Ахметова Б.Б., Тлеужанова Г.К., Тлеужанова К.Т.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

ШЫҒАРМАШЫЛ ТҰЛҒА РЕТІНДЕ ЗАМАНАУИ МАМАН ДАЙЫНДАУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

 

Қазақстан қоғамының қазіргі заманғы даму кезеңінде ғылымның және білім берудің дамуы әлеуметтік-экономикалық жүйенің бәсекелі маманды даярлау жағдайында алдыңғы қатарлы мемлекеттің қатарына енді. Өйткені қазіргі кезде әлеуметтік-экономикалық құрылымдағы, іскерлік, экономикалық, әлеуметтік қатынастары жүйесінде қоғам болашақ мұғалімдерді дайындаудың сапасына жоғары талап қоюда. Осыған орай жаңаша ойлайтын нақты іс-әрекет жасай білетін мұғалімді қалыптастыруға бағытталған университеттік дайындаудың жаңа парадигмасы өзекті болып келеді де, яғни қоғамның осы кездегі қалыптасуының талаптарына жауап беретіндей жоғары оқу орындарындағы білім беру студент тұлғасы дамуының жоғарғы деңгейін жеткілікті түрде қамтамасыз ету қажеттілігі туындайды.

Заман талабы – сапалы білім мен тәрбие беру, оқушының тұлғалық ерекшеліктерін анықтай отырып оны дамыту, кәсіби деңгейде жетілу және оны өз қызметінде нәтижелі қолдана білу, яғни шығармашылық қабілеттерін таныту болса, білім мазмұнының жаңаруы ұстаздардан өзгермелі жағдайларға тез бейімделуді, шығармашылық ізденісті, инновациялық идеяны, бастамашылық және іскерлік қасиеттерді қажет етеді.

Бүгін əрбір мектептің негізгі мақсаты — қоғамда қалыптасқан негізгі қажеттіліктерді жəне мемлекеттік бүгінгі заманға сай ұлттық тəрбиесі, жоғарғы кəсіби білімі бар, алдына қойылған мəселелерді шығармашылықпен əрі жаңашылдықпен шеше білетін, жан-жақты білімі бар жəне шет тілдерін терең меңгерген ұрпақты қалыптастыру. Бұл орайда біздің қоғамымызда шет тілдерін үйрететін мұғалімдердің рөлі жоғары. Өйткені олардың міндеті оқушыға шет тілдері бойынша қазіргі заманға сай тіл білімдерінің негізін үйрету, шет тілінде еркін сөйлеп өз ойын білдіру қабілетін дамыту жəне тілін үйреніп жатқан елдің тарихын, мəдениетін қоса оқыту болып табылады.

Мұғалімді шығармашылыққа ынталандыратын факторлардың бастысы – өзі оқытатын пәніне деген шығармашылық көзқарас, пәндік материалдың дамытушылық және тәрбиелік мүмкіндіктерін көре білу. Егер тәжірибе ғылыми біліммен нәрлендірілсе, оның жаңашылдық деңгейі де жоғары болады, демек шығармашылық әлеуетті дамыту мүмкіндігі басым деген сөз. Ғылыми шығармашылық зерттеу, эксперимент барысында мұғалімде жаңа теорияларды қалыптастыруда, оларды ғылыммен құнарландыруда, әрекетті жобалауда және рефлексиялауға деген қажеттілік те пайда болады.

Болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлау жүйесінің маңызды көрсеткіші - оның шығармашылық сапасы, шығармашылық даралығы, тек қана орындаушы болып қалмай, өз ойы бар, пікірі бар, бастама көтере білетін, жаңалыққа құштар іскерлік субъектісі бола алуы. Болашақ мұғалімді шығармашыл тұлға етіп қалыптастыру – ұзақ және күрделі процесс. Жоғары оқу орындарында болашақ мұғалім өзінің «педагогикалық көзқарасын» қалыптастырып, іскерлік қабілетін айқындайды.

Біртұтас педагогикалық процесте болашақ мұғалімдерді даярлау жүйесі ерекше орын алады. Болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлау жүйесінде іс-әрекет, тұлға, таным ілімдері әдіснамалық негіз болды. Себебі іс-әрекет барысында жеке тұлғаның танымдық және тұлғалық қасиеттері дамиды.

Шығармашылық әрекетті жүзеге асыратын субъект – тұлға. Қандай типтегі тұлға шығармашылықта мұратына жетеді десек, ойы ұшқыр, ақылы алғыр болуы керек екендігі ғылымда дәлелденген. Ең бастысы, шығармашыл тұлғада шығармашылыққа деген тұрақты қажеттілік, тұрақты сұраныс болып, өз ісіне қанағат табу сезімі болуы қажет. Осыған байланысты «адам идея, жаңалық аштым деп ойлайды, ал шын мәнінде олар адамды ашады» - деген К.Г. Юнгтің сөзін келтіруге болады [3]. Философиялық сөздікте «шығармашылық – қайталанбайтын, тарихи қоғамдық мәні бар, жоғары сападағы жаңалық ашатын іс-әрекет» деп түсіндірілді. Көрнекті психолог Л.Выготский «шығармашылық» деп жаңадан ашатын әрекетті атаған [4]. Бұл шығармашылық – адамды дамытады, шебер етіп шыңға көтеретін факторлардың бірі екеніне – дәлел бола алады. Білімнің ізгілік парадигмасы тұрғысынан қарасақ, тұлғадағы шы-ғармашылық басқа адамдарда жоқ немесе аз мөлшердегі жекеліктерді дамытады.

Жаңа формация мұғалімдеріне төмендегідей талаптарды қойылып тұр: кəсіптік іс-əрекеттің жаңа əдіснамасын жəне технологиясын игеру; демократиялық идеаларды тасымалдаушы ретінде педагогтың жеке тұлғалық сапаларын қалыптастыру; жаңа талаптар жағдайында (оқытудың жаңа технологияларын меңгеру мен білімі) оқытуға жəне ұдайы өзіндік білім алумен шұғылдануға даярлығын қалыптастыру; өзіндік жəне жауапты шешімдерді қабылдауға қабілетті педагогтік жеке тұлғаны қалыптастыру — деп, атап көрсетеді [2].

Шығармашылық – бұл адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі қажет. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың өшуіне жол бермеу оның рухани күшін нығайтып, өмірден өз орнын табуға көмектеседі.

Егеменді еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан талпыныстар оқытудың әр түрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, терең білімді, ізденімпаз, барлық істерінде креативті әрекет ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлғаның шығармашылығын қалыптастыру ісіне ерекше мән берілуде. Сол себепті қазіргі таңда маманға деген біліктілік талаптары елеулі өзгерістерге ұшырап отыр. Сондықтанда, заманауи қоғамда шығармашыл, белсенді, өз іс-әрекетінің бағытын бірнеше рет өзгертуге қабілетті, болашақ мамандығына айтарлықтай жылдам бейімделетін және әр түрлі кәсіби қызмет саласында алған білімін қолдана алатын тұлғалар талап етілетінін, қызықты және беделді қызметті армандайтын жоғары оқу орнының әр түлегінің зердесіне жеткізу қажет.

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы Заңы»// Алматы 2010ж.

2. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы // Астана. 2010ж.

3. Юнг К.Г. Психологические типы. Психология индивидуальных различий. – М., 1952.

4. Выготский Л.С. Развитие высших психических функций. – М.: Изд–во АПН РСФСР, 1960.