т.ғ.к., ҚазҰПУ- нің
аға оқытушы Оспанова Р.Р.
Қазақстан
қалаларының әсіресе, революцияға дейінгі
кезеңдегі тарихын зерттеу проблемасының өзектілігі,
оның тарихнамалық маңызы бүгінгі таңдағы
мәселелерді шешуге негіз болады. Ресей әкімшілігі ХІХ ғасырда қазақ жеріне
байланысты алға қойылған мақсаттарын іске асыру
үшін әртүрлі мемлекет қайраткерлерінің зерттеу
еңбектерін пайдалана отырып, маңызды мәселелерді шешті. ХІХ ғасырдың 1819-20 жылдары
орыстың мемлекеттік және саяси қайраткері М.М. Сперанский
Батыс Сібір өлкесінің басқару жүйесіне
сараптамалық түйін жасайды. Осы жұмыстарының барысында
құнды еңбектерінің бірі болып 1822 жылы М.М.
Сперанскийдің басшылығымен “Сібір қазақтары туралы
ереже” атты еңбегі құжат негізінде алынып, патша
үкіметі қазақ жерін басқару тәртібі жөнінде
заң шығарады. Біздің қарастыратын мәселеміз осы
ереже негізінде құрылған Аякөз қаласының тарихнамасы туралы болғандықтан, осы кездегі орта
жүздің басқару
жүйесіне тоқтала кетейік. Ендігі жерді басқарушы топтар
хандық билікті біржолата жойып, қазақтардың
басқару ісі орыс шенеунігі басқарған кеңестің
қолына өтті[1]. Осындай мақсаттар негізінде патша үкіметі кіші
және орта жүз хандықтарының саяси дербестігін жоюды
алға қойды. Орта жүздің ханы Уәли қайтыс
болған соң, патша үкіметі қайта хан сайлауға рұқсат
бермейді. Орта жүзді бірнеше
әкімшілікке бөліп, оларды басқару үшін патша өз
адамдарын тағайындауды ұйғарды. Бұл жағдай орта
жүздегі билік жүйесінің жаңа тәртібін қажет
етті. Сібір Генерал-Губернаторы қызметін атқарған М.М.
Сперанскийдің кейін декабрист болған Т.С.Батеньковтың
мәлімет-кеңестеріне сүйене отырып шығарылған жарғының мақсаты –
Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірін
әкімшілік, сот және саяси жағынан басқару ісін
өзгертіп қолға алу еді. Осы
жарғы бойынша орта жүздегі хандық билік
түпкілікті жойылып, аға сұлтан сайлап басқару енгізілді. Орта жүз
әкімшілік жағынан округ, болыс, ауыл болып бөлінді.
Аякөз қаласының
ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы саяси-әкімшілік және
әлеуметтік-экономикалық даму тарихы жекелеген еңбектерде
ресми түрде ғана қарастырылған. Аякөз округы мен аттас уезінің құрылу
алғы шарттары мен бастапқы даму кезеңінің нақты тарихына байланысты арнайы зерттеулер
жоқтың қасы.
Бұл округ, ХІХ
ғасырдың бас кезінде алғаш құрылған
округтардың бірі ретінде ғана жалпылама зерттелген. Аякөз
округы Патшалық Ресейдің отарлау саясаты негізінде
құрылғандықтан революцияға дейінгі зерттеушілердің
еңбектерінде округ тарихына қатысты мәселелер
қозғалып, талқыланған. Осы
мәселенің тарихын
қарастыруда И.И. Крафт, И.О. Бабков, Н. И. Красовский, М.И. Венюков, Н.Н.Балкашин, Т.Седельников [2]
және тағы да басқа
зерттеушілердің еңбектерінің деректері өте
құнды. Осы авторлардың
ішіндегі И.И. Крафттың еңбегінде қазақ
халқын басқарудағы Губернатор, облыс, округ, болыстық
және ауылдардағы басқару ісінің әкімшілік
құрылымы жіктеліп көрсетілген. Автор өз
еңбектерінде 1732 жылдан 1898 жылға дейінгі Ақмола, Семей,
Орал, Торғай, Жетісу облыстары қазақтарының
басқару ісіндегі ішкі қарым-қатынасын және 1822 жылғы Сібір
қазақтарын басқару туралы ереже енгізілгеннен кейінгі
қазақтардағы саяси-әкімшілік басқару
қызметкерлерінің міндеттері туралы жазған. Осы жаңа басқаруды енгізу жұмыстарының
жүзеге асырылу барысын талдай
отырып, сол уақыттағы қазақ халқының саяси
әкімшілік және әлеуметтік-экономикалық дамуындағы
болған өзгерістер туралы мәліметтері біз үшін
құнды дерек көзі болып отыр. Автордың зерттеулерінде
Ресми түрде болса да, Қазақстан мен Қытай
арасындағы сауда байланысының дамуында Аякөз округының
атқарған қызметі туралы бірқатар деректер
жүйеленген. Әсіресе, М.М. Сперанскийдің 1822 жылы
қабылданған Қазақ даласын басқару туралы
ережесінің маңыздылығы мен құндылығы туралы
өз пікірлерін ортаға
салған сол заманның саясат қайраткерлерінің
көзқарастарын салыстырмалы түрде бағалаған И.О.
