Нурсеитова А.А.

А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің    аға 

оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі.

 

Ұлттық-мәдени сипаттағы фразеологизмдердің семантикасы

(Ш.Құдайбердиев шығармалары негізінде)

      Ұлттың рухани дүниетанымын, салт-санасын, ұлттық  мінезін өн бойына жиып, сан ғасырлар өтсе де санадан  өшпейтін ұлт тіліндегі асыл қазыналардың бірі – фразеологизмдер. «Фразеологизмдер – сандаған жылдар мен ғасырлардың қазынасы, бұл, бір жағынан, екінші жағынан, ол – жеке қаламгердің табысы, еңбегі, ізденісі, Фразеологиялық тіркестер – семантикалық шоғырлар, яғни жеке сөз мағыналарының бір-бірімен түйісуінен туған жаңа мағыналық дүниеліктер. Демек, белгілі бір қаламгердің жалпы тілдік қазынасы және көркемдік байлығын зерттеуде оның фразеологиясын тауып тану ерекше орын алады». [1,95 б]

     Әрбір ұлттың және халықтың өзіне тән болмыс-бітімі, салт-дәстүрі, материалдық және рухани мұралары, ұлттық ерекшелігі – сол халықтың тарихи даму жолының көрінісі.    

       В.Н.Телияның көрсетуі бойынша кез-келген тілдер жүйесіндегі фразеологизмдер мәдени белгілердің экспоненттері ретінде қабілетті екендігін, фразеологизмдердің ұлттық-мәдени дүниетанымға синхронды түрде еніп қана қоймай, оның фрагменттерін ұрпақтан ұрпаққа табыстаушы ретінде жеке тілдік тұлғаның, сондай-ақ тілдік ұжымның дүниетанымын қалыптастыруға қатысатынын айтады [2,35].

      Фразеологизмдердің ұлттық-мәдени ерекшеліктерін қарастыру барысында фразеологиялық аспектідегі «бір ұлт өкілдерінде бірыңғай ұлттық сана-сезім құрылымы» концептісін талдау мәселелері алғашқы орынға қойылады.

      Фразеологизмдердегі ұлттық нышанды анықтаудың тіл білімінде бірнеше жолы бар: 1) Бір тілдің ұлттық-мәдени болмысын екінші бір тілдің ұлттық-мәдени болмысымен салыстыру арқылы анықтайтын – салыстырмалы тәсіл; 2) Бір тілдің ұлттық-мәдени нышаны сол тіл иелерінің көзқарасымен қарастырылатын, яғни өзіндік талдау, өзіндік бақылау жүзеге асырылатын – интроспективті тәсіл.

      Осы тұрғыда мәдени коннотация фразеологияның ең маңызды компоненті болып табылады. Бұл – жеке бір халықтың, ұлттың нышаны. Мәдени коннотация фразеологизмдердегі ассоциативтік-бейнелік негіздердің интерпретациялануының нәтижесінде туады, ол ұлттық-мәдени стереотиптермен сәйкестендірілуі арқылы жүзеге асады.

           Әрбір суреткер тілді қолдануда сол тілдің негізінен, дәстүрінен қол үзбейді және автор тұлғасы көркем шығарманың мазмұндық құрылымында идеялық-эстетикалық позициясын танытумен ерекшеленеді. Шәкәрім шығармалары образды, ұлттық ерекше белгілері сайрап тұрған фразеологизмдерге өте бай. Олар мал шаруашылығына байланысты туындаған, қазақтың салт-дәстүрінен көрініс беретін, қазақтың ас-тағам дәстүрінен көрініс беретін, қазақтың үй әбзелдері мен жиһаздары атауларының қатысуы арқылы жасалған фразеологизмдер бойынша фреймдер түрінде келеді. Мысалы: Қынаптан суырған,қанжардай қасың бар.[3.44] «Сынық ине, сыдырым таспа» деген, мирас боп кейінгіге соның қалды; Ақселеу мініп, Қылаңнан киіп[3.26]; Бие байлап, қой сауып, Буаз малдан төл өсті [3.88 ]; және т.б.

