Педагогические  науки/5.Современные методы преподавания.

Б.ғ.к.,  Игисинова Ж.Т.,

2 курс магистранты, Токтарбекова  А.Т.

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Қазақстан

 

Fabaceae тұқымдасының биологиялық ерекшелігі туралы ақпараттарды оқушылардың биологияға қызығушылығын арттыруда мектеп бағдарламасында қолдану ерекшілігі 

 

 

Шығыс Қазақстан облысы өзінің әсем де көркем табиғатымен, өсімдіктер жамылғысы және жануарлардың әр түрлілігімен таң қалдыратын және сол табиғат байлықтарын қорғауды қажет ететін аймақтардың бірі. Шығыс Қазақстан аймағында бұршақ тұқымдасы таралуы бойынша дәнді дақылдардан кейін екінші орынды құрайды, 22 туыстың 192 түрі кездеседі. Алтай тауларында кездесетін дәрілік өсімдіктердің қатарын құруда Fabaceae тұқымдасының өкілдері де қалыс қалған жоқ. Бұршақ тұқымдасының өкілдерінің ішінде шалғындықтарда, орман алқаптарында, өзен жағалауларында, тау беткейлерінде өсетін халық емшілігінде және медицина саласында қолданылып жүрген дәрілік өсімдіктер, ауыспалы егіншілікте өсірілетін түрлерінің шаруашылық маңызы аса зор.

Шығыс Қазақстанның табиғи ерекшелігіне байланысты әр адамның көптеген өсімдік түрлерімен танысуына мүмкіншіліктері бар. Климаттың ерекшелігіне байланысты ерте жаз мезгілінен күзге дейін  гүлдеп тұратын Fabaceae тұқымдасын биология пәнінде ағзалардың көптүрлілігімен таныстыруда табиғи, жергілікті компонент ретінде пайдаланған өте тиімді.  Себебі Fabaceae тұқымдасының түрлерін гүлінің, жапырағының, жемісінің ерекшелігіне байланысты оқушылар оңай анықтап, зерттеуіне мүмкіндік алады. Жалпы білім беретін мектептер мен Назарбаев Зияткерлік мектебінің бағдарламаларында тақырыпты меңгеру барысында Fabaceae тұқымдасының  мысалында пайдалану, оқушылардың ақпаратты толық меңгеруіне қолайлы материал болады.

7 сыныпта «Дәрілік өсімдіктер», «Дәрілік өсімдіктер шикізаты» атты тақырыптарда Қазақстан, соның ішінде Шығыс Қазақстанда таралған дәрілік өсімдіктермен таныстыру маңызды. Бұршақ (Fabaceae) тұқымдасының Шығыс Қазақстанда таралған кейбір түрлерінің химиялық құрамына сәйкес фармацевтикада қолдану жолдарын, халық емшілігінде қолданылатын кейбір түрлерінің құрылыс ерекшеліктерін сипаттап, түсіндіру оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырады [1]. Тұқымдастың өкілдерімен таныстыру үшін далалық экспедициялар ұйымдастыру оқушылар үшін қызықты әрі пайдалы болып табылады. Осы орайда, оқушылармен 2013 жылы шілде айында Катонқарағайға жасалған экспедиция нәтижесінде өсімдіктердің, дәрілік өсімдіктердің көптүрлілігімен танысып, кеппешөп дайындалды.  Үй тапсырмасы ретінде мия туысының таралу аймағын Шығыс Қазақстан картасында салып көрсету және өсімдіктерді жинау уақыты бойынша жүйелеуді жазғы тапсырма ретінде ұсыну оқушылардың ақпаратты талдау, ойлау жүйесін дамытуға негіз болады. 

«Бактериялар. Бактериялардың морфологиялық құрылысы» тақырыбында бұршақ тұқымдасының тамырында таралған түйнек бактерияларын зерттеген А.В. Левенгук, М.С. Воронин, М.В. Бейерник туралы мәліметтермен қатар, асбұршақ, сиыржоңышқа, әйкен, үрмебұршақ тамырларындағы бактериялардың (Bacillus radicicola) дамуынан пайда болған өзгерістерді зерттеу жұмыстарын жүргізуге болады.