Бабковтың еңбегін ерекше атауға болады. Автор онда: “М.М.
Сперанскийге дейінгі Сібірдегі
саяси-әкімшілік және
әлеуметтік-экономикалық жағдайлардағы
қайшылықтар өлкенің дамымай қалғанына себеп
болды. Бұған дейінгі Генерал-Губернаторлар бірін-бірі ауыстыра
отырып, қарама-қайшылыққа толы өз
көзқарастарын іске асырып,
реформа жасауға еш әрекет жасаған жоқ” [3] –
деп жазған. Бұл еңбекте Ресей мен Қытай
арасындағы келісім шарттарға толық сипат берілген. Ресей
үшін Қытаймен шекаралас қазақ жерлеріндегі керуен
жолдарының сауда мақсатындағы тиімділігі, оның ішінде,
Аякөз округының жағрапиялық орналасуының
саяси-әкімшілікте пайдалы болғаны қарастырылған. Н. И.
Красовский өзінің еңбектерінде қазақтардың
қоғамдық-саяси өміріне бір жүйе беруге
ұмтылыс жасаған. Автор қазақтардың Ресейге
алғаш қосылуы кезінен бастап, әр жүзді бөліп, сол
заманның саяси-әкімшілік жағдайы мен әлеуметтік жіктелістеріне
тоқталған. Ондағы би, ауыл старшындарының халықты
басқарудағы билік барысы туралы және
қазақтардың тұрмыс-салты мен мәдениетіне,
оның ішінде қазақтың қолөнеріне терең тоқталған.
Патшалық Ресейдің отарлау саясаты М.И. Венюковтың
зерттеулерінде 1732 жылдан қазақтардың Ресей бодандығын
мойындағаннан кейінгі орыс шаруаларының қоныстануы,
далалық бекіністердің салынуы, кейбір қазақ
қалаларының іргесі сауда слабодасы ретінде
қалыптасқандығы сипатталған. Автор өз
зерттеулерінде Қазақстанның барлық облыстарында орыс
қоныстанушыларының келуі қазақтарға көп
тиімді өзгерістер әкелгендігіне және Көкшетау округындағы Сұлтан
Уәлиханов, Семейдегі Букаш, сол сияқты тағы
басқалардың айтуынша, көшпелі өмірден
отырықшылық және жартылай отырықшылық
өмірдің көптеген тиімді екеніне мысал келтірген.
“Қытай, Қашғария, Қоқан және тағы
басқа Орта Азия хандықтарында, Ресей олардың
бұзықтығын тәртіпке салып, қазақтар сияқты
жуас мал бағушы халық қылып жібере ме?” [4] –
деген үрейдің болғандығын сөз еткен. Сонымен
қатар автор өз зерттеулерінде Аякөз округтық қаласы қорғаныстық пункт ретіндегі қажеттіліктен
ашылғандығына тоқталған. Семей облысындағы
басқару ісінің саяси-әкімшілік және қазақтардың
шаруашылығы мен тұрмыстық жағдайы туралы Н.Я.
Коншиннің еңбектерінде құнды пікірлер
жазылған. Ол
қазақтың патриархалдық-феодалдық
қоғамында болып жатқан өзгерістерді дәл
түсініп, көре білген. Әсіресе, оның “Краткий
исторический очерк Семипалатинского края (до 1917 г.)” [5] атты еңбегінде,
қазақ руларының арасындағы өзара жерге, билікке
таласу қазақ жерінде алғаш округтардың ашылуына себеп
болғандығы туралы айтылады. Мұндай дау мәселесін шешуге
көмек бергендей болған Сібір әкімшілігі, осы кезде
қазақтардың округ ашуға келісім беруін ұтымды пайдаланған.
