Aкадемик, п. ғ. к., доцент Досанова Алтынай Жапаровна

Магистрант Нуркешова Ардақ Қаржаубаевна

Магистрант Досанова Ботагоз Жапаровна

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

 

А. ЯСАУИ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЕҢБЕКТЕРІНІҢ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

Түркі халықтары алғашқы халық болып қалыптасқанда олардың тілдері, діндері, жазулары, мәдениеттері, тарихы, әдебиеттері бір болған еді. Солардың ішінде атап айтар болсақ, әдет-ғұрып салт-дәстүрлері, наным-сенімдері т.б ұқсастықтар үздіксіз шиеленісіп жатады. Бүкіл түркі дүниесінің тілінің, дінінің, ділінің қалыптасуына Ясауи еңбектерінің тигізген әсері мол болды. ХІІ-ХІІІ ғасырларда жоқ болып кете жаздаған түркі тілін қайта тірілтіп, бірінші болып айналымға жіберген Ясауи еңбектері еді. Ол кездері араб, парсы тілдері басым болып тұрғандықтан барлық жазу, сызу, қажетті құжаттар тек сол екі тілде жүретін, әрі жазу араб графикасында болатын. Сол замандарда Селжүктер билікте отырғанымен, өздері түркі бола тұрып, бәрі кітап, өлеңдерін, құжаттарын араб, парсы тілдерінде жазып әрі сол тілдерде сөйлейтін болған. Осындай қиын қыстау заманда Ясауи бірінші болып өз еңбектерін түркі тілінде жаза бастады.

Әрине, жазу өнері тек араб графикасы болғандықтан амал жоқ сол араб әрпінде жазуға тура келді. Бірақ бір ерекшелігі барлық хикметтерін, шариғат заңдарын, т.б жергілікті халыққа қажетті дүниенің бәрі түркі тілінде жарық көре бастады. Алғашында ауызекі тарап, түркі халықтары қай дінді ұстарын білмей жүрген кездері болатын. Себебі араб, парсы тілдерінде жазылған ислам дүниелері жергілікті түркі халқына түсініксіз еді. Осы кезде Ясауи өз еңбектерін түркі тілінде айтып әрі жазып тарата бастағандықтан, бұл жергілікті халыққа жете түсінікті болып шықты, оның үстіне өздерінің көне діні тәңірлікке жақын еді. Екіншіден, А.Ясауи өз мектебін ашқан соң, онда тек ислам діні емес, сонымен қоса, түркі-ислам дінін дүниеге келтірді. Оның ерекшелігі, ислам діні өз қалпында өзгеріссіз қалып «Құран Кәрімде», «Хадистерде» берілгендей сақталды, ол бұған қосымша түркі халқының көне діні «тәңірліктің» көптеген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері мен наным сенімдері ендірілді. Сол себептен бұл өте құнды болып саналып, жергілікті халық арасында тарап, соның арқасында Ясауи әулиелік дәрежеге көтерілді.

Жазған еңбектерінің бәрінде этнопедагогикалық, педагогикалық, этнопсихологиялық және де жалпы тәлім-тәрбие мәселелері кеңінен қарастырылған. Оның үстіне барлық түркі халықтарына теңдей мұра болып табылды. Сол үшін барлық түркі халқы А.Ясауи еңбектерінен өздеріне қажетті дүниені алып отырады. Соның ішінде этнопедагогикаларын қалыптастыруда Ясауи еңбектерін кеңінен пайдаланады. Ясауидің қайсы бір еңбегін алмайық, бәрінде этнопедагогика мәселелері кеңінен беріліп отырады. Оның үстіне бұл еңбектерінің бәрі де түркі халықтарына теңдей қажетті дүние болып табылады. Себебі сол кезеңдегі түркі тілінде сөйлейтін барша халыққа түсінікті болатын. Оның үстіне сол халықтардың менталитетіне, психологиясына, мінез-құлықтарына сай жазылған дүниелер. Бертін келе біртұтас түркі халқы бірнеше бөліктерге бөлектеніп кетті. Сол кездің өзінде, осы А.Ясауи еңбектерін пайдаланып келді.

