Право/9.Гражданское  право

 

Амантай А. "Экономикалық қатынастарды құқықтық реттеу" кафедрасының аға оқытушысы, заңтану магистрі

Рахымжан Е.М. "Заңтану" мамандығының 4 курс студенті

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан

 

САҚТАНДЫРУДЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Әлемдік практикада сақтандыру нарығы мемлекеттік (ұлттық), аймақтық және халықаралық сақтандыру нарығы түрлеріне бөлінеді. Ұлттық сақтандыру нарығы елдің заңнамасымен реттеледі. Аймақтық сақтандыру нарығы (Мысалы, ЕҚ, араб елдері шеңберінде) не жалпы заңнама негізінде немесе тиісті сақтандырушылардың келісімдері негізінде жұмыс істейді. Халықаралық сақтандыру нарығы әдетте, сақтандырушы елдердің сыртқы экономикалық ынтымақтастығымен байланысты түрлері бойынша қалыптасады. Сақтандырудың мұндай түрлерінің ғаламдық мәселелерін шешу үшін одақтар (қауымдастықтар) құрылады, Мысалы, Халықаралық теңіз сақтандыруы одағы (1874), Халықаралык әуе сақтандырушылары одағы (1934).

Сақтандыру нарығы - сақтандыру бойынша қызметтер көрсету саласы, яғни сақтандыру қызметтерін көрсетуге сұраныс пен ұсыныстың қалыптасу аясы. Көрсетілетін тиісті қызметтерді ұсынатын түрлі сақтандыру ұйымдары (сақтандырушылар) арасындағы, сондай-ақ сақтандыруға мұқтаж заңды және жеке тұлғалар арасындағы қатынастарды көрсетеді. Сақтандыру нарығы тәуелсіз сақтандыру ұйымдарының сақтанушыларды тарту, ақшалай қаражатты сақтандыру қорларына жұмылдыру үшін бәсекелесуін көздейді.

Сақтандыру қызметі ХVII ғасырда лондондық Эдвард Ллойдтың дәмханасында бастау алған деп саналады. Дәмханадан теңізге шығып оралмаған кемелердің салдарынан зиян шеккен саудагерлер кездесетін. Кемелер және олардың командалары жиі – жиі теңіз қарақшыларының құрбаны болған. Сөйтіп саудагерлер кемелердің жойылуы немесе жоғалуы жағдайында кемені экспедицияға жіберген саудагердің шығынын қалған саудагерлер арасында өзара үлестіруді шешеді. Бұл үшін олар экспедицияға мүлік құнынан төлемдерді ерекше қорға аударуға келіседі. Осы қордан шығынға түскен саудагерге көмек көрсететін [1, 2б.]. Міне, осылай, қазіргі түсініктегі сақтандыру пайда болған, алайда өзара көмек қажеттігі адамдармен ерте заманнан сезілген.

Біз жеке ел болып тәуелсіздігімізді алғаннан кейін, бұрынғы коммунистік жоспарлы экономиканың орнына нарықтық қатынастар келгеннен кейін Қазақстанда сақтандыруды дамытудың қажеттілігі туындады. Кәсіпкерліктің дамуы тиісінше тәуекелдердің өсе түсуіне әкелді, олар іскерліктегі әріптестердің сенімсіз болып шығуы, нарықтағы бағалардың (құндылықтар) кенет өзгеріп кетуіне, шарт бойынша әріптестердің банкротқа ұшырауына байланысты болуы мүмкін шығындар болды. Өз кезегінде бұл сақтандырудың дамуына қосымша түрткі болды. Уақыт ағымында мұндай қажеттілік азаймайды, керісінше азаматтар мүліктік жағдайы жақсаруының және кәсіпкерлік дамуының салдарынан сақтандырудағы қажеттілік одан әрі өсе түседі.

Халықтың әлеуметтік тұрақтылығы, оның әлеуметтік қорғалуы кез келген мемлекеттің экономикасының өркендеуі мен қазіргі заманғы демократиялық қоғам дамуының ажырамас бөлігі болып табылады. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы әлеуметтік қамсыздандыруға жауапкершілікті бөлуді қарастыратын халықты әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі құрылды. 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қорғаудың қосымша түрі ретінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілді.

