МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМ МЕН БАСТАУЫШ МЕКТЕПТЕГІ БІЛІМ БЕРУ ҮРДІСІ САБАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ДИДАКТИКАЛЫҚ ШАРТТАРЫ

 

ҚазМемҚызПУ профессоры,

п.ғ.д. Меңдаяхова Қ.

2 курс магистранты Азимбаева Д.Қ.

(Қазақстан, Алматы )

 

Философиялық және психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде мектепке дейінгі ұйым мен бастауыш мектептің сабақтастығы мәселесі қарастырылғанымен, бүгінгі таңда мектепке дейінгі ұйым мен бастауыш мектептің сабақтастығының дидактикалық шарттары жеткіліксіз зерттелген.

Педагогика ғылымында - «педагогикалық шарттар» және «дидактикалық шарттар» деген ұғымдар пайдаланылады.  «Педагогикалық шарттар» ұғымы-қойылған міндетке жеткізуді қамтамасыз ететін оқыту мазмұны және ұйымдастыру түрлерінің объективті мүмкіндіктері мен оларды жүзеге асырудың материалдық мүмкіндіктерінің жиынтығы» деп анықталады [1].  

Педагогикалық шарттардан бөлек «дидактикалық шарттар» ұғымы да нақты оқыту үдерісін жүзеге асыру мақсатында кездеседі. «Педагогикалық шарттар», олардың туындайтын дерек көздерін айқындау үшін «дидактикалық шарттар» және оларды анықтауға байланысты қарастырылған зерттеу жұмыстарын негізге алуды жөн санадық. Педагогикалық сөздіктерде және энциклопедияларда, педагогика және дидактика бойынша басшылыққа алатын құжаттарда «дидактикалық шарттарға» берілген түсініктер кездеспейді. Дегенмен, педагогикалық мақалаларда, диссертациялық зерттеулерде кеңінен қолданылады.

Ғалым  Т.Н.Зотова мынадай анықтама береді: «Дидактикалық шарттар дегеніміз-мектепке дейінгі және бастауыш білім беру деңгейлерінде қойылған міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік беретін және оқытудың мазмұны, формалары, әдістері мен құралдарының элементтерін таңдау және қолданудың нәтижесі болып табылатын оқыту үдерісінің жағдайлары» [2].

Дидактикалық шарттар, біздің ойымызша, баланың білім алуындағы өзара байланысты қамтамасыз етеді және МДҰ мен бастауыш мектептегі сабақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Дидактикалық шарттар» ұғымымен қатар «дидактикалық негіздер» ұғымы белгілі мақсатқа жету үшін оқу үдерісінің қорын ашудағы оймен қолданылады. Ал, шарттар термині аналогиялық ойда кейбір анықтаушы сөздерсіз пайдаланылады. Мәселен, «оқушыларды өнімді еңбекке қатыстырудың шарттары». Орыс тіліндегі «условия» терминінің қазақ тіліндегі аудармасы «жағдай», «келесімдік», «ереже», «шарт», немесе «талаптар» т.б. терминдірді береді. Жалпы «дидактические условия» ұғымының қазақ тілінде «дидактикалық шарттар» ұғымы ретінде қолданыс тапқаны дұрыс деп білеміз. Мәселен, зерттеу жұмыстарына сәйкес тәрбие үдерісін ұйымдастыруға ықпал жасайтын шарттар жүйесі: мотивациялық, кадрлық, материалдық-техникалық, ғылыми-әдістемелік, қаржылық, ұйымдастырушылық, нормативтік-құқықтық, ақпараттық деп атап көрсетіледі.

Педагогикалық зерттеулерді талдау бұл ұғымдарды пайдалануда, оқытудағы жаңа-оның жекелеген бөліктерінде немесе бүтіндей мектептегі оқыту, білім беруді жетілдірудегі келесі қадам ретіндегі практикаға ендірілген, педагогикалық эксперимент тәртібінде даярланған жаңа оқыту жүйесін сипаттауды талап ететіндігін көрсетеді. «Дидактикалық шарттар» ұғымын оқушыларды жалпы дамытуға бағытталған дидактикалық жүйе ерекшеліктерін ашу кезінде пайдалану қажет сияқты.

