PhD Мустафаева А.А., студент Сатаева
Т.М.
Әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ, Қазақстан
Египетте Мұхаммед Әли билігі
тұсындағы аударманың дамуы
Мұхаммед Әли – Египет билеушісі
(1805 – 1849), 1952 жылға дейін Египетті билеген әулеттің
өкілі. Түркияның Францияға қарсы Египеттегі соғысына (1799 – 1801)
түрік армиясындағы албан жасағының қолбасшысы
ретінде қатысты. 1805 жылы өзін уәли деп жариялап,
түріктер мен жергілікті мәмлүктерді жеңіп, іс
жүзінде тәуелсіз Египет мемлекетін құрды. Ол
Францияға сүйену арқылы, елде реформа (жер, әскер,
ағарту ісі, сауда, т.б. салаларда) жүргізе отырып, барлық жерді мемлекет қарамағына
алды. Елді басқару жүйесін қайта құрып (1816 –
1820), шетел (негізінен француз) мамандарын кеңінен пайдаланды.Египет жастарын
білім алу үшін шетелдерге жіберді. Еуропалық үлгідегі тұрақты
әскер мен теңіз флоты, орта және жоғарғы
оқу орындары, өндіріс орындары ашылып, Египет қайтадан дами
бастады.
Белгілі
қолбасшы Мұхаммед Әли (билік еткен жылдары 1805 –
1849 жж.) тек әскери іс пен мемлекеттік құрылымда
ғана емес, сонымен қатар бүкіл Араб Шығысы үшін
аударма қызметінде реформашы болды, себебі әл-Мамун (билік еткен
жылдары 813-833), әл-Мутауаккил (билік еткен жылдары 847-861), содан
кейін Кордова халифатының билеушілерінен соң (Х-ХІ ғғ.)
Мұхаммед Әли аударма қызметінің дамуына
айтарлықтай үлес қосты. Мұхаммед Әли кезінде
француз тілінен шамамен 445 кітап аударылды, бұл араб тіліне
аударылған туындылардың
55%-ын құрады. Француз тілінен кейін таралуы бойынша екінші
шет тілі - ағылшын болды – одан 67 кітап аударылды, бұл
сәйкесінше 21%-ды құрады, ал кітаптардың
қалған пайызы түрік, парсы, итальян, неміс, копт және
орыс тілінен аударылған туындылардың үлесіне тиді [1,
267-268б.]. Аудармашылар қызметі М. Әли билігінен кейін де
өз жалғасын тапқанымен, келесі кезең мұндай қызу белсенділікпен
ерекшеленбеді. Ұлттық аударма саласының дамуының себебі
- ойы айқын билеушінің бастапқы кезеңде Мысыр
үкіметі үшін қажет болған шетел мамандарын
қолданғысы келмеуінде еді. Бұл жағдай реформалық
саясатты түсініп, елдегі жағдайды бағалай алатын
мамандардың тапшылығымен түсіндірілді. Ар-Рауфтың
айтуынша, «алты айда атқарылатын жұмыс мысырлықтардың
селқостығынан бес жылға дейін созылды» [1, 247 б.]. Дегенмен,
Мұхаммед Әли жүргізген айқын саясаттың
арқасында ғылым мен техника бойынша көптеген еңбектер
араб және түрік тілдеріне аударыла бастады. Мұнда
мысырлықтардың еуропалық білім алу жүйесі маңызды
рөл атқарды, нәтижесінде Египеттің көптеген
азаматтары білім алу мақсатында Еуропа елдеріне барды. Бұл
мамандарға қойылатын негізгі талапшетелде алынған білімді
өз елінің дамуында қолдану болды. Олардың
тәжірибесі білім саласында, негізінен, жергілікті үйренушілерге
алынған білім мен машықтарды үйретіп, шет тілдерінен түрлі
еңбектерді аудару арқылы пайдаланылды. Мұхаммед Әли
Италияға 1809 және 1813 жылдары екі рет сапар жасап,
нәтижесінде Египетте баспа, кеме жасау ісі дамыды және әскери
істе итальян машықтары қолданылды. Бұл өз кезегінде
терминологияның дамуына әкелді.
Аталмыш екі сапар
әскери, теңіз-құрылыс саласында терминдер
құрастыруға және кітап басу арқылы ақпарат
таратуға итермеледі. Мысыр реформаторы араб тіліне аударуға
көптеген еңбектер және кейіннен көп таралыммен
Египеттің түрлі аймақтарына кітаптардың таралуында
негізгі құралға айналған баспа
құрылғысын әкелді. Кейін Мұхаммед Әли білім
берудің жергілікті ошақтарын құра бастады.
