БАРЫС СЕПТІГІНІҢ НОЛЬДІК ТҰЛҒАСЫНЫҢ КӨРІНІСІ

                                                                                           Оралова Г.М.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті

 

Нольдік морфема тілдің грамматикалық категориясында кең тараған. Әсіресе, ол септік, жіктік, тәуелдік категорияларының түрлену жүйесінде көбірек кездеседі. Бұған қарап, ол басқа категорияларда жоқ деген пікір тумауы керек, оларда нольдік морфемалардың сирек қолданылуы ескеріледі. Грамматикалық нольдік морфема септік категориясының 7 септігінде де орын алған. Демек грамматикалық нольдік морфема септікте жетеу деп санауға болады. Осы 7 морфеманың біреуі ғана септік категориясында тұрақты, қалғандары ауыспалы нольдік морфема қолданысымен байланысты. Ауыспалы нольдік морфема дегеніміз – қосымша нұсқасы бар, онымен мағынасы бір, бірінің орнына бірі қолданыла беретін морфема.  Мысалы: күннің көзі – күн көзі, баланың мінезі – бала мінезі, қаламды ал – қалам ал, есепті шығар – есеп шығар, Алматыға бар – Алматы бар, таудан асып кетті – тау асып кетті т.б. Нольдік морфеманың осындай қолданысына қарай екі түрін ажыратуға болады:

- тұрақты нольдік морфема;

- шартты нольдік морфема.

Тұрақты нольдік морфема атау септігінің тұлғасына сәйкес келеді. Ал шартты нольдік морфема қалған септіктердің тұлғасымен байланысты. Тұрақты нольдік морфема қолданыста әбден орныққандығымен дараланды. Бұл нольдік морфеманы таза грамматикалық категория деп қабылдауға болады. Шартты нольдік морфемалардың көрінісі грамматикалық, стилистикалық заңдылықтармен бірлікте қалыптасқан.

Біздің ойымызша, грамматикалық жақтан шартты нольдік морфемалардың орнығуына тілдегі ықшамдалу заңдылығының ықпалы және стилистикалық мақсаттардың әсері басым. 

Ықшамдалу заңдылығы - өте кең ауқымды қолданылатын, тiлдiң барлық саласын қамтитын өте күрделi заңдылық. Сондықтан тiлдiң барлық саласындағы өзгерiстер – дамудың көбi ықшамдалу заңдылығына қатысты екенiн ғалымдар дәлелдеп жүр.

Н.Оралбаева тiлдiң дамуын жалпы алып, оны ықшамдалу мен күрделену заңдылықтарына байланысты дәлелдеген. Шындығында, тiлдегi түрлi өзгерiстердiң негiзi осы зандылықтарға тiрелетiнiн ғалым тiл деректерiне сүйене отырып саралаған болатын /1/.

Бұл пiкiрдi тiлдiң түрлi салаларын тарихи тұрғыда зерттеген ғалымдардың ғылыми еңбектерi де дәлелдеп отыр. Оны тiлдiң әр саласын зерттеген ғалымдардың еңбектерi, ғылыми пiкiрлерi, дәлелдерi арқылы көрсетудi жөн көрдiк. Ықшамдалу заңдылығының тiлдiң әр саласының дамуындағы қызметiн, әсерiн ғалымдар қалай дәлелдегенiн көрсету аркылы бұл  заңдылықтың жалпы тiл дамуындағы атқарған қызметiн айқындауға болады. Өйткенi ықшамдалу заңдылығы тiлдiң барлық саласына қатысты болғандықтан, оны зерттеу бiр адамның колынан келмейдi. Сондықтан ықшамдалудың тiлдегi жалпы заңдылық екенiн көрсету қажет деп бiлемiз. Ықшамдалу заңдылығының жалпылық қасиетiн айқындау үшін тiлдiң әр саласына байланысты зерттеулерге шолу жасайық. Жинақталған материалдарға сүйенсек, ықшамдалу тілдің фонетика, лексикология, морфология және синтаксис саласында көрініс береді.  Және олар бір-біріне әсер ете қозғалады. Мысалы, фонетикалық ықшамдалу морфологияға, морфологиялық ықшамдалудың синтаксистік құбылыстарға әсері бар. Ойымызды төмендегі тұжырымдар арқылы жүйелеуге болады.

