Ирсакова М.А.,
Тараз мемлекеттік
педагогикалық институты,
Искакова А.
Тараз қ. №36 орта мектеп
БАСТАУЫШ
СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫН ПАТРИОТТЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕУДЕ БАТЫРЛАР
ЖЫРЫНЫҢ МАҢЫЗЫ
Патриотизм –деген грек тілінен алынған, «отандас, отан, туған жер» деген
мағынаны білдіреді. Отаншылдық –
сонау ерте заманнан
қалыптасып келе жатқан қасиетті сезім. Патриотизм
туралы идеяларды қазақ даласының ойшылдары мен жыраулары Әбу-Насыр Әл-Фараби, Баласағұн,
Махмұд Қашқари, Асан
Қайғы, Доспамбет Аймауытұлы, Шалкиіз Тіленшіұлы,
Бұхар Қалқаманұлы, Махамбет Өтемісұлы да өз
шығармаларына арқау етті. Қазақ
халқының классик ақыны Абай шығармаларында
қазақ еліне деген, оның бостандық сүйгіш
халқының болашағына деген қамқорлықпен
туған ел табиғатына, мәдениетіне, тіліне озық
дәстүрлері мен ұлттық мінездерінің жақсы
жақтарына деген сүйіспеншілігі
көрініс тапқан.
Қазақ халқының біртуар
ұлдары Міржақып Дулатұлы: "Оян, қазақ!"
- деп ұлттық сананың жаңа бір белесіне шақырса,
Ахмет Байтұрсынұлы "Қазақ" газетін ашып,
бүкіл Алаш жұртын тәрбиеледі. Мағжан мен
С.Торайғыров отаршылдық бұғаудан құтылатын
күнді аңсады, туған жұртының ұлттық,
отаншылдық сезімін тәрбиеледі. Жаңа ғасырдың бас кезінде
бүкіл қазақ жұртының рухани және саяси
жетекшісіне айналған Әлихан Бөкейхан сияқты дара тұлға
ұлт теңдігі жолындағы күреске бел шешіп кірісті.
Бұл кезде қазақ зиялылары үлкен бір топ
құрып, «қазақ патриотизімін» биік белестерге
көтерді.
Қазақтың батыр ұлы Бауыржан
Момышұлы: "Патриотизм-Отанға деген сүйіспеншілік, жеке
адамның аман-саулығы, қоғамдық, мемлекеттік
қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну,
өзіңнің мемлекетке тәуелді екенінді, мемлекетті
нығайту дегеніміз - жеке адамды күшейту екенін мойындау, патриотизм
дегеніміз мемлекет деген ұғымды, жеке адамның
өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен
қарым-қатынасын барлық жағынан біріктіреді" - деп
терең әрі жан-жақты анықтама берген.
Қаһарман жазушы "ұлттық патриотизм'',
"қазақстандық патриотизм" ұғымдарына
философиялық анықтама берген. Сондай-ақ ол
"ұлттық патриотизм" - бұл ұлттың
ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті - өз
халқына деген сүйіспеншілігі, өз халқымен қан
жағынан да және шыққан тегі территориясы, тілі,
тұрмыс - тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық
және этнографиялық ерекшеліктері, қалыптасқан тарихи
дәстүрлері жағынан да әбден айқын, әрі
дербес басқа қасиеттері және ерекшеліктерімен де
байланысты" - дейді.
Момышұлы көрсеткен рухани ерекшеліктерді
сақтау-ұлттық
патриотизмнің критерийі болып табылады. Жаңа әлемдегі
жаңа Қазақстан азаматтарын патриотизмге
тәрбиелеудің педагогикалық негізі-тұлғаның
патриоттық сана-сезімін қалыптастыру; патриоттық
іс-әрекетін ұйымдастыру; мінез-құлқына
патриоттық сипат беру бастауыш сыныптағы оқу-тәрбие
ісінің өзегі болуы керек. Бұл оқулықтар,
оқу-әдістемелік құралдардың мазмұнынан
бастау алып, сабақтан тыс тәрбиелік жұмыстарда жалғасын
табуы тиіс.
Қазақстандағы
патриоттық тәрбие беруді зерттеуге А.К. Ахметовтың, Л.А. Байсеркеевтың, А.К.
Калимолдаевтың, С.К. Мұқашеваның, Л.Т.
Сейдахметованың, Э.А. Орынбасарованың, Т.М. Шакированың, Ж.
Боданов, А. Бейсенбаева, К. Тасболатов,Г.К. Нұрғалиеваның,
А.К. Нұрғалиеваның, Қ.Б. Бөлеевтің, К.К.