Нитрагинизация – бұршақ тұқымдас өсімдіктердің тұқымын түйнекті бактерия дайындалған препараттармен өңдеу, азот сіңіру қабілетін нығайтушы болып табылады. Нитрагин қолдану нәтижесінде түйнекті бактериялардың сұрыпталған белсенді жоғары титрлі жиналуы – негізінің бірі тек бұршақ тұқымдас дақылдардың өнімі жоғарылауымен қатар, топырақтағы және өсімдіктегі жалпы және биологиялық азот жиналу деңгейімен де байланысты болады. Бұл ақпаратты 9 сыныпта «Агроценоз» тақырыбында, сонымен қатар «Техникалық өсімдіктер» тақырыбында пайдалған тиімді [2,3,4].

6 сыныпта «Гүлшоғыры», «Тозаңдану» тақырыбында масақ, шашақ гүлшоғырлары бар өкілдерімен таныстырып, гүлінің ерекше құрылысына байланысты тозаңдану жолдарын қарастыру оқуылардың биология пәніне қызығушылығын арттыратын құралдардың бірі болмақ. Өздігінен тозаңданумен қатар, көптеген бұршақ тұқымдасының өкілдеріне энтомофилді тозаңдану да тән. Гүлінде аналығының түбінде шірнелік түзіліп тозаң түтігінің ішкі бөлігінде жиналады. Шірнелікке кіретін жол екі жағынан жабық болғандықтан, бунақденелілерге кіретін жол тек гүлдің алдыңғы бөлігі. Бұршақ тұқымдасында тозаңның тозаңдандырушының кеуде бөлігіне түсу жолдары да оқушыларға қызықты. Trifolium L. және Astragalus L. туысының өкілдерін тозаңдандырғанда бунақденелілер шірнелікке жол сала отырып өзінің кеудесін аталық тозаңдарға және аналыққа тигізеді. Medicago L. туысында тозаңдандырушы бар салмағымен гүлге қонғанда, қайықшаның жоғарғы жапырақтары ашылып, аталық айқын көрінеді. Vicia L. және Lathyrus L. туысында тозаңның тозаңдандырушының кеуде бөлігіне түсуі, алғаш ашылған тозаңқап тозаңды қайықшаға тастайды. Тозаңдандырушы қайықшаны төмен жағынан басқанда, тозаң соған қарай бағытталады. Айқас тозаңдану барысында басты рөлді әр түрлі бунақденелілер атқарады [5,6].

«Өздігінен тозаңдану» бұршақ тұқымдасының тек кейбір өкілдеріне: асбұршақ, астрагалдар мен бөрібұршақтың өкілдері, кейбір сиыржоңышқа туысының түрлеріне тән. Сияржоңышқаның тозаңдану және ұрықтану биологиясы мәдени түрлерінде анықталған. Vicia sativa L. және Vicia pannonica Crantz факультативті өздігінен тозаңданушылар қатарына жатады. Кей жағдайда клейстогамия – гүлі ашылмаған түрлердің ішінде жүретін тозаңдану процесі байқалады. Бұршақ тұқымдасына өздігінен тозаңдану тән болғандықтан 9, 10 сыныпта «Генетика» тарауын, Г. Менделдің заңдылықтарын түсіндіруде маңызды орын алады. 

6 сыныпта «Тұқымның өнгіштігі» және 11 сыныптарда «Анабиоз» тақырыбына мысал ретінде  Арктикада мәңгі мұз астында 10000 жыл бойы жатқан арктикалық бөрібұршақтың – Lupinus arcticus тұқымынан қалыпты жағдайда өсімдік өсірілгендігі мысал бола алады. Ұзақ уақыт мұз астында жатқанына қарамастан өну қабілетінен айырылмау өсімдіктің суыққа төзімділігін көрсетеді. Тұқымның анабиоздық сипатына байланысты, яғни тыныштық қалпында жатқан тұқымның белсенділігі жойылмағандығының дәлелі болып табылады. «Тұқымның өнгіштігі» тақырыбы бойынша даражарнақтылар мен қосжарнақтылардың айырмашылығын түсіндіруде үрмебұршақ пен астық тұқымдасына жататын бидай дәнегін отырғызу жақсы мысал болып табылады [5,6].

