Искакова Ш.К., гуманитарлық ғылымдар магистрі

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 

Говорлардағы құранды етістіктердің жасалуы

 

Түркітануда құранды етістік терминін күрделі етістік  терминімен байланыстырып қолдану жиі кездеседі. Күрделі етістік дегенге құрамы екі етістіктен тұратын тіркестермен бірге «есім + көмекші етістіктен » тұратын тіркестердің бәрі де жатқызылып келеді. Бірақ «Қазақ грамматикасында» күрделі етістіктің , әсіресе құранды етістіктердің сөзжасам тұрғысынан зерттелуіне байланысты әлі де болса анықтайтын мәселелері бары көрсетілген. Шешуді қажет ететін мәселелердің бірі құранды етістіктердің бірде күрделі етістік ,бірде тұрақты  сөз тіркестері құрамында жүргеніне байланысты [1: 400]. Тұрақты сөз тіркестерінің құранды етістіктерге ұқсас келетін түрлері негізінен фразалық тіркестер ( аузы бармады , аузы-мұрны қисаймай ,жолы болды , жолы түсті , жол тапты , қанына тартты т.б.) болса , олардың қалыптасуының өзіндік белгілері бар. Оның ең бастысы - фразалық тіркестердің бейнелік сипатта болуы. Мысалы, қолға алдым тіркесі «кірістім , бастадым » мәнінде тұрақты тіркес, ал кітапты қолға алдым дегенде құранды етістік екені байқалады. Ойға түсті дегенді «ойланды» мағынасында тұрақты тіркес, «еске түсті» мағынасында құранды етістік деп тануға болады.

Сол сияқты құранды етістіктерді күрделі етістіктерге жақындататын белгілер бар: құранды етістік күрделі етістіктер сияқты дербес мағыналы нақты сөздерден (есім сөз + етістік) тұрады. Құранды етістік құрамындағы етістік көмекші етістік қызметінде есім сөзге тіркесіп есімнен етістік жасайтын морфеманың қызметін атқарады. Мысалы , көмек ет -көмектес ,табыс ет -тапсыр. Құранды етістіктердің күрделі етістіктерге жақын осындай белгілерін ескеріп , «Қазақ грамматикасында» оларды "күрделі етістіктер тобындағы құранды етістіктер" деп атаған [1: 260].

Күрделі құранды етістіктердің жасалуында алғашқы тірек сыңары ретінде негізінен зат есімдер мен сын есімдер, ал екінші сыңары ретінде көмекші етістіктер қызмет етеді. Есім сөздермен тіркесуде өнімділік танытатын  көмекші етістіктер: болу, қылу , алу, ету ,салу ,шығу, жасау ,ашу ,

жүру , түсу, келу, кету т.б.  Ф.А. Ганиев бұларды күрделі құранды етістіктерді жасауда көмекшілік қызмет атқаратынын ескеріп , оларды функционалды көмекші етістіктер деп атайды [2:  88].

Говорларда құранды күрделі етістік төмендегідей үлгілермен жасалған:

«Зат есім + етістік  болу» үлгісімен алғашқы сыңарға қатысты әрекеттің аяқталуын білдіретін өнімді құранды етістіктер жасалады: парт болу (Арыс) «ісіп -кеуіп кету», сабыс болу (Зайс.)  « әбігерлену , ары -бері сапырылып жүру» ,тата болу (Жанг.) « басы қату», тебен болу (Қаз.) « тебендеп шығу , тебендеу», тұяқ кесті болу (Чап.) «мал жайылымының тозуы , тапталуы», пыш болу (егін дәні туралы , Жымп.. Қараб., Сыр.) «семіп , солып қалу», мойын болу (Түрікм.) « мәжбүр болу», бет қара болу (Моңғ.) « қарабет болу», ана болу (Жән.) « біреуді көп ойлау », ақырап болу (Орда) « таусылу ,біту», мама ағаш болу ( Талд.) « ат байлаушы болу», мәңгүрт болу (Маң.) «мәңгіру, есеңгіреу», мүкіс болу (Қыт.) « сыну , мертігу», сабу болу (Есб.) «саябыр болу саябырлау » , шықбайтал болу (Есб.) « шетқақпай болу » , қазан болу (Сыр.) « таусылу , біту », шекем  болу (Тоб.) « сақтану , сақ болу ».

