақыты) оқудан көрі көңіл көтеру сипатындағы әдебиеттерді оқуға өзгеруі;

- «жан азығы» үшін повестер мен романдар, таңдаулы отандық және шетел авторларының шығармаларын оқу аясынан шығу, (жеңіл, үстірт оқуға бағыттайтын, көңіл көтеру сипатындағы, рекреативті) мерзімдік басылымдарды оқуды ұнату;

- жалпы мәдениеттің төменгі қабатына, әсіресе аудиовизуалды, бос уақытта оқуға ықпал етуді күшейту.

Ұнаса да, ұнамаса да, барлығымыздың баспа мәтіндерінің аудиовизуалды, экрандық медиамәтіндермен ауысуына үйренуге тура келеді.

Бірақ медиалық контактілердің типінің өзгеруі оқушылардың түрлері мен жанрларына қатысты сыни ойлау мен құзыреттілігін дамыту проблемасын шешпейді.

Осыған байланысты тақырыпқа сәйкес ғылыми зерттеулердегі терминологиялардың бытыраңқылығын ескеру керек. Ресейде де, шет елде де «медиамәдениет», «медиалық мәдениет», «ақпараттық мәдениет», «аудиовизуалдық мәдениет», «медиасауаттылық», «ақпараттық сауаттылық», «медиабілімділік», «ақпараттық білімділік», «аудиовизуалды білімділік», «компьютерлік сауаттылық», «мультиамедиалық сауаттылық», «ақпараттық құзыреттілік», «аудиовизуалдық құзыреттілік», «медиақұзыреттілік», «медиалық құзыреттілік» және т.б. кең тараған терминдер (көбіне синоним сияқты) қолданылады.

Бұндай терминологиялық алалықты ақпараттық мәдениет анықтамасына байланысты түрлі анықтамаларға талдау жасаған Н.И.Гендинаның зерттеулерінен көрінеді. Сонымен қатар, ол қазіргі заманда «кітапхана – библиографиялық мәдениет», «оқу мәдениеті», «кітапхана – библиографиялық білім», «библиотека – библиографиялық сауаттылық», көбінесе жиі қолданылатын «компьютерлік сауаттылық», «ақпараттық сауаттылық», «ақпараттық мәдениет» ұғымдары адамның ақпаратпен жұмысы бойынша білімі мен біліктілігін сипаттайтын осындай ұғымдарға мағынасы жағынан ұқсас үндестірілген, көбінесе нақты анықтамасы жоқ терминология қолданылатынын анықтады.

Медиамәдениет (media culture) – медиа аумағындағы материалдық және интеллектуалдық құндылық жиынтығы, сонымен қатар социумдағы жаңғырту мен жұмыс істеудің тарихи анықталған жүйесі; аудиторияға қатысты медиамәдениет (немесе аудиовизуалды мәдениет) медиа аумағында медиамәтінді қабылдауға, талдауға, бағалауға қабілетті, медиашығармашылықпен айналысатын, жаңа білімді игеретін адам тұлғасының даму деңгейінің жүйесі.

Н.А.Коновалованың анықтамасы бойынша, тұлғаның медиамәдениеті – құндылық, технологиялық және тұлғалық-шығармашылық компоненттер енетін және субъектердің өзара әрекеттерінің дамуына әкелетін ақпараттық қоғаммен әрекеттесудің диалогтік тәсілі [2].

 «Ақпарат» термині латынның Informatio - «түсіндіру», «мазмұндама» деген сөзінен шыққан, бір нәрсені жетілдіріп түсіндіру деген мағынаны білдіреді. Ақпараттар алмастырылады, сақталады, өңделеді және белгілі бір тапсырманы шешу үшін қолданылады.

Ақпаратты тек қандай да бір мәліметтердің жиынтығы деп түсінуге болмайды. Ақпарат белгілі бір мәселелерді шешуге қажетті, ұғынықты және белгілі бір дәрежедегі бағалылығы танылған білім болып табылады. «Ақпарат дегеніміз  – ақпаратты алушы кісіге дейін қабылдау механизмінің қабылданды – түсінікті – бағаланды  деген үш сүзгісінен өткен нәрсе» [3].