Жайылымдық жерлерін сақтап қалу үшін,
қазақтар патша үкіметіне өздерінің округ
ашуға келісім беруімен қатар, олардан округ ашуын өтінген.
Қазақтардың орыс
бодандығын мойындауында жер мәселесімен қоса,
әртүрлі болыстықтарды басқарудағы
сұлтандардың билікке таласушылдығы да болды. Әсіресе,
осындай таластардың ру араларында ұзақ күресуі
нәтижесінде Аякөз округы және кейіннен Көкпекті округы
ашылады. Автор қазақ өлкесіндегі қайта
құрулардың осындай үлкен және жан-жақты
өзгерістерге ұшырағандығы туралы жазған.
Бұл зерттеулердің ішінен біз қарастырып отырған
мәселеге байланысты П.П. Румянцевтің еңбектерін ерекше
атауға болады. Аякөз округының тарихын әріден зерттеген
ол, Аякөз округын ашу Сібір мен Қытай қаласы Шәуешек
арасындағы керуен жолы үстінде жатқандығының
келешекте орыс саудасының дамуына үлкен әсерін тигізетіні
туралы жазған. “1830 жылы Жоғарғы үкіметтің
бұйрығы бойынша, 1831 жылы мемлекеттік мекемелер салу арқылы
Аякөз округын ашу, орыс
әскерлерінің Жетісуда алғаш орналасуларына жол ашты” [6] –
деп көрсеткен. Автор Аякөз округының территориялық
жағдайын сипаттауы мен әлеуметтік-экономикалық өміріне
тоқталуы, осы кездегі еніп келе жатқан тауар-ақша
қатынасының дамуымен байланыстырылған. Әсіресе,
П.П.Румянцевтің 1909 жылы Жетісу облысы уездерінің
жағрафиялық ретімен әкімшілік ауылдардың,
болыстықтардың территориясы және онда санақ
жүргізу ісі, ауыл шаруашылығындағы техника жағдайы мен
жұмысшылардың жұмысқа жалдануы, округтың
экономикалық даму жағдайы тарихи жағынан сипатталған.
Онда алғашқы рет Лепсі уезінің Аякөз, Ақшаулы,
Қаракөл, Арғанаты, Шарбақты
және басқа барлық
болыстықтары зерттелген. ХІХ ғасырда қазақтың
мәдениетін қызыға зерттеген Г. Колмагоровтың “О
промышленности и торговле в киргизских степях Сибирского ведомства” атты
еңбегін атап өткен дұрыс болар. Автор қазақ
халқының тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпын
сипаттауы арқылы сол заман жағдайын өзіне тән
ерекшеліктерімен көз алдымызға әкелгендей. Бұдан қазақ
халқының әкімшілік басқаруындағы билік, сот,
заңның бір жүйе бірлігінде болғанын көруге
болады. Орыс әмірінің
орнатылуына дейін қазақ жерінде
өнеркәсіптің болмауын, олардың мал
шаруашылығы көзінен өздерінің қажеттігін таба
білгені туралы көп мәлімет берген. Сонымен қатар
қазақ және казак қарым-қатынасына да
тоқталған. “Аякөздің оңтүстігіне және
Көкпекті округтарына Қытай
елі тарапынан 100 түйелік керуендер жиі келіп тұрған. Олар
көбінесе айырбас сауда түрімен айналысқан” [7]
дей отырып, XIX ғасырдағы қазақтың
өнеркәсібінің дамуы туралы көп деректер келтірген.
Қазақ жеріндегі сауда қатынасы мен өнеркәсіпке И.
Завалишин “Описание Западной Сибири” атты еңбегінде кеңінен
тоқталған. “Күнін көре алмай жүрген
қазақ кедейлері күнкөріс үшін керуен жолдарында Орта Азия саудагерлеріне
арбакеш немесе жүк тасуға көмектесіп өз пайдаларын
көрген. Бұл керуендерге жол көрсетіп Ресейдің
шекаралық шебіне дейін жеткізіп салып, олардың кейін
қайтуларына да көмектескен.
