Филологические науки/3.Теоретические и методологические проблемы  исследования языка. 

Rysbaeva G.K.

Kazakh State Women’s Teacher Training University, Almaty

 

Turki halyktarining Ai kultine kurmeti

 

Түркі халықтарының айға, күнге, жұлдызға, суға және отқа құдай деп тағзым етіп, киелі деп табынуы ерте кезден бар. Ш.Уәлиханов: «Айды, мүмкін тәңірі деп түсінген болар, қырғыз (қазақ) халқы ай жаңасын көргенде, қара жерге маңдайын тигізіп бас иеді. Жаз болса, сол маңдайын тигізген жердің шөбін алып, үйіне әкеліп, отқа тастайды» [1;19], – деп жазса, Ғ.Мұсабаев қазақтар туған айды көргенде: «Ай көрдім, Аман көрдім! Ескі айда есірке, Жаңа айда жарылқа!» – деп бата қылып, шөп жұлып, үйдің босағасына тастамаса, айды тотем екенін білмес едік» [2;16], – дейді.  Ал, Батыс Сібір татарлары да жаңа ай кезінде ерекше билеген, дауыстап бата айтқан, хакастар жаңа ай мерзімін игілікті істер істеуге қолайлы кезең деп есептесе, ал, керісінше, алтайлықтар арасында бұл уақытта ешбір істі бастауға болмайды деген түсінік болған. Башқұрт халқында да жаңа айдан жақсылық сұрап, тағзым ететін ғұрып болған [3;150]. Егер осы мезгілде адам қайтыс болса, Айдан әлгі адамға о дүниеде де жақсылық жасауын өтінген. Көпшілік түркі халықтары жаңа туған айға табынса, ал якут халқы толған айға осындай тағзым етіп, келесі толған айға да жақсылықпен жетуін өтінген. Сонымен қатар жеңілденер мерзімі жақындаған якут әйелі өзінің аман-есен босануына құдайдан көмек сұраған.

Кейбір түркі халықтарында ескі ай, ай арасы туралы өзіндік наным-сенімдер болған. Мәселен, алтайлықтардың түсінігінше, ескі ай мен жаңа ай аралығында, яғни ай арасы кезінде ошақтың күлін алуға болмайды, сүтті біреуге беруге тыйым салады. Себебі бұл кезеңде жын-перілер көп болғандықтан, тыйымды бұзғандар бақытсыздыққа душар болады делінген. Дәл осындай наным-сенім қазақтарда да болған. Халқымызда Айға байланысты тыйымдар біршама. Қазақтар айға ұзақ қарап тұрмаған, сескенген, дәрет сындырғанда да бетін «айға» беріп отырмаған, «айды» саусақпен көрсетпеген. Айды қолмен көрсетсе, отбасында жаманшылық болады деген тыйым бар. Әрқашан «айды» құрметтеп ауызға алған. Егер жанар бұрмай қадалса, ондағы кемпір санап қояды да, өмірге қатер төнеді деп жорамалдаған. Халқымыздың нанымы бойынша күн батқаннан кейін, әсіресе айлы түнде үйден сыртқа сүт алып шығуға болмайды. Егер бұл тыйымды амалсыз бұзуға тура келсе, онда сүт құйылған ыдыстың бетін Ай сәулесі түспейтіндей етіп, бір нәрсемен мықтап жабу керек. Ал бұл шарт орындалмай, сүтке Ай сәулесі түссе, малдың (сиыр, бие, т.б.) желіні ауруға ұшырайды деген наным болған. Мұндай пәле-жалаға ұшырамас үшін кейде сүтке шала жанған ағашты салып, үйден шыққан. Шамасы, мұнда оттың құдіретіне сенушілік, сол пәле-жаладан аластайды деген сенім болса керек. Жалпы осындай тыйым өзбектер мен тәжіктерде де бар екен.

Айды тәңір тұтып, киелі тұтыну нанымынан: «Айға қарама», «Айға қарап отырма», «Айды қолыңмен көрсетпе», «Айға ұзақ қарауға, жас нәрестенің бетіне Ай сәулесін түсіруге болмайды», т.б. деп келетін, Ай тоғамына байланысты: «Ай тоғамында көшпе», «Ай тоғамында сапарға шықпа», «Ай тоғамында үй тікпе», «Ай тоғамында келін түсірме», «Ай тоғамында баланы сүндетке отырғызба» деген сияқты тыйым сөздер болған. Этнолингвистикалық тұрғыдан қарастырғанда, қазақтарда: «Ай құлақтанса – аяғыңды сайла, Күн құлақтанса – күрегіңді сайла» дейтін ырым бар. Онысы – Ай қорланса күн жылы болады. Ай шалқасынан туса – қатты аяз болады. Ай қырынан туса – күн жылы болады деп жориды. Осыған ұқсас басқа нұсқасы бар: «Ай қораланса – арысыңды сайла, Күн қораланса – күрегіңді сайла» – Ай қораланғанда қыс қатты болады, тебіндеп жайыла алмайтын малға шөп тасып жеткізу керек, ал ол үшін арысты арба-шанаң қажет, оны алдын ала сайлау керек делінген Айға байланысты «Оғызнама» дастанындағы: «Ай қағанның козу жаріб бодаді, эркәк ооғұл тоғурді» – «Ай қағанның көзі жарқ етіп (ашылып), ер бала туды» деген тіркес сөйлеу тілімізде бар, мәтел іспеттес болып кеткен көне ұғыммен мағынасы дәлме-дәл келеді. Ай жайында Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында да кездеседі: «Ай туғанда кіп-кішкентай болады, Күннен-күнге көтеріліп толады»; «Ай толғанда көзі ашылар әлемнің, Жүзі жайнар жаһандағы әр елдің».

