Ф.ғ.к., доцент Қадырова Б.М.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар қ.

Ф.ғ.к., доцентАғалиева Н.Б.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, Павлодар қ.

 

С.Торайғыров шығармаларындағы «Кедей» концептісі

 

С.Торайғыров шығармаларының бірқатары кедей өмірін көрсетуге арналған.  Ақын кедей бұқараны жырлап, солардың мүддесін қорғайды. Оған  ақынның кедей ортадан шығып, өмірі жоқшылықта, мұқтаждықта өтуі  бірден-бір себеп болған деп айтуымызға болады. Біз ғылыми мақаламызға нысан етіп ақынның тек поэзиялық шығармаларын алдық. Ақын өлеңдерінің бірқатары  әлеуметтік теңсіздікке, кедейлер өміріне арналады. Ақынның қай өлеңін алсақ та кедей өмірінің бір эпизоды жүреді. 1910 жылы жазылған «Байлық» атты өлеңінде:

Кедейлікті жіберіп аяқ, қолды,

Байлаттың ерік бермей көсілетін.

Сен келсең бар қиыным шешілетін,

Сен жоқта аяқ-қолым көсілетін, - [1,28].

деп, кедейліктің адамзат өміріне тигізер  ықпалын айтады. Ал, осы жылы жазылған «Кедейлік» өлеңінде лирикалық кейіпкер былай дейді:

Кедейлік, сен жексұрын, түсің суық,

Іздемес сені адам керек қылып...

Жарытпай киер киім, ішер асқа,

Сөктіріп малы барлау надан, насқа.

Жас көңілді қайғымен уландырып,

Сенсің ғой толтыратын көзді жасқа[1, 29].

Кедейліктің адам өмірін сиықсыз етіп, көзді жасқа толтыратын, малдыларға  сөктіретінін айтады.

... Маған салса кедейлік аты өшкірді

Дер едім, тұрмыстай ғып жерге көмсін.

... Өлмесең де өлтірем өсе келе,

Жүрмеспін жолдас болып саған еріп...

Ақын жер бетінде кедейліктің жойылуын тілейді. Өскен соң кедейлікті жоқ қыламын деп серт береді. Кедейліктің жалқауларды жағалап, ерттеп мініп алатынын айтады. Осылайша байлықтың пейілі тарылмай адамдардың бәріне бірдей ортақ болуын, кедейліктің ауылы алыс кетуін  армандайды.

Сұлтанмахмұттың «Сарыбас» өлеңінен Сарыбас деген кедейдің бейнесін көреміз. Ақын жоғарыда кедейліктің не екенін түсіндірсе, енді кедей өкілдерімен таныстырады.

Жалаң бас, жалаң аяқ, жыртық дамбал,

Кір көйлек, қомыт күпі, шидем шалбар,

Сары үрпек, көгілжім көз, өңі жүдеу,

Қу мойын, аш қабырға аңғал-саңғал[1,40].

Кедейге тән портрет. Ақын бірден сырт киімінен бастайды. Кейіпкер киімінің өзі оның қандай әлеуметтік топқа жататын аңғартатыны белгілі.  Жыртық дамбал, қомыт күпі, шидем шалбар кейіпкердің кедей таптың өкілі екенін бірден аңғартады. Көгілжім көз, жүдеу өң мен қу мойын, аш қабырға аңғал-саңғал  «Кедейлік» концептісін береді.

Шүкібай шал әкесі, заты Керей,

Адал қара бітпеген тұлдыр кедей.

Сарыбасын  оқытуға былтыр берген,

Жалшы боп пайда тапсын бұл да демей.

Шүкібай баласының пайда тапқанынан гөрі білім алғанын дұрыс көреді. Кедей баласының миына оқу кіре ме екен? деген күдікті ойды Сарыбас жоққа шығарады.

Жақсы оқып, зеректігін танытқаны,

Жолдас түгіл молданы аңыратқаны.

Піскен бас, көбік өкпе бай баласын

Таң қылды, сөйлесе естен жанылтқаны[1,41].

Сарыбас зеректігі жағынан молданың өзінен асып түседі. «Кедейдің малы жоқтығы  ақылының жоқтығын көрсетпейді»  деп түйіндейді ақын. Бұл өлеңнен білімге талап қылған кедей бейнесін көреміз. Өлеңде адамды байлығымен емес, ақыл-біліміне қарап бағалау керек деген үлкен түйінді ой айтылады.

«Айт»  өлеңінен мойнына  дорба асынып қайыр сұрап жүрген кедейді көреміз. Айт күні жердің жүзі жасарып, ет жеп, қымыз ішіп байлар кердеңдеп жүргенде, жалғыз кедейдің ғана халі мүшкіл.

Жалғыз-ақ дорба асынған кедей кәріп,

Аштықтан өңі кеткен беті де арып.

Әркімдер тиын-тебен беріп жатыр,

Деген: «Құтты болсын, айт шәріп»[1, 84].

Ертеден көшпелі халық болып саналатын қазақ халқының өмірінде көштің орны бөлек. Мал жайылымына байланысты қоныс аударып отыратын қазақтың көші сән-салтанатымен  де ерекше назар аудартады.  Дегенмен кедей аулының көші мен бай аулы көшінің  арасы жер мен көктей.  С.Торайғыров «Көшу» өлеңінде көктем шығып, көшу басталғандағы көшті сипаттайды. Мұнда  нашарлардың  көшкені назардан тыс қалмайды.

