Дәулетхан
Бердігүл, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты,
қазақ және орыс филологиясы факультетінің 2 курс
студенті
Ғылыми жетекшісі:
Сейсембай Г.А., Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты,
Қазақстан
Тарихи роман табиғаты
Тарихи тақырыпқа деген
қызығушылықтың артуы, халықтың өткен
өмірін, бастан кешірген тағдырын суреттеуге арналған
шығармалардың көптеп дүниеге келуі, бір жағынан,
ұлттық сезімнің күшеюіне байланысты өз
мүмкіншілігін сезіну, бүкіл адамзат тағдырын бейнелейтін
тарихи шығармашылыққа өз үлесін қосу болса,
екінші жағынан, өткен дәуір елесіне бүгінгі күн
биігінен қарап, кешеден бүгінге жету соқпағының
бастауында не тұрғаны туралы ой сүзгісінен өткізе
отырып, жан-жақты бейнесін жасау жатқандығында. Бұл,
әрине, ұлттық әдебиеттің
өсіп-өркендеу биігіне байланысты болатыны да шындық. Дей
тұрғанмен, қазіргі әдебиеттегі тарихи тақырып
туралы сөз еткенде оның бастау-көзі көне фольклор мен
ежелгі әдебиетте жатқандығын естен шығармау
ләзім. Тарихилық мәселесі тарихи тақырыпқа
жазылған қазіргі дәуір әдебиетіне ғана тән
емес, тіпті халық ауыз әдебиетіне, фольқлорлық
шығармаларға да қатысты болатыны белгілі. Ол туралы
фольклорист-ғалымдар Р.Бердібаев, С.Қасқабасов,
Ш.Ыбыраев еңбектерінде
жан-жақты талданған.
Стильдік кестесі, баяндау формалары сан алуан
түрдегі, тақырып ауқымы жағынан бағзы заманнан
бастап бүгінгі күн мәселелеріне дейін қамтитын,
көркемдік биігі жоғары, бояулары айшықты, ішкі иірімдері мол
романдар шоғыры дүниеге келді. Бұл құбылыс
әсіресе жетпісінші-сексенінші жылдары ерекше қарқын алды.
Д.Әбілов, А.Тоқмағамбетов, І.Есенберлин,
Ә.Әлімжанов, С.Жүнісов, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин,
Д.Досжанов, С.Сматаев, Қ.Салғарин, З.Ақышев, Б.Жандарбеков
және басқалардың тарихи романдары жарық көруі сан
жағынан да, сапа жағынан да өсіп, арнайы зерттеу объектісі
болатын дәрежеге жетті.
Бұл кезең тарихи роман жанрының
ерекше дамып, гүлденген, жоғары биік белеске көтерілген
жылдары болды. Дей тұрғанмен, осы биік белеске бір-ақ
күнде қол жеткізіп, көтеріле қойған жоқ.
Әр кезеңдегі саяси жағдайға орай, бірде
қақпай көріп бәсеңдеп, өшуге таяп барып,
енді бірде қайта күш алып, өз бетін айқындай алға
ұмтылып келді. Соған орай тарихи романдарды зерттеу мәселесі
де уақыт ерекшелігіне сәйкес әр түрлі деңгейде
көрініс тапты. Тарихи тақырыптағы шығармалар,
оның сыны мен зерттеу ісінің жолы әрқашан жіңішке
болды. Соған қарамастан, жазушылар өзі діттеген мақсатқа
жол табуға тырысты, оған бар қажырын жұмсады.
Оның айқын дәлелі - М.Әуезовтің тәжірибесі.