Философиялық әдебиеттерде «ұғым» дегеніміз заттар мен құбылыстарды олардың жалпы және маңызды белгілері түрінде бейнелеу болып табылады. Талданып отырған ұғым педагогикалық зерттеу барысында нақты пайдалануды, ол жөніндегі түсініктерді ойлануды, оның мазмұнын ашуды, педагогикалық болмыс құбылысын түсіндіру үшін оны қолданудың қажеттілігін негіздеуді қажет етеді.

«Дидактикалық шарттар» ұғымын ашу үшін бәрінен бұрын оны «дидактикалық негіздер» ұғымынан шектеу қажет. «Дидактикалық негіз» деп, кез келген дидактикалық жүйеге қатысты оқыту үрдісін түзетудің кейбір негізгі жалпы сипаттамаларын мақсатты түсіну қажет. Алдыңғы немесе қазіргі уақытта өмір сүруші кез келген оқыту жүйесі бірқатар міндетті компоненттермен сипатталады. Олардың сапалық, мазмұндық сипаттамасы әртүрлі оқыту жүйесінде әртүрлі болады. Оқыту жүйелері дидактикалық шарттармен ажыратылады, өзгешеленеді. Дидактикалық шарттардағы өзгешеліктер оқыту жүйесіндегі өзгешеліктерді анықтайды.

«Дидактикалық шарт» ұғымының мәнін ашу кезінде, оның «оқыту жүйесі» ұғымымен өзара байланысын ашу керек. «Дидактикалық шарттар» ұғымын пайдалану «оқыту жүйесінің» бар болуында ғана белгілі мәнге ие болады, себебі, дидактикалық шарттарды сипаттау, оның даярламасын дайындау, жетілдіру жаңа, едәуір жетілдірілген оқыту жүйесін тудыруға ұмтылуда ғана мәні болады. Егер де ондай міндет алдыға қойылмаса, онда дидактикалық шарттар жөнінде сөз етудің қажеттілігі болмайды.

«Оқыту жүйесі» ұғымы дидактикалық шарттар сияқты педагогикалық басшылыққа алатын құжаттарда келтірілмейді және түсіндірілмейді. Бірақ бірқатар авторлар тарапынан бұл ұғымдар мектептік құбылысты талдау кезінде қолданыс тапқан (М.Н.Скаткин, М.И.Махмудов, В.В.Давыдов, Б.П.Беспалько, А.М.Пышкало және т.б.).

«Дидактикалық жүйе» дегеніміз де (грек сөзінен sistema-жекелеген бөлшектерден тұратын бүтін, бірігу) білім берудің бүтіндігін түзуші, белгілі критерийлер бойынша бөлініп алынғандар деп түсініледі. Дидактикалық жүйе оқытудың мақсаттары, ұйымдастыру ұстанымдары, мазмұны, формалары және әдістерінің бірлігін түзетін, құрылымның ішкі бүтіндігімен сипатталады [3].  

«Дидактикалық шарттар» ұғымын ашу оның оқытудың дидактикалық негізін түзуші компоненттерінің толық бөлінгеніне де байланысты болады. Неғұрлым компоненттер толығырақ көрсетілсе, қамтылса, оқытуды жетілдіру кезіндегі дидактикалық шарттар соғұрлым өзгертіледі.

А.М.Пышкало зерттеуінде оқыту жүйелерінің бес компонеттерін: оқытудың нақты мақсаттарын, мазмұнын, ұйымдастыру формаларын, әдістерін және құралдарын бөліп көрсетеді [4].  

М.И.Махмутов  оқыту жүйесінің құраушылары жөнінде «Оқыту жүйелері бағдарлама мазмұны, тәрбие принциптері, оқу-тәрбие үрдістерін ұйымдастыру формалары мен әдістері, оқыту мерзімі т.б. бойынша өзгешеленеді» деп мазмұндайды [5].   