Солардың бірі – медициналық мектеп құрылысы,
мұнда итальяндықтар мен француздар жұмыс істеді, ал тілдік
мәселелермен, оның ішінде сабақ кезіндегі аудармаға
аудармашыларды таңдау және іздеу жұмыстарымен француз
дәрігері Антуан Клот айналысты. Мұхаммед Әли өтініші
бойынша Клот Мысыр армиясында медициналық басқарма
ұйымдастырды және өмірінің көп бөлігін
Мысырда өткізді. Ол Мысырдың дамуына айтарлықтай үлес
қосқандықтан, оны «Клот-бек» деп атады (бек – «мырза»
мағынасындағы түркі сөзі). Клот-бек
басқарған медицина және фармацевтика факультеті араб тіліне
медицинаның түрлі саласы бойынша 86 кітап аударды. Мұхаммед
Әли билігі кезінде басқа да медициналық аудармашылар болды,
солардың бірі жарақаттардың түрлері бойынша кітап жазып
аударған Мұхаммед Әли ал-Бакли. Клот-бек аудармашыларына
Еуропа ұстаздарының дәрістерін дәйекті түрде
аудару оңайға соқпады, себебі олар аударманың
көптеген мәселелеріне, атап айтқанда медициналық
терминдер аудармасына тап болды. Мұндай дәрістер кезінде
терминдердің мағыналық бұрмалануы мүмкін
болғандықтан, Мысыр үкіметі алдында арнайы тілдік мектептер
ұйымдастыру қажеттілігі тұрды. Осындай мектептердің бірі
Аудармашылар мектебі болды, мектепті 1837-1849 жылдар аралығында
мысырлық ағартушы, жазушы әрі қоғам
қайраткері Рифаа Тахтауи басқарды. Ол еуропалық білім алып
(1826-1831) Франциядан келген соң, бес жыл көлемінде оқитын
жиырма студентке аудармадан мұғалім болды. Содан кейін
олардың он екісі медициналық мекемелерде, сонымен қатар медициналық
мектепте аударма жасау мақсатымен Францияға медициналық
тәжірибеге жіберілді. Аталмыш тәсіл нәтижелі
болғандықтан, осы бағдарлама аясында басқа да мектептер
ашыла бастады. Фармацевтикалық, теңіз, әскери,
математикалық мектептер ашылды, бұл мектептердің
мұғалімдері Аудармашылар мектебіне түске дейін екі
сағат, түстен кейін екі сағат барып тұрды. Терминдер
аудармасының мұндай тәсілі түрлі ғылымдар мен
салалардың дамуында айтарлықтай маңызды рөл
атқарды. Білім берудің ұлттық аясын дамыту мен
Мұхаммед Әли басшылығындағы қызметкерлерді
дайындау мақсатында 1843 жылы Корольдік басқарма мектебінің
негізі қаланды. Мұнда Мысырдың мемлекеттік
аппаратындағы қызметке зиялы түлектерді дайындау үшін
әдеп, мәдениет және аударма сабақтарына
көңіл бөлінді. 1835 жылы Аудармашылар мектебі араб,
түрік және француз тілдері, сонымен қатар география,
арифметика, тарих секілді тілдік емес пәндер оқытылған Тілдер
мектебіне айналды. Аудармашылар мектебінің (шамамен 150 шәкірт),
кейіннен Тілдер мектебінің ұстаздары мен шәкірттері
ғылымның география, тарих, әдебиет, медицина, әскери іс
өнері, өндіріс және т.б. салалары бойынша 2000 кітаптар мен
трактаттарды араб тіліне аударды. Р.
Тахтауи Парижде таным негіздері, географияға, геометрияға,
салауатты өмір салтына кіріспе және т.б. бойынша 12 кітап пен бір
трактат аударды. Ол батыс жетістіктері жайлы ақпараттарды алуда негізгі
құрал аударма екенін жақсы түсінді. 1841 жылы Рифаа
Тахтауидің басшылығымен Тілдер мектебінің түлектерін
қабылдайтын Аударма бюросы ашылды (толығырақ [1, 227-310б.]).
Алайда
Мұхаммед Әли билігі 1849 жылы аяқталған соң
Тілдер мектебі жабылды, ал Аударма бюросы екі бөлімшеге бөлінді:
араб тілінен және араб тіліне аудару, түрік тілінен және
түрік тіліне аудару. Аударма мектебі жабылғандықтан, Аударма
бюросы өз кадрларын шет тілін білетін маман-түлектермен
толықтыра алмады. Тілдер мектебі өз қызметін тек 1951 жылы
қайта бастады, алты жылдан кейін ол Жоғарғы тілдер мектебіне,
ал 1973 жылдан бастап Каир қаласындағы Айн-Шамс
университетінің күні бүгінге дейін араб және шет
тілдерін үйретіп келе жатқан Тілдер факультетіне айналды.
Аударма түрлі
еңбектермен танысып ақпарат алуда бірден бір құрал
екенін жақсы түсінген Мұхаммед Әли Мысырда
ұлттық аударма саласын дамытты. Аударманың дамуы Мысыр
халқына шетел жетістіктерімен танысып, игеруге мүмкіндік берді.
Шетелге барып білім алу, алынған білімді жергілікті халыққа
үйрету, білімнің жергілікті ошақтарын құру,
ұлттық кадрлар даярлау секілді Мұхаммед Әлидің
жүргізген саясаты
ғылымның түрлі салаларының әрі
терминологияның дамуына жол ашты. Мұхаммед Әлидің
билігі кезінде ашылған Аударма мектебі бүгінгі күнде
үлкен оқу ордасына айналып, сапалы білім беруде.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. محمد
عونى عبد
الرءوف. تاريخ
الترجمة
العربية بين
الشرق العربى
و الغرب
الاوربى. –
القاهرة:
مكتبة الاداب,
2008-419 ص
2. Мустафаева А.А. Арабская
терминология в области информатики. Научное издание. Монография – Семей: Интеллект, 2013.
– 208с.
3. Суперанская А.В.,
Подольская Н.В., Васильева Н.В. Общая терминология:
Вопросы теории. –
М.: Наука, 2003. – 248с.
4. Белкин В.М. Арабская
лексикология. – М.: Наука, 1975. – 200с.