Мемлекет басшысы биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік саланы дамытудың 2050 жылға дейін басты бағдарлары нақты индикативті цифрларда көрсетілген. Біз ішкі жалпы өнім көлемін жан басына шаққанда 4,5 есе – 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыруымыз керек. Қазақстан халық құрылымында орта тап үлесі басым елге айналады. Урбанизацияның жаһандық үрдісіне орай қалалық тұрғындар үлесі барлық халықтың қазіргі 55 пайызынан 70 пайыздай деңгейге дейін өседі деп нақтылап, әлеуметтік жағдайдың күн тәртібінде тұрғанын көрсетті [2].

Сақтандырудың жекелеген түрлеріне тоқталсақ, «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» 2003 жылғы 25 сәуірдегі № 405-ІІ Қазақстан Республикасының заңына сәйкес зейнетақы төлемдерін алушыларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және оның аумағында табыс әкелетін қызметтi жүзеге асыратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қоса алғанда, қызметкерлер, өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адамдар мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруға жатады [3].

Міндетті әлеуметтік сақтандыру – азаматтарды еңбек ету қабілетін жоғалтуына және жұмысынан айырылуына, сондай-ақ асыраушысынан айырылуына байланысты кірістің бір бөлігін өтеу үшін мемлекет ұйымдастыратын, бақылайтын және кепілдік беретін шаралардың жиынтығы, азаматтарды әлеуметтік қорғаудың мемлекет жүзеге асыратын нысандырының бірі. Алайда бұл екі жүйенің арасындағы айырмашылық азаматтардың еңбек қызметін қатысты және еңбекке жарамсыздар үшін қорларды қалыптастыру әдістерімен қаланған.

Бізде халық әлеуметтік сақтандыру жүйесінің пайдасы туралы әлі де толық білмейді. Шетелде – сақтандыру дегеніміз тұтастай мәдениет. Яғни, жоғары жалақы алатын адамдар өздерінің алдағы өмірін лайықты табыспен қамтамасыз еткілері келеді, сондықтан да сақтандыру компанияларына шарт жасасу үшін ерікті түрде жүгінеді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін шарт бойынша аударған қаржысымен өзін қаншалықты қамтамасыз етсе, сонша зейнетақы алатын болады. Демек, азамат бұған өзіне лайықты өмірді қамтамасыз ету үшін барады. Әрине, сақтандыру мәдениетін дамыту шарттарының бірі – ол азаматтардың табысын арттыру арқылы халықтың өмір сүру деңгейін көтеру. Жалпы алғанда бір адамның болашағын инвестициялау мәдениеті мен өмір сүру деңгейі бойынша тұтастай мемлекеттің даму деңгейін айқындауға болады.

Сақтандыру қызметінің дұрыс жүзеге асырылуы үшін бұл қызметке мүдделі тараптардың арасында өзара сенімді келісім болуы керек. Сондай-ақ, бұл келісім құқықтық жағынан жоғары деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс. Осы тұрғында сақтандыру қызметі сақтандыру шарты арқылы жүзеге асырылады.

2013 жылы 4 ақпанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының қабылдануына байланысты «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Заңның 23-1 бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру Қорынан жүктілігіне және босануына байланысты төленетін әлеуметтік төлем мөлшері соңғы он екі айдағы орташа табысы ең төмен жалақы көрсеткішінің он еселенген мөлшерімен (186600) анықталмақ [4].

Жұмысшы жалақысының 5 пайыз мөлшерінде Қорға жұмыс беруші тарапынан төленетін әлеуметтік аударымдар ең төмен жалақының он еселенген мөлшерімен есептеледі. Жұмыс беруші тарапынан төленетін ең жоғарғы әлеуметтік аударымдардың мөлшері биылдан бастап 9330 теңгені құрамақ. Сонымен қатар, босанған әйел бала туғаннан кейінгі он екі ай бойы бала бір жасқа толғанша берілетін әлеуметтік төлемді соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 40 пайызын Қордан ала алады.

Сақтандыру қызметінің дұрыс жүзеге асырылуы үшін бұл қызметке мүдделі тараптардың арасында өзара сенімді келісім болуы керек. Сондай-ақ, бұл келісім құқықтық жағынан жоғары деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс. Осы тұрғында сақтандыру қызметі сақтандыру шарты арқылы жүзеге асырылады.