Бірақ М.Әуезов те бұл биікке үлкен
қиындықпен, соқтықпалы, соқпақсыз ауыр
жолмен жеткені белгілі. Ал бүкіл Кеңес Одағының тарихы
«аға халықтың» - құқығы мол орыс
халқының тарихына сай орайластыра жазылғандықтан, орыс
тарихи романдары ерте жазылып, ол туралы әдеби-зерттеу жұмыстары да
сол 20-30-жылдардың өзінде-ақ жан-жақты
қолға алына бастаған. Біз бұл жерде тек тарихи романдарға қатысты
еңбектерді ғана еске алып отырмыз. Жалпы әдебиеттің
тарихында, поэзия, проза, драмалық жанрларға жеке-жеке
арналған, роман теориясына қатысты еңбектер өз алдына
сала-сала болып кете беретіні тағы белгілі. Бұған қоса мерзімді баспасөзде
жарияланған пікірталастар мен мақалалар қаншама! Бұл
сын-зерттеулердің қай-қайсысы болса да өз кезіндегі
әдеби процестің деңгейін аңғартатын,
уақытқа сай мәні бар еңбектер екені даусыз. Солай бола
тұрса да, шығармада аталған ғылыми
жұмыстардың ішінде қазақ әдебиетіндегі тарихи
тақырыпқа жазылған шығармаларды, қазақ
тарихи романдарын сөз ететін еңбектердің көпшілігі
әдебиет пен тарихтың арақатынасын монографиялық зерттеу
объектісіне айналдырмай, тек поэтиканың бір қыры ретінде тілге тиек
етеді. Бұл орайда Л.М.Әуезованың «Исторические основы эпопеи
«Путь Абая», «История Казахстана в творчестве М.Ауэзова», Р.Бердібаевтың
«Қазақ тарихи романы», «Тарихи роман» , Ж.Дәдебаевтың
«Өмір шындығы және көркемдік шешім»,
Т.Жұртбаевтың «Бейуақ» , Т.Сыдықовтың
«Қазақ тарихи романы» тәрізді санаулы еңбектерден
басқа ауыз толтырып айтарлықтай іргелі зерттеулер аз. Ал
аталған ғылыми еңбектерде қазақ тарихи романына
қатысты мәселелер түгел қамтылды, шешімін тапты десек,
әсіре қызылдық болар еді. Ғылымның ілгері басуы
дегеніміздің өзі қол жеткізген мәселені жаңа
ойлармен толықтырып, жалғастыра беру екені кімге болса да аян.
Бұл орайда зерттеушілердің бірін-бірі қайталамауы деген
сөз бір автор шығармасын қатар алмауында емес, көтерген
мәселе, зерттеу нысанасының өзгешелігінде болса керек.
Бұл мәселені орындауда бір автор шығармаларын жеке алып та,
бірнеше автор туындыларын ортақ ой төнірегінде біріктіріп те
зерттеу тәсілі жүзеге асатын құбылыс. Қазақ
әдебиетіндегі тарихи шығармалар, ондағы дәстүр жалғастығы,
авторлық идея, ой-нысана, образ жасау жолдары, тарихи дерек,
мұрағат материалы, аңыз желілерін пайдаланудағы
жазушылық мақсат пен ой түю ерекшеліктері, оны қазіргі
заман көріністерімен сабақтастыру сипаты - тұтас
күйінде бұрын терең зерттелмеген, қазіргі
қазақстанның әдебиеттану ғылымы үшін
зәру әрі көкейтесті проблеманы қозғайтын
тақырып. Сондықтан өнер туындысындағы жазушының
тарихқа көзқарасын тарихи шығармадағы
көркемдік таным тұрғысынан пайымдау қазіргі
әдебиеттану ғылымындағы өзекті мәселе деп
қараймыз.