Фонетикадағы ықшамдалу заңдылығын редукция, элизия, апокопа, синкопа, гаплология т.б. сияқты құбылыстар арқылы түсiндiруге болады.

Тiлдiң әр деңгейiнiң жеке-жеке өзiне тән ерекшелiктерi болғанымен, олар бiр-бiрiмен тығыз байланыста өмiр сүредi. Олай болса, барлық басқа тiлдiк деңгейлердегi ықшамдалу заңдылығына қозғау салатын да осы фонетикалық (дыбыстық) өзгерiстер болып саналады. Сондықтан тiлдiң тарихын және оның өзгеруi мен дамуын дұрыс ұғынуда фонетикалық зандылықтардың айрықша маңызы бар.

Сонымен, ықшамдалу заңдылығы фонетикалық өзгерiстердiң жан-жақты салаларын қамтиды.

Фонетикалық құбылыстардағы ықшамдалу орфографиямен де, орфоэпиямен де байланысты болып келедi. Мысалы, редукция құбылысының ықшамдалу заңдылығына қатысты дәрежесiн қарастырып көрелiк. Бұлардың бәрi тарихи даму нәтижесiнде болып жататын әрекеттер.

Қазақ тiлiнiң тарихи грамматикасын зерттеушi М.Томанов редукция құбылысы қазақ тiлiнде қысаң дауыстылардың көмескiленуiн де (жап(ы)рақ, топ(ы)рақ, т.б.) сөздiң соңғы буынының екпiндi болуы сол буындағы дауыстының алдыңғы буындағы дауыстыға әсерiн тигiзетiнiн де (жақсы ат-жақс ат, қара ала ат-қаралат т.б) атап көрсетедi. Сондай-ақ түркi тiлдерi тарихында негiзгi етiстiк пен көмекшi етiстiк тiркесiнiң редукцияға жиi ұшырайтындығын атайды - келатыр, түрегел, баратыр (келе жатыр. тұра кел, бара жатыр т.б). автор бұлар айтылу нормасы ретiнде қалыптасып кеткен дегендi айтады.

Сөз құрамындағы редукция құбылысы қатарына -ған есiмшесi мен соң шылауының тiркесiн де жатқызуға болар едi: келгесiн, барғасын, айтқасын, көргесiн т.б. Соң шылауы екпiн түспеудiң салдарынан өзгерiп, грамматикалық формант дәрежесiне жеткен, - деп ғалым екпiн түспеудiң редукцияланудағы орнын ерекше атайды.

Ғалым  мынадай  қорытынды  жасайды:   «Сонымен,   редукция құбылысы тiл    дамуының     барысында    оның     морфологиялық жүйесiнде iз қалдырған фонетикалық құбылыстардың бiрi» /2, 123/

Б.Қалиев  қазақ тiлiндегi  дауысты  дыбыстардың  редукциясы туралы зерттеу жұмысын жүргiзiп, кандидаттық диссертация жазды. Кейiн осы тақырыпта монография шығарды. Монографияда дауысты дыбыстардың түсiп қалуын екпiннiң сөз басынан аяғына қарай жылжу процесiнен iздеп, бiр кезде орн, мұрн, ерн, бөрк, ерк түрiнде дыбысталған сөздер екпiннiң ауысуына байланысты орын. мұрын, ерiн, бөрiк, ерiк болып айтылатын болды да, оған қосымша жалғанған да екпiн тағы сөз аяғына жылжып, екпiнсiзденген қысаң ы, i дыбыстары түсiп қалады да, орны, мұрны, еркi түрiнде өзгергендiгiн айтады. Сондай-ақ Б.Қалиев қысаң дауыстылар редукциясына бес дәйек келтiредi /3, 35/

Г.Айғабылова бұл бес дәйектiң тiлiмiздегi редукция құбылысын толық қамти алмайтын болып шықты дей келе, былай деп ой қорытады: «Себебi бұл құбылысты тек дауысты дыбыстан басталатын қосымша жалғанғанда ғана, жүзеге асады деп түсiнген едiк. Шындығында, бүл түсiнiк дауысты дыбыстардың редукциясына жасалатын төрт жағдайдың бiрi ғана болып шықты. Сондықтан бiз бұл мәселеге тағы үш шарт қостық. Олар:

1)                Дауысты дыбыстан басталатын сөз тiркесiп айтылғанда да, дауысты дыбыс редукцияланады. Мысалы: қайын аға қайнаға, мойын ағаш мойнағаш т.б.