2000 жылдың 18 желтоқсанында Қазақстан Республикасының «Сақтандыру қызметі туралы» жаңа заңы қабылданды, қазір ол заңгерлер тарапынан жоғары бағаланады. Онда сақтандыру қызметін ұйымдастыруды қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келтіруді қамтамасыз ететін шаралар қарастырылған. Әйтседе сақтандыру саласында шешімін тауып реттелетін мәселелер де бар.

Ал, азаматтық – құқықтық қатынастарды реттейтін нормалар көбінесе Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 803 – 805 баптарын қамтитын «Сақтандыру» деп аталатын 40 – шы тарауында мазмұндалған. Сақтандыру жүйесі республика экономикасы тұрақты дамуына, халықты әлеуметтік қорғауды көтеру үшін қосымша негізді құруға, азаматтар мен шаруашылық субъектілер мүлкін сақтандыруға әсер етуі қажет [5].

Сақтандыру мәселелері медицинаны қоса алғандағы әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелеріне тікелей қатысты. Қазіргі заманға сақтандыру индустриясын құру мемлекетке келесі міндеттер қатарын шешуге мүмкіндік береді:

1) табиғи – техногендік сипаттағы қарастырылмаған шығындарды толтыруда мемлекеттік бюджетке ауыртпалықты азайтудың;

2) нарықтық экономика қағидаларына сай сақтандыру жәрдемімен әлеуметтік қамтамасыз етудің жекелеген мәселелерін шешуге жинақталған зейнетақыны төлеуге, еңбекке қабілеттілікті жоғалтуға, асыраушының қайтыс болуына, жұмыссыздыққа жәрдем ақыларды төлеуге, денсаулық сақтауға қатысты шығындардың орнын толтыруға;

3) халық пен ұйымдардың қаражаттарын ұзақ мерзімді негізде ұлттық экономикаға шоғырландыруға;

Мемлекет бұдан бұрын жеткілікті қуатты әлеуметтік кепілдіктер жүйесін қамтамасыз етуге қабілетсіз болып шықты. Кепілдіктерді қамтамасыз ету міндеті қазір сақтандырудың «иығында» болып тұр. Осымен бірге бірқатар мамандықтардың қауіптілігінің дәрежесі өсе түсті.

Құқық қорғау органдары ұйымдасқан (кәсіби) қылмыспен бетпе – бет келді, техногендік апаттар саны артты. Нарық жағдайында (жаңа еңбек қатынастарында) адамның өмір сүруі үшін өмір мен денсаулыққа келтірілген зардаптарды қалпына келтіруде қандайда да болсын бір мүмкіншілігі болуы өте маңызды. Жоғары қауіптілік көздерімен келтірілген зардаптардың орнын толтыру, соның ішінде автомобиль көлігі және басқа мәселе де өзекті. Мұның барлығы Қазақстан Республикасында нарықтық қайта қалыптасу кезеңінде сақтандыру саласында ең маңызды өзгерістер басталуына негіз қалаған заңдардың, өзге нормативті - құқықтық актілердің қабылдануына әкелді. Бірінші кезекте өзін тиімсіз қылып көрсеткен сақтандырудың толығынан мемлекеттік жүйесінен бас тартылады. Бәсекеге негізделген сақтандыруға жол берілді. Сақтандыру мен әлеуметтік міндеттерді орындаудың маңыздылығын есепке ала отырып, мемлекет сақтандырудың дамуын бақылаусыз өз бетімен жібере алмады. Сондықтан сақтандырудың дамуы қазіргі заманғы құқықтық салалардың бірінің сақтандыру құқығының дамуымен бірге болды. А.И. Худяковтың анықтамасына сәйкес: «Сақтандыру құқығы елдегі сақтандыру ісін ұйымдастыру және сақтандыру қызметін жүзеге асырумен байланысты пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар жиынтығы» [6, 23б.].

Сақтандыру ісінің дұрыс ұйымдастыру мәнін төмендетпей, сақтандыруға жататын жағдайлар әсерінен зардап шеккен тұлғаларға мүліктік өтем жасау мақсатына жетуді қамтамасыз ететін тікелей құралы болып жеке жасалған азаматтық - құқықтық шарт жататынын айтып кетейік.

А.И. Худяков азаматтық құқық үлесіне шарттық сақтандыру міндеттемесінің жалпы құрылысын анықтауды жатқызады [6, 28б.].