6, 7 сыныптарда «Өсімдіктердегі тыныс алу» тақырыбына Cobra-3 құралының көмегімен үрмебұршақ тұқымындағы көмірқышқыл газының мөлшерін зертханалық жұмыс арқылы анықтау оқушылардың зертханалық жұмыс жасауға икем-дағдыларын қалыптастыратын болса, алынған графикті өңдеп, талдау сын тұрғысынан ойлау қабілетін, өмірмен байланысын, тақырыпты меңгеру деңгейін көтереді.

 

 

                        А                                                            Б

Сурет 1. Оқушылар Cobra-3 құралының негізінде өсімдектердің тыныс алуын бақылау үстінде.

7 сыныпта «Бұршақ тұқымдасы» тақырыбында бұршақ тұқымдасының 700 туысы, 17000 түрі белгілі, гүлінің құрылысына байланысты 3 тұқымдас астына бөлінетіндігі: мимозалар (Mimosoideae), цезальпинділер (Caesalpinoideae), шатырқанаттылар (Faboideae) жайлы қосымша ақпараттарды  қолдануды ұсынамыз.

Бұршақ тұқымдасындағы ерекше өсімдіктердің бірі ұялшақ мимоза. Ұялшақ мимозаны 7 сыныпта «Өсімдіктердегі тропизм», 12 сыныпта «Фитогоромондар» тақырыбын өткен уақытта видео тапсырмасын критериалды бағалау жүйесін пайдалана отырып ұсынған тиімді екені практика жүзінде анықталды.

8 сыныпта «Микроэлементтер және макроэлементтер» тақырыбында дәрілік өсімдіктердің химиялық құрамына кіретін элементтерді қарастыра отырып, әсіресе көп мөлшерде бұршақ тұқымдасында кездесетін химиялық элементтерді атап өту маңызды. Себебі бұршақ тұқымдасының жемісінің құрамында көп мөлшерде нәруыз болуымен өте бағалы болып табылады.  Өсімдіктердің құрамынан 21 химиялық элемент табылған, соның ішіндегі 16 элемент (Н, С, N, O, P, S, Na, Ca, Cl, Mn, Fe, Co, Cu, Zn) барлық тірі ағзаларда кездессе, ал 5 элемент – B, Al, V, Mo, I – тек кейбір ағзаларда кездеседі. Қарапайым бейорганикалық қосылыстар (Co2, H2O, NO-3, SO4-2, PO4-3) өсімдікке негізгі 6 элементті – С, H, O, N, S, P жеткізеді, бұл элементтерден өсімдік тіршілігі үшін өте маңызды органикалық заттар: ақуыз, нуклеин қышқылдары, көмірсулар, майлар алынады [1,5].

Орта мектептің биология бағдарламасын сараптай келіп, оқушылардың биологияға қызығушылығын арттыруда Fabaceae тұқымдасы туралы мәліметтерді төмендегідей тақырыптарда қолдануды ұсынамыз:

 

Кесте 1. Fabaceae тұқымдасын  биология пәніндегі тақырыптарды меңгеру барысында оқушылардың қызығушылығын арттыруда қолдану.

Сынып

Тақырып

Қолданылған әдіс

6 сынып

1. «Гүлшоғыры»,        

 2. «Тозаңдану», 3.«Тұқымның құрылысы», 4.«Тұқымның өнгіштігі»

5. «Өсімдіктердегі тыныс алу»

1. кеппешөп түрлері, гүлдердің орналасуы бойынша олимпиадалық тапсырмалар;

2. берілген гүлдерді анықтап, тозаңдану түрін атау, суретпен жұмыс;

 3. дара және қосжарнақтыларға жататын үрмебұршықты отырғызып, талдау арқылы оқушылардың икем дағдыларын дамыту;

4. өсімдіктердің тыныс алуын Cobra-3 құралын пайдалану.

