Педагогика
секциясы
Бастауыш сыныптарда
морфологияны оқыту әдісі туралы
Кошикова М.Б., ЖББ №66 орта мектеп
мұғалімі, Қарағанды қ.
Ғылыми
кеңесші: ф.ғ.д., проф. Мажитаева Ш.
Мектеп
бағдарламасында морфология материалдарын оқытудың
өзіндік мақсаты бар. Морфологиялық заңдылықтарды
оқыту дидактикалық принцип негізінде іске асырылады. Морфологияның
қарастыратың нысандары – тілдің бірден-бір нақты,
зерттелген әбден қалыптасқан актуалды мәселелері. Қазақ
тілі морфологиясын оқытуда зерттелмеген екіұшты ұғым
тудыратын категориялар ұшыраспайды.
Морфология –
сөз және оның грамматикалық көрсеткіштер туралы
ілім. Әрбір сөздің контексте нендей өзгеріске
түсіп, грамматикалық қандай мағына мен қызметке
ие болып тұрғаны ескеріледі. Морфологияны оқытуда
мұғалімдерден қазақ сөздерінің қандай топқа
бөлінетінің, ол топтардың әрқайсысының
өзіне тән қандай грамматикалық сыр-сипатының барлығын
және контексте қандай қызмет атқаратынын
оқушыларға білдіру талап етіледі. Тілдің
заңдылықтарын практикада дұрыс пайдалана білуге дағдыландыру, баулу
жұмыстары әр сабақ үстінде үнемі ескеріліп, іске
асырылып отырылатын негізгі өзек (стержень) болады. Сондықтан тіл
фактілерінің сапалы да, тиянақты меңгертілуі
мұғалімдердің теориялық біліміне тікелей қатысты.
Мұғалім тілдің ішкі заңдылығын жан-жақты
терең білсе, оқушыға берілетін білім де, тілдің
жүйесі де, тараулары да өзара байланысып, дұрыс
оқытылады. Қазақ тілі мен әдебиет пәнін
оқытатын ұстаздарға ортақ грамматикалық бір
тұлғаны екінші бір ұқсас категориялармен шатастырып
алушылық жиі ұшырасады. Сондай-ақ кейбір
тақырыптардың өзіндік деген сыр-сипатын саралап,
нақтылап беруде, кейбір ұстаздар грамматикалық талдауға
үстірт қарап, оқулықта берілген ереже, анықтамалар
мен мысалдарды қайталап айтып берумен шектелетін жайттар бар, кемшіліктер
кездеседі. Тіл сабақтарында ұшырасатын олқылықтарды
жоюда мұғалімдер өз білімдерін жетілдіріп, толықтырып
отырулары керек. Жалпы білім беретін орта мектептің он бір жылдық
мерзімге ұзартылып, бастауыш сыныптың оқу мерзімі төрт
жылға созылу мәселелеріне байланысты мектепте берілетін білім
негіздерінің бағдарламмалары қайта қарастырылып,
жетілдірілді. Бұл жетілдірілген қазақ тілі
бағдарламасында фонетика, зат есім, сын есімдер бөлшектенбей,
тұтас бір жерде бір сыныпта өтілу ұйғарылды. Морфология
бөлімінің объектілері ғылыми тұрғыда
жан-жақты зерттеліп, нақтыланған, осыған орай,
морфологияны оқыту мәселесі де әдістемелік жақтан
қарастырылуы аз емес. Мәселен, Жиенбаев С., Сарыбаев Ш.,
Әлімжанов Д., Маманов Ы., Ұйықбаев И., Құрман Н.,
т.б. әдістемелік еңбектердің бәрінде де қазақ
тілі морфологиясының объектілерін оқыту мәселесі
әрқилы әдіс-тәсілдерімен, индукция, дедукция және
аналитикалық, синтетикалық, сұрақ-жауап әдістері,
салыстыру, әңгімелесу, ізденіс жасату, ойландыру, сөйлеу
әдістері арқылы оқытудың жолдары жан-жақты
сөз болады. Қазақ тілі морфологиясының жеке
категорияларын оқыту жөнінде шыққан кітапшалар мен жинақтар,
әдістемелік көмекші құралдардың саны біраз.