Азаматтық - құқықтық көзқарасынан шарттық қатынастар шеңберінде пайда болатын барлық мәселелерді қажетті реттеу, сақтандыру қатынастарын ықылассыз қатысушыларына азаматтық - құқықтық әсер етудің шегі мен мазмұнын анықтау қажет. Шарттың толық құнарлы жүйесінің болмауы біздің көзқарасымыз бойынша, КСРО кезіндегі қалыптасқан сақтандырудың әлсіз жақтарының бірі болды. Сақтандыру шартын қарастыруда біз әкімшілік (қаржылық) құқық саласына жататын құқықтық нормалар әрекетін ескермесек болмайды.

Сақтандыруға арналған заң актілерінде аталған шартты қарастыруда да пайдаланылатын түсініктер жиынтығы бар.

Қазіргі таңда Қазақстанда сақтандыру шартының көптеген түрлері бар. Сақтандыру қызметінің бірден-бір көрінісі ретінде табылатын сақтандыру шартының құқықтық жағынан қажетті деңгейде қамтамасыз етілуі кезек күттірмейтін жағдай. Тек соңғы уақытта ғана бұл мәселе өз шешімін тапқан сияқты. Қоғамдағы ең басты қажеттіліктердің бірінің дұрыс жүзеге асырылуының нысаны болып табылатын сақтандыру қызметінің маңызы, нарықтық жағдайда қалыптасу ерекшілігі және сақтандыру шартының осы қызмет аясындағы алатын орны, мазмұны, бұл шарттың жасалу, өзгертілу, тоқтатылу ерекшеліктері бұл тақырыпты жан-жақты игеремін деген кез-келген тұлға үшін маңызды. Осы сұрақтардың жауабы және бұл сұрақтармен байланысты басқа да мәселелер алда кең тұрғыда, жан-жақты қарастырылуы қажет.

Сақтандырудың пайда болғанына көптеген жылдар болды. Сол сәттен бастап сақтандыру қатынастары қалыптасып үздіксіз мемлекетпен бірге дамып, әртүрлы өзгерістерге ұшырап келеді. Сақтандыру қызметі біздің өмірімізде өте маңызды өмірлік рөл атқарады.

Өмірде болған зиянды салдардың түсу қаупі мәселесін шешу мүмкіндігі алғаш рет сақтандырудың экономикалық табиғатында көрініс тапты. Немістің көрнекті экономисті А. Манэс айтқандай, кең ауқымды экономикалық ғылымда «сақтандыруға аса қомақты орын берілуі керек, өйткені ол өзінің барлық түрінде ыңғайлы тәсілмен адамның материалдық жағдайының жақсаруын қамтамасыз етеді» [7, 51б.].

Көптеген тұлғалар жоғары тәуекел жағдайында әрекет етеді емес пе? Бұларға өртсөндірушілер, қорғаныс саласының қызметкерлері, құтқарушылар, инкассаторлар, шахтада жұмыс істейтіндер және тағы басқа мамандық өкілдері. Оларды жұмысқа қабылдау немесе қызметке шақыру кезінде сәйкесінше министрліктер, ведомостволар және өзге де ұйымдар көрсетілген тұлғалардың қайтыс болуы немесе еңбек қабілеттілігін жоғалту жағдайында олардың өмірін және денсаулығын сақтандыру міндетін өзіне алады. Көп азаматтар қартайғанда және осыған байланысты еңбек қабілеттігінің төмендеуіне орай өмір сүруге қажетті минимумды қамтамасыз ету мақсатында арнайы ұйымдардың қызметіне жүгінеді. Бұл ұйымдар азаматтардан үнемі не бір мезгілде белгілі бір төлемдер жарна ала отырып, белгіленген жағдайлар орын алған жағдайда (мәселен, белгіленген жасқа жетуі) оларға, жарналардан әлде қайда артық, кепіл етілген сомаларды төлейді.