 Халықтық жыр-толғаулардағы қасиеттерді Шәкәрім ақын «Ескі ақындық» атты өлеңінде әсем өрнекпен бедерлеп,  бүкіл жыраулар поэзиясының болмысын ашады. Жыраулық поэзия табиғатына тән қыранның ұшқаны, ақ бөкеннің желісі, тұлпардың жүрісін, сағымдай желдің құбылуын жыраулар дәстүрінен үзілмеген алтын арқауды дәлелдейді: Ойлай келсек, ескі жыр,Салады тұлпар жүрісін,  Міне, байқа мұнысын.Кейде жорға, кейде жел,Бұлдыр қағып асар бел [3. 141 б.].

     Фразеологизмдердегі сөз-компоненттер адам санасындағы мәдениеттің тақырыптық кодтарының жүйесімен сәйкестендіріледі. Мәдениет кодтарында аталған компоненттің мәдени мағынасын іздеу жүзеге асады, олардың мәдениеттің вербалды белгілері ретіндегі тұрақтылығы мен маңыздылығы дәлелденеді. Тарихи деректерді негізге ала отырып, жаңа көркем дүние жасауды, халыққа ой салуды көздеген Шәкәрімнің қайсы бір эпикалық шығармасы болмасын танымдық қуатымен ерекшеленеді.

Ақылдың кей іс жауы, кей іс досы, Бұл екі істен болмайды өмір босы.

Досынды - жау, дұшпанды дос көрсетіп Көзді байлап нәпсінің қылғаны осы. Бұндағы «досыңды - жау», дұспанды дос керсетіп, көзді байлап нәпсінің қылған осы» деген жолдар, ақын өзі аңдатып отырған ойды түйіндеген. Қазақтың қазақты жау көріп бір-бірімен қырқысып ұсақталуы, іштей ұстасуы, зара жерге таласуы «көзді байлап, нәпсіге бой алдырғанын» астарлап көрсетеді. Сондай-ақ ақын әдеттегі «ынсап», «нәпсі» ұғымдарына да жаңаша мән-мағына үстейді: «Нәпсi үйiнде байлаулы Ынсап жатыр, Мұның емiн, тегiнде, сол аша алған [3.50 б.]. Яғни нәпсiнi тұсаулайтын – «ынсап». Өзiнiң iшкi жаман әрекеттерiне тосқауыл қоя алмаған адам нәпсiсiне де тосқауыл қоя алмайды. Ынсап, ұят, ар, сабыр, мейiрiм, талап сияқты тағылымды қасиеттердi дамыту арқылы нәпсiге тежеу салады.  Ақынның дерексіз заттарға жан бітіріп кейіптеуі – оның негізгі көркемдік жетістіктерінің бірі.

Ұлттық мәдениеттен көрініс беретін де – зара жер мен нәпсі лексемасы. Айта кететін жайт, фразеологизм бойындағы бейнелі-уәжді компонент мәдениет аясында интерпретацияланған кезде мәдени коннотацияны туғызады.

   Ұлттық тіл семантикасында бекіген образдар жүйесі тілдегі мәдени ақпараттың негізі болмақ. Нәтижесінде мәдени кодтар мәдени ұлттық коннотация мазмұнын құрайды. Осындай мәдени коннотациялар Шәкәрім қолданысындағы фразеологизмдерде, олар қолданылатын мәтін мағынасына да қажетті мәдени сипат береді.

       Демек, коннотацияның пайда болуына ұлттық-танымдық стереотиптер, ассоциациялар күшті негіз бола алады. Коннотациялар бағалаушы рөлінде келіп, әлем бейнесін құрайтын тілдің ұлттық ерекшелігін айқын байқатады. [4.50]

