ӘОЖ: 37.022

 

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІН ОҚЫТУДЫҢ  МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

п.ғ.к., доцент Б.У. Курбаналиев, С.Ж. Мырзамуратова

 

Бүгінгі күнде еліміздің өсіп келе жатқан болашақ ұрпағының мәдени өрісін өрістету, сұлулықты қабылдау қабілетін қалыптастыру арқылы төл мәдениеттің белсенді жасаушысы, иесі, жалғастырушысы болуына зор мән берілуде. Әсіресе оқушылардың өз елінің, халқының соның ішінде өзі мекен ететін аймақтың мәдениетіне, салт дәстүрлеріне деген сезімдік-эстетикалық қарым-қатынасын бейнелеу өнерін оқыту арқылы қалыптастыру қажеттілігі біздің зерттеуімізге негіз болды.  Сондықтан да бейнелеу өнерін оқушыларға оқытудың маңыздылығын айқындау бүгінгі күннің өзекті мәселесі деп таныдық.            

Қазiргi егемен ел болып, керегемiз бекiп жатқанда, өнерге жанашырлық жасау арқылы біздің жастарымызға ұлттық өнерімізді жеткізе білу  әрбір қазақ азаматының парызы. Ұлттық өнерімізді жастарға үйрететін негiзгi салалардың бiрi – бейнелеу өнерi болып саналады.          

Сондықтан да ұлттық мектептерде эстетикалық пәндерді оқыту мазмұнына ұлттық нақыш беруді батыл енгізетін кез келді деп ойлаймын. Ол әрине бейнелеу өнерінің негізінде жүзеге асырылады.

Ондағы негізгі мақсат:

- бастауыш сынып оқушыларының бойында Отанына деген сүйіспеншілік сезім туғызу;

- бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық талғамын арттыру;

- өз елінің қылқалам шеберлерімен таныстыру;

- өз өлкесінің әсем табиғатына, өнер туындыларына деген оңды көзқарас қалыптастыру;

- бастауыш сынып оқушыларыны сұлулыққа, әсемдікке үйрете отырып, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру.

  Осыған сәйкес алдымызға мынадай міндеттер қойып отырмыз:

-  баланың қабілет-қарымы, бейімділігі мен дарынына сәйкес оның бойындағы білім - іскерлік дағдыларын қалыптастыру;

-  баланың эстетикалық, этикалық, танымдық қатынастарды, қоршаған орта мен өмір құбылыстарын шығармашылық ой арқылы жеткізе алатын жеке тұлға тәрбиелеу.

Орта мектепте өтілетін басқа пәндермен қатар, бейнелеу өнері сабағына деген дұрыс көзқарас қалыптастыру, оқытудың озық тәжірибелерін қолдану, ұлттық құндылықтарымызға деген жастардың қызығушылықтарын арттыру, оның қазіргі таңдағы мақсаттары мен міндеттерін айқындау-біздің міндетіміз. Болашақта жалпы орта бiлiм беру жүйесiнiң 12 жылдыққа көшуi туралы дайындық жұмыстары, басқа пәндер сияқты, бейнелеу өнерiн  оқытудың жаңа ұлттық бағдарламасы мен жаңа буын оқулықтарын дайындауды мiндеттеп отыр.

Орта мектептерде өтiлетiн басқа сабақтармен қатар бейнелеу өнерi де толық жүйелi түрде жүргiзiлуi тиiс. Ол қазіргі өмiр талабы. Көркемдiк тәрбие беруде бейнелеу өнерiнiң тағы негізгі атқаратын мiндетi – ол әрбiр баланың  бойына мәдениеттілікті қалыптастыру,  табиғи қабiлетiн дамыту, соған қолдау жасау, өмiрге қажетті қандай да болмасын мамандықтың білікті маманы болып шығуына ықпал жасау.

Бейнелеу өнерінің қоғамға, жеке адамның білікті маман болып қалыптасуына қаншалықты үлесі бар екендігі туралы көп мысал келтiруге болады. Атақты Кеңес одағының 3 дүркiн батыры, ұшқыш Иван Кожедуб Яковлев  қабырғасында сурет сабағының дұрыс жолға қойылуының арқасында, сурет салуды жақсы меңгергендігі, көз өлшемінің қалыптасуына көп әсер беріп, жаумен соғысу кезiнде көз өлшемiнің көп көмегi тигенiн үнемi мақтанышпен есiнен шығармаған.

Аты әлемге танымал авиаконструктор А.С.Яковлев те осы бейнелеу өнерiнiң арқасында жеткен жетiстiктерiне байланысты: «мен тағы бiр нәрсе үшiн мектепке дән ризамын, онда сурет салу жақсы жолға қойылған болатын. Сурет сала бiлгенiм, менің болашақ мамандығымды таңдауыма себеп болды» дейді. Өйткенi инженер-конструктор әлдеқандай машина жасауды ойластырған кезде, ол өзiнiң болашақ туындысын егжей-тегжейлi көз алдына келтiруге тиiс және оның бейнесiн қарындашпен қағаз бетiне түсiре бiлуi керек.

Белгілі географ А.Половкин тiптi «География және сурет салу» деп аталатын бiр тұтас кiтап та жазған екен. Осындай бейнелеу өнерiнiң өмiрге қажеттiлiгi, адамды ауруынан емдеуде қолданыс тапқаны туралы айтылған хирургтардың  және тағы басқа да мамандық иелерiнiң ойлары дәлел бола алады. Бейнелеу өнерінің қоғамдағы маңыздылығына келетін болсақ, бейнелеу өнері  әр салада тиімді қолданыс тауып жатыр.

Қазiргi кездерi сурет салғызу арқылы ауруды емдеу, психотерапиялық  әдiстердiң бiр түрi ретiнде пайдаланылып келеді. Адамның мінезінде қандай психологиялық ауытқулар бар екенін анықтау үшін де  сурет салғызу арқылы зерттеу жұмыстары кейінгі кезде көптеп жүргізілуде. Бейнелеу өнерін меңгеру, әрбiр баланың сурет салудағы біліктілігін дамытып қоймай, адамның рухани және ұлттық сана-сезімін қалыптастырады, жалпы егемен еліміздің өркендеп дамуына  зор әсерін тигiзедi.

Бастауыш сыныпта  бейнелеу өнерiн оқыту кезiнде тәрбие мен оқытудың бiрлiгi, тек педагогикалық жағын емес, адамның мәдени құндылығын мағыналы түрде арттыра алады. Демек, оқушыларға бейнелеу өнерін оқытудың маңыздылығын осы ғылыми негіздемелер мен мысалдардан айқын көруге болады.

 

 

 

 

 

 

 

Резюме

В статье рассматриваюнся вопросы о значении и роли обучения изобразительному искусству учащихся начальных классов.

 

Summary

This article is considered aesthetic knowledge of pupils and the imporsance of teaching fine arts in primary school children.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1. Х. Маданов; Қазақ мәдениетінің тарихы. Алматы, 1998

2. М. Орынбеков; Ежелгі қазақтың дүниетанымы. Алматы, 1996

3. М. Дүйсенов; Сағанатас сырлары. Алматы, 1992

4. А. Сейдімбеков; Күңгір-күңгір күмбездер. Алматы, 1981

5. С.Ә.Аманжолов. Бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі. ЕҰУ, -2010., 320б