Исабекова А.Е., Шынтаева Н.А.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты

Мектеп жасына дейінгі балаларға өсімдіктер әлемімен таныстыру арқылы эстетикалық тәрбие беру

 

Табиғаттың ғажайып құбылыстарымен таныстыру арқылы мектеп жасына дейінгі балаларды жан-жақты тәрбиелеуге, нақтырақ айтқанда баланың қабылдауын, зейінін, ойын, тілін дамытуға, дүниетанымын кеңейтуге болады.Баланың табиғаттағы әсемдік пен сұлулықты танып, ұғынып және  оны ажыратып    рухани  әспеттеп  қабылдай  білуі  эстетика     лық тәрбиемен  сабақтас  құбылыс. Көріктілік пен  көркемдікті  халқымыз  ежелден – ақ  қастерлеп  сұлулыққа  сұқтанбағанның  көзі  шықсын  деп  тегін  айтпа-ған.  Олай  болса, бүгінгі мектеп жасына дейінгі балаларға   эстетикалық  тәрбие  берудің  мақсаты  тұлғаның  әсемдік  жөніндегі  қабілетін  жетілдіріп,  өмірдегі  және  табиғаттағы  сұлулықты  сезіне  білуге  қалыптастыру  болып шығады. Балалардың табиғаттағы,  адамдардың  іс-әрекетіндегі,  қарым – қатынасындағы  әсемдікті  түйсініп,  әсерленуі  тұлғаның  эстетикалық  сезіміне  тәуелді. Табиғаттағы құбылыстарды  танып, одан  ләззат  алып  рахаттану  балаланың   эстетикалық  түйсінуі  мен  біліміне  қатысты  болғандықтан  оның  әсері  мен  ықпалы  адамның  арман   мұратына  қозғау  салып,  түрлі  әрекеттерге  баруына  ұйытқы болады.

Мектеп жасына дейінгі балаларға қоршаған ортаның заттары мен құбылыстарын таныстыру арқылы, олардың бір-бірімен байланысын ғылыми түрде түсіндіру барысында балаларда алғашқы табиғат туралы ұғымы, эстетикалық талғам негіздері қаланады. Балалардың мұндай балабақша қабырғасында табиғат жайында алған қарапайым дүниетанымдық  ұғымдары, олардың бастауыш сыныпта дүниетанымды оқыту барысында және жоғары сыныптарда биологиялық пәндер бойынша берілетін білім жүйесінің алғашқы баспалдағы болмақ. Сондай-ақ сәби жасынан бастап табиғат заңдылығын жеңіл түрде ұғындыра отырып, берілетін білімнің өзара байланысы мен сабақтастығын қамтамасыз етуде, балаланың дүниетанымы кеңейіп, тереңдетіліп, толықтырылады.

Педагогикада  эстетикалық  көзқарасты  тәрбиелеу  тәрбиенің  басқа  салаларымен  тығыз  байланысы  қаралады. Балалардың  ақыл-ой  тәрбиесін, зерттелген  құбылыстар  әсемдігін  ашпай  жүзеге  асыру  мүмкін  емес.

Қазіргі  жағдайда  біздің  қоғамдық   өміріміздің  қажетті  мәселелердің  бірі- баланың  эстетикалық  белсенділігін  тәрбиелеу. Ол  әдемілікті сезіп  және  оның  заңдарын  түсініп  қана  қоймай, осы  заңдар  бойынша  өзін  қоршаған  айналаға  өзгеріс  жасауы  қажет. Өмірге  енген  эстетика еңбек, табиғат  эстетикасы, адамдар  қатынасы  және  жай-жағдай  эстетикасы  адамды  сүйсіндіреді. Адам  белсенді  түрде  өмірдегі  әдемілікке, көркемдікке  өз  үлесін  қосып,  оны  көріксіздіктен, ұсқынсыздықтан  қорғауы  қажет.

Мектеп жасына дейінгі балаларды  эстетикалық  белсенділікке  тәрбиелей  отырып, оларды  өздігінен  ілтипатты  оқырман, қайырымды  көрермен,  сезімтал  тыңдаушы  болуға  үйрету  қажет. Балалар  әдебиетті  оқуға, кинофильмді, теледидарды, спектакльді  көруге,  музыканы  тыңдауға  өте  ынталы  болады. Әр  түрлі  әдеби, музыкалық  шығармалардағы  іс- әрекеттің  оқиға  желісін  дұрыс түсіну  үшін,  балаларды  көп  ізденуге  үйрету,  бағыт  беру  ұстаздардың  басты  міндеті. Әдемілікті  сезуде, эстетикалық  көзқарастарды  қалыптастыруда  табиғат  зор  роль  атқарады. Табиғат  адамды  қуанышқа  бөлейді,  сезімін  дамытады,  эстетикалық  түсінігін  байытады. Адам  табиғатты  бақылаушы  ғана  емес, ол  тұтынушы,  сұлулықты  жасаушы  шығармашылық  қызметкер.  Сондықтан  өзінің  күшін,  қабілетін  адамдар  бақыты  үшін  табиғатқа  өзгеріс  жасауға  жұмсауы  керек.

М.Жұмабаевтың пікірінше бала қоршаған ортаны тануы үшін, оның сыртқы сезімдері, яғни көру, есту, иіскеу, тату, сипау анализаторлары қатысу керек.

Сонымен қатар, М.Жұмабаев баланың эстетикалық қабылдауын дамыту үшін оның зейінін бағыттап отыру қажеттігі туралы былай дейді: «Табиғатта сұлулықтың неше түрінің бәрі бар. Бала бұлақтың былдырын, судың сылдырын , жымыңдаған жұлдыздарды, түрлі-түсті кемпірқосақты көрсін, жаратылыс сұлу. Бала сол жаратылыстың құшағында болсын, сонда оның сұлулық сезімдері еріксіз оянады. Тәрбиеші жаратылыстағы түрлі сұлулықтарға баланың зейінін аудара білуі керек». Мектеп жасына дейінгі балаларға өсімдік әлемі  арқылы эстетикалық тәрбие беру мәселесі нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдарда қатаң қадағалауда болуы қажет.  Қоғамның дамуының қай кезеңінде болмасын, табиғат баланың дүниетанымын дамыту құралы ретінде орын алып, оған рекше көңіл бөлінген. Елбасымыз Н.Назарбаев «Қазіргі заманғы педагог кадрларды даярлау біз үшін білім беруді дамытудың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Біз мұғалімдер біліктілігін арттыру, олардың кәсіби өсуі үшін ынталандырулар жасау және мұғалім кәсібінің қоғамдағы беделін арттыру жөнінде кешенді шаралар қабылдау жолымен келеміз» дейді. Осы бағытты жүзеге асыру мақсатында тәрбиеші мектепке дейінгі балаларды жан жақты, қазіргі жаңа технологиялар арқылы бағдарлап бағыт беріп, мектепке дейінгі балалардың ақыл-ойын, қабылдауын, зейінін дамыту педагогтардың, яғни тәрбиешілердің қолында.

Мектеп жасына дейінгі балаларға қоршаған ортаның заттары мен құбылыстарын таныстыру арқылы, олардың бір-бірімен байланысын ғылыми түрде түсіндіру барысында балаларда алғашқы табиғат туралы ұғымын, эстетикалық талғам негіздері қаланады.