      Шәкәрім жаңашылдық дегенде, қазақтың қасиетті сөз өнерінде бар жауһар теңеуден, аталы сөзден қашпаған. Ретін тауып өз поэзиясында тұрақты тіркес, фразеологизмдерді шебер қолданған: «Адал десе тік тұрар төбе шашы [3, 82 б.]; «Айта алмайсың дұрысын, Ала аяқ бәрің ұрысың» [3,149 б.]. Тұрақты тіркестер поэтикалық тілдің қуатын байқататын көркемдік элемент. Шәкәрім лирикасының тілінде қолданылған тұрақты сөз тіркестері көпшілігі жалпыхалықтық тілдік элементтер. Мысалы, Шәкәрім жұмсаған буыны құру, қас қараю, қабағынан қар жауу, көңілі басылу, үмітін үзбеу, көңілі толу, жүз құбылу, соққы жеу тәрізділер жылдар бойы қалыптасқан халықтың тұрақты тіркестер поэтикалық тілдің қазынасы болады. Шәкәрім көбінесе қазақ тіліндегі тұрақты тіркестерді мағынасына жалғастыра өз ой түйдегін тұжырымдап тізіп, мақал мен мәтел тәріздес қанатты сөз тізбегін де жасайды. Мысалы: «Жылы-жылы сөз айтса, Жылан інінен шығады. Қатты сөзбен бет қайтса, Надан дінінен шығады» [3,146 б.] деген тұрақты тіркестің өлеңдегі қолданысында пайда болған бұл жердегі өзгерісі ақынның айтпақ идеясын дәл, әрі әсерлі етіп беру үрдісінен шыққан.                                                                    Фразеологизмдегі ұйытқы сөздердің табиғаты туралы Ә.Болғанбаев пен Ғ.Қалиев: «Тілдегі кез  келген сөз фразеологизмдерге ұйытқы сөз бола алмайды. Халықтың өзімен қоса жасасып келе жатқан байырғы сөздік қордағы сөздер ғана ұйытқы сөз бола алады. Сөздің сапа жағынан қаншалықты дамығандығын көрсететін бірден-бір белгі оның көп мағыналық сипатта болып, туынды мағынада жұмсалып, әлденеше фразеологизмдерді тудыруға себеп болуында», - дейді. Яғни фразеологиялық қордағы ұйытқылық қызметі анықталу үшін белгілі бір лексема, әдетте есім сөздер, әсіресе, зат есімдер, бір не екі-үш фразеологиялық тіркеске емес, ондаған, тіпті жүздеген фразеологизмдерде жетекші компонент болып ұйытқылық рөлі анық көрініп тұруы тиіс.[4.52.]

        Қорыта айтқанда,  қазақ ұлты өзіне тән ұлттық табиғатымен айрықшаланады. Әрбір ұлттың таным үрдісі мен рухани құндылықтарды қабылдау, зерделеу, тұжырымдау өрісі болады десек, жоғарыда келтірілген деректерден біздің ұлтымыздың дүниетаным ерекшелгі ақын поэзиясында кеңінен көрініс табады деуімізге негіз бар. Оның ішінде ақын шығармашылығы көркемдік құны жоғары, ұлттық-дүниетанымдық сипаты мол қазына   деп біліміз. Шәкәрімнің жеке табысы, еңбегі, ізденісі іспетті теңеулері ұлттық сипатты айқындаушы фразеологизмдер қатарына қосыла алатын рухани құндылықтар. Ақынның фразеологизмдерді жаңартып жұмсау тәсілі, халық тілі үлгісімен жасалған, өз қаламынан шыққан қанатты сөздері қазақтың ауыз әдебиеті тілімен ұштасып жатқандығын дәлелдейді және қазақ фразеологиясын байытуға қосқан үлесі болып саналады.

                           Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Сыздық Р. Абайдың сөз өрнегі. – Алматы, 1995 -  95б

2.Телия В.Н. Культурно-национальные коннотации фразеологизмов// Славянское языкознание. ХІ международный съезд славистов. М., 1993.-308б.

3.Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары: Өлеңдер, дастандар, қара сөздер. Құраст. М.Жармұхамедов, С. Дәуітов, [А.Құдайбердиев]. – Алматы: Жазушы, 1988. – 559 б.

4. Қасым.Б.Қ. Сөзжасам, семантика, уәждеме. Оқу құралы. –А., 2003, 167 бет