М.В.Зверева педагогикалық болмысты талдауға сүйену мен оқыту жүйелерінің мазмұнды сипаты тұрғысынан олардың төмендегідей компоненттерін бөліп көрсетеді: оқыту міндеттері (олар оқыту алдына қалай тұжырымды етіп қойылады); оқытудың мазмұны мен әдістерін іріктеу ұстанымдары (яғни дидактикалық ұстанымдар, олардың мәні, бағыттылығы); оқытудың ұстанымдары (олар қаншылықты оқушылардың әртүрлі іс-әрекетін қамтамасыз етеді); оқытудың әдістері (олар мектеп бағдарламасын игертумен және оқушылардың жалпы дамуын қаншылықты қамтамасыз етеді); оқытуды ұйымдастырудың формалары (олар қаншалықты нұсқалы, қозғалмалы); мұғалімнің оқытудың нәтижелерін бөліп алудағы тәсілдері (қаншалықты бұл толық нәтижелілік есепке алынады); мұғалім мен оқушылардың арасындағы өзара қатынастың сипаты (қаншылықты эмоционалды сәттілігін, оқыту үрдісіне қатысушылардың эмоционалды жабдықталғандығын қамтамасыз етеді); оқытудың құралдары, бәрінен бұрын оқулықтар (қазіргі заманғы оқытудың барлық функциясы қаншалықты дәрежеде жүзеге асырылады) [6].  

В.П.Беспалько «Кез келген педагогикалық жүйе құрылымы қазіргі уақытта келесі өзара байланысты нұсқа элементтерінің жиынтығында ұсынылады: 1) оқушы; 2) тәрбие мақсаттары (жалпы және жеке); 3) тәрбиенің мазмұны; 4) тәрбие үрдістері (жеке тәрбие мен оқытудың); 5) мұғалім (немесе ОТҚ- оқытудың техникалық құралдары); 6) тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру формалары. Бұл жүйенің әрбір құраушыларын кез келген бөлшектену элементтеріне бөлуге болады» деп жазады [7].  Мұндағы айтарымыз, жүйе-«өзара байланысты элементтердің жиынтығы» емес екендігін есте сақтау қажет. «Жүйе»-бұл өзара байланысты элементтердің, құраушылардың бүтіндік кешені» екендігін ұмытпаған жөн.  

Сонымен, дидактикалық шарттар деп, оқыту жүйелерін құрастырушы компоненттердің мазмұндық сипаттамаларын түсіну қажет. Егер оқыту жүйелерінің компоненттері немесе оқытуды түзудің дидактикалық негіздері кез келген оқыту жүйелерінде бірдей болса, онда дидактикалық шарттар-бұл оқытудың жүйелерін ажыратады. Дидактикалық шарттар оқытудың бір немесе басқа жүйелеріне қатысты, көпқырлы және терең сипатталатын болса, онда оқытудың жүйелерін түзуші момпоненттері толық болады.    

Жоғарыда аталған ұғымдарды пайдалану қажеттілігі оқытудағы жаңа бағыттарды сипаттау талабынан пайда болады. Яғни, педагогикалық эксперимент ретінде жасалатын немесе мектепке дейінгі ұйым мен бастауыш мектептегі оқыту үдерісін жетілдірудің кезекті қадамы ретінде практикаға ендірілетін оқытудың жаңа жүйесін сипаттау қажеттілігі туады. Қайсыбір оқыту жүйесіне тән дидактикалық шарттарды жан-жақты, терең сипаттау үшін оқыту жүйесінің бөліктерін мейлінше толық жіктеу қажет.

Мектепке дейінгі ұйым мен бастауыш мектеп үшін стандарттарды, бағдарламаларды, философиялық, психологиялық және педагогикалық әдебиеттерді және білім беру ұйымдарының тәжірибелік әрекеттерін талдау төмендегі мектепке дейінгі ұйым мен бастауыш мектептің білім беру үрдісінің сабақтастығының дидактикалық шарттарын анықтауға көмектеседі:

- мектепке дейінгі ұйым мен бастауыш мектептегі оқытудың, тәрбиенің және дамудың мақсаты мен міндеттерінің бірлігі.

