Маңғазқызы Жанна

 

Қазақстан Инновациялық Университетінің 1 курс магистранты

 

СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕ МЕМЛЕКЕТ ИММУНИТЕТІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Халықаралық байланыстардың, оның ішінде сыртқы экономикалық байланыстардың терең дамуы мемлекеттің әртүрлі құқық қатынастарға белсенді қатысуына әкелді. Осы құқық қатынастар екі түрлі сипатта болады. Біріншіден, мемлекет билік субъектісі ретінде болады, яғни бұл қатынастар жария-құқықтық сипатта болады; екіншіден, мемлекет жеке-құқықтық қатынастар субъектісі болады.

Егемендік - әрбір мемлекеттің ажырамас қасиеті. 1975ж. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі Кеңесте Еуропаның даму жолдары туралы пікір-таласына белгілі бір қорытынды жасалды. Хельсинки Кеңесі мемлекеттердің қарым-қатынасы дербес теңдік, дербестікке тән құқықтарды қорғау қағидаларына негізделулері қажет екендіктерін растап берді.

Егеменді (дербес) теңдік қағидасы қарама-қайшы қоғамдық жүйелері бар мемлекеттердің тең құқықтарын мойындауды білдіреді. 1975ж. Қорытынды Актіде егемендікке тән құқықтардың толық тізімі берілмеген. Құжатта әлемдік бірлестіктің қауіпсіздігі үшін аса маңызы бар бірнешеуі ғана көрсетілген.

Ең алдымен, егеменді теңдік элементтерінің бірі - әрбір мемлекеттің заңи теңдік құқығы аталған. Егеменді теңдікті мойындау, мемлекеттердің тәуелсіздігін құрметтеу - мемлекеттердің әлемдік аренада бейбіт қатар өмір сүру саясатының басты элементі болып табылады. Осы қағиданы халықаралық құқықтың негізгі қағидалар жүйесіне енгізу бейбітшілікті сүйетін күштердің халықаралық қауіпсіздік үшін күресінің үлкен жетістігі болып есептеледі. Қазіргі заманның басты мақсаты - осы қағидалардың халықаралық проблемаларды шешу барысында сақталуын қамтамасыз ету. Бұл қағиданы халықаралық құқықта «тең алдында тең билік көрсете алмайды» деп атайды [1].

Егеменді (дербес) теңдік қағидасының негізі мемлекеттің иммунитеті. Әлемдік заң әдебиеттерінде және тәжірибеде мемлекет иммунитетін абсолюттік және шектеулік (функционалдық) деп бөледі. Абсолюттік иммунитет – бұл барлық егеменді мемлекеттерге және оның барлық қызметіне таралатын иммунитет. Мемлекет иммунитетінің бірнеше түрі бар.

Ерекше атайтын иммунитет, заңнама күшіне бағынбау иммунитеті, яғни бір егеменді мемлекет екінші егеменді мемлекеттің заңнамасына бағынбайды, мемлекет өз қызметін ішкі заңнамаға және халықаралық құқық нормаларына сәйкес жүзеге асырады.

Мемлекет иммунитеті халықаралық құқықта көбінесе мемлекеттің және оның бағынышты органдарының басқа мемлекеттің билігіне бағынбауы түрінде түсіндіріледі. Осы жағдайда, мемлекет иммунитетіне сот иммунитеті, алдын ала қамтамасыз етуден иммунитет және орындаудан иммунитет кіреді [2].

Сот иммунитеті мемлекеттің басқа мемлекет соттарына сотты еместігін көрсетеді, яғни сотта шетел мемлекетіне қарсы талап берілмейді, ал егер мұндай талап қозғалса, ол қаралмай тасталуы керек.

Жеке тұлға өзінің мемлекетіне дипломатиялық келіссөздерді шетел мемлекетімен жүргізуге ынта білдіруі мүмкін. Бұл жағдайда дауды шешу халықаралық құқық қағидаларына сәйкес жүзеге асуы тиіс. Көбінесе жеке және заңды тұлғалар мемлекетпен келісім-шарт жасасқан кезде шартта аралық сот (арбитраж) жөнінде жағдайды көздейді (аралық сот (арбитраж) жөнінде ескерту). Бұл жерде де міндетті түрде нақты анықталған мемлекет келісімі қажет.

 Алдын ала қамтамасыз етуден иммунитет деп шетел мемлекетіне талап болған кездің өзінде, мемлекет шетел мемлекетінің мүлкіне мәжбүрлеу шараларын (мүлкін арестке алуға, банктағы қаражаттарына қол жеткізуге тыйым салуға т.б.) қолдануға құқығы жоқтығын айтамыз. Тек шетел мемлекетінің нақты анықталған келісімі болған кезде ғана алдын қамтамасыз етудің шараларын қолдану мүмкін болады.

Орындаудан иммунитет деп мемлекетке қарсы шығарылған шешім оның келісімсіз мәжбүрлеп орындалмауын айтамыз. Мәжбүрлеп орындауды қолдану тек мемлекеттің нақты анықталған келісімі болған кезде ғана мүмкін болады.

