Э.ғ.к., PhD, доцент  ҚыдырбаеваЭ.Ө., магистрант  Дюсембай Б.                      

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Қазақстан Республикасындағы аймақты басқарудағы мониторинг орны

 Республиканың әрбір аймағы еліміздің шаруашылық кешенінде белгілі бір орынды ала отырып, басқа аймақтармен бірігіп, бүтіндей ұлттық экономикалық бірлікті құрайды.  

         Одан басқа аймақтар Қазақстан Республикасының өндіргіш күштерін әлеуметтік-экономикалық аумақтық орналастыру мен оның экономикалық салаларын дамыту, олардың маңызды табиғи-экономикалық, демографиялық және экологиялық ерекшеліктерімен   қоса аймақаралық, ішкі аймақтық және мемлекетаралық экономикалық байланыстарын білдіреді[1].         

          Осы жағдайларда мониторинг көмегімен   аймақтарды дамытудың қаржылық және ресурстық потенциалын тиімді қолдану, оның еңбек ресурстары мен қазіргі демографиялық проблемаларын шешудегі мүмкіндіктерін  саралау, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамытудың жолдарын бағалау, талдау жүргізу қажеттілігі туындайды. Мониторинг көмегімен мемлекеттік басқару ұйымдары  түрлі құрылымдылық қайта құру деңгейлерін,  өндіргіш күштерді орналастыру факторларын анықтауға және шаруашылық құрылымын зерттеп, оны орынды пайдалану бағыттарына негіздеме алады.

         Жалпы мониторинг қызметтер нәтижесінде белгіленген аймақтың  ең маңызды параметрлерін сипаттай отырып, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзін басқаруға керекті және сенімді ақпараттар негізінде басқарудың барлық буындары үшін (болжау, жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау) қабылданған шешімдерді жүзеге асырудағы негіз болып табылады.

          Мониторинг жүргізуге жауапты   ұйым  алдына қойылған міндеттеріне байланысты қызметті  ұйымдастыру, ақпараттарды жинау, жүйелеу мен талдау арқылы, негізделген қорытындыны тұтынушыларға немесе оның  жекелеген топтарының сұранысы бойынша (үй шаруашылықтары, бизнес бірліктер, коммерциялық емес ұйымдар және т.б.) ұсынады.

        Мысалы, аймақ көлемінде жеткілікті қаржылық қамтамасыз ету тек аймақ аумағындағы ғана  күрделі мәселе емес. Сондықтан оны қаржыландыру бірнеше көздерден құрылуы мүмкін.  Егер ол тек бір қаржыландыру көзінен қамтамасыз етілген болса онда, белгіленген іс-шара сол  қаржыландыру есебінен жүзеге асады.    Егер іс-шара бірнеше көздерден қаржыландыратын болса, яғни оған бірнеше ұйымдар қызығушылық танытса, онда ақпараттарды құру алғашқы  мәліметтерден басталып, жоғары деңгейді талап етеді.

             Осы жағдайларды ақиқат сипаттау үшін мониторингтік қызметтерді жүргізуге керекті шаралар, яғни оның кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жеткілікті болуы керек.

        Мониторинг ролі орындалған қызметтерінен   көрінеді. Біздің пікіріміз бойынша, аймақтың әлеуметтік-экономикалық  дамуындағы мониторинг   қызметтерінің құрамы  келесілерден тұрады, олар:

· Ұйымдастырылушылық (қатысушылар құрамын анықтау, көрсеткіштерді  жүйелеу, жинау әдістерін таңдау, объектілерді бағалау кезеңдерін бекіту және т.б.);

· Ақпаратық –диагностикалық ( анық диагностикалық жағдайды білу үшін және объектінің динамикасындағы өзгерістерді анықтауға керекті ақпараттық база құру);

· Бақылау (объектінің нормативтік, жоспарлық параметрлерден ауытқуын анықтау);

· Аналитикалық (объектінің өзгеру динамикасы және оған ықпал еткен факторлар, шарттар  мен себептерін белгілеу);

· Коммуникациялық  диагностика нәтижесіне қызығушылық танытқан тұтынушыларға объектінің даму жағдайы туралы ақпараттарды беру.

        Ол үшін мониторингтік қызметтерді  өзіндік танылған қағидаларына сүйене отырып жүргізу және   ұйымдастыру маңызды болып табылады[2].  

Мысалы, Алматы облысы бойынша мемлекеттік басқару органдарының 2012-2014ж. қызметтеріне мониторинг жүргізу барысында, аталған аймақтың өңірлік өніміндегі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларының үлесі жоғары екені көрінеді (өнеркәсіп – 22,9%, ауыл шаруашылығы – 14,8%, құрылыс – 8,9%.)  [3].

         Облыстың аудандары мен қалалары тұрғысында өнеркәсіп өндірісі әркелкі орналасқан. Негізгі өндірістік қуаттар Алматы қаласына іргелес – Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл аудандары мен Қапшағай қаласында, сондай-ақ Талдықорған мен Текелі қалаларында орналасып, оның облыстың жалпы өнеркәсіп өнімдеріндегі үлесі 85%-ы құрайды.

         Бұл мәліметтерден облыс өңірлерінің дамуына өндіргіш күштерін орналастырудағы орын алып отырған аумақтық үйлеспеушілік ықпал етіп отырғаны байқалады.