- байланыстың тұрақтылығы, ынтымақтастықтың ұзақтығы, жұмыстағы жоспарлылық пен жүйеліліктің болуы, шешілетін міндеттердің кешенділігі;

- балаларға білім берушілік-тәрбиелік ықпалдың күрделеніп тұруы және жетілген жүйенің пайда болуы үшін жаңа деңгейге өтерде негіз бола алатын байланыстар жүйесін жасау;

- бастауыш мектеп сатысында- мектепке дейінгі балалықтың қол жеткен деңгейіне тірек жасау; оқыту үрдісін осы жас кезеңінің маңызды жетістігі ретінде білім алу біліктілігін қалыптастыруға бағыттау;

- мектепке дейінгі және бастауыш мектеп кезеңінің фундаменталды жаңа пайда болған түрі ретінде жетекші әрекетті дамыту;

- мектепке дейінгі ұйым мен бастауыш мектеп үшін білім беру стандарттары мен бағдарламаларын жасау;

- жаңа педагогикалық технологияларды ендіру, білім беру үрдісін психологиялық-педагогикалық қамтамасыз етуді дамыту.

- педагогтың алдыңғы және келесі буынның оқу бағдарламасының мазмұнын білуі;

- әлемнің тұтастық көрінісін қалыптастыру кепілі ретінде түрлі ғылымдардың білімдерін интеграциялау;

- педагогтың баламен және ата-аналармен тұлғаға бағытталған өзара әрекеті;

- балабақша мен мектептегі педагогикалық үрдістің баланың тұлғалық жан-жақты дамуына бағытталуы, балалардың әрекеттерінің барлық түрлерінде табысты болу жағдайын жасау;

- бала құқықтары туралы конвенцияның 8 бабына сәйкес балалардың жас және дара ерекшеліктерін есепке алу;

- мектепке дейінгі және мектеп кезеңіндегі балалық аралығында балада пайда болатын күрделі әсерленушілікті есепке алу;

- болашақ оқушының танымдық белсенділігінің негізі ретінде мектепке дейінгілердің білуге құмарлығын дамыту;

-шығармашылық (ақыл-ой, көркемдік) және басқа міндеттерді өздігінен шешу тәсілдері ретінде, әрекеттің әрбір түрлерінде, оның ішінде оқу, табысты болуға мүмкіндік беретін құралдары ретінде баланың қабілеттерін дамыту;

- баланың тұлғалық және интелллектуалдық дамуының бағыты ретінде шығармашылық қиялын қалыптастыру;

- коммуникативтілігін дамыту (үлкендер және құрбыларымен қарым-қатынас жасай білуі);

- бала дамуының озып кетушілік немесе төменгі жағдайында жеке жұмыс;

- отбасы, балабақша және бастауыш мектеп арасында байланысты жасау, соның негізінде ата-аналар мен педагогтардың тәрбиелік позицияларына түзетулер енгізу.

Ғалымдардың пiкiрiнше, балабақша мен бастауыш мектептiң арасындағы бiлiм беру мазмұны сабақтастығының сақталмауының басты себептерi:

- iстiң жайының бiр-бiрiне байланыссыз «екi жақты» шешiлуi және олардың өзiндiк тұрғыдан жеке қарастырылуы;

- оқыту мен тәрбиелеу мазмұнының жиi қайталануы және олардың жас ерекшелiгiнiң нақты ескерiлмеуi;

- мектепке дейiнгi ұйымдарда тәрбиешiлердiң, бастауыш сынып мұғалiмдерiнiң арнаулы мамандар болмауы;

- кәсiби бiлiктiлiктің жеткiлiксiздiгi;

- «сабақтастық» ұғымын бiржақты түсiну;

- бiлiм беру тиiмдiлiгiн арттырудағы сабақтастық сақталуының маңызын жете сезiне алмау;

- екi жақты дамытушылық ортаның және материалдық базаның толық жабдықталмауы;

- ата-аналардың педагогикалық мақсаттылыққа сәйкес бала тәрбиесiне, бiлiм алуына ықпал ете алмауы, т.б обьективтi және субективтi факторлар ықпал етуде деп ой түйiндейдi.

Бұл кемшiлiктердi жоюдың жолдарын  қарастырғанымызда балабақша, отбасы және мектептiң бiрлескен еңбегiнiң нәтижесiнде қол жеткiзуге болатындығы байқалды.