Ясауи еңбектерінің құндылығын тағы дәлелдей түсетін мағлұматтардың бірі кейінгі кездері дүниенің түкпір-түкпірінен табылып жатқан Ясауи шәкірттерінің есімі. Олар тек түркі дүниесі, ислам әлемі емес, сонымен қатар батыс елдерінде де шығып жатыр. Бұл еңбектердің барлық түрі халықтарының этнопедагогикасының қалыптасуына әсерін тигізді. Себебі Ясауи еңбектерін түркі халқы ғасырлар бойы пайдаланып келуде. Онда ғалым өзіне дейінгі, өз заманындағы ғұламалардың ақыл-кеңестерін пайдаланып, оны келер ұрпаққа өсиет етіп қалдырған. Қайсы еңбекті алмайық, тұнып тұрған өсиет сөздер, олар қара сөзбен, өлең шумақтармен, «Хикмет» түрінде де жазылған. Ясауидің еңбектері баспадан түркі тілдерінде жарық көрген. Олар негізінде мынандай аттармен мәлім, «Диуаии хикмет», «Пақырнама және Мүнажатнама», «Көңілдің айнасы» және өмірбаяны ретінде түрлі аңыз-әңгімелер мен хикаяттар [9,17].

Қазіргі таңда еліміздің мектептері мен жоғары оқу орындарында жаппай халықтық педагогика, халықтық психология, т.б. халқымызга тән әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді, тарихымызды, дінімізді, ділімізді, тілімізді және басқа ұлттық сезімімізді оятатын көптеген қосымша пәндер мен арнаулы курстар оқу бағдарламасына ендіріліп, соған сай дәрістер жүргізілуде. Осы дәрістердің бірі – халықтық педагогиканы бағдарламаға сай өткен кезде ондағы «Ясауи еңбектерінің этнопедагогикалық мәселелерін» жете қарастырудың салдарынан оның рухани, мағнауи азығы мол және ол адам баласына өте қажетті дүние болып табылады. Сондықтан бұл еңбектер рухани мағнауи құнды болып саналады.

Жалпы Ясауи еңбектері өте күрделі болып келеді, оларды бірден игеріп алып кету мүмкін емес. Оның әрбір еңбегінде философиялық, әдеби, діни, психологиялық, этнопедагогикалық, әлеуметтік, тіл т.б. да тәлім-тәрбиелік мәселелер кеңінен қарастырылған. Сол себептен де өте ұқыптылықпен әрбір сөзіне талдау жасап өткізуді қажет етеді. Ясауи өз хикметтерін, Құран кәріммен тең көрген. Ол туралы өзінің хикмет шумағы да бар,

Менің хикметтерім,

Алладан пәрмен.

Оқып ұққанға бар.

Мағынасы - «Құран» - деп, өз хикметтерінің Алла тарапынан келіп тұрғандығын баян етеді. Осылай Ясауи туралы қосымша мағлұмат беріп болған соң, әрбір еңбегіне жеке-жеке тоқталып өткен дұрыс сияқты.

Мәселен, оның әрбір еңбегімдегі отбасы, ақыл-ой, дүниетанымдық, адамгершілік, эстетикалық, экологиялық, экономикалық, өзін-өзі тәрбиелеу және қайта тәрбиелеу т.б. тәрбие мәселелерін жеке дара қарастырып шығу өте құнды болады. Қандай еңбектері бар, олардың атаулары және баспа арқылы жарыққа шығуы туралы қысқаша тарихи мағлұматтар беріліп өткені дұрыс. Себебі, Ясауи еңбектері бізге жетіп келуі үшін көптеген қиыншылықтарды бастан кешірген, өткізген, солар туралы аз ғана мағлұматтар берілуі қажет сияқты.

Үшінші еңбегі, «Мират-ул-Қулуб», бұл шығармасы жақында Швецияның Упсала деген қаласындағы бір университеттің кітапханасының қолжазбалар қорынан табылды. Ахмет Ясауи тәрбиесінің адамға ықпал ету күшіне сенді, адамгершілігі мол адам қаталдыққа бармайды деп есептеледі. Тек дұрыс тәрбие ғана ақымақтық істерден сақтандырады, сондықтан мінез-құлықты түзеу тәрбиенің басты мақсаты. Адамгершілік қалыптарын ұсыну сол кездегі ойшылдардың алдында тұрған аса құнды проблемалық мәселе болды. А.Ясауи де халыққа дұрыс жол сілтеп, нағыз адам болу үшін қандай шарттар керек екенін көрсетуді өзінің басты парызы деп білген. Оның өмірде неге ұмтылып, неден безіну керектігін бейнелейтін моральдық ұғымдарын оқып, үйренудің бүгінгі кезең үшін мәнді тұсы жастардың тәртібі, этикалық және эстетикалық көзқарастарын қалыптастыру ісінде тәлім-тәрбиелік бағдар бола алатын мүмкіндігінде.