2)                Дауысты дыбысқа бiткен сөзге дауыссыздан басталатын қосымша жалғанғанда, дауысты дыбыс редукцияланады. Мысалы: ұрыла-ұрла, жоғарығы-жоғарғы.

3)                Дауысты дыбысқа бiткен сөзге дауыссыздан басталатын сөз тiркесiп айтылғанда, дауысты дыбыс редукцияланады. Мысалы: сары дала-сардала, келiсап-келсап /4, 61/

Сонымен, ықшамдалу заңдылығы бойындағы редукция құбылысына келтiрiлген бес дәйекке қосылған (қосымшаның да) үш шарты да тереңiрек тани түсудi керек ететiн мәселе деп бiлемiз.

Редукция - ықшамдалу    заңдылығының    айқын    көрiнiсiн танытатын бiр процесс десек, М.Дүйсебаева редукция құбылысының мынадай аспектiлерiн қарастырады: «Шын редукция дегенiмiз - сөзде қысаң дауыстылар айтылмайды да, жазылмайды да. Бұған жарық-жарқыл, корық-қорқақ сияқты сөздердiң өзгерiсiн жатқызамыз. Ал жалған редукция дегенiмiз - айтуда дауысты дыбыс сәл айтылғанмен (көмескi айтылғанмен), жазуда таңбаланады. Мысалы, бұған кекiлiк, соңыра, қабiлет, бұрылу, әсiре, әдiлет, дәрiгер, керiлу сөздерiнiң кеклiк, соңра, қаблет, бұрлу, әсре, әдлет, мағна, дәргер, керлу болып айтылуын жатқызады /5, 94/. Талданған фонетикалық ықшамдалудың әсері тілдегі морфологиялық заңдылықтарға әсері бар. 

Ал сөйлем құрамындағы ойға қатысты сөйлем мүшелерінің ықшамдалуын синтаксистік ықшамдалудың бір түрі деп қабылдаймыз. Бұл құбылысты да шартты ықшамдалу ретінде қабылдауға болады. Өйткені, ықшамдалған сөйлем мүшесін сөйлем мазмұнына қарай өз орнында жұмсауға мүмкіндік бар. Сөйлем аясындағы сөйлем мүшесінің ықшамдалуы күрделі синтаксистік бірліктің құрамына енетін тіл бірліктерінің функционалдық байланыста дамуының нәтижесі болып табылады. Ал ықшамдалу нәтижесінде қалыптасатын толымсыз сөйлемдердің орыны үнемі мәтін арқылы толықтырылады. Бұл тұрғыда ғалым Ж.Жакуповтың: «Бұдан біз мәтін деген – тұтас нәрсе, ал сөйлем деген – соның бөлшегі деген ойға келеміз. Сөйлемді коммуникативтік тұлға ретінде түсіну үшін сол сөйлемдердің, бөлшектердің аясында қалмау керек. Коммуникация аяқталуға ұмтылады. Демек, сөйлемнің коммуникативтік қызмет атқаруы үшін контекст аса қажет. Сөйлем бар жерде контекст бар. Ал сөйлем мен контекстің арақатынасы біздің мөлшерімізше, бөлшек пен бүтінің арақатынасының нақты бір көрінісі» /6, 126/ - деген тұжырымдарын басшылыққа алған орынды.