 

7 сынып

1. «Дәрілік өсімдіктер»,

 2.«Дәрілік өсімдіктер шикізаты», 3.«Бактериялар»,           4. «Өсімдіктердегі тропизм»

1. Катонқарағайға экспедиция;

2. «Фитохимия» холдингі өткізген тәжірибелік оқыту курсы 

3. Зертханалық жұмыстар жүргізу арқылы бактерияларды өсіру.

4. Видео, критериалды бағалау жүйесі, зертханалық жұмыс.

8 сынып

1.«Микроэлементтер және макроэлементтер», 2.«Өсімдіктер арасындағы қарым-қатынас»

1. Бұршақ тұқымдасының мысалында дәрілік өсімдіктерде кездесетін химиялық элементтер жиынтығын анықтау.

2. Қосымша ақпараттарды топта талдау жұмыстары.

9 сынып

1. «Генетика», 2.«Дивергенция», 3.«Агроценоз», 4.«Бейімделгіштік түрлері»

1. «Арқамен арқаға»;

2. «Домино»;

3. «Бинго».

10 сынып

1.«Генетика», 2.«Агроценоз», 3.«Биоценоз»

1. Зертханалық жұмыс «Үрмебұршақты бөлме жағдайында өсіру».

11 сынып

1.«Ағзалардың көптүрлілігі», 2.«Факультативті бактериялар», 3.«Анабиоз»

1.  3 тілде классификацияға жіктеу;

2.  Берілген ағзалардан анықтау;

3. «Алфавит» әдісі;

4. «Case» әдісі қолданылды.

12 сынып

1.«Мембрананың құрылысы», 2.«Нәруыздың құрылысы»

1. Мембрана моделін құрастыру;

2. Постер жасау әдісі.

 

Биология пәнінен сабақ жүргізу барысында  бағдарламаның 23 тақырыбында бұршақ тұқымдасының өкілдерін, ауыл шаруашылық маңызын, таралу ерекшелігін пайдалану тиімді болатындығын оқушылардың пәнге қызығушылығы артып, білім сапасы көтерілгені дәлелдейді. Fabaceae тұқымдасының өкілдерімен оқушылар кішкентай кезінен таныс және адам тіршілігіне жақын өсетіндігінен құрылыс ерекшелігін, таралуын  анықтап, талдау жасай алатын тұқымдастардың біріне жатады.  Конфуций «Айтсаң - ұмытамын, көрсетсең– есте сақтаймын, өзім жасасам – түсінемін», - дегендей оқушылар іс-жүзінде көру арқылы тақырыпты түсініп, икем-дағдыларын қалыптастыруына жол ашады

 

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1.   Қ. Қайым. Биология: жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған оқулық., 2-басылымы, өңделген, толықтырылған. – Алматы: Атамұра, 2003.- 239 бет

2.   Гильманов М.Қ. Биология: жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: Атамұра, 2009. -304 бет.

3.   Клубеньковые бактерии [Электронный ресурс]. – Электрон, дан. – Режим доступа : http://dic.academic.ru. – Загл. с экрана. – Яз. рус.

4.   Байтулин И.О. Роль корневой системы во взаимоотношениях между растениями в ценозе / И.О Байтулин // Известия НАН РК, серия биологическая – 2007 - № 4 - С. 3-13

5.   Жүнісқызы К., Әлімқұлова Р., Жұмағұлова Қ. Биология: жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық., 2-басылымы, өңделген, толықтырылған. –Алматы: Атамұра, 2006. 208-бет

6.   Жизнь растений в шести томах. Глав редактор Тахтаджян А.Л. / А.Л. Тахтаджян  – М:Просвещение, 1981 – Том пятый - 512 с.