Сонымен, иммунитеттің қарастырылған түрлерінің мазмұны процестің жеке сатыларымен байланыста және әртүрлі. Сонымен қатар, иммунитеттің үш түрі бір-бірімен тығыз байланысты. Олардың байланысы мемлекет егемендігінің қағидасынан шығады. Араларындағы теңдік және мемлекеттердің тәуелсіздігі – иммунитеттердің барлық түрлеріне негіз.

Мемлекет және оның органдарының иммунитетімен қатар, заң әдебиеттерінде иммунитеттің жеке түрі ретінде мемлекет меншігінің иммунитеті табылады. Мемлекет меншігіне ешкімнің қол сұғуына құқығы жоқ, яғни ол меншік иесінің келісімінсіз мәжбүрлеп алына алмайды (арестке т.б.), оны шетел аумақта мәжбүрлеп ұстауға болмайды; ол басқа мемлекеттің және оның органдары мен жеке тұлғалары тарапынан талан-таражға салынбауы тиіс.

XX ғасырда шетелдік заң әдебиеттері мен практикасында мемлекет иммунитетін шектеуге бағытталған пікір орын алған. Осы теорияға сәйкес «функционалдық иммунитет» деп – мемлекеттің кейбір функцияларына ғана таралатын иммунитетті айтамыз, яғни мемлекет иммунитеті тек саяси билік субъектісі ретінде әрекет жасаған кезде ғана танылады (тек мемлекет өзінің егемендігі атынан ғана қызмет атқарған кезде танылады). Егер шетел мемлекеті азаматтық айналымда сыртқы сауда мәмілелерін жасасу кезінде өзінің флотын сауда мақсатында пайдаланса, онда ол осы мәмілеге қатысты иммунитетті қолдана алмайды. Мұндай жағдайда мемлекетке мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін. Сонымен, бұл теория егеменді мемлекеттерді заңды тұлғалар жағдайына қояды. Шетел мемлекетінің әрекеттері заңды тұлғалардың әрекеттері сияқты сот қарауына жатады.

Бұл теория бірнеше халықаралық келісімдерде бекітілді, бірақ кеңінен қолданылмайды. 1926 жылдың 10 сәуірінде Брюссельде мемлекеттік теңіз кемелерінің иммунитетіне қатысты кейбір ережелерді унификациялау туралы конвенцияға қол қойылды. Брюссель конференциясына Бельгия, Ұлыбритания, Венгрия, Голландия, Германия, Дания, Испания, Италия, Норвегия, Польша, Румыния, Франция, Швеция, Югославия, Жапония мемлекеттері қатысты. Бұл конвенцияның мағынасы мемлекеттің меншігіндегі кемелер жүк тасымалдағанда жеке тұлғалар сияқты жауапкершілік режимін және міндеттемелерді көтеретіндігінен көрінеді, ал әскери кемелерге, мемлекеттік яхталарға және жария қызметтерді жүзеге асыратын сауда емес, қорғау, қамтамасыз ету т.б. кемелерге мемлекет иммунитеті таралады. Бұл конвенция тек оған қосылған мемлекеттерге ғана заңды күшінде болады. 1926 жылғы конвенция 15 мемлекетпен 2 Дүниежүзілік соғысқа дейін ратификацияланды, ал 1955 жылы оған Греция мен Франция қосылды. 1953 жылы Польша конвенциядан бас тартты.

Халықаралық актілерде функционалдық иммунитет теориясын бекітудің келесі қадамы - Еуропалық Кеңестің шегінде мемлекеттік иммунитет туралы Еуропалық конвенцияның қабылдауы табылады. Бұл конвенция Базелде 1972 жылдың 5 мамырында қабылданып, 1976 жылдың 2 маусымында Австриямен, Бельгиямен және Кипрмен ратификацияланғанннан кейін күшіне енді. Конвенцияда мемлекет азаматтық-құқықтық қатынастардың қатысушы бола тұра, сот иммунитетіне жүктелуге құқығы жоқ жағдайлар көзделген (1-14 баптар), ал басқа жағдайларда мемлекеттік иммунитет танылады (15 бап).

Осыған ұқсас заңдар Канадада (1981 ж.), Пәкістанда (1981 ж.), Сингапурда (1979 ж.) және ОАР (1981 ж.) қабылданды. Қазақстан Республикасында осындай заң қабылдау қажеттігі өмірдің желісі. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан одақтық жартылай тәуелді мемлекеттен егеменді мемлекетке айналды. Осы уақыттан Қазақстан Республикасының толық халықаралық құқықсубъектілігі басталады. Қазақстан Республикасы кең сыртқыэкономикалық байланыстарды жүзеге асырып келеді, сондықтан мемлекеттік иммунитет туралы заңды қабылдау мемлекеттің халықаралық қатынастардағы тұрғысын толық бекітеді.

Сонымен, тағы бір атайтын жайт, мемлекетке тиесілі иммунитет оның органдарына да (министрліктерге, ведомстволарға, тағы басқа мемлекеттік мекемелерге) таратылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1  Т. Бегишев. Инструменты государственного регулирования внешнеэкономической деятельности РК.  Вестник КазГУ. Серия экономическая. Алматы, 1998, № 10.

2  Щебарова Н. Государственное регулирование: соотношение свободы торговли и протекционизма // Мировая экономика и международные отношения. - 2003. - №3.