Осындай фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік ықшамдалудан тілдегі барыс септігінің түсіріліп айтылуының ішкі себебін іздеуге болады. Барыс септiгiнiң мағынасы – бағытты бiлдiру. Белгiлi ғалым С.Исаев: «Барыс септiк жалғауы кейде (сирек) түсiрiлiп те қолданады» дейді /7/. Мысалы, төмендегі өлең жолдарының бірінші тармағындағы  (Мәскеу*  бардым, не көрдiм) «Мәскеу» сөзінің құрамындағы барыс септігі шартты түрде ықшамдалған. Оның себебі:

1-ден, поэзиядағы буын саны, ұйқастық құрылымға байланысты;

2-ден, сөздің түбір қалпында да бағыт-бағдарлық мағынаны сілтеу қабілеті сақталған;

3-ден, таза стилистикалық айшықтаумен, тіл шеберлерінің жазу машығымен байланысты.

Мәскеу*  бардым, не көрдiм,

                                       Туысқан туған ел көрдiм

                                                    (Ж.Жабаев).

Ұлытау* барсам алдымнан

                                     Күлімдеп қарсы шығады.

                                                     (К.Салықов).

Сондай-ақ барыс септігінің ықшамдалуы етістіктердің семантикалық мүмкіндіктерімен де байланысты. Айталық «кеттi» етiстiгiмен тiркесiп айтылған жер-су, мекен аттарындағы барыс септiк жалғауы кейде түсiрiлiп айтылады: «Алматыға кеттi - Алматы кеттi». Бұндай барыс септiгi   түсiрiлуi арқылы қалыптасқан  тiркестер баршылық. Мысалы:

        Құдай қолдап Парижге бір келдік қой,

   Кеттік Медеу, Булонның орманына

                                                                  (К.Салықов).

 

Осы келтiрiлген мысалдың  екінші жолындағы «Медеу» сөзi барыс септiк жалғауы көрсеткiшiнсiз қолданылып тұр, себебi ол «кету» етiстiгiмен тiркескен. «Кету» етiстiгiнiң өзiнде қозғалыс бағытын бiлдiру мағынасы бар, әрi бару сөзiне де барыс жалғауы жалғанған. Екi барыс септiктi сөз сөйлемде басы артықты туғызған болар едi. Сөйтiп, жалқы есiм (Медеу) қосымшасыз қолданылып ықшамдалған. Осы сөйлемде жалқы есiмдермен тiркескен етістіктер қозғалыс бағытын бiлдiретiн етiстiктер тобына жатады. Мағынаға нұқсан келмей ықшамдалған. Төртiншi сөйлемде барады етiстiгiмен (объектiден алыстаған қимылды бiлдiретiн) тiркескен жалқы есiм жалғаусыз қолданылған, бұл жағдайда да мағынаға еш нұқсан келмеген.

Сол сияқты «бар, кел, ау, өт» сияқты бiздiң мысалдарымызда   кездескен етiстiктердi М.Оразов қозғалу етiстiктерiнiң iшкi мағыналық топтарына қарай бағыт-бағдарды бiлдiретiн кiшi топтары қатарында қарастырады /8, 62/.

Сонымен, барыс септiк көрсеткiштерi бар, кел, ау, өт, кет сияқты    бағыт-бағдар мағынасын бiлдiретiн етiстiктермен тiркескен жалқы есiмдердiң (жер-су, мекен аттарында) құрамында түсiрiлiп ықшамдалған.   Бұл жағдайда барыс септігінің ықшамдалуы қимылдың белгiлi бағытқа  қарай қозғалу мәнiне қатысты ма деген ойға жетелейдi. Әсiресе, етiстiктердiң бағыт-бағдар мағынасы   қолданыста   анық   көрiнсе,   ал   қолданылмаған   барыс жалғаудың   мағынасын   жоқтатпайтын   жағдайда,   бiлдiре алатын қолданыста барыс септiктiң нольдiк тұлғасы жиі орын алады.

Әзiрбайжан тiлiнiң маманы М.Юсифов барыс септiгiнiң жалғаусыз (түсiрiлiп) қолданылуының үш түрлi жасалу жолын көрсетедi.

1)     керек,   лазым   сөздерi  не   сұрау  есiмдiгiмен   тiркесiп   келгенде.
Мысалы:  сәнә  он  биш iашында гыз  нә керек? 

2)     Тұру, кету, қашу (дурмаг, кету, қашу) сияқты етiстiктердiң ұзақ, жан, әрi сөздерiмен қолданылғанда: жан кету (iан кедмәк), ұзақ қашу (узаг гачмаг) /9/.