«Зат есім + етістік  қылу » үлгісімен алғашқы сыңарға байланысты іс-қимылдың орындалуын білдіретін өнімді құранды етістіктер жасалады: мәтел қылу (Маң.) « кесел жасау, кедергі келтіру », ұры қылу (Қош.) «ұрлық істеу, ұрлау », шырық қылу (Қош.) « басын айналдыру ,мазалау », жер төңкеріс қылу (Кег.) « жер жырту », (Кег.,Сар.) « жер аудару , қонысынан тайдыру », қаза қылу (Ұзын.) « өлтіру », жауыт қылу (Қ. ту) « айтып қою ,айту ». Қанжығалы Райымбек Нұралы мен Баймағамбеттің сөйлескенін Саққұлаққа  жауыт қылыпты ( Қ. ту)  , ежіре қылу (Шу) « келісу , уәделесу », бас қылу (Больш.) «басшылық ету , кеңес беру», мойынтаулық қылу  (Жуа.) «тартыншақтау , ықылассыз болу», тәжіке қылу (Жаңг.) «келеке ету», арт қылу (Ақс., Көкп.) «арқа тұту», тәкіліп қылу (Өзб.) « ұсыныс жасау», парсыша тәклиф «тапсырма, міндет , борыш » (пер. рсл :339), шалдырыс қылу (Қарақ.) «келіспеу», шежде қылу (Арал) .) «намаз оқу», боран қылу (Нар.) жария қылу т.б.

«Зат есім + етістік алу » үлгісімен бірінші сыңарға қатысты іс-қимыл , процестің іске асуын білдіретін өнімді құранды етістіктер жасалады: күн алу (Қош.) «демалысқа шығу», еңбек алу (Түлк.) «еңбеккүн алу», құлағын алу (Маң.) «хабардар болу», наршаны алу (Аман.) «мазалау ,мазасын алу», қапталына алу (Арал) «өз қарауына алу», забыт алу (Жал.,Торғ) «игеру, меңгеру», тын алу (Түрікм.) «тынышталу, демалу»,тән алу (Өзб.) «мойындау», тән алмау (Кег.,Жам.) «мойындамау ,қабылдамау», чендей алмау (Шел.) «жақындай алмау , жете алмау», шеніне алмау (Қыт.) «менсінбеу», қағаз алу (Тал.) «хат алу».

«Зат есім + етістік салу » үлгісімен алғашқы сыңарға қатысты әрекеттің жасалуын білдіретін құранды етістіктер жасалады: сәуір салу (Маң.) «түнделетіп жүру»,түн қату; зиян салу (Арал) «зиян келтіру», шот салу (Түрікм.) «аяқтан шалу», аласат салу (Ырғ.) «бүлдіру , бір-біріне араластыру», үн салу (Абай) «дауыстау»,  Суық хабарды естігенде , атай  үн салып жылады (Абай), өттікке салу (Арал) « базарға апару»,  шыршық салу (Жән.) « арандату, араға от салу». 

«Зат есім + етістік ету » үлгісімен алғашқы сыңарға қатысты әрекеттің жасалуын білдіретін құранды етістіктер жасалады: жантақыл ету  (Жанг.) « тиіп-қашу , тайсақтау», мұхлис ету (Арал)  « айтқанды қабылдау , қайталау» , Ол айтқанды 2-3 рет мұхлис етеді (Арал) , зат етпеу (Есб.) « ештеме етпеу , түк етпеу» , тәрк ету (Орын.)  «бұзбау , зиян келтірмеу», тәсіп ету (Маң.) «бәсекелесу , таласу», (Об.) « мақтау», Тәңір берген жігітке тәсіп етпе (Арал). Сен оны бізге  көп тәсіп етпей-ақ қой (Об.) , күлістік ету (Маң.,Жаңг.) « күлкі ету , мазақтау», дауыс ету (Жам.) «жоқтау , дауыстап жылау», бәс етпеу (Маң.) «бәстеспеу , таласпау».

