Сарманова Фарида Тоғызбаевна

 А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

гуманитарлық-әлеуметтік факультетінің доценті

ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНДА ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ ПӘНІ, ОНЫҢ МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

Қазақ тілі – біртұтас, жалпы халыққа ортақ тіл, бірақ ол түрлі стильдік көріністе өмір сүреді. Ұстаздардың қоғамды тұлғасы – адамзат баласын жаңа сапаға көтеретін, оның болмысын өзгеріске енгізетін ғажайып тұлға. Бұған біз күнделікті жаңашылдығымыз арқылы қол жеткіземіз. Бұл жағдайдан өз ісіне сергек, жаңа ойлауды меңгерген, өзін-өзі өзгерте алатын дүниетанымдық мәдениеті қалыптасқан.

Мемлекеттік тілдің өз қызметін толық атқаруы үшін, Қазақстанды мекендейтін халықтардың ол тілді білуі парыз. Еліміз көп ұлтты мемлекет болғандықтан, басқа ұлттардың қазақ тілін меңгеруі үшін, қазақ тілінің арнайы мамандары қазақ тілін шебер оқытуы қажет.

Оқыту әдісі ұғымды оқыту материалдарын тікелей зерттеу мақсатында белгілі бір жетістіктерге жетуге бағытталған оқытушы мен студент іс-әрекеттері әдістерінің бірізділіктен бірінен соң бірі істелуімен түсіндіріледі. «Әдіс» - мақсатқа жету әдісі, білім жинақтау әдісі.

Оқу орыс тілінде жүретін жоғары оқу орнында қазақ тілін үйрету үшін студенттерге   фонетикалық өзгерістерге ерекше мән беріп, қазақ тіліне тән дыбыстарды дұрыс дыбыстау, сауатты жазуға, яғни ауызекі тілде дұрыс қолдануға дағдыландыру жұмысы тиімді ұйымдастырылуы керек.

Өзге тілді оқыту барысында кездесетін қиындықтардың бірі- екі тілдің дыбыстық айырмашылықтарын ескерту. Кез келген адамның артикуляциялық аппараттары жас кезінен өзінің ана тілінің дыбыстық жүйесіне тән қозғалысқа үйренеді. Сондықтан да тіл үйренушілер өзге тілдегі сөздерді айтуда біраз кемшіліктер жібереді. Атап айтқанда, тіл үйренушілерге олардың ана тілінде кездеспейтін бөгде дыбыстардың ерекшелігін айыра білуге, айта білуге жаттықтыру қажет. Ал дыбыс жеке дара үйретілмейді. Дыбыс сөз, сөз тіркесі ішінде үйретіледі. Сондықтан сөздерді сұрыптауда қазақ тілінің ерекшелігіне тән дыбыстары бар сөздер жеткілікті таңдалуы керек. Ол төл дыбыстардың түрлі жағдайда қалай айтылуы мен басқа дыбыстармен тіркесу ерекшелігін үйрету үшін, оқушының ондай дыбыстарды айту дағдысын қалыптастыру үшін керек.

Қазақ тілін орыс тілді топтарда  оқытудың негізгі мақсаты – тіл үйрету, яғни студенттердің қазақша дұрыс сөйлеу, сауатты жазу дағдысын қалыптастырып, грамматикалық формалар мен сөйлем құрылысын меңгерту.

Студенттерге қазақ тілін меңгертуде жақсы нәтижеге жету үшін, оқытушы  сабақтың түріне қарай әртүрлі әдістерді орынды қолдануы қажет.

Қазақ тілін үйренуші басқа ұлт өкілдері үшін сол тілдің әріп, алфавит, дыбыс, дыбыстық ерекшелік, емле, буын, тасымал, үндестік заңы мәселелерін білу өте маңызды. Ал осы мәселелерді инновациялық әдістер қолдана отырып түсіндіру бүгінгі таңның өзекті тақырыбы. Қазіргі таңда сабақта көптеген инновациялық әдістер қолданылып жүр. Жаңа оқыту технологиялары педагогика әдіс-тәсілдерін бүтіндей жоққа шығармайды, қайта олардың жетістіктерін еске ала отырып, оны әдістермен байытып, білім алуды оқушылардың өз іс-әрекеттерін ұйымдастыру арқылы жүзеге асады.

Қазақ тілін оқыту әдістемесі – қазақ тілін оқытудың тиімді жолдары мен тәсілдерін, қазақша дұрыс сөйлеу, сауатты жазу дағдыларын қалыптастырудың әдіс-тәсілдерін баяндайтын педагогикалық ғылым.