Жампейсованың, Б. Тойлыбаевтың еңбектері арналған.
Қазақ халқында батырлық, ерлік,
дәстүрді дәріптеген туындылардың өзі жайдан жай
дүниеге келмеген. Оның қоғамдық ой сана көшіне,
адамдар психологиясына нақты, қыруар ықпалы болған.
Сондықтан бүгіндері тілдік қорымызға берік
орныққан қазақстандық патриотизмнен бұрын,
ең алдымен, қазақ патриотизмінің түп - тамырына
бойлаған жөн. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде
қазақ патриотизмін, отаншылдығын қалыптастырудың
бірнеше қайнар бұлақ - бастау көзі бар, соның
бірі «Сөз өнеріне», оның поэтикалық пафосына,
азаматтық әуен қуатына тікелей байланысты.
Қазақ елінің тарихында ерлік пен жауынгерлік
мәселелері ұрпақтан -ұрпаққа
жалғасып, атадан балаға мұра болып отырған.
Қазақ халқының даму жолына зер
салатын болсақ, оның ерлік тарихына өте бай екендігін
аңғарамыз. Жеке тұлғаны дамытуда оның
бойындағы ерлік рухын жетілдіру арқылы атадан балаға мирас
болып отырған ұлы даламыздың тәуелсіздігі мен
бейбітшілігін қамтамасыз ететін елжанды азаматын тәрбиелеу.
Халықтық педагогиканың негізгі құрамдас
бөліктерінің бірі ерлік дәстүрлер
сабақтастығы болып табылады. Әрбір жеке батырдың
өмірлерін зерделеген кезде бір - біріне ұқсамайтын
ерліктің биік мұраттарын көреміз. Сондықтан да, бүгінгі
қоғамның мүшесін, яғни жеке тұлғаны
қалыптастыруда ерліктің өшпес негізін салған
батырлардың тәлімін, өмір жолдарын, ерлік істерін пайдалану
өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Қазақ халқының өмір
тіршілігінде жауынгерлік дәстүр де, ерлік дәстүрі де
негізгі орын алады. Жауынгерлік дәстүрге: ел қорғау
дәстүрі, жер қорғау дәстүрі, байрақты
жеңіс тұғырынан түсірмеу, анттасу, ант беру, серттесу
жатса, ал ерлікті қалыптастыратын қасиеттерге: адамгершілік, ар - намысты
жоғары ұстау, іс - әрекеттегі батылдық,
шешімталдық, елжандылық т.б. жатады.
Осындай ерлердің
ел қорғауы халық ауыз әдебиетінің батырлар
жырында жақсы көрініс тапқан. Батырлар жыры көлемі
жағынан да, мазмұн-мәні жағынан да қазақ
фольклорында ауқымды орын алатын аса көрнекті жанрлардың бірі. Бұл
жырлардың
көпшілігі
халықтың Отанды сүю,
басқыншы жаудан елді
қорғау,
халық үшін емес
ерлік еңбек ету
идеясынан туған. Дәстүрлі қазақ эпосы – ұрпақтар
бірлігі мен сабақтастығының айқын
айғағы ретінде бүгінгі күні де халықтың жадында
сақталып, ғасырдан –
ғасырға,
ұрпақтан – ұрпаққа асыл
мұра болып жетіп
отыр. Батырлар жыры
бір ғасырдың ғана
жемісі емес. Ол
халықтың ертедегі тұрмыс – тіршілігіне, тарихына,
қоғамдық
өміріне байланысты туып,
солармен бірге жасасқан. Елін, жерін қорғаған батырларды
мадақтап жырға қосу
арқылы халық жас
ұрпақты
ерлікке, өрлікке, мәрттілікке, ұлтжандылыққа
үйретуге тырысқан.
Елді, жерді сүю, Отан қорғау мәселесі –
қай жырдың болмасын алтын арқауы. Онда ел басынан өткен
елеулі оқиғалар, тарихи кезеңдердің тобы
айқын байқалып отырады. Қаһармандық
эпостарда ("Алпамыс", "Қобыланды", "Ер
Тарғын", "Едіге", "Қамбар" т.б.) тарихи оқиғалар
сілемі нақтырақ көрініс береді. Ал аты мәлім тарихи
тұлғаларды (Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Кенесары,
Наурызбай, Ағыбай, Есет, Жанқожа т.б.) жырға қосатын шығармаларда
тарихи деректілік тіптен басым. Яғни батырлар жыры елдің
азаттыққа ұмтылған күрес жасының ерлік
шежіресі. Халықтың елге қорған болған айбынды
адал ұлдарына сөзден соққан тарихының ескерткіші.