Қазақ халқы ай тәңірі тек жанға ғана емес, төрт түлік малға да әсер етеді деп түсінген. Әдетте, өзінің жақсы көретін немесе киелі деген малдарының мүйізі мен тұяғын айға ұқсатып: «ай тұяқты тұлпарым», «ай мүйізді сиырым», «ай мүйізді қошқарым» немесе «ай мүйізді ақ қошқар», «ай мүйізді көк (ақ) серке», «ай мүйізді, аша тұяқты» деп атайды. «Ай мүйізді, аша тұяқты» – «аша тұяқ» немесе «айыр тұяқ» деп, төрт түліктің ішінде жылқы малынан басқаны айтады; қырғыз тілінде жылқыны «ай тұяқ» дейді. «Ай мүйізді ақ қошқар», «ай мүйізді көк (ақ) серке» – мықты, қуатты деген мағынада. Мысалы: Ай мүйізді көк серке мойнындағы мыс қоңырауын шөпке сүйрете дыңғырлатып қояды /«Қазақ әдебиеті»/. Ай мүйізді ақ серке қойды бастар, жар-жар /«Алпамыс батыр»/. Түркі халықтарының арасында ғұндардан қалған өлең-жырлар да кездеседі:

Ай мүйізді ақ қошқарым сенікі болсын.

Қамыстай тік құлағы бар айғырым сенікі болсын.

Шудалары төгілген қара түйем сенікі болсын.

Төрт түлік малдың тұяғы мен мүйізін табиғаттағы басқа заттарға теңемей, тек айға ғана теңеуі, әрине, халқымыздың айды ерекше құрмет тұтып, одан мал басының амандығын тілеп, табынуымен тікелей қатысты.

Өзбектерде Ай туралы мынадай мақал бар: «Ойни этак билан епиб булмас» – «Айды етекпен жауып болмас» деген мағынада. Қазақтарда да  «Айдың да жартысы жарық, Жартысы қараңғы»; «Ай түнде керек, Ақыл күнде керек»; «Ай жарық – Қоян арық», «Ай туса да соның бағына, Күн туса да соның бағына», т.б. деген сияқты мақал-мәтелдер Айға табынудың бір көрінісі. «Ай ортақ, Күн ортақ, Жақсы ортақ» – ауысыспалы мағынада, аспандағы Ай мен Күннің сәуле-жарығы сияқты, жер бетіндегі игі-жақсы адамдардың жақсылығы мен шапағаты да елдің бәріне бірдей, тең-ортақ, ешкімге жеке-дара бөлініп-бөлшектенбейді.

Айға байланысты фразеологизмдер: «ай тұтылу», «бетін айдай қылу», «ай қарап отыр ма (жүр ме»), «айың оңыңнан тусын», «толған айдай толықсып», «айды аспанға бір шығарды», «оң жақтан айы, сол жақтан күні туды», т.б. наным-сенімге, аңыздарға негізделген. «Айға шапты» – қолынан келмеске ұмтылды.  «Ай тұтылды» – айдың бетін қара көлеңке басты. «Ай мен күндей, әмбеге бірдей» немесе «ай мен күндей, әлемге жарығы бірдей» – асқан сұлу, керемет көрікті. «Айдың бір жаңасы» – жұлдыздың, айдың алғашқы күні. «Ай сүттей жарық» – бұлтсыз, толған айлы түн туралы айтылады. «Айын аспанға шығарды» – көтермелеп, дәріптей мақтап кетті дегенді білдіреді. «Айың оңынан тусын», «алдыңнан күн, артыңнан ай тусын», «алдыңнан ақ күн тусын», «жұлдызың жоғары болсын» деген тіркестер – жолы болды, бақыты ашылды, дегені болды деген мағынада.

Халық ұғымында Айға байланысты фразеологизмдерден де басқа мынадай наным-сенімдер де болған: Жаңа ай туғанда қолға алған іс жақсылық нәтиже береді. Сондықтан айға бата жасап: «Жаңа ай өлгендердің күнәсін кешір, тірілердің тілегін орындап, қуанышына бөлеп, бақытқа кенелт» деп, ауруы бар адамдар өзін аурудан қайғы-мұңнан алыстауын сұрайтын болған. Халық сенімінде қолына сүйел шыға беретін адам жаңа ай туғанда «ай-ау, сүйелімді ал да, қолымды бер» деп тілек тілесе сол тілегі орындалады. Ерте кездегі түркілер, жаңа ай туғанда дені сау адамдардың бетіне қарап, бала-шағам «аман» болсын деп құран оқып, жақсы адамдармен әңгімелесіп, солардың қасиетін қабылдауға тырысқан. Және айға тесіліп қарауға ұрықсат етпеген, егер қараса көз алдына пышақ алмас секілді өткір заттарды ұстаған. Ай таңбасы бағзы замандарда яғни тас ғасырында пайда болған. Айдың таңбалық символикасы мынадай: жарты ай, орақ тәрізді және шеңбер, дөңгелек; өгіздің мүйізі, жылан бейнесі, дөңгелек айна, ру-тайпа аттары. Жарты Ай таңбасы – түнгі жарықтың белгісі және мұсылмандардың қасиетті таңбасы. Ай – халық ұғымында сұлулықтың, нәзіктіктің символы.

Әдебиеттер:

1.      Уәлиханов Ш. Мақалалары мен хаттары. – Алматы, 1949. -170 б.

2.      Мұсабаев Ғ. Қазақ тілі мен грамматикасы тарихынан. -Алматы, 1958. 16-б.

3. Rysbaeva G. Türk Halklarinda Ay ve Güneşe Tapma.//Karadeniz. Türkıye, 2009; №2.150-153 p.