Қазақ тілін оқитын студент өзіне таныс емес тілдің дыбыстық құрамын, дыбыстардың айтылу нормасын, дыбыстық заңдылықтарын, оның грамматикалық құрылысын игеруге, ойын еркін жеткізуге, басқанын айтқанын түсінуге, жеткілікті дәрежеде сөзді қорын меңгеруге тиісті және қазақша сөйлеуге жаттығып, қазақ тілінде қарым-қатынас жасай алуы қажет. Студенттің мұндай дәрежеге жеткізу үшін, оқытудың өзіндік тәсілдері мен амалдары, жолдары бар. Басқа ұлтқа қазақ тілін оқыту әдістемесі студенттің ана тілінің тілдік ерекшелігін ескере отырып, оны үйретудің түрлі тиімді жолдарын көрсетуге тиісті. Бұл ана тілін оқыту әдістемесінен  екінші тілді оқыту әдістемесінің өзіне тән ерекшеліктері болатынын дәлелдейді. Алайда қазақ тілін оқыту әдістемесінің, қазақ тілін қазақ мектебінде  оқыту әдістемесімен, орыс тілін ұлт мектебінде оқыту  әдістемесімен және шет тілдерін оқыту әдістемесімен тығыз байланысты жақтары да күшті. Сондықтан олар бір-бірінен нәр алып, толығып, жетіліп отырады. Тілдерді оқыту әдістемесінің байланыстылығы, жалпы ортақ мәселелерінің соңғы лингводидактика (тілдерді оқыту жариясы) ғылымын туғызады. Сондықтан қазақ тілін оқыту әдістемесі- тілдерді оқытудың жалпы теориясы- лингводидактиканың бір бөлімі болып табылады. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің  ғылыми тұрғыдан зерттелу тарихы ұзақ емес. Соңғы кезде басқа ұлтқа қазақ тілін оқытудың кейбір мәселелерін зерттеу мемлекетіміздің ірі университеттерінде, институттарында, ғылыми институттарында жүргізіліп жатыр. Бірақ осы салада жасалуға тиісті жұмыстар, зерттелуге тиісті мәселелердің бастамасы ғана. Орыс тілді аудиторияда қазақ тілін оқыту әдістемесінің барлық мәселелері жүйелі түрде, жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Ғылымның бұл түрінің ғылыми-теориялық негізін тиянақты құру-бүгінгі өмір талабына сай туып отырған өте күрделі және қажет мәселе. Бірақ ол – қысқа уақытта тез жасала қалатын іс емес. Ол бірсыпыра уақытта керек етеді, сол уақыттың ішінде осы саладағы ғалымдар үзбей, қауырт ғылыми- зерттеу жұмысын жүргізуі өте қажет. Соның нәтижесінде ғана орыс тілді аудиторияда қазақ тілді оқытудың теориялық негізі қаланады.

 Қазақ тілін оқыту әдістемесін  жан-жақты зерттеу, оның теориялық негізін құру келешектің ісі болғанымен, жоғары оқу орнында қазақ тілін оқыту күні бүгін жүріп жатқан іс. Оны келешекке қалдыруға боламайды.

Орыс тілді аудиторияда қазақ тілін оқыту әдістемесінің мақсаты- оқытушыларды  қазақ тілін оқытудың ғылыми негізімен қаруландыру, қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудың өзіндік ерекшелігін  меңгерту, қазақ тілін оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерімен, тиімді  жолдарымен таныстыру, студенттерді қазақша сөйлеуге дағдыландыру, қолдана білуге бейімдеу, үйренуге бағыт-бағдар беру.

Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту әдістемесінің бұл жалпы мақсатын жүзеге асыру үшін, мынадай міндет қойылады.

Қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізгі міндеті- студенттің өзгелермен (қазақша білетін азаматтармен, қазақтармен) достық қарым-қатынас жасау құралына айналдырудың ең тиімді әдіс-тәсілдерін болашақ мұғалімдерге меңгеру. Осы міндетті жүзеге асыру үшін, қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту әдістемесі болашақ мұғалімге қазақ тілінің дыбыстық құрамын, оның өзіндік ерекшелігін оқытудың, қазақ тілінң грамматикалық құрылысын, тілдің сөздік қорын меңгертудің, тіл дамытудың амал-тәсілдерін үйретуге тиісті.

Қазақ тілінің дыбыстық құрамын, оның ерекшелігін оқытудың әдістемесін меңгерген болашақ оқытушы жоғары оқу орнында студенттерге сөздерді дұрыс айтуға үйрете алады. Ал тілдің грамматикалық құрылысын, тілдің сөзді қорын меңгерудің амал-тәсілдерін үйрену арқылы қазақша сөйлеуге, қарым-қатынас жасауға үйретеді. Өйткені студент өз ойын басқаға сөйлем арқылы жеткізеді. Сөйлем құрау үшін, сөздерді бір-бірімен байланыстыру қажет, ол үшін сөздерді байланыстыратын  тілдік тұлғаларды білу керек. Ол үшін тілдің грамматикалық  құрылысының мәселелері мен олардың меңгертудің  амал-тәсілдерін үйрету керек. Сол тәсілдер арқылы ғана тілдің грамматикалық тұлғаларын дұрыс қолдану дағдысын оқушыда қалыптастыруға болады. Бірақ қазақша сөйлеу үшін ол жеткіліксіз. Студент белгілі шамада сөздік қорды меңгеруі керек.  Студенттің сөздік қорын байытудың өзіндік амал-тәсілдері бар. Болашақ оқытушылар  оларды жақсы меңгеруге тиісті. Міне, сонда ғана болашақ оқытушы  студентке қазақ тілін пікірлесу  құралына айналдыруға жағдай жасайды.

                    Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.Құлмағамбетова Б. Қазақ тілін оқыту методикасы. Алматы. 1988 ж.

2.Қазыбаев С. Қазақ тілі методикасы. Алматы, 1990 ж.

3.Абдульдина Г. Қазақ тілін оқытудың жаңа тиімді әдістері. // Қазақ тілі мен әдебиеті. Алматы, 2000 ж. № 5.