 

«Зат есім + етістік жасау » үлгісімен бірінші сыңарға қатысты әрекетті аяқтауды білдіретін құранды етістіктер жасалады: жұмыс жасау (Ақт.,Орал, Түрікм.)  «жұмыс істеу , қызмет істеу», уақиға жасау (Абай) .)  «жағдай жасау, әрекет ету , ретін келтіру», машурат жасау (Аман.) «ұйғару».

«Зат есім + етістік қою » үлгісімен бірінші сыңарға қатысты әрекеттің орындалуын білдіретін құранды етістіктер жасалады: бәс қою «салып қалу». Мына ауру аяғыңа бәс қоямын да ойбайлатамын (Ойыл) , шөл қою (Түрікм.) «суармау» , жала қою (Больш.) «жала салу».

«Зат есім + етістік түсу » үлгісімен алдыңғы сыңарға қатысты әрекеттің іске асуын білдіретін құранды етістіктер жасалады: мойнына түсу (Маң.) «мойындату» ,тойға түсу (Түрікм.) «тойға бару», түсел түсу (Түрікм.) «(үйден) адам үзілмеу , көп адам келу», шылан түспеу (Моңғ) «іркітке май түспеу», қайыққа түсу (Там.) «түйенің қаюы», күн түсу (Еңб.) «жай түсу».

«Зат есім + етістік қалу » үлгісімен бірінші сыңарға қатысты қимыл-әрекеттің іске асуын білдіретін күрделі етістіктер жасалады: көзінде қалу (Арал) «көзге түсу» , әнтенде қалу (Көкп.) «құр қалу» ,шерет қалу (Абай) «шүй қалу , жыртылмай  қалу».

«Зат есім + етістік шығу » үлгісімен алғашқы сыңарға қатысты әрекеттің іске асуын , орындалуын білдіретін құранды етістіктер жасалады: үдесінен шығу (Арыс) «аяқтап бітіру ,орындау», чықарға чығу (Ақс., Көкп.) «тысқа шығу», танасы шығу (Тарб.) «тас-талқаны шығу», деңгел шығу (Больш.) «тең шығу, қатар болу», шырпыны шығу (Ұлы.) «жанын салу , бәйек болу», күлпәржі шығу (Түрікм.) «быт-шыты шығу», шекеден шығу (Түлк.) «миды ашыту, басты ауырту , шетіне шығу « елден ерекше болу». Ол адам баласының шетіне шыққан кісі (Арал).

«Зат есім + етістік ашу » үлгісімен алғашқы сыңарға қатысты іс-қимылдың орындалуын білдіретін құранды етістіктер жасалады: көзалақ ашу (Көкп.) «көзі алақтау», үстін ашу (Түрікм.) «әшкерелеу , бетін ашу », күлмәнін ашу ( Торғ.) «сырын ашу , әйгілеу», шау ашу (Қоң.) «дауыс қарлығу».

 

«Зат есім + етістік келу /келмеу » үлгісімен бірінші сыңарға қатысты әрекеттің орындалуын білдіретін құранды етістіктер жасалады:  сасы келмеу (Қарм.) «шамасы келмеу», асқардан келу (Об.) «күтпеген жерден келу», түйдек келу (Еңб.) «топтанып келу», шоласы келмеу (Шел.,Кег.) «шамасы келмеу», қатысы келмеу (Талд.) « түрі , бейнесі келмеу» , шарқаты келмеу (Түрікм.) «шамасы , әлі келмеу».

Бұдан басқа зат есімдер мен етістік ұру , қағу, сұрау, шағу, қайту , таю  тігу т.б. сөздердің тіркесуі арқылы жасалған  бірен-саран құранды етістіктер кездеседі: қадам ұру (Арыс) «қадам басу , адымдау», шөл қағу (Шевч.,Маң.) «шөлдеу , сусау», қатер сұрау (Жән.) «науқастың көңілін сұрау», күн шағу (Маң.) «күн өтіп кету», қажары қайту (Арал) «қарқыны , беті қайту»,тәртіптен таю (Арал) «тәртіпке бағынбау», шынжыр тігу (Өзб.) «кесте тігу түрі».

