Бастауыш
сыныптарға арналған
«Әдебиеттік оқудың»
жаңа мазмұны
Қабатай
Б.Т., п.ғ.к., доцент,
Жексенбекова Ж.Т., магистрант
Абай атындағы ҚазҰПУ, Алматы
Бастауыш сыныптарға арналған
«Әдебиеттік оқу» пәнінің мақсаты тек
оқушыларды дұрыс, түсініп, шапшаң, мәнерлеп
оқуға төселдірумен шектелмейді, оның басты
міндеттерінің бірі
оқушыларды көркем сөзге баулу екенін ескерсек,
ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлы айтқандай «ойын
ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде,
көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен
айтып»(1, 141) жеткізуге талпындыру үшін ең алдымен балаға
«ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін
тәртіптеп қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз
арқылы тысқа шығарған»(1,148) классик
жазушыларымыздың төл туындыларын ұсынбау мүмкін емес.
Міне, мектеп тәжірибесінде он жылдан астам уақыт жүрген
2-сыныпқа арналған «Ана тілі»
оқулығының(«Атамұра» баспасынан 2009 жылы
шыққан) мазмұнын қазіргі заман талабына сай
жаңартуда авторлардың(Қабатай Б.Т, Рахметова С) басты
ұстанған ұстанымы оқулыққа ең алдымен
балалар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің
шығармаларын енгізу болды. Ал қазақ балалар әдебиеті
кімдердің шығармаларынан бастау алады, кімдермен толығып
дамиды дегенде, әрине, Абайды, Шәкәрімді, Мұхтарды
айтпауыңыз мүмкін емес.
Қазақ баласы қаршадайынан тым құрыса сөз
өнерінің негізін салған, дамытқан ақын –
жазушыларымыздың есімін білсінші,
көркем сөздің шынайы үлгісін көрсінші деп
қиыннан қиыстырып, ықшамдап, балаға түсінікті-ау
деген үзінділерді беруге тырыстық. Көркем шығармаларда
қиын сөздердің болуы заңдылық. Егер
түсінікті, тек қарапайым сөздерден құралған
мәтіндер таңдалып алынса, онда баланы көркем сөз
әлеміне жетектеу, сөз құдыретін түсіну,
сөздің сырын ұғыну мүмкіндігі шектеліп, жалпы
оқу сабақтарының атқаратын қызметі
бұзылады. Оқулықта қиын сөздердің түсініктемелер келтірілген (арнайы
«сандықша» белгісімен). Кейбір қиын сөздерді түсіндіру
әдіс-тәсілдері оқулыққа қосымша
шығарылатын оқыту әдістемесіндегі нақты сабақтардың
өткізу үлгілерінде де көрсетілген.
Жалпы «мәтінді талдау»
ұғымының мағынасы өте кең. Бастауыш
сыныптарда мәтінді талдау тар мағынада қолданылады,
яғни шығарманы жіліктеп талдау – бастауыш білім мазмұны
міндетіне кірмейді. Әр шығарманы оқытуда нақты бір
ұстаным басшылыққа алынып, оны оқытуда сол
ұстанымға сай мақсат
қойылады. Мысалы:
1.
Лирикалық
өлеңдер көбіне тек жаттауға беріледі
(М.Мақатаевтың «Отан туралы» өлеңіндегі «Бар
жәндігін сүйемін жыбырлаған, Бәрі маған «Отан»
деп сыбырлаған» деген жолдардағы ақын сезімін талдау
мүмкін бе?!).
2.
Бастауыш
сатыда тарих пәні оқытылмайды. Тарих пәнінің міндетін
«Ана тілі» атқарады. Сондықтан 2,3,4 - сыныптарға
арналған «Ана тілі» оқулықтарында ел басынан өткен
кезеңдер сөз етіліп, тарихи кезеңдегі елдің елдігін,
ұрпақ қамын ойлаған ірі тұлғалар туралы
білдіру мақсатымен жазылған шығармалар топталып, жеке тарау
түрінде берілген. Балаға «Отаныңды сүй,
халқыңды сүй» деген құрғақ
сөзбен елін де, Отанын да сүйгізе алмайсың. Халық
басынан өткен қиын кезеңдер, сол кезеңде елді, жерді
қорғап қалған хандар, батырлар туралы
оқиғаға құрылған қызықты
мәтіндерді беріп, соны оқыту арқылы бала жүрегінде
өз ұлтына, халқына мақтаныш сезімін ояту
ұстанымын оқулық авторлары бағдаршам ретінде
ұстанған еді. Қазақ ұлтынан шыққан
дүние жүзі екінші ұстазы атанған ғұлама
әл – Фараби, үш жүздің басын құрап,
ұлан байтақ жерді аман алып қалған Абылай хан,
Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, отыз жасқа жетпей артында
өшпестей мұра қалдырған Шоқан сөз
өнерінің алыбы Абай, Отан үшін от кешуге дайын болған
Мәншүк, Әлия, тіпті кешегі Қайрат, Ләззат
бейнелері бала үшін таптырмас үлгі - өнеге емес пе? Сондықтан қиын сөздері
болса да мұндай мәтіндерді оқытуда сол күнгі
сабақтың мақсаты шығармада сөз болып
отырған ел басынан өткен кезеңді немесе тарихи ұлы
тұлғалар туралы әңгімелеу болуға
құрылады да, мәтінді қабылдау бала үшін
жеңіл өтетінін ұстаздар тәжірибесі дәлелдеп
жүр.