Нашарлар көлік үшін жүріп қойған,

Кемітіп ақысына бір-бір қойдан...

Қоймасын тастай салды көңмен салып жауып,

Жүк жеңіл болуының  ебін тауып.

Бел жіп, үзік, ашамай салқам-салқам,

Су құяр арбасына ауық-ауық[1,87].

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жоғарыда келтірілген өлеңдеріне көз жүгіртсек, кедей концептісі кәріп, тұлдыр, жалшы, жалаң бас, жалаң аяқ, жыртық дамбал, кір көйлек, қомыт күпі, шидем шалбар,  жүдеу өң,  киер киім, ішер асқа жарымау арқылы берілген. Берілген лексикалық бірліктердің бәрі кедейлікті танытуға қызмет еткен. Сондықтан бұларды кедейлік концептісін беретін микроөріс ретінде қараймыз.

«Кедейлік» концептісін  жасайтын: кедей, құл, күң, пақыр, міскін, ғаріп т.б. түбір сөздер; жарлылық, құлдық, сорлы сияқты туынды сөздер; табанынан таусылған;  отымен кіріп күлімен шыққан; жеті атасынан түк көрмеген; аузы асқа, ауы атқа  жарымаған; тақыр кедей сияқты тұрақты тіркестер қазақ тілінің лексикалық қорындағы байырғы атаулар болып табылады. Тілімізде ертеден қолданылып келе жатқанымен кейбір сөздер мен сөз тіркестерінің шығу тегі басқа тілдерге тән, яғни кірме сөздер болып табылады.

Қазақ тіліндегі «Байлық-кедейлік» концептісінің танымдық сипаты мен қызметін қарастырған Ж.Т.Қошанова: «Кедей» концептісі «жоқшылық» мәнінде киер киімі, ішер тамағы жетіспейтін, күнкөрісі қиын адам деген этномәдени менталдық ұғымды білдіреді.  Концептінің сипатын ашатын ақпараттық моделін білдіретін тұрақты тіркестер: қара кедей; қара қасқа кедей; қара сирақ кедей; сіңірі шыққан кедей; тақыр кедей; шыр бітпеген кедей; ыңыршағы шыққан кедей; қас (қу) кедей; қызыл сирақ кедей; сұры жоқ кедей  т.б. менталдық ұғымда кедейді әр қырынан  білдіріп тұр»-дейді[2,20]. Зерттеуші кедей концептісінің  ақпараттық моделін білдіретін жеке лексемалар ретінде кедей-кепшік, кедейсіну, кедейлік, кедейшіл, кедейшілдік, кедейшілік және тағы басқала тілдік бірліктерді айтады.

С.Торайғыров шығармаларында «кедейлік» концептісі  әлеуметтік сипатта анықталады.           Сұлтанмахмұттың «Қос үй», «Бір адамға» өлеңдері арқылы кедей бұқараның  жоғын жоқтап, мұңын мұңдап отырады. Байлардың қалай бай болғанын сықақтап айтады. «Қос үйде»:

Байлыққа азулылар күшпен жеткен,

Аямай байлық үшін арын төккен.

Кедейдің маңдай тері, табан ақы,

Бақ емес, қыдыр емес дарып біткен[1,92].

Болыс, сұлтан болу үшін елін сатып, пара беріп, шен таққандардың байлығында кедейлердің көз жасы жатқанын айтады.  «Біреу бай, біреу жарлы» өлеңінде ақын бар өмірін ел қамына арнаған халықтың баласы бұрын болды, алда тағы да боларына сеніп, болашақтан  үміт күтеді.

Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармалары арқылы әділдік үшін,  халқының қамы үшін күресті. «Өң бе, түс пе?» өлеңінде халықтың арманын, бостандықты аңсайтынын, жақын арада «Екі жақты, қос ауыз елдің жұты шөлмек болып сынатынын» жеткізеді. Мұндағы айтып отырған жұты – ақ патша мен елдегі атқамінерлердің  қолшоқпарлары.

«Әкесі» дегеніміз патша болар,

Бай мен төре патшаға шын балалар,

Әке мен балада айырма жоқ,

Көпшілік- езілген ел не сағынар?[1,137].

деп ақын бұқара атынан сөйлейді. Қазақ халқының  күні туатынына ақын сенімді.

Сағынар шын теңдікті халық еркін,

Ол үшін орындар ел барлық сертін.

Қанаушының бір жолда көзін жойып,

Жалшы, кедей жайраңдар емін-еркін[1,137].

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың біраз өлеңдеріне концептілік талдау жасау барысында ақынның қазақ әдебиетіне кедей тақырыбын алғашқылардың бірі болып  енгізіп, кедей бейнесін жасаған ақын екендігіне көз жеткіздік.

Әдебиеттер:

1 Торайғыров С.  Екі томдық шығармалар жинағы. –А.1993.

2 Қошанова Ж.Т. Қазақ тіліндегі «Байлық – кедейлік» концептісі: танымдық сипаты мен қызметі» Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Алматы, 2009 -34 б.