Ал, тарихи
тақырыпқа қалам тартқан жазушының өзіне
ғана тән субъективті сана-сезімін қалыптастыратын факторлар
өте күрделі болып келеді. Яғни ол сан тарау таным мен
талғамның қосындысынан тұратын фактор болмақ. Дей
тұрғанмен, негізгі субъективті сананы қалыптастырушы
тұрақты, арналы, дің іспетті іргелі танымдар болады. Оларды,
біздіңше, мынадай бірнеше түрге жіктеуге болар еді: 1)
философиялық; 2) саяси тұрғы; 3) білім негізі; 4) өмір
сабақтары; 5) сезім; 6) мінез бен жігер. Мұнын өзі тарихи
шығармаларды зерттеу дегеніміз бірнеше пәндік, ғылыми
негіздердің тоғысуы, жапсарласуы барысында жүзеге асатынын
көрсетеді. Міне, осы тұрғыдан келгенде, тарихи
шығармаға қатысты іргелі мәселенің бірі - жазушы
және тарих немесе жазушының тарихқа көзқарасы
деуге болады. Қазақ филология ғылымдарының атасы Ахмет
Байтұрсынов айтқандай, «Тарихтың қызметі - бүтін
адам баласының, яғни бүтін бір жұрттың, я бір
халықтын өткен өмірін болған күйінде айнытпай
айту» болса, әдеби
шығармада суреттеліп отырған кезең автордың ой
көзінен өтеді, сұрыпталады, қорытылады, одан әрі
сол туындыға ғана тән сипатқа ие болып, оқырман
алдында қайта тіріледі, тарихи келбеті жасалады. Осыған орай,
«Көркем өнер тілімен өткен тарихты қайта
тірілтудің принциптері, әдіс-тәсілдері, ерекшеліктері
қайсы? Оның көркем шығармадағы көрінісі
қандай?» деген тәрізді сауалдар әдебиеттану
ғылымының басты нысанасы болып келеді, әлі де бола беретіні
сөзсіз. Өйткені көркем шығарманы тарихты бейнелеудегі
өзіндік тәсілімен қоса, әрбір шығарма
қайталанбас өнер туындысы. Қазақ әдебиетіндегі
тарихи шығарма мәселесі танымдық және көркемдік
тұрғыдан бұрын арнайы қарастырылмаған. Рас,
тарихи шығармалар бұрын да зерттеліп келген, әсіресе тарихи
роман мәселесі көбірек сөз болып, тарихилық проблемасы
қаламгер шығармашылығы бойынша монографияларда, жанрлық
тұрғыдан зерттеулерде, тарихи роман хақында жазылған
кітаптарда поэтиканың бір қыры ретінде айтылып келе жатқанын
жоғарыда сөз еттік. Бұл орайда С.Қирабаевтың,
З.Ахметовтің, Р.Бердібаевтың, Т.Кәкішевтің, Р.Нұрғалиевтің
Ш.Елеукеновтің, Ә.Нарымбетовтің, Ж.Дәдебаевтың,
Т.Сыдықовтың т.б. еңбектерін еске аламыз.
Тарихи
шығармалардың өмір танытқыштық мәнін
айтқан кезде, онда бүгінгі рухани тіршілігімізге қатысты
көп мәселелер қамтылатынын ескеру керек. Бұл орайда
тарихи тақырыптың қазақ әдебиетіндегі туып,
қалыптасу, орнығу үлгісін танытатын алғашқы туындыларды,
яғни Ж.Аймауытов, М.Әуезов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин,
І.Жансүгіров, С.Мұқановтардың тарихи шығармаларын
айтпағанның өзінде, І.Есенберлиннің
"Көшпенділер", "Алтын Орда",
Ә.Әлімжановтың "Махамбеттің жебесі",
"Жаушы", Ә.Кекілбаевтың "Аңыздың
ақыры", "Елең-алаң", М.Мағауиннің
"Аласапыран", С.Сматаевтың "Елім-ай",
Қ.Жұмаділовтің "Дарабоз",
Ж.Тұрлыбаевтың "Тамыз таңы", "Райымбек"
романдарын өткенді айта отырып оны қазіргі өмір
құбылыстартарына байланыстыра білу көркем
шығарманың эстетикалық актуальдығын арттыратын
көркемдік фактор екенін дәлелдейтін, уақыт рухы
көрінетін жаңа тұжырымдама әкелген шығармалар
деуге болады. Тарих - адамның әлеуметтік тірлігінің сорабы.
Адам - әрі тірліктің субъектісі, әрі тарихи танымның
субъектісі. Әлеуметтік тірлік практикасы аркылы адам тарихты жаратты,
өзін кемелдендірді. Соңымен бірге тарихты да, өзін де танып
отырады. Демек, адамның тарихты тануы, өткеруі, меңгеруі,
түйсінуі, бағамдауы - тарихи сана болып табылады. Тарихи сана
өз ішінде екі үлкен саланы қамтиды; оның бірі -
танылған, еске алу, бүтінді бағамдау, ертеңді болжау
түрінде көрініс береді. Екінші бір саласы - адамның өз
басындағы тарихи әрекеттердегі орны, рөлі және
мәні жөніндегі өзіндік санасы. Осы екінші сананы
"тарихтың субъектив санасы" деуге болады. Тарихтың
субъектив санасына гуманистік, субъективтік таным, героизм
тұрғысынан талдау жасауға болады.