Адамдардың өмірі түрлі күтпеген жағдайларға толы. Адам апаттың құрбаны болуы мүмкін, кенеттен ауырып қалуы, нарықтық жағдайдың өзгеруіне орай кәсіпкердің пайда түсіру жоспарлары жүзеге аспауы мүмкін т.б. Осы және көптеген басқа да жағдайларға нұқсан келтіруші салдарлардан қорғану не оларды мейлінше азайту қажеттігі туындайды. Әрине мұндай жағдайдан сақтандырылған болса нұр үстіне нұр. Бірақ осындай сақтандырылған өмірі, денсаулығы, мүлкі т.б. үшін сақтандыру сомасын немесе сақтандырылғаны үшін келген зиянды өтеттіріп алу өте күрделі жағдайға соғады. Тіптен кейбір уақыттарда сақтандыру сомасын ала алмай да қалады. Бұған көбінесе сақтандыушы ұйымдардың өз міндеттерінен қашқалақтап, сақтандыру оқиғасынан келген зиянның орынын толытыру немесе өтеп беру міндетін орындамай жататындығы. Яни, сақтандыру сомасын алудың жолын күрделендіріп жібереді. Осыған байланысты адамдар көп жағдайда бұл процестің соңына дейін жете алмайды. Сондықтан болар мүлкін немесе өмірі мен денсаулығын т.б. сақтандырығысы келетін адамдар осы қиындықтың салдарынан сақтандыру ұйымдарына бара бермейді. Осындай процесті оңайлату немесе жеделдету бағытында сақтандыру ұйымдарының өз міндетін орындаудан жалтаруға мүмкіндік беремейтін, жауапкершілік шектері туралы, сотқа бармай-ақ шешу жолдарын ұсынған дұрыс немесе осы жадайдан қорғайтын арнайы ұйым керек. Сақтандыру міндеттемесінің бұзылу жағдайындағы тараптардың жауапкершілігін қарастыруды талқылай келе сақтандыру заңнамасына өзгеріс енгізу мәселесінде шешу алда ойланатын жайт.

Сақтандырушының жауапкершілігі пайдаланушы алдында өз міндеттемелерін орындамағаны үшін басталады. Алайда сақтандырушының жауапкершілігі деп жиі (теорияда және, әсіресе, сақтандыру тәжірбиесінде) сақтандыру төлемі бойынша орындалмаған соманың өзін де немесе міндеттің өзін де атай береді. Сақтандыру төлемін беру – бұл сақтандыру міндеттемесін бұзумен еш байланысы жоқ сақтандырушының сақтанушы алдында өз міндеттемесін орындау жөнінде іс - әрекет. Бұлай сәйкестендіру тек, егер сақтандырушының жауапкершілігі деп өз мағынасындағы жауапкершілікті емес, сақтандыру жағдайында басталуына орай сақтандырушы мен сақтанушы (пайдаалушы) арасындағы қатынастар сипатын көрсететін сақтандырушы сақтандыру төлемдерін жасау міндетін жауапкершілік деп түсінгенде орынды болар еді.

Сақтанушы (пайдаалушының) пайдаалушы, сақтандырылған тұлға жауапкершілігі сақтандыру өтемінің (сақтандыру сомасы) толығымен немесе бір бөлігін алмауынан көрініс табады. Сақтандыру төлемін беруден бас тарту туралы шешімді сақтандырушының өзі қабылдайды және ол туралы белгіленген мерзімде міндетті түрде бас тартудың негізгі себептері келтірілген жазбаша нысанда сақтанушыға (пайдаалушы, сақтандырылған тұлға) хабарланады. Сақтандыру төлемін жасаудан сақтандырушының бас тартуының негіздері Азаматтық кодекстің 839 –бабында тікелей көрсетіледі, сонымен арнайы заңдарда және де нақты сақтандыру шартында да белгіленуі мүмкін. Осы жерден бастап сақтандыру сомасын алу ісі күрделеніп кетеді. Өйткені шартта көзделген бойынша белгіленген соманы уаықытында алу мүмкіндігі болмағандықтан сақтанушы үшін сотқа бару, ұйымның есігін тоздыру деген сияқты бітіп бермейтін мәселелер туындайды.

Азаматтық кодексте сақтандырушыға келтірілген зиянды өтеу түрінде сақтанушыға (пайда алушының) жауапкершілікті мына жағдайларда жүктейді:

-   сақтанушының (пайдаалушының) алдау әрекеттері нәтижесінде сақтандыру сомасын көтермелеу себебіне байланысты;

- сақтандыру шартын жарамсыз деп тану (алынған сақтандыру сыйлықақы сомасынан артық мөлшерде Азаматтық кодекстің 843-б);

- шарттың әрекет ету аралығында сақтандыру тәуекелін өсуіне әкелетін мән –жайлар туралы сақтандырушыны кідіртпей ескерту туралы міндеттемені сақтанушыға (пайдаалушының) орындалуына орай сақтандыру шартын бұзу (АК-834б, 3 т. ).