Сонымен, мектепке дейінгі кезеңде білім мазмұнын жаңарту мәселесі білім беру жүйесінің әрбір сатысында соның ішінде мектепке дейінгі тәрбиеде әлі толық өз шешімін тапқан жоқ. Ішінара әртарапты пікірлермен шектеліп жүйелі, бірізді зерттеу нысанасына алынбай отыр. Білім мазмұнының пәнаралық, пәнішілік және әрбір сатыдағы сабақтастығының айқындалуы бүгінгі таңда кезек күттірмейтін мәселе. Сабақтастық  - ғалымдардың анықтауында (В.Н.Просвиркин) балабақша мен бастауыш мектептегі оқу-тәрбие үдерісінің барлық әдістемелік компоненттерінің үйлесімділігі және әрбір сатыдағы оқу пәндерінің бөлімдерінің өзара байланысы сондай-ақ, дұрыс қарым  - қатынас сақталуы деп тұжырым жасайды. Бұл тұжырымды жүзеге асырудың жолдарына тоқталатын болсақ, балабақша мен бастауыш сатының сабақтастығы біріншіден: аталған сатыдағы білім берудің өзіндік мақсаттарының айқындалуын, білім мазмұнының бірыңғай жүйелі құрылуын, баланың тиімді дамуы арқылы білім берудің келесі сатысына көшуінің қамтамасыз етілуін қарастырады. Екіншіден: білім беру жүйесінің әрбір әдістемелік компоненттерінің байланысы мен үйлесімділігінің  болуын қамтамасыз ету қажет (мақсаты, міндеттері, мазмұны, әдіс-тәсілдері, құралдары, ұйымдастыру түрлері). Сабақтастық сақталу үшін мектепке дейінгі кезеңде – жас ерекшелігіне сәйкес балалардың өзін-өзі бағалауының сақталуы, баланың танымдық және тұлғалық дамуы, олардың қоршаған ортамен өзара байланыс жасауға дайындығы, мектепке дейінгі кезеңдегі іргелі жаңалықтар ретіндегі жетекші әрекеттерінің дамуы қарастырылады. Ал  бастауыш сатыда – мектепке дейінгі кезеңдегі жетістіктерінің барлық деңгейіне тірек болуды, қарқынды даму жағдайында жеке жұмыстарды, мектепке дейінгі қалыптасып болмаған қасиеттерді түзетуге арнайы көмек көрсетуді, жетекші әрекеттер арқылы қоршаған ортамен өзара қарым-қатынас формаларын дамытуды қамтамасыз ету қажет. Білім беру мазмұнының сабақтастығы мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш сатыдағы, негізгі мектеп және кәсіби бағдарлы мектептер мен жоғары оқу орындарында жалғасын тауып, білім мазмұны үндестік пен үйлесімділік тұрғысынан қарастырылғанда ғана маңызды болмақ.

Қорыта келгенде, екi сатыдағы негiзгi мақсат, мiндеттер нақтыланып, бiлiм мазмұнын айқындайтын ұстанымдар анықталып, баланың мектепалды даярлығы мен бiрiншi сыныптың оқу жылы аяғындағы оқу мазмұнына сипаттама жасау арқылы балабақша мен бастауыш сыныптағы бiлiм мазмұнының сабақтастығын қалыптастыруға  қол жеткiзуге болады деп ойлаймыз.

 

Әдебиеттер

 

1. Алимбаева А. Педагогикалық шарттар ұғымы жөнінде. //Қазақстанның ғылыми әлемі. -2011. - №3.

2. Зотова Т.Н. Дидактические условия преемственности образовательного процесса в ДОУ и начальной школе. Дисс.канд.пед.наук:13.00.01. - М., 2003

3. Подласый И.П. Педагогика. В 2кн. -М.,1999. -Кн.1:Общие основы. Процесс обучения.

4. Совершенствование обучения младших школьников /Под ред.  А.М.Пышкало. -М., 1984

5. Махмутов М.И. Организация проблемного обучения в школе. –М., 1977 -374С.

6. Зверева М.В. О понятии «дидактические условия». //Новые исследования в педагогических науках. -М.:Педагогика, 1987, №1

7. Беспалько В.П. Слагаемые педагогической технологии. -М., 1989