Одан басқа облыстың аталған саласына мониторинг жүргізу барысында   келесі негізгі мәселелер мәлім болды, олар:

·        кәсіпорындардың көпшілігінде техникалық құрылғылармен аз жабдықталуы, өндіріс қорларының едәуір ескіруі;

·        қолданыстағы өндірістік қуаттарының толық жүктелмеуі;

·        салаға салынатын инвестициялардың тұрақсыз сипатқа ие болуы;

·        кәсіпорындардың инновациялық белсенділігінің төмендігі;

·        өңірлік кластерлерді қалыптастыруда жетіспейтін буындардың орын алуы;

·        индустриялық аймақ құру бойынша нақты механизмнің болмауы және т.б.

Осы жүргізілген мониторинг барысында облыстағы 1318 кәсіпорынның ішінде инновацияларды енгізумен тек 126-сы ғана айналысып, қалған 1192 кәсіпорын инновациялар енгізуді жүргізбейтіні белгілі болды.

Саладағы мәліметтерді талдағанда кәсіпорындардағы инновациялық қызметті жүргізбеудің басты себебі, өндірілетін өнімге сұраныстың төмендеуі және соның салдарынан – инновацияларды енгізуге айналым қаражатының болмауы  және т.б. анықталынды.

Облыстың аграрлық секторы - көпсалалы. Оның аясында 54 мыңнан аса ауыл шаруашылық құрылымдары мен халықтың 345 мың жеке қосалқы шаруашылықтары жұмыс істейді.

2010-2014 жылдары бұл сала айтарлықтай нәтижелерге, оның ішінде еңбек өнімділігі артып, негізгі қорларды жаңарту жалғасып, нәтижесінде  негізгі азық-түлік өнімдері бойынша өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізілген.

Оған 2014ж. ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген 16,4 млрд. теңге бюджет қаражаты, оның ішінде субсидиялауға – 13,2 млрд. теңге және іс-шараларды жүзеге асыруға – 3,2 млрд. теңге және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге «ҚазАгро» АҚ қаржылық институттары арқылы 12,4 млрд. теңге сомасында несиелер   ықпалын тигізген.  

Нәтижесінде Алматы облысының еліміздің ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлеміндегі  үлесі 2014 жылы 15,8%  құраған[4].

Соған қарамастан мониторинг жүргізу барысында облыстағы ауыл шаруашылығын дамытудың негізгі мәселелері белгіленді, олар:

·        өсімдік шаруашылығындағы қожалықтардың бытыраңқылығы және жер үлесі мөлшерінің аздығы ғылыми-негізделген ауыспалы егісті сақтауға және қазіргі заманғы технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік бермейді;

·        ауыл шаруашылығы техникаларының тозу деңгейі 80% асатыны;

·        жайылым ауысымының болмауынан жайылым жерлерінің өнімділігі төмен, яғни шөбінің аз болуы;

·        мал шаруашылығындағы орта және ірі тауарлық өнімдердің жеткіліксіз дамуы,  ірі көлемдегі іріктеу-асыл тұқымдастыру жұмысын тежеп отыр. Ауыл шаруашылығы малын теңгерімсіз жемдеу мен бар жайылымдарды тиімсіз пайдалану, өнім өндіру процесстерінің механикаландырылу мен автоматтандыру деңгейінің төмендігі;

·        сапалы шикізаттың жоқтығы және дайындау-өткізу жүйесінің нашар дамуынан өңдеу және өндіріс жүктемелерінің төмен деңгейлігі. 

        Осындай мониторингтік қызметтер жүргізу арқылы  Алматы облысының иелігіндегі басқа да  салалардың  жағдайын бағалап,  облыс аумағында ортамерзімді тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудегі негізгі мәселелерінің, тәуекелдерінің, тежеуші факторларларының, бәсекелестік басымдықтары мен мүмкіндіктерінің кешенді сипаттамасы  бойынша SWOT – талдау құруға, ұсыныстарды негіздеуге  әбден болады.

         Жүргізілген мониторингтік қызметтердің қорытындыларын ескере отырып, аймақтағы мемлекеттік  басқаруды дамытуда өзара байланысты және бірін-бірі өзара толықтыратын үш бағыттың қамтылуы орынды болмақ: 1) макродеңгейде -аймақ экономикасын басқару механизмін одан әрі жетілдіру; 2) мезодеңгейде -тиімді аймақтық менеджмент механизмін калыптастыру; 3) жергілікті өзін-өзі басқару әдістерін жетілдіру.

          Аталған мәселелердің шешімін табуы  аймақтың әлеуметтік-экономикалық  дамуының қарқынды негізі болып, еліміздің бәсекеге барынша қабілетті 30 елдер қатарына қосылуына жол ашады деген сенімдеміз. 

Әдебиеттер

1.     Нұрғалиев К.Р. Қазақстан экономикасы. -Алматы: «Қазақ университеті»,-238б.

2.     Рычихина,  Э.Н.  Роль  мониторинга  в  формировании  перспективного  плана  социально-экономического  развития  муниципального  образования //  Региональная  экономика  и  управление. – 2010 . - № 12.  

3.     Алматы облысының экономика және бюджеттік мемлекеттік жоспарлау басқармасының 2012-2014ж. есебі

4.     Регионы Казахстана: статистический сборник /под редак. К.С.Абдиева. - Алматы, 2014.