3.
2-
сыныпқа арналған оқулықта тапсырмалар сол жастағы
баланың қабылдауына лайықталып, көбіне ойын
түрінде берілді.
Ойын-баланың қажетті әрекетінің бірі. Ойынды
төменгі сынып жасындағы балалардың табиғаты қажет
етеді. Көрнекті педагог Мағжан Жұмабаев: «Бала еш
уақытта іссіз отыра алмайтын болғандықтан, балаға
ылғи пайдалы іс беріп отыру керек... Сыныпта отырғанда баланың тез шаршауы оның
ақылының жұмыс қылуынан, әсіресе, тек отырудан,
һауаның бұзылуынан. Сондықтан, сабақ
уақытында балалар босатып, жүгіртіп, ойнатып, сыныптың
һауасын жаңартуы керек. Бір сабақтың ішінде де
балаларды тұрғызып, отырғызып, гимнастика жасатып, ән
салдырып алуға болады. Мұндайда бала сергіп қалады»(2,77), -
деп, ойынның, қызғылықты жаттығулардың
балалардың оқу әрекетін жандандырып, оқуға деген
ынтасын арттыратын маңызды құрал екенін атап көрсетеді.
Тілдің дамуына да ойын
өте үлкен әсер етеді. Ойын жағдайы оған енген
әрбір баладан белгілі қатынас жасау қабілетін талап етеді.
Сондай-ақ ойын әрекетінде баланың денесі мен ақыл ойы
дамып, өзін қоршаған ортаның заттары мен
құбылыстарын танып біледі.
Екінші сыныпқа
арналған Әдебиеттік оқу» оқулығында ойынның
жоғарыдағыдай мүмкіншіліктері ескеріліп, қазақ
ауыз әдебиетінің айрықша саласы – ойын фольклоры, яғни
санамақтар, сұрамақтар, қаламақтар, айтыс
ойындары берілген(3). Ойын жырларының атқаратын қызметі –
балалардың сөйлеу тілін дамыту.
Сондай-ақ оқулықта баланы ойлауға үйрететін
«Күн шұғыласы»,
«Балық» ойыны, «Пікірлер ағашы», «Адасқан
сөздер» ойындары түрлі дидактикалық сипатта қолданыс
тапқан. Осы ойындарды жүргізу жолдарына жеке-жеке тоқталып
өтейік.
«Күн
шұғыласы» ойыны – оқушыларға ортасында
тақырып не сурет салынған күннің
шуақтарының аттарын жазу арқылы тапсырылады.
Жаңа
оқулықта сөзжұмбақтар көбірек берілді. Сөзжұмбақ
шешу бұл да баланы ойлануға, ой операцияларын
қолдануға жетелейді.
Жаңа басылымда мәтінге тек
сурет беріліп қана қоймай арнайы «Суретпен жұмыс»
деген айдармен оқушылардың мәтінді эмоционалды
қабылдауын қамтамасыз ететін сұрақ-тапсырмалар
кеңінен қамтылды.
Жаңа оқулықтағы «Ойланып
жауап бер» деген белгімен берілген тапсырмалар коммуникативтік
құзіреттілікті , яғни оқушыны қоршаған
ортамен өзара ықпалдастықта болу
әдіс-тәсілдерімен қаруландырады, әр түрлі
жағдаяттардағы қарым-қатынасты бағалай білуге
баулиды. Келтірілген жағдаяттардың алгоритмдік шешімін табу
арқылы оқушы өз көзқарасы мен пікірін,
қарсылығын немесе құптағанын білдіре алады,
нәтижесінде жалпы өмірде осындай жағдаяттарда нақты
шешім қабылдай алуға дайын болады.
Қорыта келгенде, «Әдебиеттік
оқу» оқулығының жаңа мазмұнын түзуде
көркем мәтіннің бірнеше рухани шындықтың
ұштасуы екендігі басты назарда болды: мәтінді тудырушы
автордың көзқарасы мен мәтінді қабылдаушы
оқырманның,бақылаушының, тыңдаушының ішкі
жан дүниесі.
Әдебиет:
1. Байтұрсынов А. Шығармалары.-
Алматы: «Жазушы», 1989.
2. Жұмабаев. М. Педагогика.- Алматы:
«Жазушы», 1992.
3. Қабатай Б.Т., Рахметова С. Ана тілі.
Жалпы білім беретін мектептің 2- сыныбына арналған
оқулық.- Алматы: «Атамұра», 2009.