Қазақ байлары осы
керуен саудагерлеріне жалға беру үшін 500 түйеге дейін
ұстаған. Бір жыл ішінде орыс ведомоствасының
қазақ жерімен 150-200-дей керуен өтіп
тұрғандығы” [8] туралы
мәліметтер береді. Бұл зерттеуде, автор статистикалық
деректермен өз ойын тұжырымдаған. Жәрмеңкелер мен
өнеркәсіп саласын көп сан көрсеткіштерімен
көрсеткен. Сонымен қатар, автордың Сібір-Азия саудасының дамуы келешекте әсіресе,
Қазақстан арқылы, соның ішінде
Қазақстанның шығысы арқылы қол жетерлік
екендігіне еш күмәні болмаған. Кеңес дәуіріне
дейінгі зерттеушілер Қазақстан қалалары тарихымен арнайы
айналыспағандықтан, олардың еңбектерінде бір
жүйелік болмаған. Осы ХІХ ғасырда Аякөз округында
болған М. Путинцев, А. Янушкевич, О. Финш және А. Брем [10]
сияқты саяхатшылардың Аякөз туралы жазған
еңбектерінің құндылығын ерекше атап өткен
орынды болар. Бұл авторлардың еңбектері зерттеу
жұмысымыздың маңызын ашуға септігін тигізді. Жеке
тақырып ретінде алынып зерттелмеген Аякөз округының даму
тарихын зерттеуде өзіндік ерекшеліктер берді. 1854 жылы қала
статусын алған Аякөз округы осы авторлардың естеліктерінде,
алғашқы рет қала ретінде суреттелген. Г. Е. Катанаев, Ф. Усов және
Н. Леденев [11] зерттеулерінде
қазақ және казак әскерінің
қарым-қатынастарының барысы жазылған. Патша үкіметі билеп тұрған заманда
жазылған бұл зерттеулерде, қазақ даласында казак
әскерлерінің бұйрықты орындаудағы
қызметтері басым көрсетілген. Кейбір жағдайларда
қазақтарға казактардың қыспақ
көрсеткен іс-әрекеттері еш сөз етілмеген. Жалпы алғанда
бұл авторлардың зерттеулерінде Аякөз округындағы
Сергиополь станицасы казактарының атқарған қызметтері
туралы бірқатар деректер жүйеленген. Қазақстанның
революцияға дейінгі тарихының әртүрлі
мәселелеріне кеңес дәуірі кезінде жарық көрген
тарихи әдебиеттердің
көпшілігі арналды.
Бұл жылдары тарихшы-ғалымдар Е .Б. Бекмаханов, С. З. Зиманов, Н.Г.Аполлова, А.С.Елагин, Н.Алексеенко және
тағы басқа зерттеушілердің еңбектерінде,
Қазақстанның революцияға дейінгі тарихы мен қала
тарихының әлеуметтік-экономикалық, саяси-әкімшілік
және мәдени дамуы жөнінде жан-жақты зерттеу
жүргізілген. Т. Т.
Тәжібаевтың еңбегінде Сериопольдағы жатақтар
жағдайы сөз етілген. ХІХ
ғасырдың 60-жылдары Патша үкіметі тарапынан уез
халқының әлі де толық орналастырылмағаны мен,
өмір сүрулеріне жағдай жасалмағандығы туралы
айтады. Кеңес дәуірі кезіндегі деректерде Сергиополь
жатақтары туралы жазылған
мұндай зерттеулер өте сирек кездеседі. Отан тарихын
зерттеуде мол еңбектерімен танымал болған
Ж.Қ.Қасымбаев, М.С.Мәшімбаев,
М. Ж. Абдиров, В. З. Галиев, М. С. Мұқанов және тағы басқа
қазіргі көзқараста жазылған авторлардың
еңбектері зерттеушілерге негіз болып қаланған ғылыми еңбектер
қатарында. Қазақстанның қала мен уез
тарихының дамуы туралы, әсіресе, соның ішіндегі Шығыс
Қазақстан қалаларын зерттеген тарихшы Ж. Қ.
Қасымбаевтың еңбектерін ерекше атау қажет. Қалалар мен
қалалық өмірдің тарихын зерттеу мәселесінде автор
жаңа көзқарас тұрғысында Ақмола, Семей, Өскемен, Павлодар
және басқа да қалаларды Ресей империясы өзінің
оңтүстік-шығыс шекараларындағы қорғанысын
күшейту барысында ашқаны туралы айтады. ХІХ ғасырда қазақ
халқы арасында дәрігерлердің жетіспеушілігінен, осы жер аударылып
келген дәрігерлер жергілікті жерлерде халыққа қызмет
көрсеткен, мұндай жер аударылып келгендердің Аякөз
ауруханасында да жұмыс істегені туралы жазылған. Автор өзінің “Караванные тропы” атты
еңбегінде Н. Ф. Катанов, В. В.