Білім беру процесі ақпаратты студентке берумен байланысты болғандықтан, В.Н.Глушковтың анықтауынша, ақпараттық технологиялар үнемі пайдаланылып келді. Ал компьютерді білім беруде пайдалана бастаған кезде оқытудың ақпараттық технологиялары туралы айту қажеттігі туды. Қазіргі ақпараттық технологиялар негізінен есептеуіш техниканың құралдарына негізделгендіктен, оларды өте жиі компьютерлік технологиялар немесе жаңа ақпараттық технологиялар деп атайды. Осылайша, ақпараттық коммуникациялық технология (АКТ) термині пайда болды. Оқытудың ақпараттық коммуникациялық технологиялары туралы әдебиеттерде  ақпараттық технология ұғымымен тығыз байланысты келесі синонимдік терминология кездеседі: «білім берудің қазіргі ақпараттық технологиялары», «компьютерлік оқыту технологиясы», «білім берудің жаңа ақпараттық технологиялары», «жаңа ақпараттық технологиялар» және т.б.

Ақпарат сөзіне Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында  мынандай түсінік беріледі:

- істің жағдайы, қандай да болмасын оқиға немесе біреудің қызметі туралы хабарлау, мәлімет беру;

- ғасырдың ортасынан бастап адам мен адам, адам мен автомат, автомат пен автомат арасындағы деректер алмасуды, жануарлар мен өсімдіктер арсындағы белгілер алмасуды, тұқым қуалаушылық белгісін бір клеткадан басқа бір клеткаға, бір ағзадан (организмнен) екінші бір ағзаға жеткізуді қамтитын жалпы ғылыми ұғым;

- кибернетиканың негізгі ұғымдарының бірі. Ақпарат үздіксіз  (аналогты) не үзілісті  (дискретті) болуы мүмкін. Ақпаратты жеткізу, қабылдау. Түрлендіру және сақтаудың жалпы мәселелерімен ақпарат теориясы айналысады [4].

Ақпарат сөзі өте жиі кездеседі. Алайда, ақпарат деген не екенін ешкім дәл айта алмайды. Өйткені ақпарат математикадағы  нүкте ұғымы сияқты анықтама берілмейтін ұғым. Ақпарат – информатиканың негізгі ұғымы. Адам ақпаратты үздікісз қабылдайды. Біз не көреміз, оның барлығы – ақпарат. Заттың дәмін татып, иісін иіскеп, саусағымызбен сипалап көріп, ол зат туралы ақпарат аламыз.

Алынған ақпаратты адам миы өңдейді. Біз түсінген  және сақтаған ақпараттың бәрі білімге айналады.

Табиғаттағы болып жатқан құбылыстардың барлығы біз үшін ақпарат. Мысалы, күннің салқындауы, жаңбырдың жаууы, құстардың ұшуы, уақыттың өтуі, су тасқыны, топырақтың маңызы, жануарлар мен  өсімдіктердің тіршілігі, шаруашылықтар мен қала, ауылдардағы өзгерістер.

Қазіргі кезде қошаған орта жөніндегі қандай да бір сигналдар, мағлұматтар, құбылыстар жиынтықтары ақпарат деп түсініледі[5].

Күнделікті оқылатын оқулықтар, газеттер мен журналдар, түрлі радио және телехабарлар әр түрлі ақпараттарға толы.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.   Федоров А.В. и др. Медиаобразование. Медиапедагогика. Медиажурналистика. М.: Изд-во Программы ЮНЕСКО «Информация для всех», 2005.

2.   Федоров А.В. Медиаобразование: творческие задания для студентов и школьников // Инновации в образовании. 2006. №4.

3.   Федоров А.В. Специфика медиаобразования студентов педагогических вузов // Педагогика. 2004. №4.

4.   Бэзэлгэт К. Ключевые аспекты медиаобразования // Доклад на российско-британском семинаре по медиаобразованию. М., 1995.  

5.   Таубаева. Ш.Т. Оқытудың қазіргі технологиялары / Ш.Т.Таубаева. Б.Т.Барсай. -Бастауыш мектеп. – Алматы, 1999.-№3.- 3-8 б.