Батырлар жыры елдің сан ғасырлық
тарихын, ерлік дәстүрін, кезеңдік
оқиғаларға деген халық бағасын, алдын
күткен үміті мен аңсар-мұратын көркем жинақтап бейнелейді. Ол
тарихтың шалқар көшінде жиі қайталанатын соғыстар
мен шайқастардың жылнамасы емес, ел есінде ерекше
қалған елеулі оқиғаларды жинақтай бейнелейтін
көркем туынды. Халықтың оны ерекше қастерлеп,
сүйсіне жырлап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра
етуінің тағы бір сыры ондағы отаншылдық идеяның
ерекше асқақтығында, халықтың
арман-мұңының алдыңғы кезекте
тұратындығында.
Батырлар жырын фольклордың басқа этикалық жанрларынан
өзгешелейтін өзіне тән белгілері бар.
Ең алдымен оның басты
қаһарманы – батыр. Батырлар жырының барлығында ол
әдеттен тыс жағдайда дүниеге келеді. Бір батырлар
жырының сюжеттік желісі батырлардың балалық шағынан
бастап, түрлі жорықтарын, ерлік істерін баяндайтын қызғылықты
оқиғаларға құралады. Олардың жаумен
шайқасы аса тартысы, жау батырлары кейде оның өзінен де
қайратты болып көрінеді.
Бастауыш сыныптың ана тілі оқулығында
"Қобыланды батыр" жырынан үзінді берілген. Бұл жырдың негізгі мақсаты
ел қорғау. Жырдағы бұл мақсат басты кейіпкердің
іс-әрекеттерін баяндау арқылы ашыла түседі. Сол кездегі
ел-жұрттың арманы – сыртқы жаулардан қорғанып,
тыныштықта өмір сүру еді. Бұл жырда тек қана
ерлік емес, сонымен қатар адал жар, айнымас достық суреттеледі.
Бұл жырдың негізгі кейіпкері – Қобыланды. Оның
батырлық образын жыршы-ақындар баланың тумай
тұрған кезінен , Тоқтарбай мен Аналықтың бір
перзентке зар болуынан бастайды. Бұған жырда үлкен мән
берілген. Бұдан, бір жағынан, шаруақор, адал еңбегімен
ел-жұртын асырайтын, екіншіден босқыншы жаудан
қорғайтын батыр ұл болуын арман еткен халық қиялы
көрінеді.
Жырда Қобыландының ерліктері, соған
орай оның батырлық образы бірден суреттелмейді. Батырдың ел
қорғауда, басқыншы жауға қарсы күрестерде көрсеткен ерліктерін
жыршы-ақындар салған беттен көлемді әңгіме етіп
толығынан айтып та тастамайды. Әңгіме ұсақ
оқиғаларды баяндаудан басталады да дами береді. Олар
Қобыландының батырлық істерін әр әңгімеде
баяндай отырып, халқына қорған болған, басқыншы
жауларға қарсы асқан ерлікпен соғысып жауын
жеңген батырды бейнелейді. Осы ретте ең алдымен батырдың не
себепті ерлік жасауға тиісті екендігі айтылады. Бұл себеп –
батырдың халқы, отаны болады.
Қобыланды өзінің елін, ата-анасын,
туған-туыстарын жақсы көреді, шын ықыласымен
сүйеді, өзін олардың қорғаны деп біледі.
Сондықтан да ол өз еліне қандай жау келсе де, қарсы
тұруды, елін жаудан қорғап алуды мақсат етеді.
Ел қорғау жолында батырға жолдас болған
тұлпарды ардақтап жырлайды. Мұндай тұлпарлар
жырға батырды алыс сапарға жеткізуші немесе оны қиын
жағдайдан құтқарып алуша күш ретінде, батырмен
бірге сандаған ұрысқа қатысушы ретінде қосылады.
Кейде ол батырға төнген қауіп-қатерден
құтылу жолын айтып, ақыл беретін білгір бейнесінде де
алынады. Осындай жырға қосылған тұлпардың бірі –
Тайбурыл. Тайбурыл Қобыландыға жауынгер жолдас болады. Батырмен
бірге ел қорғауға шығады, талай жорықтарға
қатысады.
Сонымен, қазақстандағы ұлттық
тәрбиенің қалыптасуы мен дамуы халықтың сан
ғасырлық тарихымен, тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетімен
тығыз байланыста екенін байқап отырмыз.
Қазақтың халықтық педагогикасының
асыл мұраларын зерттеу, ұлттық тәрбиені жүзеге
асырудағы педагогикалық талаптарды, әдіс-тәсілдерді,
амал – жолдарды, өзіндік ерекшеліктерді ескері бүгінгі күнде
ерекше мәселелердің бірі.