А.Ясауи мұраларындағы «Даналық кітабында» негізінен төрт ғақлия мадақталады:

1. «Шариғат» - ислам заңдары мен әдет-ғұрыптарынын негіздері, яғни мұсылмандық жолын қастерлеп, соны тәлім-тәрбиеге үлгі-өнеге етіп жырлау. Мұсылмандықтың жалпы адам баласының тәлімі екендігін жырға қосып, қиын адамгершілік тәрбиесінің асқан өнегесін көрсетеді.

2. «Тариқат» - сопылық ой мақсаттарды насихат - өсиет ету. Яғни жыр өрнектері арқылы ұрпақты имандылыққа, шыншылдыққа, әділеттікке, тазалыққа, адалдыққа тәрбиелеп, татулыққа үйрету. Сөйтіп оқушыны мейірімділікке, қайырымдылыққа, қонақжайлыққа тәрбиелейді. Тәрбиенің бұл салаларының қайнар көзі халықта екенін қалдықсыз айтады.

3. «Мағрифат» - дін жолын танып, оқып білу, яғни Алланың ақ жолын ардақтап, соған тағзым етіп, тағлым алу – адамгершілік парыз екенін әсерлі сөзбен жеткізіп, ұрпақты ұлағаттылыққа тәрбиелеу. Ақын ғаріп, пақыр, жетім-жесірлерді сүйсең, оларға жақсылық жасасаң Алла тағала саған риза болып, ісіңді оңдайды, мақсатыңа жеткізеді, - дейді. Сөйтіп ұстаз оқырмандарға адамгершілік тәрбиесінің ең түйінді тұжырымдарын жыр арқылы әсерлендіре жеткізеді, Алланың ақ жолы – адамгершіліктің шырағы екенін оқушы мен тыңдаушыға сезіндіре жырлайды.

4. «Хақиқат» - құдайға құлшылық ете білу, яғни бүкіл әлемді жаратушы Алланы танып-біліп, оған табыну, құдайдың құдіретіне сену әрбір мұсылманның парызы екенін сөз құдіретімен түсіндіріп, ұрпақты имандылыққа тәрбиелеу «Иман нұры», «Хақиқат дариясы», «Ақіреттің азығы» арқылы адамның күнадан таза болуына жол ашып беру мақсаттарын жырлайды. Бұл еңбегінде ғұлама ғалым Түркістанның пірі негізінен төрт мәселені қарастырады. Біріншісі - Алланы тану, екіншісі Алланы ұлықтау, үшіншісі - дүниедегі күналар мен әділетсіздікті қаралау және әділетсіздіктің құрбаны болған пенделерді қорғау, оларды әділеттілікке бастау, төртіншісі - бұл дүниенің қара дақтарын пенделерге жұқтырмау үшін жалған дүниеден бас тарту. Осындай күрделі-күрделі төрт мәселені үздіксіз қарастырып оны өз хикметтерінде жырлап отырады. Хикметтері төрт, кей жерлерде екі шумақтан құрылған болып, жалпы окырман қауымның жаттап алып айтуына ыңғайлы болып келеді. Сондықтан Ясауи хикметтері ел арасына ауызекі тараған хикметтер, кейін қағаз беттеріне түсе бастаған. Сонымен хикметтер саны өзі айтып кеткендей, «төрт мың төрт жүзге» тарта екен. Оған дәлелді мына хикмет шумақтарынан келтіруге болады.

Құл Қожа Ахмет, әрбір сөзің дертке дәрмен,

Тәліптерге баян қылсам, қалмас арма.

Төрт мың төрт жүз «Хикмет» айттым хақтан пәрмен,

Пәрмен болса өлгенімше сөйлесем мен.

Түркістанға қай кезде келгендігі жайлы неше жасында пірін тапқандығы, ғұлама ғалымдық дәрежеге қанша жасында жеткендігі, неше жыл өмір сүргендігі, қай жасында «Қылуетке» түскендігі жайлы да хикмет шумақтарында келтірілген. Әрине осы мағлұматтарды оқырман қауымға жете түсіндіре алсақ, қандай құнды рухани, мағнауи азық алған болар еді. Еңбекті жете талдаудың арқасында оқырман қауым өзін имандыққа, әділеттілікке, инабаттылыққа, көрегенділікке т.б. жақсы мінез-құлықты қалыптастыруға ұмтылып, соған өзін тәрбиелейді.

