Аубакирова Жансая Жүсіпқызы

Қазақстан, Қостанай қ., А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ

БАСПАСӨЗ ТІЛІ МЕН ОНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Қазақ тілінің функционалды стильдерінің бір-бірінен өзгешелік белгілері осы уақытқа дейін айтылып келеді. Осы басты белгілер отандық тіл ғылымы мен орыс тіл ғылымының ортақ танымдық деңгейінің көрінісінің нәтижесінде қаралып келеді. Ол тек стилистика ғылымына ғана қатысты емес, тіл ғылымының басқа салаларына да қатысты деп айтуға болады. Бұның басты себептері - тілдегі функционалды стильдердің анықтамасы, зерттеу бағыттары, түрлері, стильдердің табиғаты, лингвистикалық тілдік кұрылымның болмысы, ортақ, бірдей немесе ұқсас қызметінің әмбебаптық сипаты т.б.

Қазақ тіл ғылымында функционалды стильдерді былайша топтастырып жүр: 1) ауызекі сөйлеу стилі; 2) ғылыми стиль; 3) ресми стиль;

4) публицистикалық стиль; 5) көркем әдебиет стилі.

Стиль туралы М.Серғалиев 4 түрлі қасиетті былай түйіндейді: 1) Әдеби тілдің бір түрі; демек сол тілде сөйлейтін баршаға түсінікті сөздер мен конструкциялар; 2) Стиль - тарихи категория; 3) Стиль- қоғамдық қызметтің бір саласында жұмсалады; 4) Тілдік кұралдардың қалай болса тіркескен тобы емес, шартты тұйықталған тобы.

Қоғам өмірінің айнасы болып табылатын БАҚ ондағы саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, спорт, өнер, кино, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы барлық қордаланған проблемаларды жұртшылық назарына ұсынатын да, қандай да бір ғылыми жаңалықтар мен жетістіктерді көпшілікке таныстырып жеткізетін де әмбебап құрал болғандықтан журналистер қауымын ғаламның ақпараттық бейнесін жасаушылар деп тануға негіз бар. Жалпы БАҚ-тың ақпаратты жеткізу формасына қарай үш түрге бөлінетіні белгілі: телевизия, радио және мерзімді баспасөз. БАҚ тілі нысанаға алынғанда лингвистика ғылымындағы негізгі ұғым мәтінге бұқаралық коммуникацияда жаңа мағыналық реңктер үстеледі.

Публицистикалық стильге БАҚ-тың тілі жатады дедік. Ол қай кезеңде де қазақ әдеби тілінің толық орнығуына тікелей ықпал етеді. Егемендік кезеңде публицистикалық стильдің қызметі жаңаша қырынан көрінді. Қазақ тіл ғылымының барлық салаларына қатысты оның көкейкесті мәселелерінің негізгі түйін қорытындыларын осы публицистикалық стильде жазылған шығармалар беріп отырады. Жаңа сөздердің енуі, сөз мағынасының кеңеюі, кейбір сөздердің мағынасының тарылуы, тіпті қолданыстан шығып қалуы, терминдердің енуі, жаңаша, мәндес тіркестердің пайда болуы - бәрі осы публицистикалық стиль арқылы танылады.