«Сын есім + етістік болу » үлгісімен бірінші сыңарға қатысты сын-сипатты білдіретін құранды етістік жасалады: айық болу (Қош.) «ашылу , ашық болу». Күн ертең айық болса , чөп жиямыз (Қош.) , сипыл болу (Қош.)

«түк қалмау , жоқ болу», әшкерелі болу (Арал) «белгілі болу», албарлы болу

(Жән.) «әбігер болу», ауа жайлы болу (Волг.) «жүкті болу», арзу болу (Маң.,Сыр.) «ынтық болу», ақиық болу (Арал, Қаз.) «жария болу, таныс болу»,аймандай болу (Қорд.,Кег.) «әшкере болу», мошабай болу (Қарақ.) «шаршау ,қажу», мұралы болу (Қыт.) «жолы болу», шилі болу (Қыт.) «ығыр болу».

Бұдан басқа сын есімдер мен етістік түсу, тарту, жасау, өту, тұру т.б. сөздердің тіркесуі арқылы аздаған  құранды етістіктер жасалады: қиын түсу (Түрікм.) «қиын жағдайда болу», тәуір тарту (Кег.) «сауыға бастау»,күйлі жасау (Түрікм.) «ауқатты тұру», зор өту (Ұзын.) «зорығу», бодамсыз тұру (Больш.) «тәуелсіз , еркін болу».

«Үстеу + көмекші етістік» үлгісімен жасалған құранды етістіктер кездеседі: селкеу қарау (Абай) «немқұрайды қарау», мұқым болу (Ырғ.) «мұқият болу», пақас отыру (Жанг.) «берік , орнықты отыру», салқа жорту (Маң) «бірқалыпты бүлкілдеп жүру», аяқ үстінде жүру (Чап.) «бос жүру», (Маң.) «кепілде болу», тақа біту (Абай) «түк қалмау» т.б.

Еліктеу , одағай сөздер мен көмекші етістіктердің тіркесуінен бірен-саран құранды етістік жасалады: сәлп ету (Арал) «жалп ету», тәйт демеу (Арал) «үндемеу , үн шығармау».

Тараушаның екінші бөлімінде говорлардағы құранды етістіктер , олардың күрделі етістіктерге жақын белгілері талданды. Сөзжасам тұрғысынан  зат есім мен болу , алу , салу , ету, жасау, қою ,түсу, шығу , келмеу етістіктерінің , сын есім мен болу , түсу , тұру етістіктерінің , үстеу мен қарау , болу , жүру т.б. етістіктердің тіркесуі арқылы бірқатар құранды етістіктер жасалғаны анықталды. Басқа сөз таптарының қатысуымен жасалған құранды етістіктер бірен-саран ғана.

Қорыта айтқанда, говорлардағы құранды етістіктер, олардың күрделі етістіктерге жақын белгілерін талдауға тырыстық. Сөзжасам тұрғысынан  зат есім мен болу , алу , салу , ету, жасау, қою ,түсу, шығу, келмеу етістіктерінің, сын есім мен болу , түсу , тұру етістіктерінің, үстеу мен қарау, болу , жүру т.б. етістіктердің тіркесуі арқылы бірқатар құранды етістіктер жасалғаны анықталды. Басқа сөз таптарының қатысуымен жасалған құранды етістіктер бірен-саран ғана.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Ганиев Ф.А.  Образование сложных слов в татарском языке. Москва: Наука, 1982, -150 с.

2. Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. Астана, 2002. -783 б.

3. ПҚТС - Н.Оңдасынов. Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік. Алматы: Қазақстан , 1974. -384 б.

4. ҚТДС - Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. Алматы: Ғылым, 1969. -426 б.; 1 кітап , Алматы: Ғылым, 1996. - 196 б.,  2 кітап , Алматы, Ғылым , 1999. -237 б.