Фольклор шығармаларының көркемдік ерекшеліктерін
көптеген ұлттық материалдар негізінде саралау
адамзаттың рухани өрлеуіндегі сипаттарды байыптаумен бірге
жанрлардың көркемдік міндеті мен мазмұны, жіктерін
айқындай түсуге, теориялық пікірлердің жаңа мысалдарымен
қуаттануына септігін тигізеді. Балалардың ұлтын,
ұлттық құндылықтарын тереңірек тануда
фольклор жанрларының түрлері жетекші қызмет атқарады.
Батырлар жырын оқыту барысында біз оқушыларды өжеттілікке,
қайсарлыққа, елін, жерін қорғауға
тәрбиелейміз.
Халық шығармашылығы ұлттық сезімнің
қалыптасуына, ұлттық сананың,
көзқарастың дамуына ықпал етеді. Мысалы, бастауыш
сыныпта батырлар жырын, ертегілерді, мақал-мәтелдерді,
аңыз-әңгімелерді т.б. тиімді әдіс-тәсілдерді
қолдану арқылы оқушылардың патриотизмін
қалыптастыра аламыз. Қорытындылай келсек: бастауыш сынып оқушыларына
ұлттық тәрбие мен білім беру барысында олардың
ұлттық сезімін қалыптастыру жолында халық ауыз
әдебиеті жанрларының мүмкіндіктерінің маңызы зор
екендігі анықталды.
Бастауыш сынып оқушысының ұлттық
құндылықтарды көре білуге, оны сезіммен қабылдап,
ұлттық тұрғыдан әсер алуға баулуға
халық ауыз әдебиеті жанрының, оның ішінде батырлар
жырының орны ерекше.
Отанына деген
сүйіспеншілікті
қалыптастыру
мәселесі – бүгінгі
күннің білім беру
жүйесі алдында тұрған маңызды міндеттерінің бірі.
Оқу- тәрбие үрдісінде
бастауыш сынып оқушыларын патриоттыққа тәрбиелеуде
мұғалімнің рөлі ерекше. Патриотизмнің шынайы
үлгісі – ұстаз деп айта аламыз. Себебі бастауыш сынып балалары
үшін ең биік бедел - ол мұғалім. Бастауыш сынып оқушылары
өздерінің ұстазына, олардың біліміне, талас тудыратын
сұрақтарды шешу, тәртібі мен табыстарын бағалау
кезіндегі әділдігіне сенеді. Мұғалім балалар арасында
өз беделін сақтап , нығайтып, оны әр оқушыны жеке
тұлға қалыптастыруға игі ықпал етуге пайдалану
үшін оның маңызы өте зор. Тәрбие ықпалы
тиімді болу үшін балалардың өз мұғалімін
жақсы көруі қажетті шарт. Жақсы көретін
мұғалімнің сабағы - мұның өзі таным
құштарлығына жол ашу, ұстаздық
тәлімгерлігін, адамгершілік-этикалық тәлімгерлігін,
пікірлерін бала өзі орнықтыратын бірден-бір дұрыс позиция деп
қабылдайды. Сондықтан мұғалім мамандығы
жасандылыққа, уақыт талабынан қалыс қалуға
төзбейді. Мұғалім патриот болуы керек. Отанға деген сүйіспеншілікті
өз Отанын сүйетін адам ғана оята алады.
Бастауыш сынып оқушыларының ұлттық патриотизімін
қалыптастыруда халық ауыз әдебиеті үлгілерінің
тәлім-тәрбиелік әсері өте зор. Өйткені ауыз
әдебиетінің әр жанры, атап айтсақ батырлар жыры
тұнып тұрған ұлттық негіздер. Батырлар жырын
оқыту негізінде оқушыларды өжеттікке, батырлыққа,
елін қорғауға, сөзіне берік болуға
тәрбиелейміз. Яғни ұлттық киімдер, ұлттық
қару-жарақтар, қазақ халқының төл
болмысына байланысты туған салт-дәстүрлер негізінде тәрбиелеу
бала бойындағы ұлттық патриотизімін қалыптастырады.
Пайдаланған
әдебиеттер тізімі:
1.
Сауырбаев С. Қазақ халық
әдебиеті. – Алматы, Рауан, 1990.
2.
Рахметова С., Әбдікәрімова Т.,
Қабатаева Б. Ана тілі 4-ші сынып. –А: Атамұра, 2004.
3.
Әбиев Ж. Педагогика тарихы.Оқу
құралы. – Алматы, Дарын, 2006.
4.
Мырзахметов М. Айналған аты аңызға
Момышұлы. –Тараз, 2000.
5.
«Бастауыш мектеп» журналы.