Талапбаева Гульнар Едиловна

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

«Экономика және менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы, э.ғ.к

Манапова Назерке Убайдуллақызы

«Экономика» мамандығының магистранты

 

Қазақстан өнеркәсібінің индустриялық деңгейін көтеру жолдары

 

 

Индустриялық саясат дегенiмiз мемлекеттiң бәсекеге түсуге қабiлеттi және тиiмдi ұлттық өнеркәсіпті қалыптастыру үшiн кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасауға және қолдау көрсетуге бағытталған шаралар кешенiн бiлдiредi.

Жалпы индустриялық саясаттың негізгі басым бағыттарына:

- өңдеу өнеркәсібін дамыту;

- жаңа ғылыми сыйымды және жоғары технологиялық өндірістерді құру;    

- жаңа инфрақұрылымды және ақпараттық технологияны дамыту жатады.

Аталған  бағыттардың ішінде өнеркәсіптің қарқынды түрде дамуы – бұл халық шаруашылығы мен халықтың жоғары сапалы өнімге деген қажеттілігінің қанағаттандырылу деңгейіне, техникамен қайта жабдықталуына, шаруашылықтың барлық салаларында өндірістің жедел өсуіне, мемлекеттің қорғаныс қабілетінің дамуына байланысты. Қуатты өнеркәсіп еліміздің қауіпсіздігінің негізі болып табылады.Қазіргі кезде өнеркәсіп салаларын ары қарай жандандыру үшін қолдау көрсету мемлекеттің басты міндеті болып отыр. Қазақстан өнеркәсібін дамытудың негізгі бағытына  ішкі тұтыну нарығын бәсекеге қабілеттілігі жоғары отандық тауарлармен толықтыру,  импорттық тауарлардың көлемін төмендету көзделуде. Осыған байланысты, өнеркәсіптің индустриялық деңгейін көтеруді басқарудың  ұйымдастыру экономикалық механизмін әзірлеу, оның  оңтайлы жұмыс істеу әсерінен экономикада оң нәтижелерге жетудің мүмкіндіктерін, өнеркәсіптің индустриялдық деңгейін көтеру жолдарын анықтау негізгі мақсаттарымыздың  бірі болып табылады.

Қазақстан өнеркәсібін индустрияландыруды жедел  түрде жүргізу үшін оны басқарудың экономикалық механизмін жетілдіру  маңызды болып саналады. Өнеркәсіпті қайта индустрияландыруды басқарудың ұйымдастыру-экономикалық механизмі – деп сұранысты қанағаттандыратын бәсекеге қабілетті ғылыми жаңалығы жоғары өнім өндіруге бейімді өнеркәсіп секторлары мен салаларын қайта индустрияландыруды жеделдету мақсаттарын айқындайтын және оған жетуде ынталандырушы ұйымдастыру және экономикалық тетіктердің жиынтығын  қалыптастыруды айтады [1] .

Өнеркәсіпті қайта индустрияландыруды басқарудың ұйымдастыру-экономикалық механизмі:

 - халықаралық келісім-шарттарға сәйкес сыртқы нарық тұтынушылығын, ішкі нарық сұранысын, экономиканың, аймақтың және жеке тұтынушылықтарын  қажеттілігін қанағаттандыру;

 -  өндірістік қызметтің белгілі –бір нәтижеге жетуді көздеу, және ұйымдастыру-экономикалық механизмнің негізінде қоғамның дамуының әлеуметтік, саяси, экономикалық серпінінен туындайтын мақсатты басымдылықтарды  айқындайтын мемлекеттік реттеудің мүмкіндігі;

 - Кәсіпорынның мүддесін қанағаттандыратын мемлекеттік қолдау мен реттеу шараларының үйлесімділігін қамтамасыз ету;

 -  өнеркәсіптік және техникалық өндірісті ұтымды ету, мемлекеттік қаржы ресурстарын тиімді  бағыттарға қолдану;

 -    ҒТЖ-ті ынталандыру,  экономикағы техника мен технологияның жаңа, озық үлгілерін енгізу, сала ішіндегі және салааралық технологияны беруде мемлекеттік саясатты белсенді жүргізу;

 -   өндірісті тұрақты түрде реконструкциялау, оны модернизациялау  сияқты талаптарға жауап беруі тиіс.