Тарихи
тақырыпқа бару, яғни өткенге көз салу, сол
өткендегі айтпауға болмайтын жайларды айтуға талпыныс -
уақыт талабынан туындайтын құбылыс. Өйткені
әдебиет - халық өмірінің
идеялық-эстетикалық айнасы. Әдебиеттің ілгерілеуі де,
өсуі де халықтың өткеніне көркемдік байыптау,
қорытындылар жасау арқылы болады. қазіргі өмір мен
өткен заманның арасындағы байланыс, сабақтастық
тарихи тақырыпты игеру нәтижесінде ғана ашылмақ.
Халық өткен тарихын толық зерттеп, ондағы
кемшіліктерден тиісті қорытынды шығармай тұрып, рухани дамуда
үнемі жетістікке жетуі неғайбыл.
Тарихи тақырып
арқылы бүгінгі күнге, қазіргі дәуірге
қатысты идеялар айтылатынын естен шығаруға болмайды. Тарихи шығарма
ол өткен заманның әлеуметтік-эстетикалық
реконструкциясы ғана емес, онда бүгінгі уақыттың да
философиялық тұжырымдамасы жатады. Тарихи тақырыптың
маңыздылығы туралы белгілі суреткер Константин Юонның тарихи
шығармалар туралы: «Всемирная ценность искусства тем больше, чем больше
национального в человеческих образах, и человеческого в национальных
образах" деген пікірі әлі де
мәнін жоғалтпаса керек. Демек, мазмұн мен форма үйлескен,
философиялық ойларға негізделген тарихи шығарма бір
ғана ұлттың рухани дүниесі болып қалмайды. Осы
тұрғыдан келгенде қазақ халқының
өткені мен бүгінгісін, адамшылық табиғаты мен
азаматтық тағдырын танытудағы тарихи шығармалардың
алатын міндеті айрықша мол екендігі шындық. Әдебиет
қашанда ұлтты-азаматтық сана-сезім мен ұлттық
мораль қалыптастырушы гуманистік қасиеттердің жаршысы
міндеттерін атқарады. Шын мәніндегі әдеби шығарма - игі
ниетті халықтарды бір-бірімен таныстыратын көркемдік дәнекер.
Осы тұрғыдан келгенде, нағыз көркем туынды
эмоциялық әсерлі әсемдік сезім сыйлаумен қатар, сол
ұлттың ұлағаттарын, адамгершілік-азаматтық игі
дәстүрлерін, тамаша қасиеттерін басқа
халықтарға мөлдіретіп жеткізетін
қоғамдық-философиялык ойдың көркем формасы екені
мәлім. Бұл тұжырымдардың тарихи тақырыпқа
жазылған шығармаларға да қатысы мол.
Әдебиет - рухани
ұлы күш. Бұл орайда 70-80-жылдардағы қазақ
жастарының ұлттық рухының ерекше көтерілуіне
І.Есенберлиннің "Көшпенділер", "Алтын Орда» тарихи
эпопеясы бастаған қазақ тарихи романдарының ықпал
еткені нақты мысал бола алады.
Бұл ықпал-әсердің, ұлттық рухани
оянудың бір дәлелі 1986 жылғы желтоқсанда
қазақ жастарының алаңға шыққан бейбіт
шеруі еді. Бұл шеру коммунистік империяның құлауындағы
алғашқы баспалдақ болғаны белгілі.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. - Алматы: Ғылым,
1979.
2. Бердібаев Р .Тарихи роман. - Алматы: Санат.
1997.
3. Дәдебаев Ж. Өмір шындығы
және көркемдік шешім. - Алматы: Ғылым, 1991.
4. Жұртбаев Т. Бейуақ. - Алматы:
Қазақстан, 1990. 304 бет.
5. Сыдықов Т. Қазақ тарихи
романы. - Алматы: Ер Дәулет.
1996.
6. Байтұрсынов А. Шығармалары. -
Алматы: Жазушы, 1989.
7. Ахмет Байтұрсынов. Ақ жол. -
Алматы: Жалын, 1991.
8.Мағауин М. Қазақ
тарихының әліппесі. - Алматы: Ер
Дәулет, 1994.