Егер сақтанушы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 811 - бабының 1 - тармағында қаралғаннан басқа себептермен шарттан бас тартса, онда сақтандырушыға төленген сақтандыру сыйлық ақылары сақтанушыға қайтарылмайды.

Сақтандыру қатынастарының субъектілері, әсіресе, егер бұл сақтанушы (сақтандырылушы, пайда табушы) тарабы болса, көптеген жағдайларға мүлік пайдасын заңсыз алуға тырысады, кейде олар сомасы бойынша өте елеулі болып келетін сақтандыру төлемдерін талап ету құқығына негізсіз иеленеді. Қосымша ескерілетіні, сақтандыру сыйлық ақысын төлегеннен кейін сақтандыру шарты сақтандырушының елеулі міндеттерін қарастырмайды және осы жағдайда сақтанушы сақтандырушыға қатынасты бір жақты құқыққа иемденген тұлға болып келеді. Сондықтан сақтандыру төлемдерді жасау негіздерінің шынайы өлшемдерін анықтамаса, онда сақтандырушы сақтанушының негізсіз талаптарынан қорғана алмай қалуы мүмкін.

Бұл жағдайлардың барлығы сақтандыруға байланысты мысалдар, және де мұнда арнайы ұйымдар – сақтандырушылар олармен сақтандыру шартын жасасқан азаматтар мен ұйымдардан (сақтанушылар) арнайы төлемдер алады. Осы төлемдер жиынтығынан (сақтандыру сыйақысы) сақтандырушыда сақтандыру қоры құрылады және одан шартта қарастырылған жағдай орын алғанда - сақтандыру жағдайы (қайтыс болуы, еңбек қабілеттілігін жоғалтуы, мүліктің жойылуы, пайданың түспеуі, тағы басқа) сақтандырушы сақтанушыға не өзге тұлғаға келісілген соманы төлейді. Сақтандыру ұйымдары мен сақтанушы арасындағы міндеттемелерін орындауға қатысты мәселелерді шешу Қазақстандағы сақтандыру қатынастарының дамуына көп әсерін тигізеді.

Заңның халыққа тиімді болуы сапалы жұмыстың нәтижесі. Халықты сақтандыруға тарту туралы мәселе күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Заңның болуы әлеуметтік саланың реттеліп отырғанын көрсетеді.

Әйтседе сақтандыру саласында шешімін тауып реттелетін мәселелер де бар. Қазақстан Республикасының сақтандыруды дамытудың ұлттық сақтандыру жүйесін жетілдіру үшін келесі мәселелерді шешуді ұсындық:

-      ұзақ мерзімді және жинақтаушы жеке сақтандыру түрлерін дамыту үшін халық арасына тиімді жарнама жұмыстарын көп жүргізу;

-      сақтандыру қызметінде автоматтандыру саласында жаңа технологиялар енгізу;

-      сақтандыру бойынша халықтың сенімінен шығатын жүйе жасау;

-      сақтандыру қызметін қадағалау және реттеу жүйесін ұйымдастыру.

Жалпы сақтандыру қызметі кез - келген өркениетті мемлекеттің шешуін табуы тиіс ең басты мәселелердің бірі болып табылады. Өйткені қоғамдағы әлеуметтік жағдайдың дұрыс қалыптасуында сақтандыру қызметінің алатын маңыздылығы өте зор. Бұл қажеттіліктен Қазақстан да шет қалмауы тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.       Идельсон В. Договор страхования. – М.,1996. с.2

2.       «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты ҚР Президентінің Жолдауы, Астана, 2014 жылғы 17 қаңтар

3.       «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» 2003 жылғы 25 сәуірдегі № 405-ІІ Қазақстан Республикасының Заңы

4.       2013 жылы 4 ақпанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы

5.       Қазақстан Республикасының азаматтық кодексi (ерекше бөлiм) 1999 жылғы 1 шiлдедегi № 409 Кодексi (19.02.2014 ж. өзгерістер мен толықтырулар)

6.       А.И. Худяков. Страховое право. Республика Казахстан – Алматы. Жеті жарғы.1997 –23 б.

7.       Манэс А. Основы страхового дела. М.,1992. с.51