Қазақстан өнеркәсібін қайта индустрияландырудың басым бағыттарының қатарына өнеркәсіптің тиімді салалық құрылымын қалыптастыру, импорт алмастыру, инновациялық және  инвестициялық әлеуетті көтеру, экспорттық, ғылыми техникалық даму үрдістерін  жатқызуға болады. Өнеркәсіптің индустриялық деңгейін көтеру кезінде мына бағыттарға басым назар аудару қажет: өнеркәсіптің өңдеуші салаларының инвестициялық тартымдылығын көтеруге қолайлы жағдай жасау; монополияға қарсы шаралардың тиімділігін арттыру; бәсекелестік ортаны қалыптастыру арқылы сауда биржасын дамыту, осының негізінде сауда биржасын көтеру арқылы бюджетке түсетін салытың мөлшерін көбейтуге мүмкіндіктер ашылады; ішкі нарықта демпингтік бағалармен күрес жүргізу, бақылау әдістерін жетілдіру; менеджмент деңгейін көтеру; салық саясатын ұтымды жүргізу, яғни ғылыми шығындарын үнемі арттырып отыратын субъектілер үшін, жаңа технологияны игеруші шағын және орта бизнес үшін салық жеңілдіктерін бекіту, инновациялық қызметтің қаржы несиелік механизмі жеңілдік несиелер беру, жаңа технологиялар нарығын дамыту жатады. Жаңа  технологияларды жылдам  игеру, жаңа қызмет түрлерін көрсетіп,  жаңа тауарлар шығару бәсекеге қабілеттіліктің  айқындаушы факторына айналып отыр. Қазақстан индустриясы еліміздің қазіргі әлемдік шаруашылықтағы индустриализация деңгейін және егеменді ел экономикасының нақтылығы мен перспективасын  анықтайтын басты фактор болып табылады. Экономикалық  жүйенің негізін құрайтын өнеркәсіпті  қарқынды түрде  дамыту үшін  бәсекеге қабілеті жоғары, тұтынушылық қасиеті ерекше  өнім өндіру және оның сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету, өнеркәсіп өнімдерінің  әлемдік нарыққа бағытталуын қадағалау, қосылған құны жоғары жаңа технологияларға негізделген  және ғылыми жаңалығы бар өнімдерді  көптеп өндіру қажет . Қазақстан өнеркәсібінің  құрылымын қайта құру және ондағы өндірілетін тауарлардың бәсекеге қабілетін көтеру үшін белсенді түрде  жүргізілетін мемлекеттік реттеу шаралары қажет. Индустрияландыру бағдарламасы еліміздің өркендеуі, дамуы барысында айтарлықтай маңызға ие. Елімізде экономиканың индустриялық - инновациялық қызметін дамыту мақсатында көптеген шаралар жүргізіліп жатыр.Соның  ішінде  2015- 2019 жылдарға арналған  үдемелі  индустриалды инновациялық даму бағдарламасының орны ерекше. Бұл қабылданған  бағдарлама қолайлы инвестициялық және мароэкономикалық орта қалыптастыру,елдегі ресурстардың барлығын басым бағыттарды дамытуға тиімді жұмсау, ұлттық экономиканың өнімділігі мен тиімділігін арттыру сияқты маңызды міндеттерді  шешуге арналған. Бағдарламада негізінен екі маңызды мәселеге барынша басымырақ назар аударылған: біріншісі дәстүрлі экспорттық секторды өнімдердің алуан түрлілігімен  қамтамасыз ете отырып дамыту. Екіншісі инновациялық өнеркәсіпті дамытуға  ден қою.  Бағдарламаны жүзеге асыру барысында индустрияландыру, үдемелі индустрияландыру және инновациялық индустрияландыру сияқты үш негізгі мәселенің шешімі табылады.  Осы орайда еңбек өнімділігі мен жаңа технологиялар алдыңғы орынға шығатыны белгілі. Инновациялар мен еңбек өнімділігінің артуы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттіліктерін арттыруға алып келеді [2].

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейін индустриялық дамыту мақсаты өнеркәсіпті әртараптандыру мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ынталар мен жағдайлар жасау болып табылады. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін макроөңірдегі ресурстық секторлардың сұранысы және экспорт үшін жаңа мүмкіндіктер есебінен өңдеуші өнеркәсіпті үдемелі дамыту, инновациялық кластерлер қалыптастыру мен инновациялық инфрақұрылымды дамыту арқылы болашақ секторларды дамытуға негіздер құру, индустриялық дамыту үшін іскерлік климаттың сапасын арттыру, оның ішінде адал бәсекелестікті дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастыру, өңдеуші өнеркәсіптегі кәсіпкерлікті ынталандыру мен шағын және орта бизнесті дамыту, өнімді жұмыс орындарын құру тәрізді міндеттерін орындау қажет.

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1 «Қазақстанның әлемдегі бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына кіруі» атты ҚР Президентінің халыққа жолдауы, Егемен Қазақстан, 1.03.2014

2 Қазақстан Республикасын индустриялық инновациялық дамытудың 2015 -  2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.

3 Исмаилова Р.А. Проблемы и перспективы инновационного развития промышленности Казахстана. // АльПари, 2009. №3, - С.37-41.