 Публицистика (латынша: publicus – көпшілік, әлеумет) – қоғам өмірі үшін маңызды мәселелерді талқылау деген ұғымда жұмсалады. Публицистикалық стиль қоғамдық талапқа сай жазылған шығармалардың негізінде қалыптасады. Публицистикалық стиль – қоғамдық-саяси, үгіт-насихаттық әдебиетте, бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылатын функциональдық стильдердің бірі. Публицистикалық стиль тыңдармандар мен оқырмандардың арасына кең таралымымен, бейнелілігімен, баяндаудың шешендігімен, жағымды және жағымсыз мағынадағы мәнерлілігімен сипатталады. Тіл деңгейлеріне байланысты публицистикалық стильдің ерекшеліктері болады. Лексикада – қоғамдық-саяси терминдер мен сөздердің (митинг, ереуіл, демократия, парламент), эмоциялық баға беруші сөздердің (еңбек озаты, көшбасшы, еңбеккер, дем беруші), экспрессивтік бояуы бар сөздердің (қоян-қолтық, нық қадаммен), фразеологияда – перифразалардың (ақалтын – мақта, күріш; қара алтын – көмір, мұнай; екінші тың – қой шаруашылығы, көгілдір тың – құс шаруашылығы); морфологияда қос сөздердің (қоғамдық-әлеуметтік, бұқаралық-саяси, үгіт-насихаттық); бұйрық рай тұлғасының (орындайық, табысқа жетеміз), синтаксисте – сөйлемдегі сөздердің инверсиялық орын тәртібінің, қаратпа сөздердің, риторикалық сұрақтардың, жай сөйлем бөліктерінің, сан алуан қайталамаларының т.б. жиі қолданысқа түсуі публицистикалық стильдің басқа стильдерден өзгешеліктерін көрсетеді. Публицистикалық стильді шағын стильдерге (подстиль) бөлу жөнінде бірізділік байқалмайды. Дегенмен кейбір зерттеушілердің, Мысалы А. Н. Васильеваның дәлелдеуінше, мынандай шағын стильдерге жіктеледі: 1) ресми-ақпараттық публицистикалық стиль; 2) ақпараттық-іс публицистикалық стилі; 3) ақпараттық-аналитикалық публицистикалық стиль; 4) ақпараттық-экспрессивтік публицистикалық стиль; 5) бейресми-ақпараттық публицистикалық стиль; 6) жалпы публицистикалық стиль директивалық публицистикалық стиль; 7) салтанатты-декларативтік публицистикалық стиль; 8) таза публицистикалық стиль; 9) экспрессивтік публицистикалық стиль; 10) репортаж публицистикалық стилі; 11) фельетон публицистикалық стилі. 

Баспасөз – тілдің өмір сүруі үшін маңызды құрал. Баспасөз тілі өзіне тән түрлі ерекшеліктерді иеленіп, өзінің құрамына төменде аталғандарды қамтиды:

-         Баспасөз штамптары мен клишелер. Олар нақтылығы мен бір мағыналылығымен ерекшеленіп, уақыт пен жер үнемділігі үшін қызмет етеді. Пікірдің екі мағыналылығын жояды;

-         Экспрессия мен гармониялық тұтастықтағы стандарт;

-         Өзара қатынастағы түрлі сөйлеу стильдері;

-         Аббревиатуралар мен түрлі қыстартулар, префикстер мен конверсия бойынша жасалған сөздер;

Баспасөз тіліне сипаттаудың толық дәлділігі, іскери нақтылық тән. Біздің зерттеу мақаламыз баспасөз беттеріндегі стандарт пен экспрессия мәселелеріне бағытталған. Баспасөз композициясында маңызды орын алатын бөліктерінің бірі – тақырып аттары. Ғалымдардың пікірі бойынша тақырып аттары мына талаптарға сәйкес болу шарт:

-         Тақырып аттары оқырман назарын өзіне қарату керек;

-         Қысқа болуы тиіс;

-         Мәтін тақырыбымен байланысты ойды қамтуы керек;

-         Мәтінді одан әрі оқуға деген қызығушылықты тудыруы тиіс;

 

 

 

Мысал ретінде келесі тақырып аттарын келтіре аламыз:

«Стратегиялық нысандардың қауіпсіздігі басты назарда»,

«Қысылғанда жандарынан табылады»,

«Астана әуежайында қарбалас шақ»,

«Құда деген бір жұрттың...»,

«Өзара мүдделерге өріс кең» және т.б.

         Осылай тақырып аттары мақаланың басты идеясын білдіріп, әрі прагматикалық тұрғыдан мейлінше қанық болуы тиіс. Көптеген мақалаларды зерделей келе, ақпараттық хабарламаларды білдіретін тақырып аттары баспасөз редакциясының ұстанымын көрсететіндігін аңғардық. Бұл жағдайда мақала авторлары тура бағалауыштық тақырып аттарынан алшақтығымен сипатталады.

         Сайып келгенде газет беттеріндегі тақырып аттардың синтаксистік құрылымы эмоцияға толы, оқырманға қосымша бағалауыштық ақпарат беретін сынды.