Радлов, А. Вамбери еңбектерімен таныс болған Аякөздік
этнограф және өлкетанушы қажы К. Халидидің Қазан
қаласында шығарылған екі үлкен еңбегі туралы
мәліметтер бере отырып, ХІХ ғасырдың басында Қазақстанға
Ресейден жіберілген экспедициялардың
қандай мақсатта жіберілгендігіне де тоқталған.
Сондай-ақ, ХІХ ғасырдың соңында Аякөз округында
ашылған қоғамдық кітапханалардың, жергілікті
халықтың сауатын ашуда игі қызмет атқарғаны да
қамтылған. Осындай зерттеушілердің бірі
М. Мұқанов өзінің
еңбектерінде орыс әкімшілігінің ең алдымен белгілі бір
рудың, тайпаның, дәстүлі мекен еткен жерлерін,
ғасырлар бойы қалыптасқан бір жайылымдықтан екіншісіне
ауысатын көші-қоныс жолдарын сақтап, көшпелі
қауымның әдет-ғұрыптары мен
дәстүрлеріне сүйенуді көздегендігі туралы мәлімдейді. Бұл
мақсат Қазақ
жерінде әкімшілік
басқаруды енгізу
барысында
негіз болғаны туралы айтады. Автор осы еңбегімен бірге басқа
да зерттеулерінде Аякөз округы туралы кең көлемде болмаса да, 1830-1840
жылдары ашылған округтардың қазақ халқы
үшін тиімді және тиімсіз жақтарын көрсеткен. Сібір қазақтарын басқару
туралы жарғы қаншалықты шектеулі болғанымен,
қазақ қауымының даму жолында айтарлықтай игі
қызмет атқарып, округтардың құрылуы жекелеген көшпенді
қауымдардың жерлерін айқын белгілеп бергендігі туралы
айтқан. Ресей бодандығын мойындаған кіші және орта
жүздер үшін патша өкіметінің алдында, әсіресе
орта жүздің территориялық орналасуына өзгерістер енгізе
отырып, әкімшілік басқару жүйесін қайта
қалыптастыру мәселелері тұрғандығы туралы айтады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1 Елагин А. С. Состояние и задачи
дальнейшего изучения историй городов Казахстана. // Известия. АН Каз ССР. Серия общественных наук. 1974. № 3. С. 33,40
2 Крафт И. И. Положение об управлений в Степных областях. Оренбург.
Типо-литогр. П. И. Жаринова. 1898.-685с.;
Он же: Сборник узаконений о киргизах степных областей. Оренбург, 1898. – 532с.;
Красовский Н. И. Область Сибирских киргизов. ч.1.1868.-428с.; Венюков М. И.
Опыт военного обозрения русских границ в Азий. вып.2. 1873-1876.-487с.; Он же.
Поступальное движение Россий в Средней Азий. Париж, 1876. – 49с.; Балкашин Н.
Н. О киргизах и вообще о подвластных Россий мусульманах. Спб., типогр. МВД.
1887-57с.; Седельников Т. Россия полное географическое описание нашего
отечества.спб.,тип.”Слова”,том 18. 1903.-478с..
3 Бабков И. О. Воспоминания
о моей службе в Западной Сибири. 1859-1875 г. Спб., тип. В. Ф. Карицбаума,
1912. С. 312
4 Венюков М. И. Опыт
военного обозрения русских границ в Азий. кн 2. С. – Петербург, 1876. С. 1.
5 Коншин Н. Я. Краткий исторический очерк Семипалатинского края.
Семипалатинск. Семгубиздат., 1928. – 38с..
6 Румянцев П. П. Уезды Жетысу. А.:Жалын
баспасы.2000. С. 40
7 Колмогоров Г. О
промышленности и торговле в киргизских степях Сибирского ведомства. Вестник
РГО, 1855. – 38с.
8 Завалишин И. Сибирско-Киргизская степь. М.,1866.-145с.
9 Путинцев М. Из путевых заметок. Из
Семипалатинска до Сергиополя. Павлоград.
1865г.-386с.; Янушкевич А. Күнделіктер мен хаттар. А.: Жалын,
1979.-268п.; Финш О., Брем А. Путешествие в Западную Сибирь. М., 1882. – 572с..