Барыс септiгiнiң жалғаусыз колданылуы арқылы жасалған тiркестер, бiздiңше, ықшамдалудың тиiмдi тәсiлдерiнiң бiрiнен саналады.

Барыс септiгi де iлiк септiгi сияқты бiрыңғай мүшелерге жалғанғанда, бiрыңғай мүшенiң әрқайсысына жеке-жеке жалғанбай, тек соңғы мүшеге ғана тiркесетiн тұстарын көркем шығармалардан көптеп кездестiремiз.

 Мысалы:

Көз салсаң теңіз*, дала*, бел*, белеске,

Көш құрған көшпенділер жері емес пе?!

                                                           (К.Салықов).

 

Әрине, бұл келтiрiлген мысалда бiрыңғай мүшелердiң әрқайсысына жеке-жеке барыс септiктiң көрсеткiшiн жалғап жазуға да, айтуға да болады, бiрақ ондай жағдайда өлең стильдiк жағынан шұбалаңқы шығады, әрі буын ұйқасына зиян келеді. Бiрыңғай мүшелер кұрамында бiр буыннан – бес буынға дейiн ықшамдалатын тұстары да кездеседi, яғни, екi дыбыстан сегiз, он дыбысқа дейiн түсiрiледi. Яғни, бұл жерде ықшамдалу әрi грамматикалық заңдылықтар әсерінен, әрi стильдiк мақсаттың сұранысына сай көрініс береді. Осы келтiрiлген мысалдарда төрт, бес бiрыңғай мүшесi бар сөйлемдер де бар. Олардың тек соңғысына ғана барыс септiк көрсеткiшiн  жалғау ықшамдалудың айқын көрiнiсi. Сондай-ақ орын, уақыт үнемi  де аңғарылады.

Барыс    септiгiнiң   жалғаусыз    қолданысын    тiл    фактiлерiне сүйенiп талдай келе, мьнадай түйiн жасауды ұйғардық:

 1) Ауды, келдi, барды, өтiп кетпекшi сияқты  бағыт-бағдар мағынасын бiлдiретiн қозғалу етiстiктерiмен тiркескен жалқы есiмдер барыс септiк көрсеткiштерiнсiз-ақ ықшам қолданылуға бейiм келедi.

2) Ақын-жырауларымыз әрi стильдiк, әрi ықшамдау мақсатында  барыс септiк жалғауын бiрыңғай мүшелердiң тек соңғысына ғана  жалғайды.

Мысалы: 

                            Думан-той, сән-салтанат жатыр алда.

Жаяйық миллиардтың мол дастарханын,

                             Алатау, Алтай, Арқа мен Атырауға!

                                                  (М.Мақатаев).

 

         Қорыта келгенде, барыс септігінің қолданыстағы нольдік тұлғасы – мәтін деңгейінде салыстыруды қажет ететін, грамматикалық, стилистикалық  мақсат, қажеттіліктермен ұштасатын құбылыс.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.        Оралбаева Н. Сөздi қосымшасыз қолданудың сыры// Сөз өнерi –Алматы: Ғылым, 1978.

2.        Томанов Т. Қазақ тiлiнiң тарихи грамматикасы. –Алматы: Мектеп, 1988.

3.        Қалиев Б. Қазақ тiлiндегi дауысты дыбыстардың редукциясы. Алматы. 1984.

4.        Айғабылова Г. Қазақ тiлiндегi ықшамдалған сөздер мен сөзфорамалар// канд. дисс. Алматы, 1995.

5.        Дүйсебаева М. Қазақ әдеби тiлi орфоэпиясының кейбiр мәселелерi.   -Алматы: Мектеп, 1973.

6.        Жакупов Ж. Сөйлеу тілінің сипаттары. -Қарағанды: ҚарМУ, 1998.

7.        Исаев С. Қазiргi қазақ тiлiндегi сөздердiң грамматикалық сипаты. Алматы: -Рауан 1988.

8.        Оразов М. Қазiргi қазақ тiлiндегi қалып етiстiктерi. –Алматы: Мектеп, 1980.

9.        Юсифов М. Экономия в системе языка.//Автореферат канд. дисс.          Баку, 1976.