Бүгінгі күні оқу мен тәрбие жүйесі
оқушының ішкі мүмкіншіліктерін дамытуға
бағытталып отыр. Осы ретте білім беру саласына әдістеме және
оқыту әдіс-тәсілдерімен бірге толық нәтижеге
жылдам жеткізуді мақсат ететін оқыту технологиялары да
қарқынды еңгізілуде. Дамыта оқыту технологиясы
оқушыға өзінің ана тілінің ішкі
құрылымы мен сыртқы жүйесін меңгертуде
үлкен орын алады. Бүгінгі күнге дейін бастауыш сыныптарда
қазақ тілі морфологиясын дамыта оқыту әдістемесі
тікелей зерттеу обьектісі ретінде қарастырылмай келді. Қарастырылып
және зерттеліп отырған проблеманың ғылыми негіздерін
айқындау және қазақ тілі морфологиясын дамыта
оқыту барысында теориялық ұғым
қалыптастырудың ерекшеліктерін ескеру және олардың
мазмұндарын белгілеп айқындау қазақ тілінің ішкі
құрылымын меңгеріп, оны коммуникативтік бағытта
қолдану дағдысын қалыптастыруға зор мүмкіндік
береді [1]. Дамыта оқыту технологиясы өзінің бастауын Я.А. Коменский,
И.Г.Песталоци, К.Д.Ушинский, Ы.Алтынсарин еңбектерінен бастайды. Ал оны
ғылыми негіздеп, теориясын дамытқан Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев,
В.В Давыдов, М.М. Мұқанов, В.В.Репкин, Г.К. Селевко, А.Амонашвили,
В.П.Беспалько, М.Монахов. Қазақ тілін оқыту әдістемесін
қазіргі таңда кең түрде зерттей келе, осы салада
докторлық дисертация қорғаған С.Р.Рахметова,
Ф.Ш.Оразбаева, Н.Құрманова еңбектері белгілі.
Бастауыш сыныпта грамматикалық
ұғымдарды меңгертуде түсіндіргенді қайталап айтып
беруге (репродуктивті) баулу әдісі ойдағыдай нәтиже бермейді.
Бұл әдіске машықтанған оқушылар көбінесе грамматикалық
ұғымдарды жаттап, еске сақтауға бейім болады. Жаттап алынған білім мен дағдының
көп уақыт өтпей-ақ ұмытылатыны,
оқушылардың күнделікті тұрмысында пайдаланылмайды. Әдіскерлер
бастауыш сыныптарда грамматикалық ұғымдарды меңгерту
үшін қолайлы әдістемелік жағдайлар жасау
қажеттілігін ұсынып отыр. Олар:
1. Оқушылардың белсенді ойлау
қызыметін іске қосу. Бұл -
«проблемалық әдіс». Кез-келген грамматикалық
ұғымды меңгерту барысында проблемалық жағдай
туғызу мұғалімнің шеберлігіне байланысты.
2. Сөзге немесе сөйлемге қатысты
оқушылардың саналы лингвистикалық көз қарасын
дамыту, оқушылардың өз ойларын дұрыс, әсерлі
баяндай білу қабілетін дамыту мақсатында бағындырылуы
қажет.
3. Өтілген грамматикалық
ұғымның айқын және көмескі белгілерін
меңгерту. Мысалы, «Кім? Не? сұрақтарына жауап беретін
сөздер» тақырыбын өткенде, оқушылар бұл сұрақтарды
нақтылы заттардың немесе адамдардың атын білдіретін
сөздерге дұрыс қояды
да, дерексіз атауларға кездескенде шатасып қалады. Мысалы:
уақыт, жел, күн, дауыл,
т.б. сөздерді заттың атын білдіріп тұр деп ойламайды.
Немесе «Не істеді? неғылды? қайтті? сұрақтарына жауап
беретін сөздер» тақырыбын өткенде, «жатыр, отыр,
сұрады, жанды» деген сияқты нақтылы қимыл
байқалиайтын сөздерге бұл сұрақтарды
қоймайды. Сондықтан грамматикалық ұғымға
қатысты осындай дерексіз сөздердің белгілеріне арнайы
тоқталып өту қажет.
4. Жаңа меңгерген грамматикалық
ұғымды бұрын өтілген ұғымдар
жүйесімен байланыстырып отыру.
Бұл әдісті берілген білімді жинақтап отыру әдісі
деп те айтуға болады.
5. Жаңа грамматикалық
ұғымды түсіндіру үшін оқушылардың
бұрынғы білімдері мен дағдыларына сүйене отыру.
6. Грамматикалық ұғымдарды
көрнекі құралдар көмегімен меңгерту.
Бастауыш
мектепте оқылатын білім мазмұнын жасауда, зерттеушілер
оқушының білімді қанша көлемде игеретін
мүмкіншілігін емес, берілетін білім мазмұны әлеуметтік
тапсырысқа қаншалықты жауап бере алады және
баланың алдағы өміріне бастауыш сыныптағы білімі
қаншалықты негіз бола алады деген мәселеге назар аударады [2,
3].
Зерттеу жұмыстарында 3-4–сынып оқушыларына морфология
ұғымдарын теориялық тұрғыдан оқытуды
мұғалімнің алдына қойатын мақсаттары
анықталады. Мәселен: морфологиялық ұғымдарды
дамыта оқытуға 3-4-сынып оқушыларын теориялық
топтастырылған ұғым жасауға үйрету, яғни
3-4-сынып оқушыларының теориялық ойлауымен тілін дамыту; морфологиялық
ұғымдарды дамыта оқытудағы негізгі мақсат морфология
туралы білім мазмұнын жаттандылықпен үйретпей,
оқушыға өз бетімен орындайтын ақыл-ой әрекеттер арқылы меңгерту.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1.
Сүлейменова Ж.
Қазақ тілін оқытудың кейбір мәселелері. Алматы, 2000.
2. Құрманова Н.Ж., Тойбазарова Н.А.
Морфологияны дамыта оқыту сабақтарының жүйесі.
Ақтөбе, 2006. 70 б.