Келесі еңбегі «Пақырнама және мұнажатнама» деп аталады. Пақырнамасында сопылық жолға түсудің үлкен үлкен төрт мақамын толық талдап өткен. Ол жерде шариғат, тариқат, мағрифат, ақиқат мәселелері түсіндіріліп, олардың тағы да он-он мақамға бөлінетінін айтып берген. Қырық мақамды кімде-кім басып өтсе, сол кісі ғана дәруіш, шайх, пір, сопы, ишан, ұстаз бола алады деген. Бұл мақамдарды басып өтпеген кез-келген адам сопылық, дәруіштік, шайықтық, пірлік, ишандық, ұстаздық дәрежеге көтеріле алмайды, әрі сопы қырқасын (шапанын) киюге қақысы жоқ делінген. Осы мәселерді оқырман қауымға талдап жете түсіндіріп өту қажет, себебі бұл оқырман қауымға таныс болмаған. Ал, енді «Пақырлық» дәрежеге көтерілу үшін тағы да қырық мақамды басып өтуінің қажеттілігін атап көрсеткен. Осы кезде ғана адамдардың яғни сопылардың «батин» көздері ашық болады. Бұл сопылық жолдың негізгі мақсаты болып табылады. Осы көкірек көздердің ашылуының арқасында ғана адам баласы Алла тағаламен қауышуы мүмкін. Сопылар сол себептен де өмір бойы өздерін тазалап, көкірек көздерін ашуға ұмтылумен болады. Оның көптеген жолдары мен әдіс-тәсілдері бар. Соның бірі «Зікір» салу, яғни Алланы ұлықтап, оның атын қайталап еске алып отыру, осындай кездері адам экстазға (есінен айырылу) түседі, сол кезде Алла тағаламен қауышады. Ясауидің «Мүнажатнамасы» екі бөлімнен тұрады: біріншісінде Алла тағала мүнажат етуді өсиет еткен болса, екіншісінде жалпы оқырман қауымға хикметтерді оқу арқылы Алланы тануды өсиет еткен. Өзі өте қысқа болғанымен, нұсқа жалпы оқырман қауымға түсінікті тілде жазылған.

Ол кезде түркі тілдес халықтар бірін-бірі түсіне беретін болған, ал жазуы болса, сол кездегі басым болып тұрған араб графикасымен жазылған. Ясауи еңбектерін оқу арқасында жалпы оқырман қауым өздерін жамандықтан тежейді, әрі нәпсілерін тыюға ұмтылады. Келесі еңбегі «Мират-ул Қулуб» - «Көңілдің айнасы». Бұл шығармасында Иассахи негізіне шариғат, мағрифат, тариқат, ақиқат мәселелерін өте мұқияттылықпен талдап шыққан. Бұлай аталуының себебінің өзі де шығарманың ішкі мағынасына байланысты. Бұл еңбекті кімде-кім оқып шықса, өз қателіктерін көріп, өзін-өзі тәрбиелеуге кіріседі. Көңілдеріндегі кір-қоқыстарды айнадан көргендей болады да, соларды тазалауға ұмтылады

Ясауи хикметтерінде Алла тағала рақымды, кешірімді, адам баласы қаншама күнә жасап, қожасын танымай, әміріне мойынсұнбай, бұзақылық жолына түссе де, Хақ оның жақсылыққа, адамгершілікке оралуына мүмкіндік беріп, рақымшылық жасап кешіруге дайын тұрады. Түзу жолға оралғандарға мейірімділікпен құшағын жаяды. Ал адам Хақтың бір бөлшегі болғандықтан, оның мейірімділік, қайырымдылық, кешірімділік қасиеттерінің уәкілі, жаршысы болуға міндетті. Адам айналасына қаншалықты рақымды болса, Хақ оған соншалықты рақымшылық танытады. Тек мейірімді адам өзгенің қайғы-қасіретіне ортақтасып, шер бөлісе алады. Мейірім жүрек жылытар, көңіл жібітер ұлы күш. Сондықтан да Ясауи хикметтерінде адамгершіліктің биік үлгісі болған Мұхаммед пайғамбар жетім басын сыйлаушы, ғаріп- міскіндерге медет беруші ретінде көп сипатталады. Негізінен осы қасиеттерімен Миғражға көтерілген деген ой салады.

Әдебиеттер:

1.     Қазақ әдебиеті. - Алматы: Аруна Ltd. ЖШС, 2010.

2.     Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: Аруна Ltd. ЖШС, 2010.  

3.     Отырар. Энциклопедия. – Алматы: Арыс баспасы, 2005.